Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанның конституциялық реформасы аясында Мәжіліс және мәслихат депутаттары пропорционалды үлгімен сайланып келді. Бұл өз кезегінде елдегі партиялық жүйені ғана дамытуға үлес қосты. Осыны ескерген Мемлекет басшысы аралас сайлау жүйесіндегі Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы – пропорционалдық, 30 пайызы – мажоритарлық тәсілмен жасақталатынын айтты. Нәтижесінде, жергілікті жерлерде бәсекеге қабілетті саяси орта қалыптасып, елдің алдында беделді, жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашылмақ.
«Партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес, жергілікті өкілді органдарға да сайлана алмайтын болды. Соның салдарынан халықтың сайлау науқанына қызығушылығы күрт төмендеді. Сайлауды керек қылмайтын адамдардың қатары көбейді. Олар өздерінің дауысы маңызды екеніне, ел өмірін жақсартуға ықпал ете алатынына сенбейтін болды. Ашығын айтсақ, қазір жұрт депутаттарды аса тани бермейді. Осындай жағымсыз жайттарды ескере отырып, мен аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынамын. Сол кезде барлық азаматтың құқығы толық ескеріледі», деген еді Президент Қ.Тоқаев.
19 наурызда Мәжіліс және мәслихат депутаттары осы Президент ұсынған аралас сайлау жүйесімен сайланып, халық өз таңдауын жасайды. Жаңа және Әділетті Қазақстанның бұл сайлауын отандық сарапшылар «саяси бетбұрыстың бастау алған кезеңі» деп атап, «саяси трансформацияның айқын көрінісі» деп бағалады. «Ал саяси реформалар елдегі сайлау мәдениетінің түрленуі мен азаматтық белсенділіктің артуына жол ашады», деген пікірде саясаттанушылар.
Сондай-ақ олар бұл науқанды «мемлекеттік институттарды жаңғыртудың түпкілікті кезеңі» деп те атады. Кешенді түрде жүргізілген саяси реформалар өкілді билік тармақтарының барлық деңгейіне ықпал етіп, жаңаруына мүмкіндік берді. Мұндай пікірлерді саясаттанушылар Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған «Саяси реформалар: жаңа саяси модельге көшу» атты сарапшылар талқылауында айтты. Іс-шарада Президент қабылдаған саяси реформаларды жүзеге асыру аясындағы сайлаудың маңызы мен Қазақстанның саяси реструктуризациясы кеңінен сөз болды. Жиынға қатысқан сарапшыларға арнайы сауал қойып, ой-пікірлерін білген едік.
– Мемлекет басшысы қабылдаған саяси реформаларды жүзеге асырудың басты аспектілері қандай?
Алуа ЖОЛДЫБАЛИНА,
Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары:
– Біріншіден, саяси партияларды тіркеудің тың ережелері жаңа партиялардың пайда болуына бәсекелестік орта қалыптастырды. Ал қазірдің өзінде заңнамалық жаңалықтарға сәйкес екі жаңа партия пайда болды.
Екіншіден, осы сайлау циклі аясында азаматтардың сайлану құқықтары жүзеге асырылды. Бұл ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізудің арқасында мүмкін болды. Сондай-ақ аралас сайлау жүйесіне көшудің арқасында әрбір азамат Парламент пен мәслихат сайлауына қатысу құқығына ие болды.
Үшіншіден, бұл саяси институттарды жаңғырту. Бұл жерде сөз тек сандық өзгерістер туралы емес, сонымен қатар Парламент пен жергілікті мәслихаттардың құрамы мен жұмысындағы елеулі өзгерістер туралы болып отыр. Маңызды жаңашылдық – депутаттық мандатты кері қайтарып алу институты. Сөзсіз бұл заң шығарушы органның жұмысына әсер етеді.
– Қазіргі сайлау билік пен қоғам арасында жаңа қоғамдық келісім құра ала ма?
Талғат ҚАЛИЕВ,
Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры:
– Сайлауға саяси күштердің барлығы қатысып жатыр, оның ішінде жаңасы да бар, тәжірибесі молы да бар. Сондай-ақ сындарлы пікір алмасу да бар. Саяси үдерістердің эволюциялық принципі және бұл үдерістердің динамикасы мен тұрақтылығы сақталып отыр. Әлеуметтік желілердегі пікірталастар сайлауда жоғары белсенділікке түрткі болатынын көрсетеді. Бұл электораттың жоғары көрсеткішіне себеп болады деген үміт бар. Сонымен бірге бізге дауыс беру мен сайлау мәдениетін сіңіруді үйрену керек. Кейбір сайлаушылар үшін бұл алғашқы дауыс беру тәжірибесі болады. Жастардың көбі мажоритарлық жүйе қолданылған кезде дүниеге келді. Сондықтан бұл ретте айналамызға сайлаудың қалай жұмыс істейтіні және оның нәтижесі еліміздің болашағы үшін қалай әсер ететіні туралы айтып, түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды.
