Құқық • 02 Наурыз, 2023

«Қолжетімсіз жайылым...» Әкімдер статистиканың бұрмалануына мүдделі ме?

127 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Арыс қаласына қа­расты Ақдала ауылдық округінде жеке секторда 1 382 бас мал бар. Ал ауыл округінің есебінде 8 817 бас мал тіркеліп, ереже нормативіне сай 6 768 гектардың орнына 10 477 гек­­тар жайылым қажет деп та­­былған. Яғни мал басының есебі дұрыс жүргізілмеуі салдарынан мем­лекеттік статис­ти­ка бұрмаланған.

«Қолжетімсіз жайылым...» Әкімдер статистиканың бұрмалануына мүдделі ме?

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Бұл деректерді бос жатқан жерді мемлекетке қайтарып, ауыл тұрғындарын ортақ жайылыммен қамтамасыз ету бойын­­ша Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау барысы талқыланған жиында облыс прокурорының орынбасары Саян Келдібеков келтірді. «Қазіргі таңда әкімдер жеке үйде ұстап отырған және шаруа қожалықтарының мал басын есепке алып, оны статистика органдарына тапсырады. Біз бұл тәртіпті тиімсіз деп санаймыз. Өйткені ол статистиканың бұрмалануына ықпал етеді», деді Саян Шаймұратұлы. Өңірде 6 ауылда мал саны бұрмаланып, жайылым жерге деген қажеттілік артық көрсетілген. Жергілікті жерлерде жауаптылар жайылымдарды қайтару бойынша ақпараттық технологияларды қолданбаған.

Осы орайда облыс прокуратурасының бастамасымен «Қолжетімді жайылым» жобасы қолға алынып отыр. Бес бағыттан тұратын жоба бойынша әкім­дер мал басының есебін статистика органдарына тапсыру міндетінен босатылады. Мамандар жоба жайылымға нақты қажеттілікті анықтап, мемлекеттік статистиканың дұрыс жасалуын қамта­масыз ететінін айтады. Сондай-ақ ветеринар қызметінің «жануарларды бірегейлендіру» және статистиканың «Е-стат» базалары біріктіріледі. Бұл жағдай, өз кезегінде мал басы есебінің шынайылығына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Мал иелерінің төрт түлігіне байланысты қажетті мәліметтерді алуы элек­трон­дық жүйеге ауыстырылады. Яғни мал сататындарға ветеринар анықтамасын демалыс және мереке күндері электрондық түрде алу мүм­кіндігіне ие болады. Одан бөлек, бақ­та­шылар немесе малшылар статусы нормативтік тұрғыда реттеледі. Мал базарларының ветеринарлық қыз­меттеріне сатылған малдың есебін жүр­гізуге жағдай жасалады. Сәйкесінше, олар ветеринар қызметінің базаларына кіріп жұмыс істей алады. Яғни мал базардан шыққан тұяқтың қозғалысын көрсетіп, статистиканың шынайылығына қол жеткізуге мүмкіндік туады. Жеке сектордағы ортақ жайылымға сыймайтын нормативтік талаптардан тыс мал басын шалғайдағы жайылымдарға айдау қамтамасыз етіледі. Ол үшін шалғайдағы жайылымдардың орналасқан орындары мен олардың көлемдері бекітіліп, әкімдіктердің балансында қалдырылады.

– Бұл мәселе біздің өңірде өте өзекті. Әлеуметтік араздықтардың тудыруына себеп болып келеді. Мысалы, кейбір елді мекендерде бір отбасы 20 уақ мал ұстаса, кей отбасының 150 малы болуы мүмкін. Ал жайылым тең бөлінбейді, тең қаралмайды. Тұрғындар тарапынан түсінбеушілік туындайды. Себебі мал басына қатысты шектеу жоқ. Ауылішілік мал көлемін ұстаудың шекті бөлігін енгізіп, қалғанын жайылымға жіберуді ретке келтіру қажет. Осылай реттелмесе ауылдағы жайылым жер жетпейді. Осындай ұсыныстарды бірге қарастырсақ, – деді облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев.

Ал жобаның маңыздылығына тоқтал­ған облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Алтынбек Мырзаев пайдаланылмай жатқан ауыл­шаруашылық жерлерін космомониторинг құрылғылары арқылы анықтау жұ­мыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.

