Тұлға • 01 Наурыз, 2023

Еңбек майталманы

414 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Ержігіт Табылғанов есімі Маңғыстау өңірінде кеңінен танымал.

Еңбек майталманы

Ол тарихта ұмытылмас аласапыранымен бедерленген 1931 жылы Маңғыстаудың Орта Еспе топырағында балықшы отбасында өмірге келген. Әкесі Табылған ұлы Ержігіт он жастан аса бере балықшылықты біржолата тастап, 1 Май колхозына жылқышы болып қабылданады. Атқұмарлық қазақтың қанында бар емес пе, атқа мінсе қанаттанып шыға келетін қазақылығына сай Табылған да алдына бір үйір жылқы салып, жүйрік мініп құрығы мен қамшысын қатар ойнатқан кәдімгі жылқышы болып шыға келеді. Әкесі мен ағасы Дәлубайға көмекші болып қаршадайынан қолына құрық алған Ержігіт мал бағудың қиын да қызықты тірлігіне бүкіл өмірі арналатынын, даңқ пен дәрежені де осы еңбектен, малдан табарын ол кезде білген жоқ. Дәлубай ағасының соғысқа аттанып қайта оралмауы Ержігіттің еңбектегі салмағын ауырлата түсті – жас та болса бүкіл ауыртпалықты арқалап, қиындықты көрудей-ақ көрді. Мал басын өсіру туралы үкіметтің талап-тегеуріні малшылардан түліктерді көз ілмей күзетіп, балаша баптап өсіруін талап етті. Бұл Ержігіттің еңбекке етене бе­ріліп, шымыр, ширақ нағыз малсақ болып қалыптасуына себеп болды. Көзін ашқалы кірпияз жылқы түлігін бағу мен баптаудың қыр-сырын әке тәлімінен үйрене берген жас жігіт сыралғы жылқышы болып өсті: жүген-құрық тимеген асауды құрықтап бас білдірді, үйір арасынан жүйрік болар тұлпарды құлынынан тап басып танып, айрықша назарға алды, терін алды, суытты, таң асырды, қыдыртты, әйтеуір бабын келістіре алар кәнігі сейіске, сұңғыла атбегіге айналды. 1949 жылы Маңғыстауда қуаңшылық болуы себепті басшылықтың бұйрығымен Қызылорданың Арал аумағына әр үйірде 400 бас жылқы топтасқан 8 үйір жылқы айдалады. Шөбі шүйгін болғанмен қасқыры көп бөтен қоныс үйірлер әбден жерсініп кеткенше біраз қиындық бергені анық. Жат жерде жүрсе де еңбек ырғағын бәсеңдетпей, әкелі-балалы жылқышылар үнемі жоғары көрсеткіштерге қол жеткізе білді. 1954 жылы кеңес өкіметінің жылқы шаруашылығын көтеру мақсатындағы Г.Маленьков қол қойған қаулы негізінде Табылған отбасына 31 бас жылқы жекеменшікке беріледі. Көп ұзамай бағымындағы 121 биеден 116 құлын алып Гурьев облысы бойынша ең жоғары көрсеткішке жеткендіктен, Е.Табылғанов Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық жетіс­тіктер көрмесіне қатысып алғашқы медальмен марапатталады. Әртүрлі себептерге бай­ла­нысты Табылған ақсақал бағымындағы жылқы үйірін тапсырып, Маңғыстауға көшіп келіп түйе шаруашылығына кіріседі. Уақыт өте келе малды тануды, бағуды әке мектебінен жетік меңгеріп, дала сырына әбден қаныққан Ержігіт түйешіліктің сырығын қарт әкесінен өз қолына алып, шаруа­шылықтың білдей түйешісі ретінде барлық жауапкершілікті өз мойнына жүктейді. Түйе – момын жануар болғанмен, өте сырбаз, маңғаз. «Мал баққанға бітеді» дегендей тілін түсініп, бабын таппаса, қораңа түйе түгіл лақ та құтаймайды, балапан да бітпейді. Еңбек мектебінде жылқы түлігі туралы біраз мағлұмат алып, өзіне өмірлік қор қалыптастырған малсақ Ержігіт енді түйе туралы ізденіп, түйеден бота алу саны, сауылатын сүт көлемін арттыру, сапалы жүн тапсыру сынды ұжымшар міндеттемесін орындауда межеден жоғары көрсеткіштерге тұрақты қол жеткізе бас­тайды.

