Мемлекет басшысының 2022 жылғы 13 сәуірдегі «Мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» №872 Жарлығымен мемлекеттік органдардың қызметінде барынша тиімділікке қол жеткізу үшін бизнес-үдерістерді оңтайландыру міндеті қойылды. Жарлық шеңберінде Үкіметке және өзге де мемлекеттік органдарға өз құзыреті шеңберіне кіретін ағымдағы мәселелер бойынша Мемлекет басшысына құжаттарды жөнсіз енгізуге тыйым салынды. Алайда мемлекеттік органдар басшылары жекелеген мәселелер бойынша өз бетімен шешім қабылдауға жігері жетпегендіктен күні бүгінге дейін түрлі себептерді желеу етіп, маңызды емес мәселелерге де Мемлекет басшысының мақұлдауын алу үшін жоғарыға құжаттар ұсынуын тоқтатар емес.
Мемлекеттік басқару жүйесіндегі кемшіліктердің бірі – шектен тыс бюрократия мен құжат айналымының көптігі. Өндірістік үдерістерде лауазымды тұлғалар мен қызметкерлердің бастамасы мен шығармашылығын айтарлықтай шектейтін көптеген ереже мен нұсқаулық бар.
Бизнес-үдерістерді цифрландыру және автоматтандыру баяу қарқынмен жүргізіліп келеді. Ауыр еңбекті қажет ететін көптеген үдеріс цифрлық режімде жүргізілмейді, жалпы құжат айналымында қағаз құжаттардың үлесі азаймай отыр. Бюрократиямен күрес, қағазбастылықты қысқарту, процедураларды оңтайландыру шаралары нақты нәтиже бермей отыр, ешкім «өзі жайлы отырған бұтағын кескісі» келмейді. Бұл ретте бюрократия сыбайлас жемқорлық себептерін тудыратынын айту қажет.
Бюрократияны зерттеу оңай жұмыс емес, ал бұл мәселеге қатысты нақты ұсыным-ұсыныстарды тұжырымдау одан да қиын. Елімізде бүгінгі күнге дейін бұл бағытта елеулі зерттеулер жүргізілген жоқ. Жүргізілген әкімшілік реформалар тек таңдап алынған мемлекеттік органдарды қайта құрумен немесе мемлекеттік басқару жүйесіндегі құжат айналымын оңтайландыру бойынша тиімділігі төмен бағдарламаларды қабылдаумен ғана шектелді. Сонымен қатар бұл іс-шаралар көбінесе мемлекеттік органдардың қызметіне тиісті деңгейде функционалдық талдаулар жүргізілмей-ақ іске асырылды.
Ішкі құжат айналымын қалай азайтуға және үдерістерді қалай тездетуге болады? Отырыстың күн тәртібінің жобасын және мәселелердің мазмұнын қалыптастыру әдетте басшыдан немесе құрылымдық бөлімшелерден келеді. Ал мәселелердің түпкілікті тұжырымын бекіту не келісу уақытты қажет етеді. Күн тәртібінің тақырыптары мен мазмұнын қалыптастыру кезінде қағазбастылықтан арылтудың, сондай-ақ электронды ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жүзеге асырылуы мүмкін болатын ақпараттық, нұсқаушы және жедел сипаттағы мәселелер мен жұмыстарды қоспаудың маңызы зор. Әрқашан өзекті мәселелерге басымдық берген жөн.
Отырысқа қатысушылардың тізімі де тым ұзақ шешіледі. Әрине, талқыланып отырған мәселелерге барынша сауатты адамдарды тарту маңызды. Көбіне шақырылған тараптар отырысқа қатысуға мүдделі болмайды, тек өндірістік үдерістерге жүктемесі аз өкілдерін жіберумен шектеледі. Сондықтан отырысқа қатысушылардың жеке құрамын жетекші лауазымды тұлғалардың өздері анықтап, шақырылған тараптармен өзара тікелей келісіп отырғаны дұрыс.
Сондай-ақ мемлекеттік мекемелердің деректер қорында орналастырылған барлық ақпараттық ресурстар үшін бірыңғай талаптар мен нормаларды әзірлеген дұрыс. Мемлекеттік ақпараттандыру объектілерін осылай біріктіру мемлекеттік басқару жүйесінің біртұтас шеңберінде ғана жүзеге асырылады. Бұл өз кезегінде мемлекеттiк органдардың ақпараттық-талдамалық материалдарын құжаттардың жобаларын әзiрлеу кезiнде немесе тапсырмаларды орындау үдерісінде, қосымша растаусыз және өңдеусiз-ақ пайдалануға мүмкiндік береді. Сонымен қатар цифрлық ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы әрбір мемлекеттік органда өзінің ақпараттық өнімдерін белгіленген тәртіппен орналастыруды қамтамасыз ету үшін арнайы құрылымдық бөлімшенің немесе жауапты лауазымды тұлғаның бар болуын міндеттеу де маңызды.
Басшы баяндамаларының жобаларын дайындауға және оның жиналысын өткізу тәртібіне келетін болсақ, бұлар жиналысты дайындау және мәселелерді қарау үдерісінде қажет емес. Өйткені сауатты әрі білікті модератор жиналыс өткізіп, мәселені талқылаған кезде өзін қандай да бір алдын ала белгіленген шеңбер ішінде сезінуге ешқашан да жол бермейді.
Хаттама жобасын алдын ала дайындамауға да болады. Өйткені шешімдер жиналыс үстінде дайындалып, ауызша келісіледі. Ал хаттаманы қол қойып бекіту кезінде туындауы мүмкін даулы мәселелерді реттеп, өзара түсіндіру үшін қажет болған жағдайда аудио-бейнежазбалар, стенограммалар бар.
Жалпы, жұмыс үшін тек соңғы түпкілікті нәтижелерінің сипаттамасы бар қорытынды құжаттар ғана іске қабылданғаны дұрыс. Бұл мемлекеттік органдардағы бюрократияны айтарлықтай азайтады. Тапсырманың орындалуы толық аяқталғанға дейін аралық барлық жұмыс ешқандай хат-хабарсыз, мүдделі тұлғалардың жұмыс тәртібімен және жедел өзара іс-қимылдар арқылы жүргізілуі керек. Бұл ретте қорытындылар жасау мен орындалған жұмыстарды бағалау тек тұрақты түрде тапсырылған түпкілікті орындаушылардың қорытынды есеп беру құжаттары негізінде ғана жүргізілуге тиіс. Бұл қорытынды есеп құжаттарын дайындаудың сапасы мен объективтілігін арттырып қана қоймайды, мемлекеттік басқарудың барлық деңгейіндегі лауазымды тұлғалардың өзара ортақ бизнес-үдерістерді басқару бойынша практикалық дағдыларын, икемділіктерін, тікелей ықпалдасуын жетілдіреді. Бұл, сондай-ақ, тапсырмаларды орындаушылардың жауапкершілігін арттырады.
Ең дұрысы – жиналыстардың бизнес-үдерістерін оңтайландыру мәселелерінде жиналыстарды өткізудің қандайда бір бірыңғай, типтік, көпке ыңғайлы болатын тәртібін әзірлеу. Болашақта бұл өндірістік жиналыстардың барлық форматтарын қамтуға икемді автоматтандыру модулін жасауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ бюрократияны азайту үшін тек түпкілікті және аралық орындаушылардың санын қысқарту қажет. Мысалы, Премьер-министр Кеңсесі көбінесе Президент Әкімшілігі мен түпкілікті атқарушы мемлекеттік органдардың арасында, ал орталық мемлекеттік органдар жергілікті атқарушы органдарға қатысты аралық орындаушы қызметін атқарады. «Жауапты орындаушы», «бірлесіп орындаушы» және «түпкілікті орындаушы» деген ұғымдарды өзара нақты ажыратып, бақылаудағы құжаттар мен тапсырмалардың орындау және есеп беру үдерістерінде олардың функционалдық міндеттері мен өкілеттіктерін реттейтін уақыт жетті. Өйткені орындаушылар санының көптігі олардың жауапкершілігін төмендетеді. «Қойшы көп болса, қой арам өледінің» кері. Сондықтан құжаттарды не тапсырмаларды бақылауға қою үдерісін оңтайландыру қажет.
Бақылауға алынған құжаттар мен тапсырмаларды қайталануы және өзектілігі бойынша жиі тексеріп отыру тәжірибесінің маңыздылығын да атап өткен жөн. Бастапқы жауапты органның тексеруі қайталанатын және өзекті емес құжаттар мен тапсырмаларды екшеуге мүмкіндік береді.
Мемлекеттік басқару жүйесінде саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер бизнес-үдерістерді басқарады. Біріншілері меншік иелері және инвесторлар ретінде мемлекеттің мүдделерін қорғауға жауапты және стратегиялық басқаруды қамтамасыз етеді. Соңғылары менеджерлер ретінде өздеріне берілген құқықтар мен өкілеттіктер шеңберінде мемлекеттік аппараттың бизнес-үдерістерін жедел режімде басқарады және саяси лауазымды тұлғаларға есеп беруді қамтамасыз етеді, сондай-ақ менеджментті басқару бойынша шаралар мен ережелер кешенін жүзеге асырады. Бұл ретте құжаттарды/тапсырмаларды орындау кезінде біріншілерін аралық және ішінара шешімдерді қабылдауға қатысудан босатамыз. Сондай-ақ соңғыларына көбірек жауапкершілік пен өкілеттік бере отырып, қарастырылатын құжаттардың мерзімі мен санын қысқартуға қосымша мүмкіндік аламыз. Ол үшін басқарушылық жауапкершіліктің қағидасына сәйкес салалық құрылымдық бөлімшелердің басшыларына мүдделі бөлімдермен жұмыс істеу кезінде көлденең байланыстарды кеңірек пайдалану және дамыту бойынша арнайы өкілеттіктер берілгені дұрыс. Бизнес-үдерістерді басқаруды осындай орталықтандырудан арылтудың нәтижесінде соңғылары біріншілердің қарауына мезгіл-мезгіл тек ең маңызды мәселелер мен шешімдерді және өз қызметінің нәтижелері туралы жиынтық есептерді ғана ұсына алады.
