Экономика • 07 Наурыз, 2023

Еліміздің транзиттік әлеуеті немесе Орталық Азияға ойысу

488 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ресейге салынып жатқан санкциялардың зардабын аталған елден кейін қатты тартып отырған мемлекеттің бірі – Қазақстан. Біз санкция талаптарын соншалықты бұзбадық та, тек тәуелсіздік алғалы бері экономикамызды көрші ел экономикасына байлап тастауымыздың салдары былтырғы ақпаннан бастап сезіліп жатыр. Мысал ретінде былтырғы КТК жағдайын алға тартар едік.

Еліміздің транзиттік әлеуеті немесе Орталық Азияға ойысу

Енді биыл Еуроодақ РФ территория­сы арқылы жүк тасымалдауға тыйым салды. Соның салдарынан қаншама жүк көліктеріміз Польша аумағынан шыға алмай қалды. Бұл өз кезегінде тасы­мал­дау­шы­лар мен бизнес иелерінің шы­ғы­нын әп-сәтте өсіріп жіберді. Енді біз тез арада ха­лық­аралық жүк тасымалы маршру­тын әр­та­раптандыруды ойластыруымыз керек. 

Транзиттегі өзекті мәселелер жа­қын­да Next Generation Central Asia алаңында «Әлемдік экономиканың жаһан­дануы жағдайында Орталық Азия ел­дерінің өңірлік көлік-логистикалық жүйе­сінің дамуы» деген тақырыппен тал­қыланды. Логистика және транспорт корольдік институтының (CILT) Қазақ­стандағы филиалының президенті Нұр­лан Игембаевтың айтуынша, біз негі­зінен Қытай – Еуропа бағытына, одан қалды Транскаспий халықаралық транс­порттық дәлізіне көп көңіл бөлдік. Бі­рақ Орталық Азия бағыттарындағы жұ­мыс мардымсыз.

«USAID қолдауы бойынша, қазір біздің негізгі міндетіміз – осы мәселе төңірегінде жақсы шешімдер ұсыну және оны мемлекеттік органдарға жеткізе алу. Иә, біз әрдайым әлемдік мұхитқа Ресей арқылы шығып келдік. Екі ел арасында 11 шекара бекеті бар екен. Олардың өткізу қуаттылығы – 123 млн тонна. Қазіргі уақытта олардың жүктемесі 97 млн тонна болып тұр. Ал Өзбекстанмен арада 2 шекара бекеті ғана бар, олардың өткізу қабілеті – 30 млн тонна шамасында. 2022 жылдың қорытындысы бойынша, жүктеме деңгейі 29 млн тонна болыпты. Демек бізге оны тез арада жүктеме көлемін арттыру керек. Егер біз үшін РФ арқылы әлемдік нарыққа шығу жолы жабылса, онда Орталық Азия елдерінің әлеуетін пайдалануымыз керек», дейді Нұрлан Игембаев.

Сарапшының айтуынша, Қытаймен екі ортада да 2 өткізу бекеті бар, олардың қуаттылығы 23 млн тонна көлемінде. Ал жүктеме көлемі – 21 млн тонна. Оны да өз қуаттылығы деңгейінде жұмыс істеп тұр деп бағалауға болады және әрі қарай дамыту перспективасын қарастыру қа­жеттігі туындауда.

Кәсіпкер, сарапшы Қанат Көбесовтің айтуынша, жаһандық өзгерістер үлкен тап­шылыққа, инфляцияға және дағ­дарысқа әкеліп отыр.

«Қазір әлем халқының саны 8 млрд-қа жетті. Соның біраз бөлігі Орталық Азияда және Оңтүстік-Шығыс Азияда өмір сүреді. Олар әрине өте көп көлемде энергетиканы, шикізатты, азық-түлікті тұтынады. Одан кейінгі фактор – кли­маттың өзгеруі. Бұл әлем елдерінде су тасқынын, қуаңшылықты тудырып жатыр. Одан бөлек бізге қатты әсер етіп жатқан басты фактор – Украинадағы соғыс. ЕО жаңа санкция пакеті аясында РФ арқылы транзитке шектеу қойды. Демек ендігі кезекте бүкіл тасымал ағыны Қытай арқылы Каспий теңізіне, одан әрі Қара және Жерорта теңіздері арқылы Үнді мұхитына шығарыла бастайды. Енді бұл орайда инвестицияға деген қажеттілік те арта түседі. Сондай-ақ теңіз тасымалының да құны қымбаттап кетті. Оның үстіне контейнерлер де жетіспей жатыр», дейді ол.

Оның айтуынша, Орталық Азия елдерінің транспорттық жүйесі бір-біріне ұқсамайды. Бірақ олардың барлығы Транскаспий маршрутымен интеграция жасауға тырысып жатыр.