– Жалпы алдағы парламенттік сайлаудың ерекшелігі неде?
Андрей ЧЕБОТАРЕВ,
«Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры:
– Бір жағынан бұл 2021-2022 жылдардағы саяси реформаларға байланысты болса, екінші жағынан сайлау жаңа айналымға ықпал етіп, саяси реформаларға соны қарқын береді. Қазіргі таңда 29 мандат болса да, үлкен бәсекелестікті байқауға болады. Бұл жаңа идеялардың, жаңа ақпараттық саяси күн тәртібінің пайда болғанын білдіреді. Сонымен қатар барлық деңгейдегі Мәжіліс пен мәслихаттардың жаңа құрамдарын сайлау және қалыптастыру саяси жүйені, әлеуметтік және экономикалық салаларды одан әрі реформалауға негіз болады. Егер Парламент Мәжілісінің алдыңғы шақырылымының қарауында болған заң жобаларына қарасақ, әлеуметтік кодексті, БАҚ, жергілікті өзін өзі басқару туралы заңдарды көреміз. Осы және басқа да заң жобалар жаңа шақырылымда қарастырылады. Бұдан бөлек жаңа Мәжілістің алдында Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыруды қамтамасыз ету міндеті тұр. Онда экономикалық, әлеуметтік бағыттарға басымдық беріледі.
– Президент ұсынған аралас сайлау жүйесі іс жүзінде қандай нәтиже береді?
Татьяна ЛИПИНА,
ҚСЗИ жетекші сарапшысы:
– Қазақстан – «көпшіліктің» елі. Бүгінде елімізде көптеген этнос тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бұған себеп – географиялық аумақтың кеңдігі. Бұл әр аймақтың орналасқан жеріне байланысты экономикалық, әлеуметтік, экологиялық қажеттіліктеріне назар аудартады. Мысалы, бір аймақта кедендік және басқа да сауда-саттық құқықтық реттеу қатынастарға қатысты нарыққа тек белгілі бір өнімді шығару керек болса, енді бір жерде аймақтың өндірістік ерекшеліктеріне байланысты экологиялық реттеуге қызығушылық танытуы мүмкін.
Пропорционалды-мажоритарлық жүйе әлеуметтік-географиялық репрезентативтілік тепе-теңдігінде тиімді жұмыс істеуге қабілетті. Ол сайлаудың траекториясын айқындап, партиялардың сайлау алдындағы стратегияларына және сайлаушылардың қатысуына айтарлықтай әсер етеді.
Мұндай жүйеде партиялар өздерін жеткілікті ауқымды перспективада көрсетуге мүмкіндік алады. Аралас сайлау жүйесінің пропорционалды құрамдас бөлігі сайлауалды тұғырнаманы нақтылау арқылы партияларға ортақ дауыс жинауға, қолдауға ие болуға мүмкіндік береді. Партиялар үшін бұл маңызды, себебі мұндай сенім партияның өзектілігін, саяси күн тәртібін және заңнамалық саладағы әрекеттер алгоритмін растайды.
Екінші жағынан, партияның бір мандатты округтер арқылы қатысуы оның жергілікті мүдделерді қорғауға, жағдайға қарай әрекет етуге, қоғаммен тікелей жұмыс істеуге дайын екенін көрсетеді. Аудандағы депутат мандатын қайтарып алу тетігі партиялық депутаттарды белсенді бақылауға мүмкіндік береді. Бұл да пропорционалды-мажоритарлық жүйенің бір артықшылығы.
Сондай-ақ партиялар халықтың пікірін, олардың әлеуметтік көңіл күйі мен сұраныстарын бақылау тетіктерін білдіретінін ескерсек, партиялық өкілдіктің әлдеқайда кең болуы маңызды. Бұл бұрыннан бар және жаңа партияларға да қатысты. Бұл өкілдік сайлауалды бағдарламалардың сапасы мен өзектілігіне әсер етеді. Барлық деңгейде үлкен ресурстарды пайдалана отырып, партиялар сайлауды белсенді ақпараттық қамтуға ықпал етеді. Қоғамды қызықтырып, сайлаушыларды тарту үшін де жұмыс істей алатын белсенді дискурсивті өрісті қалыптастырады.