Аралық құжаттар мен аралық орындаушылар құжат айналымын ұлғайтады және мәселелерді шешу уақытын баяулатады. Бір тапсырманы орындау шеңберінде түпкілікті орындаушыдан аралық есеп беру ақпаратын сұрату мүлдем болмауы керек және аралық орындаушылар (бірлесіп орындаушылар) негізгі жауапты орындаушымен қажетті өзара іс-қимылды жедел және жұмыс тәртібімен жүзеге асырғаны жөн.
Артық құжаттар мен бюрократияны қысқарту ғана лауазымды тұлғалар мен қызметкерлерге өздеріне тиесілі жұмыс уақытын бизнес-үдерістерге қатысушылармен тікелей әрі жедел ықпалдасып байланысуға және көлденең өзара іс-қимылдарға, сондай-ақ азаматтарға мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде оффлайн/онлайн режімде олармен үзбей жұмыс істеуге арнауға мүмкіндік бере алады.
Мемлекет басшысының өткен жылғы 13 сәуірдегі №872 Жарлығында белгіленген міндеттер – өзекті, мемлекеттік және қоғамдық институттарды одан әрі дамытудың негізгі шарттары. Бұл шарттардың толық және сапалы іске асырылуы Әділетті Қазақстанның көптеген әлеуметтік-экономикалық мәселесінің шешілуіне тікелей ықпал ете алады.
Сонымен, мемлекеттік аппараттың бизнес-үдерістерін тиімді басқару және нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін бюрократия деңгейі қандай болуы керек? Ең дұрысы, бюрократияны сыбайлас жемқорлыққа ұшыратпайтын, жұмысты сапалы және ұтымды орындау мүддесінен басқа мүддесі жоқ жақсы қалыптасқан тетік ретінде қарау керек. Басқару аппаратының бір түрі ретінде бюрократия әрқашан қажет, бірақ шамадан тыс әкімшілік жүргізу сыбайлас жемқорлыққа қолайлы жағдайларды да туғызады. Сондықтан да бюрократияның сыбайлас жемқорлықты болдырмайтындай деңгейі қандай болуы керек деген өзекті сұраққа жауап іздеудің де жөні бар.
Бүгінгі таңда мұндай сұраққа жауап бере алатын ғылыми зерттеулер жүргізудің қажеттілігі айдан анық. Бюрократиядан арылтудың түпкі мақсаты да, басты нәтижелері де қоғамды сыбайлас жемқорлықтан арылтуға жан-жақты бағытталғаны дұрыс. Бюрократиядан арылту бизнес-үдерістерді сыбайлас жемқорлықтан арылтуға бір қадам болса да жақындатады. Орындаушылардың бизнес-үдерістердің міндеттерін жүзеге асыру үшін туындатқан негізсіз қиындықтары өндірістік қатынастарды заңды реттеушілердің орнын өзге бөтен мүдделердің басып алуына әкеліп соғады. Сондықтан «бәрін де шешетін кадрлар» заңмен белгіленген мақсаттардан және қоғамда мақұлданған мәдени-адамгершілік нормалардан туындайтын әділ шешімдер қабылдауға міндетті, олардың бойына жалпы адамзаттық құндылықтарды сіңіру қажет. Осы орайда, Мемлекеттік қызметшінің Этика кодексінің де, Корпоративтік этиканың да нормалары мен талаптарының мүлтіксіз орындалуын және оларды орындатуды қамтамасыз етуді жүзеге асырудың маңызы өзекті мәселе деп айтуға болады. Бюрократия көп болса да жаман, бюрократия аз болса да жаман. Сондықтан кадрлар қоғам мен мемлекет игілігі үшін тиімді, адал жұмыс істеуге ұмтылатын бюрократия мен тараптар мүдделерінің теңгерімінің алтын орташегін табу маңызды.
Қоғамдағы түйткіл шешуі күрделі әкімшілік кедергілерді де еңсере отырып, Мемлекет басшысының тапсырмаларын уақтылы, толық және сапалы орындауды қамтамасыз етудің жолдары бар екені анық. Бүгінде сол жолдардан мүдірмей жүріп өтетін, адал еңбегімен елінің болашағына қызмет ететін жаңашыл, мемлекетшіл, ұлтжанды кәсіби мамандардың және әділетті шешім қабылдауға қабілетті басқарушылардың кезегі күтіп тұрғаны да анық.
Мүталап ӘБСАТТАРОВ,
техника ғылымдарының кандидаты, доцентф