Медицина • 09 Наурыз, 2023

Жүрек саулығына жүре қарауға болмайды

372 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Медицинада жүрек ауруларының түрі көп. Көп болған соң, жылдан-жылға емшараның әдіс-тәсілін жетілдіріп, озық үлгідегі құралдарға иек арту қажет. Себебі ересектермен қатар құрсақтағы нәрестелердің де жүрегі сыр беруі мүмкін. Бұл ретте жүрек ауруларын емдейтін Ұлттық ғылыми орталық ашып, көп ұзамай білікті мамандарды тартып, санаулы жылда жұмысты үйлестіру оңай шаруа емес.

Жүрек саулығына жүре қарауға болмайды

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жүрек орталығының әлеуеті қандай?

Астанадағы Ұлттық ғылыми кардио­хирургия орталығы 2011 жылы ашы­лып, қазір Орта Азиядағы жетекші орта­лықтардың біріне айналды. Кез келген мекемеде әуелі жұмысты ұйымдастыру мәселесі пысықталып, қызметкерлер бірте-бірте соған бейімделетіні қалыпты жағдай ғой. Орталықтағы мамандар да осындай күрделі кезеңді еңсерді.

– Ақтөбедегі медициналық институтты тәмамдап, кейін кардиологияда оқы­дым. Қысқасы, терапиядан кардиологияға ­ауыстым. Орталық ашылғанда көкейде үйренсек, білсек, көбірек түйсек екен деген арман болды. Бұрын операция барысы, операцияға дайындау, шығару сынды жұмыстарды хирургтер ұйымдастыра­тын. Қазір мұның барлығын кардиологтер жасайды. Орталық ашылған жылдары шаруа көп болды. Кейде 22:00-ге дейін қалыпты жұмыс істейтінбіз. Отбасым жұмысыма түсіністікпен қарады. Еңбек демалысына шығамын, шаршадым деген күннің өзінде екі апта өтер-өтпестен жұмысты аңсап тұрасың. Қазір жұмыс жүйелі, ұйымдастыру жағы дұрыс жолға қойылған. Тек күнделікті жоспарлы шаруа­ға көңіл бөлсең болғаны, дейді қабыл­дау бөлімінің меңгерушісі Айнұр Төлепбергенқызы.

Қазір орталықтың резидентурасын­­­да жас мамандар тереңірек ізденіп, көкжие­­­гін кеңейтіп жатыр. Яғни дәрігер-резидент­тер таңдаған бейіні бойынша жүйелі білім алумен шектелмей, тәжірибе­­сін жетілді­ріп отырады. Кардиологтер 3 жыл, кар­диохирургтер 4 жыл білім алады. Орталыққа қажетті мамандар көбі­не осында еңбек етуге қалады екен. Өзі оқыған орталық­та жұмыс істеу жастарды жігерлендіре­тіні анық. Бір жағынан алып қарасақ, кардиохирургияның ертеңі де сол жастар ғой. Кейінгі 3-4 жылдың шең­бе­рін­де Қостанай, Маңғыстау, Атырау, Талдықорған, Астанада орталықтың тү­лектері көбейіп жатқанға ұқсайды. Олар ең бірінші кезекте аймақтардың әлеуетін көтеріп жатыр. Түрлі себептермен жұмыс ауыстырған мамандардың бос орнына көбіне көп осы орталықта білім алған жас мамандар қабылданады екен. Ол аз десеңіз, алыс-жақын шетелдерден тәжі­рибесін арттыруға келетін дәрігерлер бар. Олар көбіне орталықтың негізгі саласы саналатын жасанды сол жақ қарыншаға қатысты емшараларды үйренуге келеді екен. Яғни жүрек жетіспеушілігін емдеу­дің хирургиялық жолы мен созылмалы жүрек жетіспеушілігін емдеу әдістерін бақылайды. Соның ішінде жасанды сол жақ қарынша имплантациясы Орталық Азия бойынша Астанадағы Ұлттық орта­лықта ғана салынады екен. Көршілес елдер де осындай тәжірибелерді алысқа бармай-ақ осы орталықта үйренуді дұрыс көрген дәрігерлер бар. Расында, жүрек жетіспеушіліктің хирургиялық түрін емдеу әдістері жеңіл дүние емес. Былтырлары транскататорлы артерия клапанын имплан­тациялау деген инно­вациялық клапан­дары бар кеудені кес­пей тамырмен ба­рып салатын құрылғы шығарыпты. Оған енді біз­дің дәрігерлер барып тәжірибе жинай­тыны түсінікті. Қазір елде шамамен 500-ден аса аза­мат­қа клапан қойылған. Ол кла­панды 60 жас­тан асқан пациент­терге қоймайды. Се­бебі оның басқа да ауру­лары болуы ықтимал. Күрделі ашық опе­рацияны екі­нің бірі көтермеуі мүмкін. Енді жаңа құрал­дың көмегімен нау­қастың кеудесін ашпай клапандар қоюға болады. Жуырда Үндістаннан тағы бір топ дә­рігер келіп, білімін жетілдірген. Елімі­з­дің бар­лық айма­­ғындағы жүрек жетіс­пеушілігі бойын­ша үйлестірушілер осы орталықта оқиды.

– Біздің құзырымызға, яғни кардио­логтердің жұмысына пациенттерді емдеу кіреді. Жүрек ауруларының себеп-салдары көп. Балаларда туабітті жүрек ақауы деген болады. Жүктіліктің алғашқы үш айында вирус, инфекция, тұмау, салқын тиіп ана денсаулығында өзгерістер болуы мүмкін. Әйелдер жүктілік кезінде мұны аңдамауы ықтимал. Қазір ауру белгілері байқалса, құрсақтағы балаға диагноз қоюға болады. Кейбір әйелдер мұндайға сенбей, баланы дүниеге әкелемін деген ниетінен таймайды. Мұндайда сәби Ана мен бала орталығында туған соң, оның жағдайын кардиологтер бақылауға алады. Ең күрделі операция бұл – трансплантация. Сол секілді өкпені ауыстыру және жүректің жұмыс істеуіне жәрдемдесетін жасанды имплантация бар. Әрине, басқа операциялар да жеңіл емес. Бірақ олар­дың қауіптілігі төмен, дейді кардиолог-дәрігер.

Осы күнге дейін орталықта 87 трансплантация жасалса, қазір жылына бірлі-екілі ғана трансплантация жасалады екен. Себебі донор тапшы. Өңірлер­дегі үйлестіру орталықтарында осы мәселе бойынша жұмыс жүріп жатыр. «Күту парағында» тұрған пациенттер бар. Бірақ донор жоқ. Жүрек жетіспеушілігі деген – күрделі диагноздардың бірі. Мұның бір емес, бірнеше себеп-салдары бар. Мысалы, қан қысымының салдары уақыт өте келе жүрек жетіспеушілігіне алып келеді. Науқас уақтылы дәрігерге қаралмаса, инфаркт алуы мүмкін. Дила­тациялық кардиомиопатия, сосын аритмия (жүрек жиілігінің бұзылуы) да жүрек жетіспеушілігіне алып келеді. Дәрігерге қаралмаудан, дәрігердің нұсқауын елемеуден науқастар инфарктке ұшырауы мүмкін. Осының барлығы жиылып келіп жүрек ауруының үшінші, төртінші дәре­жесіне келгенде медицинада жүрек жетіс­пеушілігі деп атайды. Әрине, мұндай ауру­ларды бірінші дәрі-дәрмекпен емдейді. Яғни алғашында пациенттер жүрек жетіс­пеушілігінің созылмалы түрі деген диагнозбен тіркеледі. Кейін әр 3 немесе 6 ай сайын орталыққа келіп дәрігерге қаралып тұрады. Олар осы уақытта «күту парағына» да тіркеледі.

 

Энергетикалық сусындар қаншалықты зиян?

Қазір гастроэнтеролог, гепатологтермен қоса кардиологтер де энергетикалық сусындардың зиян екенін айтып жүр. Мұндай сусындарға, әсіресе жастар үйір екенін өзіміз де көріп, біліп жүрміз. Жүк көлігімен үнемі алыс сапарға шығатын жүргізушілер жолда ұйықтап кетпеудің қамы деп амал жоқ энергетик тұтынады. Өкінішке қарай, энергетикалық сусындарды шамадан тыс ішкендер ауруханаға жүрек жетіспеушілігі туындағанда, яғни кеш келіп жатады екен. Неге? Кардиолог-дәрігер Айнұр Тәуекелованың айтуынша, энергетикалық сусынның құрамындағы кофеин мен шамадан тыс глюкоза адамға артық салмақ салады. Мысалы, болдырып қалған жылқыны қанша қамшылағанмен жүрісі жеделдемейді. Адам ағзасы да солай уақтылы тынығып, уақтылы жұмыс істеуі керек. Ағзаны күштеп жұ­мысқа жексе, жүрекке салмақ түседі.

