02 Маусым, 2010

ЖОЛДАУҒА ҚОЛДАУ ҒАНА ЖЕТКІЛІКТІ МЕ?

591 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
Биылғы 14-ші Жолдаудың басты ерекшелігі неде, оның жылдағыдан не айырмашылығы бар, жаңа Жолдау несімен мәнді, несімен жарылқайтын болды деген сауал көптің көкейінде болғаны сөзсіз. Елбасы жаңа Жолдаудың басты мақсатын ашық айтты: еліміздің алда­ғы онжылдықтағы экономикалық өр­леуін қамтамасыз етіп, жаңа мүмкін­діктерге жол ашу деп тұжырымдады. 2009 жыл­ды қоса алғанда 2000 жыл­дық­тың ал­ғаш­қы онжылдығына ар­налған стра­тегиялық жоспар жасалған еді. Сонда көрсетілген межелер екі жыл бұрын, 2008 жылы-ақ орын­дал­ды. Елімізде ІЖӨ-нің көлемі екі есеге артты. Ор­та­ша айлық жалақы 5 есе, ал зей­нет­ақы 3 есеге өсті. 2009 жылы экономиканың өсуі 1,1 пайыз­ды, өнеркәсіпте 1,7 пайызды құрады. Ендігі онжылдықта, яғни 2020 жылға дейінгі даму стратегиясын Елбасы өз Жолдауында жария етті. Бағдарлама мен жоспар ағайындас дүние. Жоспар дегенде жылына қанша шеге, қанша тарақ, қанша тіс тазалағыш шығаруды есептеу емес, экономиканың жанды күретамырларын анықтайтын салалардың бағыт-бағдарын, өнді­ріле­тін негізгі өнімдердің төменгі және жоғары деңгейін болжап отыру деген сөз. Қолдағы өн­діргіш күштерді тиімді іске қосудың, жұмысшы күштерін барынша мақсатты пайдаланудың бірден-бір амалы екендігі сөзсіз. Өйтпесе волюн­та­ризмге ұрынуға болады. Дамыған мемлекет­тердің бәрінде рынок жоспарлауды, конъюн­ктураны есепке алуды ұмыт қалдырады деп ой­лау қате пікір. Жоспарлы экономиканы капи­талистер сөз жүзінде мансұқ еткенімен, іс жүзінде жоспардың тиімді жақтарын бір сәтке де естен шығармайды. Еліміз экономиканы жүргізуде бағдарламаға сүйеніп, стратегиялық жоспарға мән беріп келеді. Бұл жемісті нәтижесімен көрінуде. Елбасы жаңа Жолдауында жаңа онжылдық­қа арналған 2020 стратегиялық жоспарын жария етті. Бұл стратегиялық бағдарлама елі­міздің жаңа эко­номикалық өрлеуін қамтамасыз ететін ма­ңызды құжат болып табылады. Сон­дықтан да Елбасының бұл Жолдауында биылғы жылы жүзеге асатын мәселелер емес, алдағы онжылдықта қарастырылған экономикалық міндеттер алға тартылған. Сол себепті де бұл жолғы Жолдаудың перспективалық, дирек­ти­ва­лық сипаты, экономикалық заңдылықтарды басшылыққа алудың нақты көріністері тұжырымдалған. Өткен жылғы Жолдауда жылда жүзеге асы­рылатын шаралар айтылса, биылғы Жолдауда 2010 жылдан басталатын жаңа онжылдықтың даму бағыттары, оның межелері халыққа жария етілді. Елбасы өз Жолдауында осы жаңа онжыл­дық­қа арналған стратегиялық жоспарды жан-жақты сипаттап берді. Ол – ғылыми негізде тұжырымдалған маңызды құжат. Бұл жоспар “Қа­зақстан-2030” Стратегиялық бағдарламасын орындаудың екінші кезеңі болып табылады. Елбасы екінші онжылдыққа арналған бұл стратегиялық жоспар алдына бес мақсатты орын­дауды белгілеп отыр. Бұлар: 1) экономи­ка­ны дағдарыстан кейінгі дамуға әзірлеу, 2) жедел индустрияландыру және инфра­құры­лымды дамыту есебінен экономиканың тұрақ­ты өсуіне қол жеткізу, 3) адам капиталының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін болашаққа белсенді инвестициялау, 4) қазақстандықтарды сапалы әлеуметтік және тұрғын үй-ком­му­нал­дық қызметтермен қамтамасыз ету, 5) этнос­аралық келісімді нығайту, ұлттық қауіпсіздікті арттыру, халықаралық қарым-қатынасты одан әрі дамыту. Бұл сүбелі бес міндетті жүзеге асыру елі­міз­ді қандай табыстарға жеткізеді, қандай маңызды мәселелерді шешеді, әрі оларды ненің есебінен, неге сүйеніп шешеді, оның шешілу реттері қалай, алдымен неге қол жеткіземіз, содан кейінгі межеміз қандай болады? Осы сұрақтардың бәріне Президент бекіткен стратегиялық даму жоспарында толық жауап бар. Бұл онжылдыққа арналған даму жос­пары­ның стратегиялық, директивалық, экономи­калық, әлеуметтік әрі ғылыми сипаты мол. Қазақстанның 2020 жылы алатын межелері – Стратегиялық жоспарда анық белгіленген. Бұл жылы республика экономикасы 2009 жылғы деңгейінен үштен бірінен жоғары өседі. Ұлттық қордың мөлшері артады. Ол ішкі жалпы өнімнің 30 пайызын құрайтын болады. Осы кезең ішінде инфляцияның көлемі 5-8 пайыз деңгейінде сақталып қалады. 