Бекет ата дегеннің кім екенін қазір иісі қазақ түгел біліп болды. Қазақстанның түпкір-түпкірінен Бекет атаның бұрынғы қонысы, әке-шешесі жатқан Жылыой ауданындағы Ақмешітке, Ескі Бейнеудегі Бекет Ата мешітіне, Бекет атаның өз сүйегі жатқан Оғланды кесенесіне зиярат етуге ағылып келуде.
Кеңес өкіметі деген алып мемлекет құлап, Қазақ елі егемендік алғаннан кейін халық санасындағы ақтаңдақтарды қозғап, аласапыран шаңының астында қалған тарихи тұлғаларымызды тірілтіп, қазақ тарихын түзеуге зиялыларымыз білек сыбана кіріскен болатын. Сол ақтаңдақ жайдың бірі – Бекет ата мәселесі еді. Ғасыр қойнауынан өзі қасиетті қаламымен баба рухын жарық дүниеге тұңғыш алып шығып, ауызша ғана аты аталып жүрген Бекет атаны қағаз бетіне түсірген, елге жалаулата жариялаған, тұңғыш тебірене қалам тербеген адам Ислам қажы Мырзабекұлы. Ол еліміз егемендік алысымен, 1993 жылы “Бекет ата” атты кітабын Гагарин қаласының баспасынан басып шығарды. Содан соң іле-шала ғалым Қабиболла Сыдиықұлының зерттеу кітабы 1994 жылы “Арыс” баспасынан жарық көрді. Ислам қажының осы кезге дейін 9 кітабы шықты. Бекет атаның мәңгілік рухы туралы кітаптарын С.Керелбаев, Р.Қосбармақ, Ғ.Әріпов, Ө.Озғанбай, С.Бөлекұлы, Л.Сисекенов, А.Ершуов сияқты авторлар бірінен соң бірі туындатты. Әйтеуір, жиырма бірінші ғасырдың жиырма жыл бойына Бекет ата жайындағы кітаптар мен газет-журналда жарияланған мақалалардың бәрінің басты идеясы – ұлы ғұлама, көріпкел, батыр, қасиетті пірдің алдында бас ию, оны ұлағаттау, үлгі тұту.
“Мәдинеде – Мұхамбет,
Түркістанда – Қожа Ахмет,
Маңғыстауда – Пір Бекет” деген ұранды ашық айтуға елді сендірді, санасын оятты, дінсіздік түнегінен алып шықты.
Жылап отырып, аруақтардан кешірім сұрай отырып жазылған, пәктік пен ақтыққа жетелеген жалынды сөздер, шабытқа толы жырлар Пір Бекетке деген ата-бабалардың мөлдір көзқарасын қайта тірілтіп, Бекет атаға қатысты аңыз-әңгімелердің жастардың жаттап алуына, қарттардың көпшілік жиналған жерлерде көсіле әңгімелеуіне мүмкіндік алдық.
Бүгін көлемі 800 бетке жуықтайтын “Бекет ата” атты алып кітап алдымызда. Ол 2008 жылы жарық көрген. Оны құрастырушы Пір Бекеттің ұрпағы, қазіргі Ақмешіттің имамы Ислам қажы Мырзабекұлы. Оның Бекет ата туралы қырық жыл бойына жинақтаған дүниелері, өзі де шабыт құшағында отырып туындатқан жазбалары өте әдемі безендірілген, сапалы қағазбен мықты түптелген, өмір сүруге, имандылыққа, Бекет ата туралы білім мен ғылымға ұйытатын ғұламалық кітап дүниеге келіпті. Бұл ғасырлық туынды әр үйдің төрінде кітап дүниелерінің құдіретіндей ерекше құрметтеліп тұруға лайық. Осы өте қымбат сана дариясындай дүниені жарыққа шығаруға демеушілік еткен бұрынғы “Қазмұнайгаз” АҚ президенті Ұзақбай Қарабалинге, Атырау қаласындағы “Адай-Петролеум компани” ЖШС бас директоры Сүйінішбек Әбуғалиевке, Жаңаөзен қаласындағы “Круз” ЖШС техникалық директоры (“ҚазМұнайГаз”) Майлыбай Өтебайұлына, Ақтау қаласындағы “Астана трейд интернейшнл” АҚ компаниясының бас директоры Болат Алтынбекұлына халықтың шексіз алғысы арналады. Бұл кітап имандылық-тағылым кітабы Бекет ата Мырзағұлұлының дүниеге келгеніне 260 жыл толу қарсаңында жарияланып отыр.