Әрине, энергетикалық сусын тұ­тын­ған бір пациентте жүрек ауруы анық­талса, екіншіде анықталмауы мүм­кін. Бірақ  энер­гетик тұтынғанннан жү­рек ауруымен келген науқастардың бар­лығы дерлік энер­гетикалық сусындар­ды бірнеше жыл көле­мінде ұдайы тұ­тынғанын айтады екен. Кейінгі жылдары мұндай сусындардың зиян екенін ел-жұрт біле бастаған соң ауру деректері азая бастаған. Энергетиктерді жиі тұты­ну қант диабетіне де алып келуі мүм­кін. Алғашында энергетикалық сусын­ның залалы туралы хабар тарамаған уақыт­та жүрегі ауырған талай науқас орта­лыққа жүгініпті. Мұндайда жүрек әлі шар­шамаған болса, дәрі-дәрмекпен емдеуге болады. Шаршаған болса, жүрек қайта қал­пына келмеуі де әбден мүмкін.

– Пациенттерге саламатты өмір сал­тын ұстану керек дейміз. Сонда энер­гетика­лық сусындарды ұсынбаймыз. Басқа да тәтті сусындар тікелей жүрекке әсер етпегенімен, асқазанға, бауырға зияны бар. Бауыр деген біздің «биохимия­лық лаборатория» деп айтамыз ғой. Оның жұмысы нашарласа, холестерин, қант көтеріледі. Қандай жағдай болса да, біз қарапайым су ішкен дұрыс деп санаймыз. Ішімдік те басқа ағзалардың жұмысын нашарлатып, жүрек ауруын қоздыруы мүмкін. Тікелей зияны болмағаны­мен жанама әсері бар. Шылым шегу де солай. Қант диабеті, бүйрек ауруы, семіз­дік және зиянды зат тұтынатындардың инфаркт, инсульт алу қаупі жоғары. Инфаркке алып келетін екі жағдай бар. Бірін атеротромбоз деп атаймыз. Ол қан қысымы көтерілген кезде қан жүрмей бір жерде тұрып қалғаннан шығады. Екіншісі – коронаротромбоз да қан қы­сымы көтерілген кезде пайда болады. Мұндайда науқастың маңдайынан шыпшып тер шығып, тынысы тарыла бастайды. Тромб жүректе пайда болса инфаркке алып келеді. Жүрек қысып ауырады. Яғни тромб жүрек қан тамырларын жауып қалады. Бұл кезде пациентті ауруханаға жедел жеткізу қажет, дейді А.Тәуекелова.

Әдетте Ұлттық ғылыми кардиохирур­гия орталығына 30-35 жастан асқан нау­қастар жиі жүгінсе, өкінішке қарай, қазір артериалдық гипертензия жасарғаны байқалады. Қазір 25-тен жоғары жас­тарда да қан қысымы жоғарылау бел­гілері кездеседі. Бұған экологиялық мә­се­лелердің қатысы жоқ, әрине. Қазір оқуда озат боламын деп күндіз-түні білім алатын жастар бар. Күндіз сабақ­қа барып, түнде тағы басқа шаруамен жүргендердің де ұйқысы бұзылады. Мұндайда жүрекке салмақ түсіп, қағысы жоғарылауы мүмкін. Артық салмақтан да қан қысымы жоғарылауы ық­тимал. Қан қысымы 140-150-ден жоғары емес деп бейқам жүргендердің қан қысымы 160-қа бір-ақ шыққанда, орталыққа келуі мүмкін. Сол секілді бала­ның ата-анасында жас кезінде қан қысымы пайда болса, онда баласында да жастайынан анықталуы ықтимал.

Жүрек операцияларының жеңіл түрі жоқ. Дәрігерлер операция, операциядан кейінгі алғашқы күнге дейін науқасты уайымдаумен болады. Әсіресе трансплан­тация күрделі екенін жоғарыда айттық. Елде осындай жүрек алмастыру операциялары 18 жастан асқан азаматтарға жа­салса, шетелде балаларға да жасайды екен. Кардиохирургия дамыған АҚШ, Гер­ма­ния, Түркия, сынды бірнеше ел­де трансплан­тация жасалады. ТМД ел­дері ішінен Ресей мен Беларусь – көш басында. Себебі атал­ған елдерде донор­лар жеткілікті. Бұл, әрине, жүрек ауру­ларының басқа да түр­лерін емдеуді шебер меңгеруге кедергі емес. Қазірдің өзін­де Ұлттық ғылыми кар­ди­о­хирур­гия орта­лығындағы ғылым жо­­лын қуған дәрі­гер­лер орталықтың қай бағыт­та дамы­туға болатынан жоспарлап қойған.