2020 жылға қарай табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 8 пайызға дейін төмен­дейді. Ал қазіргі деңгейі 12 пайызды құрап отыр. Әрине, бұл 8 пайыздық көрсеткіш те жа­ғымды құбылыс емес. Әр 100 адамның сегізі аштық жағдайды бастан кешіреді деген сөз. Қазақстан сияқты табиғат, жер байлығы мол ел үшін әрі өзін зайырлы, әлеуметтік мемлекет деп жариялаған ел үшін аштық жағдайдағы адамдардың болуы айтарлықтай кемшілік. Сон­дықтан да алдына үлкен мақсат қойып, 2020 жылға дейін стратегиялық жоспар қабылдап отырған Үкіметтің алдында экономиканың өркендеуі мен гүлденуі жолында үлкен істер күтіп тұрғаны айқын. Еліміздегі жұмыссыздық 6,3 пайызды құрайды. Бұл да көңіл жұбатарлық жай емес. Жұмыссыздық – кез келген қоғамның ең әлсіз жері. Ол адам баласын түрлі қолайсыздыққа ұрындырады, аштыққа әкеледі, өмірден түңілуге апарады, түрлі қылмысқа, ұрлық-қарлыққа баруға мәжбүр етеді. Жұмыссыз адам өзін қоғамның толық мүшесі ретінде сезіне алмайды. Жұмыссыздық адамның өзін толыққанды азамат, отбасының иесі ретінде сезінуге мүмкіндік бермей­ді. Жұмыспен қамтамасыз етілудің экономикалық қана емес, моральдық тұр­ғыдан да үлкен мәні бар. Сондықтан да әр қоғам үшін жұмыс­сыз­дықтан ары­лу билік үшін ғана сын емес, ол елдің өркениет­тілігінің, ізгілігінің деңгейін де көрсетеді. Жері бай, та­би­ғат байлықтары мол Қа­зақ­стан үшін іскер басшы­лық пен тапқыр­лық болған жағдайда жұмыссыздықты жоюдың мол мүмкіндігі бар. Мұны билік әрдайым басты назарда ұстағаны абзал. Экономиканы жаңа онжылдықта өркендету оны әртараптандыруға тікелей байланысты. Әртараптандыру ел экономикасын индустрия­лан­дыруға жол ашады. Индустрияландыру озық технология мен жаңа техникаға негізделгенде ғана жеміс береді. Сондықтан да жаңа он­жыл­дық жоспар индустриялық-инновациялық не­гіз­дерге сүйене жасалған. Елбасы өз Жол­дау­ында атап көрсеткеніндей, елі­міз­ді индус­трия­лық дер­жа­ваға айналдыру басты мақ­сат болып отыр. Үкімет же­дел индустриялық-иннова­ция­лық дамудың бес жылға арналған мемлекеттік бағ­дарламасын және елді ин­дустриялан­дырудың егжей-тегжейлі картасын әзірледі. Бұл құжатта алдағы бес жылда біз нені, қайда және қашан салатынымыз нақты белгіленген. Агроөнеркәсіптік кешен де үлкен өрлеуге ие бол­мақ. Бұл салада еңбек өнімділігін арт­тыруға баса назар аударылмақ. Өйткені, бізде қазір еңбек өнімділігі тым төмен. Бұл салада жұмыс істейтіндердің үлесіне жылына 3 мың доллар ғана тиесілі. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 50 мың долларды құрайды. Сон­дық­тан да жаңа стратегиялық жоспарда 2014 жылға қарай агроөнеркәсіптік кешенде еңбек өнім­ділігін кем дегенде екі есе арттыру көзделген. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту арқылы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету алға тартылып отыр. 2014 жылға қарай азық-түлік тауарлары ішкі рыногының 80 пай­ыздан астамын отандық тамақ өнімдері құрауы тиіс. Ішкі жалпы өнімдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 13 пайыздан кем болмайды. Экспорттың жалпы көлемінде шикізаттық емес экспорттың үлесі қазіргі 27-ден 45 пайызға дейін ұлғаятын болады. Еңбек өнімділігі өңдеу өнеркәсібінде 2 есе, ауыл шаруашылығында кемінде 4 есе арт­пақ. 