Түйе бағу оңай емес – түйе тұқымдары мен түстерін, мінез-құлықтары мен жеке қасиеттерін тану, түйе талғайтын шөп түр­­ле­ріне қарай жайылым таңдау, жасы келген аналық түйелерді бураға не үлекке тарту, қайымаған түйелерді қию, қайыған түйелердің күтімі, олардың бошалап кетпей аман-сау қолда боталауы, бота күтімі, сүт сауу және сапалы, құнарлы, таза шұбат дайындау технологиясы, тоңазытқышы жоқ дала жағдайында сүт пен шұбатты сақтау, түйе күзеу тәсілдері, жүндерді сараптау – өз алдына үлкен ғылым. Малды мал мен дала сырын жетік білетін жандар ғана баға алады, ол кез келгенге бұйдасын ұстатып, шылбырын беретін жеңіл кәсіп емес. Ержігіт бұл шаруаны да ұршықша иірді, есімі облыс түгіл республикаға танылып, марғасқа малбегінің іс-тәжірибесін үйренуге ынталылар көп болды. Кеңшар, аудан орталықтарында арнайы жиындар, кездесулер ұйымдастырылып, арнайы бөлме, бұрыштар жасақталды. Еңбек ері Ерекең де білгенін жастарға, әріптестеріне айтудан жалықпағаны бізге ол туралы жа­зылған естеліктерден мәлім.

Еңбек майданында озат шыққан Ержігіт Маңғыстау өңіріне ат баптап бәйгенің алдын бермеген сейіс ретінде де танылды. Ерекең баптап қосқан жүйріктердің жүлде салған аламаны аз емес.

...Бүгінгінің тілімен айтқанда, тәуір жыл­қы, жүйрік ат оның хоббиі еді. Ерекеңнің қан­дай жүйрік ат ұстап, қанша рет бәйге алға­нын санамаламай-ақ, ел есінде терең қал­ған Қашаған ақынның 150 жылдық тойын­да болған аламан бәйгені алсақ та жетіп жатыр деп ойлаймын. Ат жаратып, жүйрік тазы ұстаған Ержігіт «тазыны күшік күйінде таңдағанда, оның кеуде тұсында үш тал қылшық болса – шамалы, екі тал болса – орташа, ал жалғыз тал болса – ерен жүйрік бол­ғаны. Жалғыз тал қылшықты болғанның өзінде, құлағынан біраз ұстап отырасың деп, Ерекең тазыны баптап бағу, күшігін ауыздандыру, аң алуға үйрету сынды тәсілдерді қызыға әңгімелейді екен.

Ерекеңнің ел айтатын ерекше қасиеті – жершілдігі. Күндіз емес тастай қараңғы түннің өзінде жұлдыздарға қарап жол табу былай тұрсын, жерден бір уыс топырақты алып иіскеп жіберіп қай жерде жүргендігін, енді қалай жүру керектігін дәл айтады екен. Сондай-ақ елге қарайласатын жомарттығы да өз алдына бір әңгіме. Ел ішінде «1960 жылы Кәрі жерінде 1 Май атындағы ұжым­шардың пішен шауып жатқан бригадасына арнап Ержігіт Табылғанов екі айғырдың үйірін байлап, бие сауып, қымыз дайындады» деген дерек бар. Аяғы сынған малдарды, боталамаған түйелерді өзі-ақ емдеп, әр малды түстеп, тіпті осқырынған-пысқырынған дауысынан-ақ танитын ерекшелігі тағы бар.

