Үкімет • 12 Наурыз, 2023

Адымы айқын Алматы

170 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайылов Алматы қала­сында жұмыс сапарымен болып, ірі өнеркәсіптік кәсіп­орындардың тыныс-тір­шілігін бақылады. Бір­қатар әлеуметтік нысан­ның жұмысын және құрылы­сын тексеріп, шағын өнер­кәсіп парк­тері мен қала­дағы индуст­риялық аймақ резидент­терімен кездесті. Сонымен қатар Үкімет басшысы Алматы­ның әлеумет­тік-экономикалық дамуы мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Адымы айқын Алматы

Көлік құрастыру экономиканы көркейтеді

Соңғы жылдары Алматының автокөлік жасау кластері жоғары қарқынмен дамып келеді. Өткен жы­лы өңдеу өнеркәсібінің 70%-ы осы автокөлік жасау есебінен қам­тамасыз етілген. Әлихан Сма­йылов Оңтүстік Кореяның «Hyundai Motor Company» ком­пания­сымен ын­тымақтастық мем­о­рандумы аясында іске қосыл­ған жолаушылар, жүк және ма­ман­дандырылған техника шы­ғаратын «Hyundai Trans Almaty» зауытына барды. Бұл кәсіп­орын республиканың жекемен­шік компанияларына, ком­муналдық ұйымдарына және мемлекеттік органдарына «Hyundai», «Golden Dragon» және «Foton» көлік құрал­дарының кең желісін жеткізеді. Алдағы бірнеше жылда кәсіпорын басшылығы өндірісті кеңейтуді, жаңа жұмыс орындарын ашып, экспортты ұлғайтуды және жер­гілікті өндіріс үлесін арттыруды жоспарлап отыр.

Бұл орайда өнім экспорты, Қытайдан Қазақстанға жүк тасы­малдау және өндірушілерге кә­деге жарату алымы бойынша берешекті төлеу секілді бірқа­тар проблемалық мәселе қоз­ғалды. Үкімет басшысы көтеріл­ген мәселелердің шешімін табуға жәрдемдесетінін айтты.

Әлихан Смайылов айтып өткендей, Үкімет ел экономикасын одан әрі әртараптандыруды қолдайды және бұл зауыт осы жұмыстың бір мысалы.

«12 жыл ішінде кәсіпорын нарықтағы өз позициясын едәуір ны­ғайтты. Біз компанияның өнім желісіне инвестиция салу жә­не оны кеңейту жоспарларын құп­тай­мыз. Мемлекет басшысы қала әкім­дігінің алдына халықтың жү­ріп-тұруына ыңғайлы көлікпен қам­тамасыз етіп, экологияға тигі­зетін зардаптарды азайту міндетін қойды. Сондықтан бұл өндіріс тек қала үшін ғана емес, бүкіл респуб­лика үшін де зор маңызға ие», деді Премьер-министр.

Қазіргі уақытта Оқу-ағар­ту және Денсаулық сақтау ми­нистрліктерінің тапсырысы бо­йынша «Hyundai Trans Almaty» зауы­тында «Golden Dragon» мар­касының мектеп автобустары және «Hyundai» (H350) шағын автобусы базасында жедел жәрдем көліктері құрастырылып жатыр. «Мектеп автобусы» қанатқақты жобасы аясында Алматы әкімдігі мектепке оқушыларды тасымалдау үшін 100 жаңа техника сатып алуды жоспарлап отыр.

Премьер-министр білім беру сапасын арттырудың бас­ты факторларының бірі әрбір оқу­шының қажеттіліктеріне бағ­дар­ланған және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жайлы мектеп ортасы екенін атап өтті. Сондықтан «Мектеп автобусы» қанатқақты жобасы – осындай ірі мегаполистегі мәселенің дұрыс және уақтылы шешімі болмақ.

 

Импорт көлемі азаяды

Үкімет басшысы одан соң «Valtherm» ЖШС жоғары қы­сым­мен құю әдісін қолданатын Қазақстандағы алғашқы алюминий және биметалл жылу радиаторларын шығаратын зауыт құрылысын барып көрді. Жалпы көлемі 15 млрд теңге инвестиция салынған бірегей зауыт өнімі беріктігі мен жылу беру бойынша Қытайда шығарылып, Қазақстанға әкелінетін баламалы радиаторлардан 40-50%-ға асып түседі деп күтілуде. Компания 430 жаңа жұмыс орнын ашуды, отандық құрылыс компанияларының сұранысын ішінара қамтамасыз етуді және көрші елдерге тасымалдауды жолға қоюды жоспарлап отыр.

