Еліміздегі соңғы оң өзгерістер көңіл қуантарлық, ауыз толтырып айтуға болатын тұшымды реформаларға толы. Олардың ішіндегі ең іргелі өзгерістердің бірі – ел Президентінің сайлау мерзімінің жетіжылдық уақытқа созылуы. Келесі тың өзгеріс, Парламент Сенатындағы президенттік квотаға шектеулер енгізілді. Сондай-ақ жоғары заң шығарушы органда Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерінің өкілдігінде өзгерістер болды, заң шығарушы органдарға сайлау форматы да өзгерді. Енді Парламент Мәжілісі депутаттарының 70 пайызы партиялық тізімдер бойынша, ал қалған 30 пайызы бір мандатты округтер бойынша сайланады. Саяси партияларды тіркеу рәсімі едәуір жеңілдетілді: саяси партияны ұйымдастыру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең аз саны 1 мыңнан 700 адамға дейін қысқарды; партиялардың Құрылтай съезін өткізу мерзімі 2 айдан 3 айға дейін ұлғайтылды; тіркеу шегі 20 мыңнан 5 мыңға дейін төмендеді; өңірлік өкілдіктердің ең аз саны 600-ден 200 адамға дейін азайды. Осындай сайлауға қатысты жеңілдіктер де биылғы Парламент сайлауына түсетін үміткерлер санының ұлғаюына әсер етті.
Қазақта өте жақсы нақыл сөз бар: «Ойлаушы ойын аяқтағанша, тәуекелшіл ісін тындырады». Яғни ойланып отыратын уақыттан өттік, жылдамдатып тәуекел жасап іске көшпесек, уақыт та, заман да бізді күтіп тұрмасы анық. Еліміздің тәуелсіздігін алғанына отыз жыл ғана уақыт өтті. Салыстырмалы түрде алсақ, отыз жастағы ер-азамат енді кемелдене бастайтыны белгілі, қолы анау айтқандай ұзын емес, оң-солын енді ғана танып үлгерген, отыз жасқа дейінгі жинаған тәжірибесін өміріне пайдалана бастаған, күш-жігерін, өзін, отбасын дамытуға аяқ басқан шағы. Ендеше, елімізге де аса сын көзбен қарамай, осы уақыт аралығында жеткізген жетістіктеріне қолдау білдіріп, болатын елдің азаматтарындай бір-бірімізге жанашырлық таныту аса маңызды.
Отандастар кез келген жаңашылдықты қолдап, елімізді көздің қарашығындай қорғап, ауызбірлікпен ғана жетістікке жететінімізге сенімдімін. Сайлауалды науқанның қызған сәтінде әрбір кандидатпен жеке-жеке танысуға, олардың депутаттық мандатқа жеткеннен кейінгі жоспарларын тыңдауға мүмкіндіктер туындап отыр. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, елімізге жанашыр, көргенді-көреген, ұлтаралық құндылықтарды дұрыс түсінетін, көңілі ашық, көкірегі ояу азаматтардың додаға түсуіне шынайы тілектеспіз. Десе де сайланушылар саны көп, бәсеке қарқынды, шынайы жүйріктер озса екен, елге жанашыр, дипломатиялық қарым-қатынастарды жете түсінетін шынайы дарабоз азаматтар жеңіске жетсе екен деп ой түйіндейміз.
Еңлік ҚАСАБЕКОВА,
Философия, саясаттану және дінтану институты Дінтану орталығының аға ғылыми қызметкері