Облыстық статистика департаментінің мәліметіне сүйенсек, биылғы қаңтарда былтырғы желтоқсанмен салыстырғанда, азық-түлік тауарларының бағасы – 1,1%, ал азық-түлік емес тауарлар 0,8%, ақылы қызметтер 0,1%-ға қымбаттаған. Мәселен, қаңтар айында жоғары сұрыпты бидай үшін орташа баға өсімі 6,1%-ға жеткен. Ал күнделікті тұтынатын жемістер мен көкөністер – 3,2%, күріш – 2,9%, жұмыртқа – 2,5%, жармалар – 1,9%, макарон өнімдері – 1,4%, май және тоң майдың бағасы 1,2%-ға жоғарылағаны байқалып отыр. Сүт – 0,8%, кондитерлік тағамдар мен ет – 0,5%, балық және теңіз өнімдері – 0,4%, алкогольді ішімдіктер – 0,3%, темекі бағасы 0,2%-ға өскен.
Жылдың алғашқы айында өзге де тауарлардың бағасы қымбаттағаны аңғарылады. Мәселен, жуғыш және тазалағыш құралдары – 1,4%, жеке гигиеналық мақсатта қолданатын тауарлар – 1,3%, киім және аяқкиім түрлері – 0,8%, фармацевтикалық өнімдер 0,6%-ға қымбаттап шыға келген. Сондай-ақ жолаушылар көлігінің қызметі – 1,3%, амбулаториялық қызмет құны 0,4%-ға жоғарылаған.
Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Жаңабековтің мәліметінше, делдалдық қызметпен айналысатын кәсіпкерлер әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің қымбаттауына себеп болып отыр. Ол мұндай дәлелді деректі арнайы комиссияның азық-түлік өнімдерін сатудың делдалдық тізбегін анықтау мақсатында өткізген отырысынан кейін мәлім етті.
– Комиссия отырыстарының нәтижесінде дүкендерге әлеуметтік маңызы бар сары май, тауық еті мен сүт өнімдерін жеткізетін делдалдар үстеме бағаны 15%-дан асырып жібергені анықталды. Кейбір кәсіпкерлер сары майдың бағасына 82% үстеме баға қосып, супермаркет желілеріне жеткізген. Кәсіпкерлік субъектісі саналатын делдалмен ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізілді, дейді Н.Жаңабеков.
Ал былтырғы қараша-желтоқсан айларында облыста тұз бағасы күрт өсіп, 60 теңгеден 76 теңгеге дейін жетті. Бұл өнімді шетелден және басқа өңірлерден тасымалдаушылар бағаның өскенін логистикалық шығынның көптігімен түсіндіруге тырысқан. Кейбір кәсіпкерлер түрлі сылтаумен азық-түлік бағасын қолдан қымбаттататыны жасырын емес. Алайда қазір сауда нысандарында айтарлықтай логистикалық шығындарды талап етпейтін жергілікті тұз орта есеппен 47-55 теңгеден сатылып жатыр.
– Азық-түлік бағасын негізсіз өсірген делдалдарға, жалпы құқық бұзған адамдарға ескерту берілді. Мұндай жайт қайталанатын болса, тиісті заңдылыққа сәйкес айыппұл салынады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасына қосылатын үстеме 15%-дан аспауға тиіс. Егер үстеме баға бұл шектен асатын болса, онда оған жауапты тұлға «Сауда қызметін реттеу туралы» заңының 9-бабының 2-тармағына сәйкес жауапқа тартылады, деп мәлімдеді Н.Жаңабеков.
Атырау облысы