«Мәселен, қырғыздар қазір Қытай­мен келіссөз жүргізіп жатыр. Қа­зірдің өзінде бастапқы келісім бар. Ош – Карши бағытында жол салынатын болды. 7 жылдан кейін пайдаланыла бастайды. Тәжікстан Куляб стансасында Қы­тайға апаратын дәлізді іске қосты. Ав­то­транспорттан жабық контейнерге қайта тиейді. Содан кейін Өзбекстан, Түрікменстан территория­сы арқылы өтіп Иран немесе Түркия арқылы теңізге шығады. Өзімізге келер болсақ, әзірге Достық – Мойынты да, Дарбаза – Мақтаарал да транзит мәселесін түбегейлі шешетін әлеуетке ие емес», дейді сарапшы.

2022 жылы 30 қарашада Қытайда Цзинхэ – Алашанькоу учаскесінде Ланьчжоу – Шыңжаң темір жолының екінші желісінің қосымша құрылысы басталды. Қазақстан тарапында да Достық – Мойынтының екінші желі­сінің құрылысы басталды. Достық – Мойынты темір жолы Алашанькоуға барып тұмсық тірейді. Жоспар бойынша, Қытайдағы желінің құрылысына екі жыл және 3,455 млрд юань қаржы керек. Сарапшылардың айтуынша, аталған бағыт елдер арасындағы тасымал көлемін ұлғайтады және Еуропаға транзитті күшейтеді.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Орталық Азия әлеуетін жоғары бағалайтыны жөніндегі пікірін білдірген.

«Орталық Азия – ірі әлемдік на­рық­тарды байланыстыратын ма­ңыз­ды аймақ. Сондықтан қазіргі және перспективалы транспорттық-транзиттік маршруттарды дамытуға күш салуымыз керек. Дүниежүзілік банк бағалауы бо­йынша Орталық Азияда транспорттық коммуникацияны дамыту бүкіл елдің ішкі жалпы өнімінің 15 пайызға өсуін қамтамасыз етеді. Дәстүрлі логис­ти­ка­лық тізбектер бұзылып жатқан кезде транспорттық-транзиттік әлеуетті толық көлемде іске қосу қажеттілігі туын­дайды. Инфрақұрылымды модернизациялап, әкімшілік процедураны жеңілдетіп, транзит үшін жайлы орта қалыптастырып, интеграцияланған ло­гис­тикалық цифрлы шешімдерді енгізу керек», дейді Президент.

Оның айтуынша, Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне, «Солтүстік-Оңтүстік» бағытына, Шығыс Азиядан Парсы шығанағы елдеріне төте шы­ғаратын «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» темір жол бағытына басымдық беру аса маңызды.

Бұған дейін Қырғызстан Үкіметінің басшысы Ақылбек Жапаров құны 6 млрд долларға бағаланған «Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан» темір жол бағытының құрылысы туралы айтқан болатын.

«Орталық Азия біртіндеп жаһандық нарықта өз орнын еншілеп жатыр. Трендке сай болу үшін Қырғызстан инфрақұрылымдық өзгерістер жасауы тиіс. Теңізге шығар мүмкіндігі жоқ біз сияқты елдер үшін автожолды және темір жол инфрақұрылымын дамыту өте маңызды. Орталық Азия елдерін бір-бірімен байланыстыратын және бізді жаһандық жеткізу тізбегіне интеграция­лайтын жаңа темір жол маршруттары керек», деген еді ол Токиода өткен инвестициялық форумда.

Жақында Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов Ресейге соқпай-ақ Қытай мен Еуроодақ арасында тікелей жеткізуді жүзеге асыруға болатынын мәлімдеді.

«Жеткізу географиясының қайта бөлініп жатқанын және енді тікелей жеткізуге көшетініміз белгілі болып тұр. Біздің негізгі сауда серіктестеріміздің бірі Ресейге қарсы санкциялық шектеу­лер сауда экономикасының география­сы мен бағытын өзгертті. Бүкіл 2022 жыл бойы сауда ағындарының бағыты өзгеріске ұшырады. Қазір Ресейден ке­ле­тін импорт өсімі айтарлықтай баяу­­­лады, оның есесіне үшінші елдер­ден, соның ішінде Еуроодақ елдері мен Қытайдан келетін импорт үлесі 30 па­йыз­ға артты», дейді вице-министр.

Елімізде 2026 жылы 5 трансшекаралық хаб құрылмақ. Сауда және интегация министрлігінің хабарлауынша, Жамбыл облысындағы қырғыз елімен шекарада – Индустриалды сауда-логистикалық кешені, Түркістан облысындағы өзбек елімен шекарада – «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы, Маңғыстау облысында – Қытаймен жалғастыратын «Қорғас торабы» шекара маңы кешені бой көтермек. Аталған трансшекаралық хаб желісі өңірдің экспорттық потенциалын арттырады деген сенім бар.