“Бекет ата” кітабын – үлкен ғимарат десек, оның енді ішкі сырларына ену үшін сарайларын аралап кеткендей, кітаптың тарау-тарауларын оқып, терең сырына ене бастайсыз. Кітаптың архитектоникасы оқырман қызығарлықтай жүйелі, бір тарауынан бір тарауына ілесіп, бірінің сырынан екіншісінің сырына еніп, ілгері өрлей түсесіз. Кітаптың көлеміне қарап “қашан оқып болар екенмін” деп көзің қорыққанымен, “көз – қорқақ, қол – батыр” дегендей, кірісіп кеткеніңде, ғимарат сарайларының бірінен бірін қызықтап аралағандай әрбір тарауға жеке-жеке тоқтап, Бекет атаның аруағы жетектегендей боласыз да, қалай оқып бітіріп тастағаныңызға таң қаласыз. Әрине, белгілі дәрежеде уақытыңызды алатыны рас, алайда қасиетті атаның ғұмыр тарихы, тегі, нағашы жұрты, Бекет атаға байланысты қызықты аңыз-әңгімелер, Ата рухына табына да тамсана жазылған мақалалар, әдеби жырлар, Ата салған мешіт сырлары, кейінгі еліміз егемендік алғаннан басталған Ата аруағына деген көзқарас, мешіттердің қалпына келтірілуі, Атаға байланысты кітаптардың бірінен соң бірінің дүниеге келуі туралы ақпарлар – бәрі-бәрі жүрегіңізге ризашылық пен қуаныш ұялатып, Ата аруағының өшпестей құрметіне ие болып жатқандығы мерейіңізді өсіреді. Алып кітап тоғыз бөлімнен тұрады: “Атаның қысқаша ғұмырнамасы және нағашылары туралы” деп аталатын бөлімде Бекет атаның ата-тегі, ғұмырнамасы туралы баяндалады. Содан кейінгі бөлімдер былай аталады: “Мешіттер мен Атадан қалған мұралар”, “Бекет атаны ғылыми-тарихи танымдық тұрғыдан зерттеу немесе Бекеттану ғылымына кіріспе”, “Пір Бекет мәңгі мақтаныш”, “Қосқұлақтан шыққан қасиет иелері”, “Ақмешіт туралы әңгімелер”, “Кітап ішіндегі кітаптар”, “Атаны ұлықтауға қатысты іс-шаралар”, “Сұхбаттар, жолжазбалар, құттықтаулар және ой-пікірлер”. Осылайша жүйелі құрылған бөлімдер өз ішінде әрбіреуі бірнеше тарауларға тарамдалып кетеді. Әр тараудың өз тақырыптары, айтар ойлары, Бекет атаға байланысты баяндаулар мен түйіндеулер, әр алуан фактілер жарияланған. Бір ғажабы, қайталаулар жоқ, бәрі де оқырманның сезімін ерек оятып, ақылына ақыл, біліміне білім қосатындай тың дүниелер.