Өз ісіне асқан ыждағаттылықпен қарап, мал бағуды тек күнелтістің көзі деп емес, әр­дайым жаңашылдықпен жұмыс жасауға ұмтылуының нәтижесінде Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталып, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері» атанып, есімі республиканың «Құрмет» кітабына жазылады. КСРО халық шаруашылығы жетістік­тері көрмесінің қола медалінің иегері. Облыс басшылығы тарапынан Социалистік Еңбек Ері атағына ұсынылғанмен Мәскеу жақтан мақұлданбайды.

Еті мен сүті, жүнінің маңыздылығына орай Маңғыстауда түйеге айрықша мән бе­рі­ліп, өз алдына жеке кеңшар ашылады. Осы «Жаңа жол» кеңшарында түйеші болып, кейін отбасылық бригаданы басқарған Е.Табылғанов социалистік жарыстарда алдына қара салмайды. Бір-жар мысал. Оның бригадасы 1981 жылы он бірінші бесжылдықтың бірінші жылында жоспарланған 34 ботаның орнына 38 бота алса, осы бесжылдықтың соңында, яғни 1985 жылы жоспарлаған 35 ботаның орнына 52 бота алады. Өңірде өкпе ауруларын түйе сүтімен емдейтін «Тұщыбек» санаторийінің ашылуы отбасылық бригада жұмысына күрделендіре түседі, енді олар бесжылдықтың бірінші жылында 164 бас түйеден 144 ц сүт алуға міндеттеме алғанмен, нәти­жесінде көрсеткішті 160 ц-ге жеткізеді. Нақтырақ айтсақ, түйеден сауылатын сүт өнімі 1981 жылы 350 кг, 1984 жылы 448 кг-ға жетеді.

Ал түйе түлігі туралы айтқан әңгімелері – бүгінгі түйе шаруашылығын дамытамын деушілерге таптырмас көмекші құрал, әдіс­темелік нұсқаулық, үлкен ғылыми мек­теп. Ержігіт Табылғановтың бүгінде есте­лікке айналған түйе шаруашылығына қатысты іс-тәжірибесіне бір мақалада толық тоқталу, егжей-тегжейлі талдау мүмкін емес.

– Маңғыстау өңірінде негізінен қазақтың қос өркешті түйесі өсіріледі. Бұл түйе тұқымы суыққа, ыстыққа төзімді, мамық жүнді, шудалы болып келеді. Сүтінің майлылығы жоғары. Бұдан басқа «будан» деп аталатын нар мая, қоспақ түйелері өсіріледі. Бұлар ежелден көршілес түрікмен халқының аруанасымен тұқым аралық будандастырудан алынған, бірінші ұрпақтан шыққан. Олардың еркегін «нар», ал ұрға­шысын «нар мая» дейді. Түс айыр қос өркеш інген мен үлектен алынған, сандық өркеш нар мая әрі сүтті, әрі етті, әрі жүнді және табиғаты құбылмалы Маңғыстау жағдайында өсіруге болатыны тәжірибеде байқалып отыр. Сондықтан көп түйешілер отарында осы нар маяның көбірек болғанын қалайды. Өкінішке қарай, барлық түйені нар мая етудің мүмкіндігі жоқ. Себебі бірінші будан одан әрі өрбімейді. Осы ерекшелігіне қарай нар мая түс айыр бураға тартып «балқоспақ», балқоспақтан «мырзақоспақ» алып жүрміз. Бұлардың жалпы дене бітімі, жүнділігі қос өркеш түйеге ұқсайды. Енді осы мырзақоспақты үлекпен будандастыру арқылы кез өркеш нар мая (еркегі кез нар) алып жүрмін. Жүні селдір болғанымен еттілігі мен сүттілігіне келгенде нар маядан қалыспайды. Ал нар мая мен үлектің буданынан кердері мая алынады. Кердерінің еті, жүні аз болғанымен сүті көп, сондықтан оны сүтті көп алу мақсатында өсіруге болады. Ал осы кердеріге үлекті шөктірсе, жалпы дене бітімі аруанаға ұқсағанмен етсіз, жүні тықыр түрі де көзге қораш, шөлге, суыққа, әртүрлі ауруларға шалдыққыш түрі алынады. Меніңше, Маңғыстаудың табиғи жағдайында бұлардың болашағы жоқ.

Бұдан түйелердің үш түрін, яғни нар мая, қоспақ, кезнарды өсірумен ғана шектелген дұрыс. Асылдандыру жұмысындағы басты бағыт – аталықты дұрыс таңдай білу деп, өзінің іс-тәжірибесін жазып таратуға барған журналистерге берген мәліметі түйе түлігін өсірумен айналысушылар мен ғалымдар үшін құнды дерек.

Жанында көмекшісі болып шаруа­шылықта ерлерден бетер еңбек еткен, қиын­дықты бірге көтеріскен зайыбы Айшым ана екеуі ұл-қыз өсіріп, еңбек көрігін маздата жақты. Төрінен қонақ арылмады, ел-жұрт, қатар-құрбы, көрші-көлемге қадірі артты. Қырықмылтық, Қозыбағар, Бисенғали, Жұмағали есімді ұлдары мен Бағда, Алма, Оңайгүл есімді қыздары өсіп-өнді, отбасын құрып өз алдарына бір-бір шаңырақ болды. Жазмышқа кім қарсы тұра алған, бүгінде Қырықмылтық пен Жұмағали, қызы Бағда арамызда жоқ, Құдайға шүкір, «орнында бар оңалар» дегендей ұрпақтары шаңырақтың шамын шалқытып отыр. Е.Табылғанов 1993 жылы «Ерен еңбек сіңіргені үшін» дербес зейнеткерлікке шығып, малшылық таяғын ұлы Қозыбағарға тапсырады. Еңбек адамын қастерлей білетін елі 1998 жылы Ерекеңді Түпқараған ауданының «Құрметті азаматы» атандырды, 70 жасы арнайы атап өтілді. Табылған атасының, Ержігіт әкесінің құтты таяғын Қозыбағар балаларымен бірге қолға алса, марқұм Қырықмылтық пен Жұмағали­дың балалары да өз алдарына шаруашылық құрып, түйе түлігін өсіруде.

Мал жағдайын жақсы білуімен, жоғары оқу орнын бітіріп келген мал мамандарының өзін таңғалдырып «дала академигі» атанған еңбек майталманы Ержігіт Табылғанов 2006 жылы өмірден өтті, бір жылдан соң өмірлік жолдасы Айшым ана да бақиға аттанды.

Малдың, әсіресе, түйенің сырын бүгінде біреу білер, біреу білмес. Түйе – саусаң – сүт, сойсаң – ет, сатсаң – ақша деп күнелтіс, нәпақа тұрғысынан емес, тұла бойы тылсымға толы табиғаттың тамаша жаратылысы деп жанашырлықпен, құрметпен қараған жанға ғана өз құпиясын ашатын тәкаппар түлік. Қазір кеңшарлар жоқ, түйелер әркімнің жеке қожалығында отбасылық қажеттілік үшін бағылады, жүнінің қадірі, сірә жоқ. Маңғыстауда жол бойында сирек кездесетін түйелерге қарап өздерін табанын қыдықтап, шудасын сипап балаша баптап өсірген Ерекең сынды ерлерді сағынып жүргендей сеземін. Еңбек ету ескірмейді, сондықтан жас ұрпақты еңбексүйгіштікке баулу үшін Ержігіт Табылғанов сынды ерлердің есімін қастерлеп, еңбегін насихаттап, іс-тәжірибесін шаруашылықтарға үлгі етіп ұсыну, атына нысандар, көшелер беру тасада қалмаса дейміз.

 

Маңғыстау облысы