Пікір • 15 Наурыз, 2023

Кітапсыз қала

621 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астанаға көшіп келген алматы­лықтардың бас қалаға сіңісуі қиын. Тіпті көбі ақырында сол Алматысына кері қай­тып жатады. Елордалықтар айтатын «алматылық құстар» деген әжуа тіркес (кейде әсерлі естіледі) осыдан пайда болды ма дейсің. Енді бір жағынан, Алатауды аңсауға әсер етуші фактор да көп. Мәселен, соның бірі – кітап. Иә, Астанада кітап дүкені аз. Базар маңында, яки жерасты жолдары қасында кітап сатып тұратын аталар мұнда жоқ. Ескі кітаптар сатылатын жертөледегі дүкендерді де таппайсыз. Алматыдағыдай емес. Білетініміз, сол «Абай», сол «Фолиант», сол «Меломан».

Ел астанасындағы кітап сататын дүкен­дердің санын көрсетейік десек, Ұлттық статистика бюросында мұндай дерек жоқ екен. Ал жалпы Қазақстанда кітап саудасымен айналысатын 75 кәсіпорын тіркелген. 2020 жылы еліміз бойынша 9 миллиард 449 млн теңгеге кітап сатылған. Бұл пандемияға байланысты алдыңғы жылмен салыстырғанда төмен. Оның ішінде Алматы қаласы бойын­ша 3 985 062 мың теңгеге, Ақмола облысы бойынша 60, 2 млн теңгеге, Шығыс Қазақстан облысы бойынша 391,3 млн теңгеге, Батыс Қазақстан облысы бойынша 74 млн теңгеге, Жамбыл облысында 152,9 млн теңгеге, Алматы облысында 126,9 млн теңгеге, Солтүстік Қазақстан облысында 80,4 млн теңгеге, Қарағанды қаласында 1 910 666 мың теңгеге, Қостанай қаласында 96,9 млн теңгеге, Ақтөбе қаласында 194,7 млн тең­геге, Атырау қаласы бойынша 113,7 млн теңгеге, Қызылорда қаласында 201 млн теңгеге, Павлодар қаласында 435, 9 млн теңгеге, Түркістан қаласында 1 197 463 мың теңгеге, Шымкент қаласында 132,5 млн теңгеге кітап саудасы жүргізілген. Ал жалпы республикадағы былтырғы бұл көр­сеткіш 12 млрд 869 млн теңгені құрайды.

Сонымен, елордада кітап дүкені неге аз? Әлде кітап жоқ па? Бүгінде елімізде 300-ге жуық баспа мен 800-ге тарта бас­пахана жұмыс істейді. Сонда да қоғамда кі­тап өндірісінің имиджі төмен. Оған себеп, кітап басып шығаруда нақты жүйе мен маркетингтің жоқтығы. Содан болар, кітап сатудан түсетін табыстың тек 25 пайызы ғана отандық өнімге тиесілі.

Нарықта бәсеке болмаған соң, кітап саудасы да алға жылжымайтыны белгілі. Монополиялық дүкендер, міне, осыдан пай­да болады. Мәселен, «Меломан» кі­тап дүкенін алайық. Мұнда кітап тез әрі көп өте­тіндіктен, беделді саналып отыр. Монополия болған соң, тауарларының бағасы да жо­ғары. Осыдан шамамен үш жыл уақыт бұрын «Меломанда» қазақ кітаптарына арналған бұрыш ашылды. Сол кездері қазақ әдебиетінің классикалық туындылары сатылымға қойылған еді. Алайда бұл көрсеткіш отандық кітап дүкенінің қазақ авторларына кенде екенін байқатады. Ал кейінгі авторлардың «Меломанға» деген базынасы бөлек. Яғни оған кітап өткізу үшін қаламгердің ЖК немесе ЖШС болуы тиіс. Бұдан бөлек кітабының дизайны мен сапасына ерекше көңіл бөледі. Ал келісімшарты бойынша кітаптың бағалануына байланысты 50-70 пайызға дейін үстемеақы қосылады.

Зерттесек, Қазақстан баспаларынан шыға­тын кітап өнімдерінің 80 пайызын оқулықтар құрайды. Ал нарықтағы өзге кітап­тардың 80 пайызы – Ресей баспала­рынан шыққан кітаптар. Отандық кітаптар аз таралыммен шығатындықтан, саты­лымда көп кездеспейді. Өйткені коммер­циялық бағытта кітап нарығы дамымай отыр. Ал жаңа шығып жатқан қазақша кітап­тардың көп бөлігі мемлекеттік мекемелерге үлестіріледі. Бұл да – түйіні тарқамаған бөлек мәселе.

Десе де кейінгі уақытта қазақ тіліндегі онлайн кітап дүкендері көбейіп жатқанын да айту керек. «Qazyna», «Akel.kz», «Ziyat» интернет-дүкендерінің тауарлары оқырман арасында жақсы сатылып жатыр. Бұл – астаналық оқырманға таптырмас мүмкіндік. Бұдан бөлек елордада жыл сайы­н ұйымдастырылып келе жатқан дәс­түрлі кітап жәрмеңкесі де оқушы қауымның сөресін толтырады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласын дамыту мәселелері жө­нінде өткізген кеңесте кітапханалардың тым аз екенін атап өткен болатын. Сондай-ақ әр ауданда заман талабына сай кітапхана ашуды тапсырған еді. Кітап дүкендері аз қалада оқырманды құтқаратын қолжетімді һәм ыңғайлы кітапхана екенін ескерсек, Президент тапсырмасының тезірек орын­далғанын күтеміз. Десек те бас қаладағы кітап дүкендерінің аздығы өзекті болып қала бермек.