Пір Бекет қазақ халқының қиялынан туған аңыз кейіпкері емес, өмірде шын болғандығына дерек-архив қазыналары бар. Қазақстан өте ерте замандардан араб, парсы, қытай және басқа шетел, орыс ғалымдарының зерттеу объектісіне айналғаны белгілі. Шығысты зерттеуші В.Радлов, Б.Григорьев, К.Иностранцев, ХІХ ғасырда Маңғыстау өлкесін зерттеген Э.Эверсман, А.Дюгамель, Алексеев экспедициялары және жергілікті халық санасында жатталып, ұрпақтан ұрпаққа тараған ауызша әңгімелері Бекет атаның өмірі мен елдегі атқарған істерін толық растайды.
Сонымен, Бекет атаның қысқаша ғұмырнамасы мынадай екен. Бекет Ата Адайдың Келімбердісінен тараған аталардан өріс алады: Мұңал – Жаулы – Қосқұлақ – Жаналы – Мырзағұл – Бекет. Мырзағұлдан – Алдаберген, Алдоңғар, Меңдіғұл, Бекет есімді – 4 ұл; Әнуаш, Ақмаңдай есімді 2 қыз дүниеге келген.
Бекеттен басқаларының туған-өлген жылдары туралы дерек қалмаған. Ислам қажы былай деп жазады: “Ел ұраны – Бекет ата 1750 жылы қазіргі Атырау облысының Жылыой ауданы аймағына қарайтын Ақкиізтоғай ауылынан 30 шақырым қашықтықта, Жем бойындағы Ақмешіт деген жерде туған. Бекеттің әкесі Мырзағұл Жаналыұлы аса дәулетті болмаса да, барына мырза, діни сауатты, зайырлы, ел ақсақалы болған. Ал анасы Жәния арғы тегі араб, қасиетті қожалар ұрпағы, Назарқожаның қызы. Назарқожа жас жігіт шағында ислам дінін елге таратып уағыздау мақсатынан Меккеден Маңғыстауға жіберіліп, сонда мәңгі қалып қойған деседі”.
Бекеттің Жаналы атасы баланы 5 жасынан өзі оқытып, содан соң молдаға берген. Бекет өте зерек, ынталы, талантты бала болғандықтан, молданың үйреткендерін бұлжытпай орындап, басқа балалардан шығандап алда болады. Білімі молығып, парасатты, адамгершілігі мол, асқан тәрбиелі болып өсіп келе жатады. Сөйтіп, 14 жасқа келгенше өз бетімен діни кітаптарды, пайғамбар хадистерін оқып, білімі тереңдей береді. Зеректігі жолбасшы болған бала білімін әрмен қарай жалғастыра беруді көздеген екен. Ата-анасы баласының талабына оң қабақтарымен қарайды. Әуелі Шопан атаға барып зиярат етуді тапсырыпты. Бекет Шопан атаның басына түнеген төртінші күні Ата түсіне еніп, Хиуа шаһарындағы Бақыржан қажы деген ғұламадан дәріс алуды айтып аян береді. Ата туралы аңыз Шопан ата дайындаған пыраққа мініп, Бақыржан қажыға жетіпті дейді. Күні бұрын Бекеттің келетінін біліп отырған қажы оны “Шерғазы хан” медресесіне табыс етеді. Бақыржан қажы өзі осы медреседе дәріс береді екен.
Бекет медреседе қасиетті қажыдан 7 жыл дәріс алады. Медресені бітіргенде шәкірт 21 жасқа келеді. Сол кезден бастап, Бекет атаның ел ішіндегі қасиетті қызметі басталып, ғұламалығы, батырлығы, көріпкелдігі, ұстаздық жұмысы, ел қорғау жолындағы қол бастауы, соның нәтижесінде Бекет атаның елдің ұранына айналып, Пір атануы біріне-бірі жалғаса береді. Бекет атамыз 1813 жылы Пайғамбар жасында дүние салыпты.
Пір Бекет ұрпағы жөніне келсек, ел шежіресі оны былай тізбектейді екен: Бекет – Тоғай – Құлнияз – Сарымолда (Алданияз) – Ораз – Аралбай – Көбен.
