Экология • 02 Наурыз, 2023

Улы көл мәселесі ушығып тұр

367 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Маңғыстаудағы «Қошқар ата» қалдық қоймасы қашан және қандай себептерден пайда болды, аталған көлдегі улы қалдықтардың тұрғындар денсаулығына зияны қаншалықты? Осы тақырыптар төңірегінде газет бетінде бірнеше рет мәселе көтердік.

Улы көл мәселесі ушығып тұр

2013-2014 жылдары монито­рингтік, гидрогеологиялық, рекуль­тивациялық, экологиялық, әлеуметтік және басқа да ұста­нымдар бойынша оңтайлы жо­балық шешім әзірлеу мақ­са­тында «Маңғыстау ҒӨО» бұ­рын жүргізілген жұмыстар мен зерт­­теулерді талдау негізінде «Қош­қар ата қалдық қоймасын рекульти­вациялау» атты тех­ни­калық-эко­номикалық негіз­демесін әзір­леген еді. Негіздемеде қалпына келтірудің екі нұс­қасы қаралды. Тех­никалық-эко­номикалық не­гіздемеде кел­тірілген нұсқаның бірі – қалпына келтіру жұмыстарын екі түрлі әдіспен жүргізуді көз­дейді: қал­дық қойманың орталық-сол­түстік бөлігіне Каспий теңі­зінен су беру арқылы жасанды тоғанның бетін минус 35 м бел­гіге дейін жеткізу. Техникалық-экономикалық не­гіз­­демеде көрсе­тілген қоры­тын­ды­ларға сәйкес, іске асыруға осы екінші нұсқа таң­­далған.

Маңғыстау облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайда­лануды реттеу басқармасы бас­шылығының айтуынша, әр­түрлі себептерге байланысты бір бас­талып, бір тасталып, құжаттары біресе қысқартылып, біресе толық­тырылып мың түзетілген Қошқар ата улы көлінде «қалпына келтіру жұмыстары жалғаспақ». Бұған дейін түрлі ақпараттарда, есептерде «қолға алынды, жүргізілуде» деп келетін қалпына келтіру жұ­мыстары, сөйтсек «2023 жылдың үшінші тоқсанында қайта жал­ғасады» екен. Қашан басталып, қашан тоқтап үлгерген? Ауқым­ды жұмыстың кезең-кезеңмен жүр­гізілетіні белгілі, әйтсе де мәселе құ­жатқа қатысты.

Маңғыстау облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бас­шысының орынбасары Есенқос Әділбаевтың мәліметінше, осы­ған дейін жобалық-сметалық құ­жаттарға түзетулер енгізілген. Яғни бұрын Қошқар ата қалдық қоймасында қалпына келтірілетін жер көлемі 4 279 гектар болса, жаңа түзетуге сәйкес, 1 344 гек­тарға дейін қысқарды. Енді 2023 жылдың 3-тоқсанында жаңа нұсқа бойынша мемлекеттік сараптама қорытындысы шығады, содан кейін рекультивация жұмыстары жанданбақ.

– Қалпына келтіру жұмыстары бізден тәуелсіз себептерге байланысты тоқтатылды. Мемлекеттік сараптама жаңа жобалық-сметалық құжаттаманы мақұлдауға тиіс. То­лық қорытындыны алғаннан кейін жұмыстар қайта жалғасады,  деді Е.Әділбаев.

Мамандардың айтуынша, қай­та қалпына келтіруге бөлі­не­тін қаражаттың көлемін ұлғай­ту жөнінде жұмыс жобасына қай­та түзету енгізу туралы ше­шім қабылданған. Жобаны қар­жы­лан­дыру республикалық және жер­гілікті бюджет есебінен 90/10 про­порциясы бойынша бірлесіп жүзеге асады.

Жалпы, қалпына келтіру жұ­мыстарын 2025 жылы аяқтау жос­парланған. Он жыл бойы алақандай жерді тұмшаламақ түгіл әртүрлі желеумен кідірмелеп жүру істі біраз сиырқұйымшақтандырып жіберген сынды. Экологиясы мәз емес Маңғыстауда, шынын айтқанда, тұрғындар денсаулығы да нашар. Облыс орталығы Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауда­ны­ның іргесіндегі улы көл қашан тұмшаланары әлі белгісіз, уәде мен жоспарларды арқалаған жылдар жеткізбей келеді.

 

Маңғыстау облысы