Әлихан Смайылов қала әкімдігі қайта өңдеу деңгейі жоғары осындай импортты ал­­мас­тыратын өндірістерді дамытуға ерекше назар аударуы қажет екенін атап өтті. Зауытты іске қосу Қазақстанның басқа елдерден радиаторлар жеткізу­ге тәуелділігін төмендетуге елеу­лі үлес қосады. Үкімет басшысы осы бағытты қолдау үшін елден алюминий сынықтарын бақылаусыз шығарудың жолын кесу және сумен жылыту құралдарына міндетті сертификаттауды енгізу жөніндегі шаралар пысықталатынын айтты.

Үкімет басшысының айтуынша, Алматының индустриялық аймағы отандық және шетелдік инвесторлар үшін тартымды саналады. Осыған байланысты мемлекет оның дамуына белсенді түрде жәрдем көрсетуді жалғастырмақ. Бүгінгі таңда қала әкімдігі оның аумағын 194 гектарға кеңейтуде.

«Өткен жылы республика бойынша біз 150-ден астам ин­дустриялық жобаны іске асыр­дық, бұл 2 млрд долларға импортты алмастыруға қол жеткізуге мүмкіндік берді. Биыл мұндай жобалардың санын 170-ке дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл 2,9 млрд долларға импорттың орнын ауыстыруға мүмкіндік береді», деді Әлихан Смайылов.

 

Шаһарда орнықты даму қарқыны бар

Жұмыс сапары барысында Премьер-министр шағын өнер­кәсіп парктері мен қала­ның индустриялық аймағы рези­дент­терімен кездесті. Онда Үкі­мет басшысына бөлмеаралық есіктер шығаратын зауыттың жұмысы, заманауи ғылыми-өндірістік жылыжай кешенінің құрылысы, сондай-ақ тамшылатып суару жүйелерін құру, кондитерлік өнімдер мен қағаз қаптамаларын шығару жөніндегі жобалар туралы айтылды.

Премьер-министр Жұқпалы аурулар ұлттық ғылыми орта­лығы мен Оқушылардың инно­ва­циялық шығармашылық орта­лығы құрылысының барысымен танысып, «Champion» жаңа спорт кешенінде болды. Әлихан Смайылов мұндай әлеуметтік жобаларға жеке инвестицияларды тарту аса маңызды екенін атап өтті, өйткені бұл Алматыны саламатты өмір салтын ұстанатын қала ретінде нығайтуға үлес қосады.

Ағымдағы ахуал, өнеркәсіп, көлік инфрақұрылымы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, медицина жүйесі, білім беру және тағы басқа салаларды дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар мен жоспарлар қаланы одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамыту мәсе­лелері жөніндегі кеңесте қоз­ғал­ды. Бұл бағыттағы жұмыс­тар жайын Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрі Марат Қарабаев, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, Ұлттық экономика вице-ми­нистрі Бауыржан Омарбеков, Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан, Мәдениет және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев баяндады.

Премьер-министр жалақының өсу қарқыны бойынша Алматы соңғы 10 жылда республикалық орташа деңгейден төмен болып келгенін, осыған байланысты бұл тенденцияны өзгерту керек екенін атап көрсетті.

«Алматылықтардың нақты ақша­лай кірістерінің жыл са­йын­ғы өсуін қамтамасыз ету қа­жет. Бұл – кешенді жұмыс. Ең ал­дымен, жалақысы жоғары жа­ңа жұмыс орындарын құруға және инвестициялар тартудың жоғары қарқынын сақтап қалуға көңіл бөлу керек», деді Әлихан Смайылов.