Осылайша, пропорционалды-мажоритарлық жүйе бірқатар артықшылыққа ие бола отырып, Қазақстанның саяси өрісін күшейтіп, халық мүдделерінің кең көлемде жинақталуына ықпал етеді.
– Қазіргі сайлау науқанының саяси реформаларға қатысты күмәнді тұстары бар ма? Өйткені халық әлі де болса сайлауға сенімсіздікпен қарайтыны жасырын емес.
Жанар ТӨЛЕНДИНОВА, саясаттанушы:
– Енді партиялардың, кандидаттардың биылғы сайлаудағы үгіт-насихат кезеңіне сараптама жасап айтатын болсақ, олардың уәделері саяси реформаларға қатысты скепсисті жоққа шығарады. Өйткені аралас сайлау жүйесін енгізу, бір мандатты округтер бойынша сайлану мүмкіндігі – азаматтардың сенім деңгейін арттырып, олардың азаматтық, саяси белсенділігін көрсетуге серпін берді деп айтуға болады.
– Әлем елдерінің тәжірибесіндегі аралас сайлау жүйесі бойынша өткізілетін саяси науқанды алып қарасақ, қатысушы кандидаттар саны айтарлықтай көп екенін көреміз. Елде өтетін Мәжіліс пен мәслихат сайлауына партиялық тізім және бір мандатты округтар бойынша 700-ден астам кандидат додаға түспек. Үміткерлердің көптігі халықтың таңдау жасауына қалай әсер етеді?
Әлішер ТАСТЕНОВ,
ҚСЗИ бас сарапшысы:
– Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформасының негізгі бағыттарының бірі – партия құрылысын ырықтандыру. Оны жүзеге асыру аясында саяси партияларды тіркеу тәртібі айтарлықтай жеңілдетіліп, тіркеу шегі 20 мыңнан 5 мың мүшеге дейін қысқартылды. Партиялардың аймақтық өкілдіктерінің төменгі мөлшері 600-ден 200 адамға дейін қысқарды. Бұл ретте партиялардың Парламент Мәжілісіне өтуіне шектеу 7 пайыздан 5 пайызға дейін төмендетілді. Бұл шаралар партиялардың құрылуына да, сондай-ақ олардың өз саяси мақсаттарын жүзеге асырып, сайлаушылардың мүдделерін қорғау үшін Парламентке кіру мүмкіндіктерін де айтарлықтай кеңейтті. Сонымен қатар бұл партияның дамуын белсендіріп, жаңа партиялардың құрылуына ықпал етті.
Биылғы сайлау науқанына 7 саяси партия қатысып жатыр. Олардың арасында жақында құрылған 2 жаңа партия бар. Жаңа партиялардың құрылуы қоғамның барлық әлеуметтік қажеттілігін қанағаттандыру мүмкіндіктерін кеңейтеді. Өткен Парламент сайлауына 5 партия қатысқаны белгілі. Бұл партиялық бәсекелестікті арттырып, сайлау алдындағы дауыс үшін күресті күшейтеді. Бұған өзін өзі ұсынған кандидаттардың сайлауға қатысуы да ықпал етеді.
Партиялық тізімге сәйкес пропорционалды жүйе бойынша 69 депутат, ал 29 депутат бір мандатты округ бойынша сайланады. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттарының сайлауы да аралас сайлау жүйесі бойынша 50/50 қатынасымен өтеді.
Мәжіліс сайлауында партиялық тізім бойынша барлығы 281 кандидат тіркелді. Бір мандатты 29 округ бойынша Мәжіліс депутаттығына 435 кандидат (орта есеппен бір мандатқа 15 кандидат) тіркелген. Кандидаттардың мұндай көп болуы сайлау үдерісіне, тиісінше, әділ сайлауға деген сенімнің артуына байланысты болып отыр.
– Елде жүріп жатқан ірі реформалар алдағы Мәжіліс пен мәслихат сайлауының тәртіптері мен өту үдерісіне өзгеріс әкелгенін айтады сарапшылар. Осыған қарап сайлауда бәсекелестік жоғары болады деуге бола ма?