Көбен ақсақал қазір Оңтүстік Қазақстан облысы, Жетісай қаласында тұрады екен. Ислам қажы осы Көбен ақсақалды “Бекет атаның шаңырағы” деп атайды. Көбеннің төрт ұлы бар – Мұрат, Қойлыбай, Әзіретәлі, Пернебек. Ақсақалдың айтуына қарағанда, кәрі шаңырақтың иесі болып Пернебек қалатын сияқты.
Бекет атаның Шерғазы хан медресесінде оқығандығы жөнінде сол әлі күнге дейін сақталған мешіттің ескерткіш тақтасында жазылған есімдер айқын көрсетеді. Бұл тақтада Бекет Мырзағұлұлының есімімен қатар түркімен халқының ақыны Мақтымқұлы Пырағы (1733-1793жж.), қарақалпақ ақыны Әжінияз Қосыбайұлы (1824-1878жж.) оқығандықтары туралы мәліметтер бар. Бекет ата да осылар сияқты немесе Қожа Ахмет Ясауи сияқты ғұлама ғалымдығымен бірге ақындықты қатар жүргізуі мүмкін-ау деген ой туады. Бекет ата жазбаларынан ешнәрсе қолда сақталмағандығы өкінішті. Ал Мақтымқұлының аталған мешітте оқығандығын оның өлең жолдары дәлелдейді:
Үш жыл бойы таттым дәм
мен тұзыңды,
Кетіп барам қош бол, гөзәл Ширғазы!
Көрдім сенің көктеміңді, күзіңді,
Кетіп барам, қош бол, гөзәл Ширғазы!
Бұйрық келді, белді бекем буындым,
Білім алдым, сенде қайта туылдым.
Енесіне қайта асыққан құлынмын,
Кетіп барам, қош бол, гөзәл Ширғазы!
...Мақтымқұлы қана болмай осы күн,
Алады еске пірлерінің есімін...
Мәңгі есімде болар алтын есігің,
Кетіп барам, қош бол, гөзәл Ширғазы!
Мүмкін, Бекет шәкірт те жеті жыл оқыған өзінің қасиетті Шерғазы медресесіне осындай арнау жыр жазған шығар, кім біліпті.
Бекет ата өзінің ғұмыр жолында сұпылық бағытты ұстап, соны уағыздаушы болды. Оның сұпылық мектебі сұпы шәкірттер дайындауға арналған. Сұпылық – жаулаушыларға, ислам дініндегі реакциялық күштерге қарсы халықтық қозғалыс идеологиясы.
Бекет ата өзінің ғылым-ілімін таратып, шәкірттерін оқыту үшін бес мешіт салған. Алғашқы мешітті Хиуадан оқу бітіріп келгеннен кейін өзінің туған жерінде салдырған. Бұл мешітті шебер Соқырша деген адам салған екен. Бұл мешітте 1771-1774 жылдары Бекет бастап шәкірттерге білім берген. Екінші мешіт – Ескі Бейнеудегі мешіт. Бұл мешітті жыл маусымдарына икемдеп, балалар оқыту үшін, сонымен бірге әрлі-берлі өткен жолаушылардың намаз оқып, тынығып кетуі үшін салдырған деген ел аузындағы деректер бар. Бұл мешіт тастақ төбені қашау арқылы салынған. Үшінші мешіт – Оғыландыдағы мешіт. Ата мүрдесі осы мешітке қойылған. Төртінші мешіт – Тобықтыдағы мешіт. Ол Тобықты ойпатындағы биік төбешіктен қашалып салынған. Мұнда Бекет ата шәкірттерін оқытқан. Бесінші мешіт – Байшағырдағы мешіт. Бұл Үстірт жазығындағы Байшағырға жақын орналасқан. Бұл мешіт Бекет ата намаз оқып, демалып кету үшін шағындап салынған екен. Әрлі-берлі өткен жолаушылар бұл мешітті ұзақ жолдан шаршап-шалдыққанда демалатын орынға айналдырған сияқты.
