Мәдениет • 06 Наурыз, 2023

Күй аңызы: «Адай» қалай дүниеге келді?

1988 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Күй тарихы қызық қой. Күйді тыңдағанымыз болмаса, шығу тарихы мен мәнін аса біле бермейміз.

Күй аңызы: «Адай» қалай дүниеге келді?

Адай күйі жайлы әртүрлі дерек бар.

Бірінші деректі Ахмет Жұбанов жазып кеткен. Ол «Ғасырлар пернесінде» екі аңыз жайлы сөз қозғаған. Бірінші аңыз бойынша, Құрманғазы Адай руына барып, қонақ болып отырғанда ілулі тұрған домбыраға көзі түседі. Домбыраны алып, құлағын теріс бұрауға келтіріп қояды. Кейін үйдің ерке қызы келіп, оныменен тартысқа түседі. Ең соңында екеуі бір-бір күйден тартты дейді. Сондағы қыздың тартқаны Адай күйі болса, Құрманғазы Серпер күйін тартыпты. Жұбановтың айтуынша, бұл деректі Дина күйші айтқан.

Дәл осы еңбекте тағы бір жорамал бар. «...Адай руы Исатай көтерілісінде көзге түскен болатын. Жоғарыда айтылған Сағыздан келіп Исатайға қосылған қолдың ішінде адайлықтар көп болатын. Біздіңше, Құрманғазы Адай руы атын жалпылама ұғымда алып, еркіндік сүйген елінің қайтпас күшіне арнап шығарған болу керек», дейді Ахмет Жұбанов.

Екінші деректі Ақселеу Сейдімбек «Күй шежіре» кітабында жазған. Оған сәйкес, Құрманғазы жас кезінде Адай руының қызына ғашық болады. Келесі жылы келіп үйленемін деп жүргенде қыз шешек ауруынан қайтыс болыпты. Сол кезде Құрманғазы «Адай қыз» деп азалы күй шығарған дейді. Ғалым бұл деректі сол ауылдың шалдарынан естідім дейді.

Үшінші деректі Адай шежірешілері айтып кеткен. Бір жылы Құрманғазы ен далада келе жатса 300 қаруланған әскерді көреді. Олар Түркімендермен соғысуға бара жатқан екен. Жаудың кемінде 3000 әскері болған. Таң қалған Құрманғазы биік төбешікке шығып, әліптің артын бағады. Сонда Адайлықтар ер-тоқымның артына қой терісін байлап, бір қатармен шаба бастайды. Жерге сүйретілген тері айланасын шаң-тозаңға айналдырады. Түркімендер бұны көріп, шауып келе жатқан 30 000 жауынгері бар қалың қол деп ойлап, жан-жаққа қаша бастапты. Бұған куә болған Құрманғазы жігіттердің қулығына әрі батырлығына риза болып «Адай» күйін шығарған дейді.