«Департаментпен аудан, қала әкім­діктері бекіткен жер балансы есебінің экспликациясында тіркелген жер пайдаланушыларда мал басы тіркелгені туралы ИСЖ базасымен салыстыру жүргізілді. Нәтижесінде, 4386 жер пай­даланушының 673 462,2 гектар жеріне мал басы тіркелмегені анықталып отыр. Сонымен қатар Жер кодексінің 145-1 бабына енгізілген өзгерістерге байланысты, ауыл шаруашылығы жерлеріне қатысты «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-ның космостық мониторингі бойынша 4543 жер пайдаланушының 560 801,6 гектар жерлері пайдаланбай жатқаны анықталды. Бүгінгі жоба іске асырылса жоғарыда көрсетілген сәйкессіздіктер орын алмайтын болады», деді Алтынбек Әбдіқайымұлы.

Былтыр облыста 1034,8 мың гектар жер мемлекетке қайтарылған. Оның ішінде мақсатсыз пайдаланылған 412,2 мың гектар мемлекет меншігіне қайта­рылса, 622,6 мың гектарды қайтару ірі жер пайдаланушылармен меморандум жасау арқылы жүзеге асқан. Биыл ауыл шаруашылығы мақсатындағы 330 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарлануда. Заңсыз табысталып, пайдаланбай жатқан жер учаскелерін мәжбүрлеп мемлекетке қайтару үшін сотқа былтыр 96 талап-арыз жолданған. Оның 45-і оң шешімін тауып, 4751,6 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Сонымен қатар аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп 521,7 мың гектар жайылым және егістік үшін шаруаларға үлестірілді.

Сондай-ақ өңірде жер қой­науын заңсыз пайдаланған және келісім­шартта көрсетілген міндеттерін дұрыс орында­маған тұлғалар мен компания­ларға қарсы жұмыс күшеймек. Бұл орай­да облыс әкімі Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдері мен құқық қорғау органдарына осы бағытта бірлесе жұмыс істеуді жүктеді.

– Лицензияны берген соң келісім­шарттың әрбір бөлігі орындалуын қадағалау керек. Өкінішке қарай, әлі де заңсыздықтар тоқтамай тұр. Сон­дықтан лицензияға қатысты құжат­тар­ды қатаңдатуды тапсырамын. Ли­цен­зиялау шарттары өзгертілсін. Әр­бір жер қойнауын пайдаланушы тек өзіне бекітілген аумақты ғана қазып, жұмыс істеуі қажет. Өзендердің арнасын кеңейтуге, экожүйені бұзуға жол берілмейді, – деді облыс әкімі.

Инвестиция және экспорт басқарма­сының мәліметінше, 2021-2023 жылдар аралығында келісімшарттық міндет­темелерін толық орындамаған және су қорғау белдеуінде орналасқан 27 жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттары мерзімінен бұрын тоқтатылған. Екі жер қойнауын пайдала­ну­шының жер телімі мемлекеттік жер қорына қайтарылды. Ал 11 жер қойнауын пайдаланушының жерін қайтару бойын­ша сотқа талап-арыздар жолдануда. Облыс аумағында орналасқан 40 жер қойнауын пайдаланушының пайдалы қазбаларды өндіру аумақтарына маркшейдер маманымен мониторинг жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде, 27 жер қойнауын пайдаланушының жұмыстарынан кемшіліктер анықталып, полиция департаментіне материалдар жолданған. Қазіргі таңда, полиция департаменті тарапынан 12 қыл­мыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Облыстық полиция де­партаментінің бастығы Мұрат Қабде­новтің мәлімдеуінше, өткен жылы жер қойнауын өз бетінше пайдалану бойын­ша кезекші бөлімдерге 127 арыз бен хабарлама тіркелген. Құқық бұзушылық құралы ретінде пайдаланылған 28 техника, оның ішінде 7 жүк арту техникасы заңды шешімдер қабылданғанша уақытша айыптұраққа қойылған.

Жалпы, заңсыз жер қойнауын пайда­лануға қатысты әрекеттер негізінен Ақсу, Бадам, Келес өзендерінің бойында тіркелуде. Кентау қаласы мен Отырар ауданы аумағында да жер қойнауын заңсыз қазу деректері жиі кездеседі. Айта кетелік, жер қойнауын өз бетінше пайдалану бойын­ша 2021-2022 жылдары Қылмыстық кодекстің 334-бабымен 28 іс тіркелген болатын.

 

Түркістан облысы