Бекет ата мектептерінде шәкірттеріне діни білім берумен қатар, география, медицина, математика, физика, астрономия сияқты ғылым салаларын да үйреткен. Ата туралы осы кітапқа енген мақалаларда жазылған деректерге қарағанда, Атаның өзі бұл ғылым негіздерін терең меңгерген сияқты. Ғұламаның Оғыландыдағы мешіті көптеген ғылыми негіздерге сүйеніп салынған деген пікір бар. Оғыландыдағы мешіт-тің төменде айтылатын қасиеттері осылай салынғандығын айқындайды. Мешіттегі оқылған құран, дұға, аяттар мешітке қанша кісі отырса да бәріне анық естілетіндей етіп, акустикалық жағы қарастырылған, жылдың қай мезгілінде де ауаның ылғалдылығы санитарлық-гигиеналық мөлшерден аспайды, үңгіп салынған ғимаратта есігі мен түндігі ашық тұрса да, қумажелдің (сквозняк) болмауы, мешіт Мекке бағытымен жасалған, ал есігі шығысқа бағытталған. Атаның емшілікпен де айналысқандығын – мешіт бұлағындағы сүліктер дәлелдейді. Бекет ата осы сүліктер арқылы адамдарды емдеген. Сүлік бұл бұлақтан басқа суда өмір сүре алмай өліп қалады. Оның табиғаты тек қана осы бұлаққа лайықталған. Мешіттің төбесіне қарағанда, Темірқазық жұлдызы төбенің дәл үстінде тұрады. Мұны Бекет атаның обсерваториясы болған сияқты деуге болады.
Картадан қарап отырып, Ақмешіт, Оғыланды, Байшағыр мешіттерінің арасын түзу сызықтармен қосса, тік бұрышты үшбұрыш шығады, ал Бейнеу мешіті мен Байшағыр мешіттерінің арасын қосса, сол үшбұрыштың биссектрисасы сияқты. Сонда бұл мешіттерді Ата белгілі бір математикалық есептеулермен салдырған жоқ па екен деген ойда қаласыз.
Пір Бекет аруағы адамдарға жылан, арқар, аққу болып көрінеді. Бекет мешіттеріне адамдар шын ниетімен келмесе, я болмаса, күнәлі адамдар келсе, жыландар ысылдап шығып, алдарын кес-кестеп жолатпайды. Атаның аспандағы аруағының иесі – аққулар. Оғыланды мешітінің маңындағы тау-тас арасында арқарлар бар. Адамдар жыландарға да, аққуларға да, арқарларға да тимейді, оларға зақым жасамайды, атпайды, ауламайды. Егер зұлымдық жасалса, оларды Атаның аруағы тегін жібермейді.
Кітаптың біраз бөлігінде әдеби шығар-малардың Бекет атаға арналған жырларына жазушы Доқтырхан Тұрлыбек шолу берген. Мұнда біраз әдеби деректерді байқаймыз. Ертеде ғұмыр кешкен Түмен Балтабасов, Нұрым Шыршығұлұлы, Бала Ораз Өтебайұлы, Насихат Сүгірұлы сияқты жыр сүлейлері Бекет туралы толғанса, ХХ ғасырдың жазба ақындары Ғафу Қайырбеков, Фариза Оңғарсынова, Қабиболла Сыдиықов, Есенғали Раушанов, Сабыр Адаев, Мэлс Қосымбаев және басқа да ел ақындары Пір Бекетке жырларын арнаған екен. Сонымен қатар, Бекет Атаның бейнесі ірі көлемдегі дастандарда да жасалыпты. Ыбырайым ахун Құлбайұлы “Жаулының ұлы Қосқұлақ” толғауы, Жақсылық Елеусіновтің “Қасиетті бабам – Пір Бекет” атты ұзақ жыры, Өмірзақ Қалбайұлының “Қуанып мешітіңнен аттанармын”, “Көк Аса – Оғыландыдан орныңды тап” жырлары, Рахмет Аяпбер-геновтің “Бекет ата”, Аманқос Ершуовтың “Кие”, Айтуар Өтегеновтің “Ант”, Нұрлан Қанағатұлының “Аңыз түбі – ақиқат” дастандары және көптеген поэтикалық өлеңдер кітаптан қомақты орын алған.
