Осыған орай Түркістан облысында 2025 жылға дейін орман қорына тиесілі 110 210 гектар алқапқа 170 млн, ал 852 елді мекендегі 1 149 гектар жерге 1 млн 81 мың түп көшет отырғызу жоспарланған. Биыл өңірдегі орман алқабының 20 300 гектар жеріне 32 млн-нан астам көшет егіледі.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиевтің айтуынша, бүгінде жоспарға сәйкес, аудан, қала әкімдіктері көгалдандыруға қажетті көшеттермен қамтамасыз етіліп жатыр. Сондай-ақ басқармаға қарасты орман шаруашылығының тұқымбақтарында өсірілген көшеттер күз-көктем айларында межелі жерге жеткізілуде. Елді мекендерді көгалдандыруға берілген көшеттерді егу, күтіп-баптау қала, аудан әкімдеріне тапсырылған.
«Өткен жылдың күз айларында аудан, қалаларға орман шаруашылығы мекемелерінен 250 мың данадан аса көшет тегін үлестіріліп, егілді. Биыл 626 907 түп көшет егіледі деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ басқармаға бағынысты мекемелердің қосымша сұраныстарына байланысты көктемде 343 755, ал күзде 667 060 түп көшет тегін үлестіруге мүмкіндік бар. Түркістан қаласы айналасынан құрылып жатқан «Жасыл белдеу» аумағы жалпы 13 629 гектарға жетті. Соның ішінде «ҚазАтомпром» АҚ-ына қарасты кәсіпорындармен 5 929 гектар аумаққа жапырақты және сексеуілдің көшеттері мен тұқымы себілді. Алдағы уақытта «Жасыл белдеу аумағын» 30 мың гектарға жеткізу бағытында жұмыстар атқарылып жатыр», деді Қайрат Амангелдіұлы.
Биыл көктемде елді мекендерге бір млн-ға жуық көшет үлестіріліп, олардың дұрыс әрі уақтылы егілуі жіті қадағаланады. Өңірді көгалдандыру жұмыстары бірінші кезекте аудан, қала орталықтарынан бастап, кіру-шығу қақпаларына дейінгі аралықты қамтып жатыр. Бұған қоса республикалық, облыстық маңызы бар жолдар бойындағы шекаралардан кіреберіс елді мекендерге дейінгі аумақтардың кемінде 80-90 пайызын көгалдандыру жұмыстары атқарылып жатыр.
Аң, құстарды заңсыз аулауға қарсы күрес мақсатында басқарма тарапынан 1 122 рейдтік іс-шара ұйымдастырылып, 364 заң бұзушылық фактілері анықталған. 4 995 854 теңге әкімшілік айыппұл салынған.
Сондай-ақ өңірдегі 158 полигонда 92 738 тоннаға жуық қалдық жинақталған. Оның 17 621 тоннасы қайта өңделген. Биыл қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 23 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Дегенмен бейберекет тасталған қоқыстар да аз емес. Экология департаментінің мәліметінше, былтыр 408 бейберекет қоқыс орындары, экологиялық талаптарды бұзудың 168 фактісі анықталған. Заң бұзушылықтарға жол берген 253 жауапты тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жыл қорытындысымен мемлекеттік бюджетке 1 млрд 666 млн теңге айыппұл өндірілді. Сондай-ақ экологиялық талаптарды өрескел бұзған 8 субъектінің жұмысы тоқтатылған.
Түркістан облысы