Экономика • 05 Наурыз, 2023

Долларсыздану үдерісі жеделдей бастады

304 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Экономиканы долларсыздандыру қаржы жүйесінің тәуекелдерін төмендетуге, жүргізіліп жатқан монетарлық саясаттың тиімділігін арттыруға, ұлттық валютаның нығаюына ықпал етеді. Осы ретте салымдарды долларсыздандыру үрдісін жеделдететін факторларды ескеру маңызды.

Долларсыздану үдерісі жеделдей бастады

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Төмен деңгейдегі валюталық салымдармен жоғары деңгейдегі теңгелік салымдар ұсынылатын мөлшерлемелерді бел­гілеу, кепілдендірілген соманы ұлғайту, теңгелік салымдарды қорғау бағ­дарламасы сияқты теңгелік актив­тер­­дің тартымдылығын арттыруға ықпал ететін шаралар қабылданып, нәти­же­сін­де, оң өзгерістер байқала бастады.

Finprom есебіне сәйкес, былтыр қыркүйек айындағы жағдай бойынша халықтың екінші деңгейлі банктердегі (ЕДБ) салымының көлемі 14,7 трлн теңгені құрап, бір жылда бірден 17,1%-ға өскен. Бұл ретте салымдар құры­лы­мын­дағы негізгі үлес теңгеге тиесілі – 65,4%. Айта кету керек, шамамен 5 жыл бұрын, 2017 жылдың қыркүйегінде шетел валютасындағы салымдардың үлесі – 57,2%, ал 2015 және 2016 жылдың қыркүйегінде тиісінше 76,4% және 66,9% болды. Бұл ретте 2016 жылдың қаң­тарында ең жоғары мәнге ‒ 80,4%-ға жеткен болатын.

2016 жылдан бастап теңгедегі салымдар үлесінің ұлғаю үрдісі тез өсуде, ал тұтынушылар ұлттық валютадағы жи­нақтарға басымдық бере бастады.

Дағдарыс құбылыстарына және инф­ля­цияның өсуіне қарамастан, теңгелік салымдар негізінен жүргізіліп жатқан ақша-кредит саясаты есебінен тартымды бола түсті. Ұлттық банктің статис­ти­калық деректеріне қарағанда, жеке тұлғалардың мерзімді теңгелік салымдары бойынша сыйақы мөлшерлемесі 2021 жылдың соңында 7,8%-ды құраса, 2022 жылдың қыркүйегінде 12,2%-ға дейін ұлғайды. Бұл ретте шетел валю­та­сындағы мерзімді салымдар бойынша сыйақы мөлшерлемесі өзгермейтін 0,9%-ды құрады. Мұндай жағдайда теңгедегі салымдардың артықшылығы бар.

Айта кету керек, жеке банктердің сыйақы мөлшерлемесі орташа деңгейден жоғары. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) ұсын­ған 2022 жылы желтоқсандағы сыйа­қы­ның ең жоғары мөлшерлемелерін қарастыратын болсақ та, мерзімді салымдар бойынша толықтыру құқығынсыз мөлшерлеме 16,5%-ға, жинақ бойынша 17,5%-ға жетеді.

DATAmetrics сарапшылары теңгелік салымдардың артықшылығын есептеген болатын. Егер салымшы 1 млн теңгені теңгелік депозитте орта есеппен бес жыл бойы сақтаса, онда капитал өсімі 59%-ды құрайды (+ 593 958 теңге). Осындай жағдайда долларлық депозитте ақшаны сақтау кезінде теңгенің долларға қатысты бағамының өзгеруін ескере отырып, бес жыл ішінде долларлық депозиттен түсетін табыс 501 мың 336 теңгені құрайды. Егер ақшаны 50-де 50 қағидаты бойынша сақтаса, онда депозиттерден түсетін табыс 547 мың 660 теңгені құрайды. Осылайша, бұл дәйекті сандар қаражатты теңгелік депозитте бес жыл бойы сақтау долларлық депозитке қарағанда 18,5% тиімді болатынын көрсетеді.

Сыйақы мөлшерлемесін көтерумен қатар, теңгелік салымдарды қорғау бо­йынша түрлі шаралар қабылданып жатыр. Мәселен, 2022 жылы ақпанда Ұлттық банк пен Үкімет теңгелік салымдарды қорғау жөніндегі жеке бағдарламаны жариялады. Мәлімдемеге сәйкес, мемлекет банк төлейтін пайыздық мөл­шер­лемеден тыс теңгемен депозит­тер­ге салым сомасынан 10%-дық бір­жолғы сыйақы есептейді. Бағдарлама салымшыларды қолдау және қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуді көздейді.

Сондай-ақ былтыр қаңтарда ҚДКБҚ ұлттық валютадағы жинақ депозиттері бойынша кепілдіктің ең жоғары сомасын 15 млн теңгеден 20 млн теңгеге дейін арттыру туралы жариялады. Осы факторлардың барлығы салымдарды және жалпы ел экономикасын долларсыздандыру үрдісін жеделдетеді.

Бөлшек-сауда секторынан басқа, ұлттық валюта қаржы нарығының ірі ойыншылары үшін де тартымды болады. Мысалы, Мәскеу биржасында теңгедегі инвесторлардың белсенділігі бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткені мәлім. Көрсеткіштің өсуіне бірінші кезекте сыртқы сауда қызметіне ұлттық валюталарға ауысатын компаниялар мен банктер тарапынан өсіп келе жатқан сұраныс ықпал етеді. Негізгі валюта жұптарымен сауда-саттық көлемінің төмендеу фак­торының да ықпалы бар.

Жалпы, макродеңгейде де, ел ішінде де қабылданып жатқан шаралар төл теңгеміздің танымалдылығына оң әсер етеді. Әрине, сонымен бірге ұлттық валютаны, шын мәнінде, ұзақ мерзімде тұрақты нығайту үшін монетарлық валютамен қатар өз өндірісі мен экспортын дамыту сияқты түпкілікті факторларды күшейту қажет.