Ермек ТОҚТАРОВ,
ҚСЗИ Стратегиялық талдау бөлімінің басшысы:
– 2021 жылы парламенттік сайлау карантин жағдайында өтті. Бірақ бұл сайлау конституциялық мерзімде өтті. Алдағы сайлау саяси жүйенің жаңа ережелер бойынша мүмкіндігінше шұғыл жүзеге асыру үшін мерзімінен бұрын болады. Саяси реформалар сайлау өтетін жағдайларды айтарлықтай өзгертті. Мысалы, саяси партиялар Мәжіліске өту үшін сайлаушылардың 5 пайыз дауыстарын жинау керек. Бұл партияларға жеңілдік болып көрінеді. Бірақ жаңа партиялар пайда болды, ал кейбір партиялар ребрендингтен өтіп, оларға жаңа көшбасшылар келді. Бұл сайлаудың ең маңызды ерекшелігі – мажоритарлық жүйе бойынша депутаттардың бір бөлігін сайлау. Олар тек партия мүшелері ғана емес, сонымен қатар ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ өзін өзі ұсынып, сайлауға шыға алады. Мұндай жүйе бұрын болған, бірақ 2021 жылғы сайлауда барлық мәслихат партиялық тізімдер бойынша құрылды. Негізінде біз аралас сайлау жүйесіне қайта оралдық. Сайлауда өзін өзі ұсынған кандидаттарға дауыс беру халықтың саяси үдерістерге тікелей араласуына, олардың маңызды шешімдер қабылдауда өзіндік үн қосуына ықпал етпек. Яғни бір мандатты округтер бойынша сайланған депутат азаматтардың мүддесін мінберде көтеруге мүмкіндік алады.
Өзін өзі ұсынған үміткерлер депутат болып сайланған жағдайда қоғамдық саясаттың маңызды қатысушылары болады. Олар округтен келген өз сайлаушыларының мүдделерін қорғауға міндетті. Бұл депутаттар азаматтар жағынан мұқият қадағаланады, өйткені олардың мандатын қайтаруға мүмкіндік бар. Жергілікті тұрғындар үшін бұл өз мүдделерін Мәжіліс деңгейінде де, мәслихаттар деңгейінде де қорғауға үлкен мүмкіндік. Мұндай жағдай азаматтарды қызықтырады және олардың саяси қатысуының тиімділігін арттырады деп сенемін.
ТҮЙІН. Сарапшылар айтып өткендей, елдегі жүріп жатқан түрлі реформалардың іске асуына елдегі сайлау айтарлықтай әсер етеді. Елде референдум өтіп, қабылдаған реформаларды іске асыру жұмысы бірден қолға алынды. Президент сайлауын өткіздік, Ұлттық құрылтай құрылды. Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар ел ішінде ғана емес, шет елдерде де талқыланып жатыр. Президент айтқандай, еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Алдағы мәжіліс және мәслихаттар сайлауы реформалар үшін маңызды әрі шешуші кезең болмақ. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен әкімдер және мемлекеттік органдардың басшыларымен өткен кеңесте айтқан еді.
«Біздің болашағымыз – айқын, нақты жоспарымыз бар. Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы – билік институттарын жаңарту жұмысының қорытынды кезеңі. Осылайша, билік жан-жақты реформаларды жалғастыру үшін жаңа сенім мандатына ие болады. Елімізді дамыту жолында тың бастамалар көтеріп, оны табысты жүзеге асыру – басты міндет. Қазір жетістікке мәз болып отыратын заман емес. Жұмысты тың қарқынмен жалғастыру керек», деді Президент.
Осылайша, Президент бастамалары іс жүзінде нәтиже беріп, әр тұрғын армандаған Әділетті Қазақстан құру жолындағы қадамға серпін беретін болады. Ел тұрғындарының 71,7 пайызы еліміз дұрыс бағытта дамып келе жатыр деп есептейді. Бұл – Президент жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты жүргізген сауалдаманың негізінде жария болған дерек. Ақпан айындағы өңірлік мониторинг бойынша ауыл тұрғындары арасында – 75,1, жастар арасында 78,4 пайыз нәтиже саяси жаңаруға оң баға берген. Ал аймақтар үлесі бойынша Қызылорда облысының – 81,8, Солтүстік Қазақстан және Абай облысының – 79 және Батыс Қазақстан облысының 78 пайыз тұрғыны еліміздегі саяси өзгерістер мен келешектегі даму стратегиясына жоғары баға беріп, оң нәтиже күтетін айтқан.