26 Маусым, 2014

Қауіпсіздік мәселесі қашанда назарда

298 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Кеше Парламент Мәжі­лісінің Төрағасы Қаби­болла Жақыповтың төраға­лы­ғымен өткен үшінші пар­ламенттік сессиядағы пала­та­ның қорытынды жалпы отырысында бірнеше мәселе қаралды. Мәселен, «Түркі академиясын құру туралы келісімді ратифи­кациялау туралы», «Қазақстан Рес­­публикасының Үкіметі мен Швейцария Федералдық Кеңе­сі арасындағы Рұқсатсыз болатын адам­дардың реадмиссия­сы туралы келісімді ратифи­ка­циялау туралы», «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мем­ле­кеттік басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы», сондай-ақ, «Қа­зақстан Республикасы Үкіметі мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Үкіметі арасындағы Қазақстан аумағы арқылы жүк транзитін қамтамасыз ету туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобалар қаралды. Отырыста Мәжілістің Ха­­­лық­­аралық істер, қорғаныс жә­не қауіп­сіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев «Түркі акаде­миясын құру туралы» және «Қа­зақстан Рес­пуб­ликасының Үкіметі мен Швей­цария Федералдық Кеңе­сі арасындағы Рұқсатсыз болатын адамдардың реадмиссиясы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобалары туралы түсі­ніктеме берді. Ол өз сөзінде «Түркі академиясын құру туралы» келісімге 2012 жылғы 23 тамызда Бішкек қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің 2-ші саммитінде қол қойылғанын жеткізді. Жалпы алғанда, Түркі акаде­мия­сының мақсаттары мен міндет­теріне түркі тілдерінің, әдебиеті мен мәдениетінің диахрондық зерт­теулерін сақтауға, дамытуға және кеңінен танытуға бағытталған түркология саласындағы зерт­теулерді үйлестіру және олар­ға жәрдемдесу, сондай-ақ, түрко­логияны және түркология бойынша ғылыми-зерттеулер саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесу, жалпы түркі тарихы мен этнографиясын кешенді оқытуды жүзеге асыру жатады. Отырыс барысында осы мақсат-міндеттермен қоса, бұл академияның алдағы уақытта түркі халықтарының мәдени және рухани мұрасына, олардың әлемдік өркениетті дамытуға қосатын үлесіне зерттеулер жүргізетіндігі мен әлемдік қоғамдастықты олар­дың жетістіктері туралы хабардар ететіндігі айтылды. Сондай-ақ, Мәулен Әшімбаев Қазақстан Республикасының Үкі­меті мен Швейцария Федералдық Кеңесі арасындағы Рұқсатсыз болатын адамдардың реадмиссиясы туралы келісім турасында баяндама жасап, түсініктеме берді. Аталған келісім 2010 жылғы 4 наурызда Берн қаласында жасалып, уағдаласушы тараптар мемлекеттерінің аумағында рұқ­сат­сыз болатын адамдар реадмис­сия­сының құқықтық және ұйым­дас­­тырушылық мәселелерін рет­теу­ге бағытталатыны нақты­лан­ған. Отырыста бұл келісімді іске асыру бойынша Қазақстан Респуб­ликасынан құзыретті орган болып Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі белгіленгені айтылды. Жалпы отырыс соңында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Үкіметі арасындағы Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі Қарулы күштерінің Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі халықаралық іс-қимылдарға қатысуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жүктің/арнайы жүктің транзитін қамтамасыз ету туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды. Осы мәселе бойынша баяндама жасаған Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов: «Бұл келісім Қазақстан аумағынан теміржол және теңіз жолдары арқылы Британиия тарапының жүгін және арнайы жүгін қамтамасыз етуді қарастырады. Келісімге сәйкес, теміржол транзиттері Қазақстанның Қырғызстанмен, Өзбекстанмен және Ресеймен шекаралас жерлеріндегі рұқсатнама пункттері арқылы өтетін болады», дей келе, теңіз жолдары арқылы жіберілетін транзит Ақтау порты арқылы өтетінін жеткізді. Оның айтуынша, Ақтау порты арқылы әскери және қауіпті емес жүктер тасымалданса, ол тасымалдың өзін қазақстандық компаниялар жүзеге асырады екен. Ал транзитті күзету және қамтамасыз ету мәселесі бойынша, «Әскериленген теміржол күзеті» АҚ-қа жауапкершілік жүктелмек. «Ал егер де, транзитті тасымалдау кезінде ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретіндей және келісім ережесіне сәйкес келмейтіндей фактілер тіркелетін болса, онда Қазақстанның сол транзитті өткізуге рұқсат бермеу туралы өз құқығы болады», деді Е. Ыдырысов. Сыртқы істер министрінен кейін Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Бақытжан Ертаев сөз алды. Оның мәлімдеуінше, бұл келісім Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі халықаралық іс-қимылдарға қолдау көрсету мақсатында Британия тарапының Қазақстан аумағы арқылы жүктің транзитін жүзеге асыру тәртібін белгілейтін болады. «Яғни, жүктің немесе арнайы жүктің транзиті тек осы келісімнің мақсаттарында Қазақстан заңнамасына сәйкес және Қазақстан тарапының уәкілетті органы берген рұқсат негізінде жүзеге асырылатын болады. Демек, Британия тарапы осы келісімге сәйкес, жүк транзитін жүзеге асыру кезінде Қазақстанның заңнамасын сақтауға және еліміздің ішкі істеріне араласпауға міндетті», деді ол өз сөзінде. Жалпы отырыстың соңында парламенттік марапаттарды салтанатты тапсыру рәсімі болды. Парламентшілер мен мемлекеттік қызметкерлерге марапатты салтанатты жағдайда Парламент Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыпов тапсырды. Мәселен, Парламентаралық Ассамблея мен оның органдарының қызметіне белсене араласып, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы-мемлекеттер арасындағы халықтар достығын нығайтуға қосқан үлесі үшін ТМД ПАА Кеңесінің Құрмет грамотасымен Мәжіліс депутаттары Жанат Жарасов, Гүлнар Иқсанова, Николай Логутов және Татьяна Яковлева марапатталды. Ал ЕурАзЭҚ Парламентаралық Ассамблеясының Құрмет грамотасымен Мәжіліс Аппаратының басшысы Үсен Жетенов марапатталды. Осы марапатқа ол Еуразиялық экономикалық одақтың Парламентаралық Ассамблеясының қызметіне белсене қатысқаны үшін лайық деп танылды. ТМД ПАА Кеңесінің Құрмет грамотасымен Мәжіліс Аппараты бөлім бастығының орынбасары Нариман Алғожин мен Мәжіліс Аппаратының бас консультанты Орал Құспаев марапатталды. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».