Каспийде «Мұнай-2014» командалық-штабының оқу-жаттығуы өтті
Ерте ме, кеш пе, Каспий теңізінің қазақстандық секторынан «қара алтын» алынатыны даусыз. Әсіресе, мұнай мен газ қоры жөнінен әлемде теңдесі жоқ «Қашаған» кеніші бұған дайын тұр. Алғашқы сәтте осы кеніштегі бірнеше жасанды аралдардағы ұңғымалардан мұнай өндірілетіндігі жоспарланып отыр. Өндірілетін мұнайды «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысына дейін тасымалдау құбыры да тартылған. Ал «Болашақ» теңіз табанынан өндірілген мұнайды түрлі қоспалардан айыруға және дайын. «Қашағаннан» «қара алтын» алуға қам жасаған NCOC консорциумы жыл сайын мұнай төгілімдері бола қалған жағдайда шұғыл әрекет ету үшін оқу-жаттығу шарасын өткізіп келеді. Өткен аптада Төтенше жағдайлар министрлігімен бірге осы мақсаттағы «Мұнай-2014» командалық-штабының оқу-жаттығу шарасын Маңғыстау облысындағы Баутино айлағында өткізді. Мұнайлы түбек атанған Маңғыстау өңірінде үш теңіз айлағы – Ақтау, Құрық және Баутино бар. Үш айлақ та мұнай-газ жобаларына қызмет көрсетеді. Аталған айлақтар арқылы теңіз кемелерімен қондырғылар, көмірсутектер мен Каспий теңізіндегі жасанды аралдарға материалдық құндылықтар, сонымен бірге, вахталық әдіспен жұмыс жасаушылар тасымалданады. Ал Түпқараған түбегіндегі Баутино айлағында NCOC-тың теңіздегі мұнай төгілімдеріне қарсы шұғыл әрекет ету және зардаптарды жою базасы орналасқан. Осы айлақтың акваториясында өткен оқу-жаттығу шарасына 165 арнайы маман, 9 өртке қарсы қызмет техникасы, аймақтық төтенше жағдай департаментінің судан құтқару қызметінің екі катері, Agip KCO компаниясының төрт кемесі, апаттық медицина орталығының арнаулы көліктері, сонымен бірге, «Ақ Берен» әскерилендірілген отрядының екі техникасы қатыстырылды. ...Мұнай толтырылған танкерді сүйреуге келген кеме соқтығысып қалды. Су көліктерінің соқтығысуынан мұнай құйылған қазанда жарықшақ пайда болып, теңізге төгілді. Осы сәтте танкерде өрт тұтанып, экипаж мүшелері зардап шекті. Төтенше оқиға туралы құтқару қызметтеріне шұғыл хабарланды. Арада санаулы минуттер өткенде оқиға орнына құтқару қызметінің техникалары жетті. Екі кеме танкердегі өртті сөндіруге кірісті. Сүңгуірлер зардап шеккен адамдарды дереу құтқарды. Жағалауда күтіп тұрған «жедел жәрдем» зардап шеккендерді медицина орталығына алып кетті. Ал оқиға орнында, яғни, теңіз суына төгілген мұнай арнаулы құрылғымен жиналды. Шынымен Каспий теңізіне мұнай төгілді деп ойлап қалмаңыз. Бұлар «Мұнай-2014» командалық-штабтық оқу-жаттығуында шартты түрде көрсетілген көріністер. Арнаулы қызмет мамандары да, NCOC консорциумына қарасты компаниялар мамандары да төтенше жағдай туындай қалса, шұғыл әрекет етудің қыр-сырына қанық екенін танытты. Оқу-жаттығу шарасын ұйымдастырушылармен бірге, Каспий теңізі жағалауындағы Ресей және Әзербайжан елдерінің төтенше жағдайлар министрліктерінің өкілдері де бақылап тұрды. Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Жанболат Смайыловтың пікірінше, оқу-жаттығу шарасын өткізудегі мақсат – Каспий теңізінде мұнай төгіле қалған жағдайда жұмылдырылған апаттық-құтқару қызметтерінің, компаниялар мен өзге де қызметтердің өзара іс-қимылдарының дайындығын тексеру. Мұнай төгілімдерінің зардабын жою үшін шұғыл әрекет етуді қамтамасыз ету. – Солтүстік Каспий жобасы әлемдегі ең ірі халықаралық жобалардың бірі болуымен ерекшеленіп отыр. Оның үстіне Каспийдің біз мұнай өндіреміз деп жоспарлаған бөлігі экологиялық сезімтал аймағына жатады. Демек, бізге Каспийдің экожүйесін сақтап қалуда аса жоғары жауапкершілік жүктеліп отыр, – деп мәлім етті оқу-жаттығу шарасынан кейін NCOC-тың атқарушы директорының орынбасары Жақып Марабаев. NCOC консорциумында теңіздегі мұнай төгілімдерін жою жөнінде арнайы топ жасақталған. Бұл топ консорциумның Каспий теңізіндегі нысандарында, Атырау қаласы мен Баутино айлағындағы базада қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Жыл сайын арнаулы топ мүшелерімен 50-ден астам түрлі деңгейдегі оқу-жаттығулар өткізіп тұрады. Айтқандай, оқу-жаттығуларды өткізу және мамандарды дайындау, сонымен бірге, апатты мұнай төгілімдерін жоюды жоспарлау, әрекет ету әдістерін және құралдарды пайдалануды ұдайы жетілдіру мақсатында кешенді бағдарлама жасақталыпты. Түйіндей айтқанда, теңіз табанынан мұнай өндіру кезінде кез келген апат бола қалса, құтқару қызметтері де, құтқарушылар да жедел іске кірісуге әзір екенін байқатты. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы. Суреттерді түсірген Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ.«Жастар» Сарайының жарты ғасырлық мерейтойы тойланды
Елорда • Кеше
«Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі «Дарын» сыйлығын иеленді
Мәдениет • Кеше
Алматы • Кеше
Президент Мәжіліс төрағасын қабылдады
Президент • Кеше