 

Басты міндет – халыққа жағдай жасау

Үкімет басшысы халықтың табысын арттыру жұмыстары инфляцияны тежеу шараларын жүзеге асырумен тікелей байланысты екендігіне тоқталды. Сондықтан жергілікті алып-сатарлардың әрекеті тек қала­да емес, бүкіл республика бо­йынша азық-түлік пен басқа да тауарлардың құнына әсер ететіндіктен, базарлардағы, оның ішінде «Алтын Ордадағы» баға белгілеуді жіті қадағалау қажет. Сонымен қатар бәсекелестікті дамыту үшін Алматы агломе­ра­ция­сының шығыс және солтүстік бөлік­терінде қосымша сауда алаң­дарын құру мәселесін пысық­тау, сондай-ақ делдалдық схема­ларды анықтау бойынша өңір­лік комиссияның тиімді жұмы­сын қамтамасыз ету аса маңызды.

Үкімет басшысы инженер­лік инфрақұрылымды дамыту мәселесіне тоқтала келіп, су құбырлары – 56%, кәріз – 57%, электр желілері – 60% тозығы жеткенін атап көрсетті. Оның айтуынша, мұны азайту үшін жыл сайын 100 км-ден астам су құбыры, 70 км-ден астам кәріз және 120 км-ге жуық электр желілерін жаңарту керек. Бұл ретте қалаға қосылған аумақтарда жаңа су көздерін салудың қажеттілігі туындап тұр.

Әлихан Смайылов білім беру және денсаулық сақтау жүйелерін дамыту мәселелерін де қозғады. Мәселен, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қалада 37 мың оқушыға арналған 22 мектеп салу жоспарлануда, бұл мектептердегі орын жетіспеушілігін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ әкімдікке салынып жатқан нысандардың уақтылы пайдалануға берілуін қамтамасыз ету және Қаржы министрлігімен бюджеттен тыс қаржы көз­дері­нен, сыбайлас жемқорлардан өндірілген қаражат есебінен қосымша оқу орындарын салуды пысықтау тапсырылды.

Әлихан Смайылов медици­налық жүйе бөлігінде қала­ның амбулаториялық-емханалық ұйым­­д­арына шамамен 2,2 млн адам бекітілгеніне, бұл оларға елеулі жүктеме беретініне назар аударды. Осыған байланысты алғашқы медициналық-санитарлық кө­мекті дамыту Алматы агломерациясы үшін басым бағыттардың бірі болуға тиіс екенін айтты. Ден­саулық сақтау министрлігіне озық тәжірибені ескере отырып, I тоқ­санда осы саладағы стандарттарды өзектендіру ісін аяқтау тапсырылды.

 

Қауіпсіздік бәрінен қымбат

Премьер-министр сейсми­калық қауіпсіздік мәсе­лелері­не ерекше тоқталып, Түркия мен Сирияда болған табиғи апат біздің еліміз, әсіресе, Алматы үшін үлкен сабақ болу керек­тігін ескертті.

Ол соңғы рет қаладағы нысандарды паспорттау 2017 және 2018 жылдары жүргізілгенін атап айтты. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі мен қала әкімдігі бірлесіп, қысқа мерзімде аудит жүргізіп, сейс­микалық қауіпсіздікті кү­шей­ту жөніндегі пәрменді іс-шараларды іске асыруға тиіс.

«Бұл мәселелерде әлемдік тәжірибені тек Алматыда ғана емес, еліміздің жер сілкінісіне ұшырауы ықтимал басқа да өңірлерінде пайдалану қажет. Уәкілетті мемлекеттік органдар бұған дейін алынып тасталған жобалау, құрылыс және бақылау үдерістерін заңнамалық тұрғыда қатаңдату мәселесін шұғыл түрде қарастыруы керек», деді.

Үкімет басшысы шаһардағы қала құрылысы саясатын жақ­сарту қажеттігіне, бұл әсіресе Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарының жобасын тал­қылау және келісу аясында өзекті екеніне назар аударды.

«Әкімдік қала құрылысы кезінде әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша жіберілген қателіктерді ескеруі керек. Сондай-ақ тарихи-мәдени мұраны сақтай отырып, құрылыс нысандарының биіктігі мен тығыздығына ерекше назар аудару қажет», деді ол.

Сапар соңында Үкімет басшысы қаланың экологиялық проблемаларын шешу жөніндегі шараларды кешенді іске асырудың және Алматы агломерациясын дамыту жоспарын жедел пысықтаудың маңыздылығын атап көрсетті.