Бұл шығармалардың бәрінде де ақындар Бекет Атаның алуан қасиеттері мен ғұламалық, пірлік қырларынан өздерінің жүрекжарды асыл сөздерін арнап, Пір Бекеттің бейнесін жасаған.
Бекет атаға байланысты алуан жайды бейнелеген аңыз-әңгілемелерді оқып отырғаныңызда Пір Ата қасиеттеріне таңғаласыз.
Бекеттің қол бастаған батырлығы, Пір атануы, ұлыстың ұранына айналуы туралы және басқа да хикаялар шоғыры бірінен-бірі қызық.
Халықтың басына ауыр жағдай түскенде, сырқатқа шалдыққанда, қиыншылыққа душар болғанда, әйелдер перзент көтере алмайтын халде болғанда, қысқасы барлық қиын шақтарға кезіккенде Бекет атаға сиынып, Бекет ата мешіттеріне, Оғыландыдағы Пір мүрдесі жатқан мекенге барып түнейді. Көмек сұрайды, табынады. Шынында да, Бекет тірі кезінде халыққа қандай шипагерлік танытып, емдеп жүргеніндей, оның аруағы өзіне сиынып келген адамдарға көмек көрсетуге дайын екендігін Ислам қажы Мырзабекұлының барлығы 400-ге тарта әңгімелерінен айқын көрінеді.
Әулие басына баруға ниет еткен адамдар адасып кетсе де, Ата жетелеп жол бастағандай болады екен. Жақында осы жолдардың авторы Маңғыстаудағы Прорвадан келген бір қонақпен әңгіме-дүкен құрып отырып, қонақтың өзінің басынан өткен мынадай оқиғаны айтқанын естіді.
Бір топ адам астарындағы сенімді машинамен Оғыландыға бағыт алады. Бірақ бағыттарынан адасып кетіп, Қарақалпақстан территориясынан бір-ақ шығады. Не істерлерін білмей аңтарылып тұрғанда аспанда, қос аққу үйіріліп айналып, бір бағытқа қарай ұшады. Сол кезде осы қос аққудың бағытынан қалмауға тырысып, жолаушылар солай қарай тартады. Айтқанындай, аққулар оларға өздері жолбасшылық жасап, Оғыландыға тіке алып келіпті. Осыны естіген жұрт қалай таң қалмас?
Алып кітаптың басынан аяғына дейін зер салып оқып шыққанымызда, бір ғажайып дүниемен кезіккендей, табиғаттың тылсым сырларын ашқандай боласыз. Бұл кітапты басқа адамдардың қызыға оқуын тілер едіңіз. Кітаптың материалдарын тірнектеп жинау үшін кітап құрастырушы бүкіл ғұмырының қырық жылын арнаған екен. Ал деректерді жинау, баспаға қайта-қайта ұсыну, адамдармен кездесу, Азия елдерінің бірқатарын, республикамыздың талай облысын, орталық қалаларын аралап, керекті адамдармен кездесу үшін жаяу-жалпылап, арбамен, атпен, мәшинемен, пойызбен, самолетпен қанша мың шақырым жолды жүргенін есептесек, жер шарының экваторымен бірнеше дүркін оралып шыққандай болар деп шамалаймыз.
Ақылға сайып қарасақ, бұл Ислам қажы тарапынан жасалған үлкен ерлік. Ол Бекет ата аруағының алдында жасалған соншама еңбегін бейнет деп те есептемейтін шығар. Халықтың ұлан-ғайыр шексіз сауабына қалған Азаматты қалай дәріптеуге де тұрарлық еңбек.
Қадыр ЖҮСІП, филология ғылымдарының докторы, профессор.