“Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын”, дейді екен бұрынғылар. Мұндайда, жақсының нұры тасып қана қоймай, жақсылықты жақтайтын барша жұрттың көңілі бір марқайып қалары сөзсіз. Сондай жақсылардың бірі, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының ұжымы азамат ретінде, білімдар, парасатты ұйымдастырушы ретінде жақсы білетін ардақты ағамыз Қапар Бөкенов, көзі тірі болса, бүгінде 70 жасқа келер еді.
Орталық сайлау комиссиясында қызмет істегелі бері қанаттас, пікірлес болған лауазым иелерінің ішінде қарымы мен іскерлігі, азаматтық болмысы үлгі боларлық азаматтар баршылық. Сол азаматтардың ішінде өзінің бойындағы әу баста құдай берген тазалығын, кішіпейілдігін, кісілігін өмірінің ақырғы күніне дейін сақтап қалған Қапар аға Бөкеновтің орны ерекше.
1940 жылдың 23 мамырында Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданында ауыл мұғалімінің отбасында дүниеге келген Қапар Бөкенов жастайынан білімге құштарлығымен ерекшеленген. Тумысынан зерек ауыл баласының терең білім алуына мектепте директордың оқу ісі бойынша орынбасары қызметін атқарған орыстың атақты жазушысы Александр Солженицын ықпал еткенін өз аузынан естіген едік. Алматы зооветеринарлық институтын 1961 жылы тәмамдаған Қапар аға еңбек жолын қатардағы жұмысшыдан бастайды да, кейіннен Көкшетау облысы, Чкалов ауданы, Абай совхозында мал дәрігері болып қызмет атқарады.
1963-1979 жылдары Қапар Бөкенов ғалым ретінде қалыптасты. 1968 жылы ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаттығына диссертация қорғады. Бұл уақыттарда ол Қазақ КСР Ғылым академиясының биология ғылымдары бөлімінің ғылыми хатшысы, ВАСХНИИЛ-дің ғылыми хатшысы қызметтерін табысты атқара білді.
Осындай қарымды жас жігіт басшылар назарына ілігіп, 1979 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің ауыл шаруашылығы бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 1987 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің тұрақты комиссиялармен жұмыс бөлімінің меңгерушісі болып, осы екі қызметті атқарған 12 жыл ішінде мемлекеттік қызметші ретінде де өзін сан қырынан көрсете білді.
Талапшыл да тиянақты азамат Қапар Бөкенов Қазақстан Республикасының халық депутаттарын сайлау және кері шақырып алу жөніндегі Орталық сайлау комиссиясының төрағасы, Қазақстан Республикасы Президентін тұңғыш рет бүкілхалықтық сайлау бойынша Орталық сайлау комиссиясының төрағасы қызметін атқарып, тәуелсіз Қазақстанның сайлау жүйесін қалыптастырудың бастауында тұрды.
1991 жылы 16 қазанда Жоғарғы Кеңестің кезектен тыс сессиясы ел болашағы үшін айрықша маңызды іс – Мемлекет басшысын сайлау туралы шешім қабылдады. Жедел түрде Қазақ КСР Президентін сайлау туралы заң қабылданып, сайлау 1991 жылдың 1 желтоқсанына белгіленді. Бұл заңға сәйкес, Қазақстан Мемлекетінің басшысын тұңғыш рет халық өзі сайлау құқығына ие болды. Ел үшін аса маңызды осы саяси шараны өткізуге басшылық жасау Қапар Бөкенұлы Бөкеновке тапсырылды.
Қапар Бөкенов Елбасын сайлау бойынша науқанды өткізуге тікелей басшылық жасап, өз әріптестерін абыройлы іске жұмылдырды, жоғары ұйымдастырушылық қабілет-қарым көрсетті.
Қазақстан Республикасының Президентін тұңғыш рет бүкілхалықтық сайлау бойынша Орталық сайлау комиссиясы 1 желтоқсанда ашық, жария және адал өткен сайлауда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа сайлаушылардың 99 пайызы дауыс бергенін жария етті.
10 желтоқсан күні жаңа сайланған ел Президентін ұлықтау рәсімі өтті. Осы күні Қазақ КСР-інің атауы Қазақстан Республикасы болып өзгертілді.
Президентті ұлықтау рәсімі кезінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан Республикасы Президентінің куәлігін тапсыру сәтіндегі бойын билеген шаттық пен мақтанышты Қапар аға біздерге сөзбен айтып жеткізе алмайтын еді. Бұл шара бүкіл еліміз егемендігінің бастауында тұр десек, Қапар ағаның да өмірінің ең ұмытылмас белесі болып табылғанына күмән жоқ. Өйткені, жаңаша өткізілген сайлауды ұйымдастыруда туындаған проблемалардың барлығын жоғары саяси сауаттылықпен шеше білу жоғары кәсіпқойлықты талап ететін еді.
Мемлекет басшысының Жарлығымен 2001 жылғы 10 желтоқсанда Қапар Бөкенұлы Бөкеновке мемлекет алдындағы сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына қосқан үлесі үшін, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай берілген Құрмет грамотасы тапсырылды. Сол күні біз, Орталық сайлау комиссиясының ұжымы, Қапар ағамен бірге қуандық.
Қапар аға ниеті адал, біреуге жаманшылық жасаудан, жаман сөзден, жаман әдеттен таза болатын. Тұлға ретінде отбасының, әріптестерінің, қоғамның сый-сияпатына бөленді. Зейнеткер жасына дейін Орталық сайлау комиссиясының мүшесі лауазымын атқарып, өз білімін жастарға үйретуден жалықпады. Өзінің аяулы жары Раушан апай екеуі перзенттерін қанаттандырып ұшырып, тамаша немерелер сүйді.
Бүгіндері ортамызда жүрсе, жетпіс жасқа толған торқалы тойы күні Қапар ағаға риясыз көңілмен білдірер шынайы ризашылығымыз бен сыйластық сезімімізді осы бір газет жолдарына сыйғызғанды жөн көрдім.
Ләззат СҮЛЕЙМЕН, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі.