Сайлау • 19 Наурыз, 2023

Ақтөбе облысында сайлау қалыпты өтіп жатыр

304 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе қаласының №11 ықшамауданында орналасқан №28 сайлау учаскесінде 1 709 сайлаушы тіркелген. Таңғы уақытта осы учаскеге дауыс беруге келгендердің дені орта жастағылар, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақтөбе облысында сайлау қалыпты өтіп жатыр

№28 сайлау учаскесінің төрағасы Бақытбек Ержанның хабарлауынша, таңғы сағат 5.30-да барлық комиссия мүшелері сайлау учаскесіне келіп болды. Бақылаушылар да шамамен осы уақытта жинала бастаған.

«Біз таңертеңгілік 06.00-ден өте бақылаушыларды сайлау учаскесіне кіргізіп, өзімді және сайлау комиссиясы мүшелерін таныстырдым. Олар дауыс беретін кабиналарды қарап шықты. Содан кейін бақылаушылардың көзінше дауыс беру бюллетеньдерін салатын үлкен жәшікке мөр бастық. Комиссия мүшелеріне тізім бойынша бюллетеньдерді тараттық. Таңғы сағат 7.00-де учаскеміз ашылған бойы дауыс беруге екі үлкен кісі келді. Қазір учаскеде жеті бақылаушы отыр, олар сайлауға қатысып жатқан бес партияның және депутаттыққа үмткерлердің сенім білдірген өкілдері. Кеше біздің сайлау учаскемізге Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымының екі өкілі келіп, сайлау учаскесіндегі даус беру кабиналарын, бақылаушылар отыратын орындарды қарап шықты», дейді №28 сайлау учаскесінің төрағасы Бақытбек Ержан.

Ақтөбе облысында 562 мың 590 сайлаушы бар. Олар бүгін 525 сайлау учаскесінде дауыс беріп жатыр. Жасы 18-ге толып, алғаш сайлауға қатысатын 3579 сайлаушы бар. Өңірдегі ең жасы үлкен дауыс беруші – 109 жастағы Шалқар ауданының тұрғыны Зиба Келімбетова әжей.

Ақтөбе олысынан ҚР Парламенті Мәжілісіне №10 бірмандаттық округінен сайлауға түскен кандидаттардың саны – 11. ҚР Парламенті Мәжілісіне партиялық тізімі бойынша 7 партия түсуде. Ақтөбе облыстық мәслихатына бірмандаттық 17 округтен 67 үміткер, қалалық мәслихат депутаттығына бірмандаттық 32 сайлау округінен 128 үміткер бағын сынап жатыр.