2015 жылы аграрлық саланың экспорт­тық әлеуеті бүгінгі 4-тен 8 пайызға дейін ұлғаймақ. Міне, 2020 жылға қарай экономика­ны жеделдете әртараптандыру негізінде оның сала­ларының өсуі осы цифрлармен анықталмақ. Бұл өрлеуді қамтамасыз ету адам капи­та­лы­на тікелей байланысты. Сондықтан да эко­номиканы өсіру, техниканы дамыту, жаңа тех­нологияны іске қосу, түптеп келгенде, адам капи­талына инвестиция салуға, яғни оның денсаулығын қорғауға, көтеріңкі көңіл күйін қалыптастыруға, оқып білім алып, сапалы маман болуына, рухани жағынан дамуына, өмірге деген оптимистік көзқарасын қалып­тас­ты­руға, жақсы тынығуына, спортпен шұғыл­да­нып, денсаулығын нығайтуына қаржы бөлу адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігін арт­ты­ру болып табылады. Сондықтан да жаңа он­жылдық стратегиялық жоспарда бұл мақсат­тарға елеулі орын берілген әрі көп қаржы қарастырылған. Болашаққа салынған инвестицияларды сөз еткенде, адам денсаулығын сақтау, оның өмірін ұзарту, еңбекке жарамдылығын сақтай білу, әркім өз денсаулығына өзінің жеке байлығы, ешкім қол сұға алмайтын асыл қазынасы деп қа­раулары керек. Мемлекеттің бүкіл саясаты адам­ның сұраныстарын орындауға, адам өмі­рінің сапасын ұдайы арттыра беруге бағыт­талған. Экономикалық өрлеудің өзі адам үшін керек. Ол адамның жағдайын жақсартуға бағыт­талуға тиіс. Мемлекет адам үшін жағдай­ды сол адамның өз қолымен жасауға ұмтылады, 2020 стратегиялық жоспардың да бүкіл мазмұны адам капиталына арналған. 2020 стратегиялық жоспар бойынша халық өмірінің ұзақтығы 72 жылға дейін өседі деп күтілуде. Жалпы, адам өлімі 2020 жылға қарай 30 пайызға азаймақ. Мұның бәрі, әрине, көңілге қонымды жай­лар. Бірақ денсаулық сақтаудың бүгінгі жай-күйі азаматтарды қанағаттандырмайды. Ем­деу­дің нақты нәтижелеріне бағытталған медицина саласындағы биылғы реформаны халыққа жеткізу түгіл, дәрігерлердің өз арасында толық түсінік жоқ. Денсаулық саласы әлі де заман талабына сай келмей отыр. Дәрігерлердің көп уақыты қағаз толтырумен кетеді. Жалақы жағы да мәз емес. Осының бәрі медицинаға жаңаша көзқарасты, жаңа талапты күшейтуді қажет етеді. Сондықтан да стратегиялық жоспарда белгіленген шараларды жүзеге асыру бүгінгі медицинаның дәрежесін жаңа биікке, жаңа деңгейге көтеруді мақсат етеді. XXІ ғасырда, ғылым мен техника жетілген заманда, азық-түлік өндірудің озық техно­ло­гия­сы қалыптасып отырғанда елді ішер тамақпен қамтамасыз ете алмау билікке ғана емес, қолы­на орасан көп байлықты жинақтаған азғана топтың өкілдері үшін де үлкен мін болып табы­лады. Ташкенттің белгілі бір ақпараттық-талдау веб-сайтына сүйеніп, Өзбекстанда олигарх­тарды тап ретінде жою жолындағы науқан өзінің белсенді фазасына жетті деп хабарлады бір газет. Бұл науқан өткен жылы желтоқсанда республика конституциясы күнінде сөйлеген сөзінде Ислам Каримов билік бұдан былай азаматтардың тұрмыс деңгейіндегі орасан зор теңсіздікті қолдай алмайды, өйткені, бұл қо­ғам­да әлеуметтік қақтығысқа әкеліп соғады, деген болатын. Содан бері Өзбекстанда қыл­мыстық жолдармен байыған бірқатар алпауыт­тар жауапқа тартылды, біразы өздерін қауіпсіз сезіну үшін алдын ала шетелге тайып тұр­ды. Солардың бірінің ауласын тінтігенде 82 мәшиненің коллекциясы табылған. Бұл дүниеқоңыздықтың нағыз мысалы емес пе? (Қараңыз: “Мегаполис”, 15.03.2010 ж.) Біздің Қазақстанның өзінде, халықаралық “Форбс” журналының мәліметтерінше, 7 миллиардер ерен байлықты иемденіп отыр. Олардың көз алдында қаншама адам үй-күйсіз, аш-жалаңаш, дәрігерлік көмексіз қалуда. Мұндай көріксіз көрініс олардың мүсіркеуін де туғызбайды. Жаңа онжылдық стратегиялық жоспарда айқындалған шешуші бір бағыт ұлттық ке­лі­сім­ді, қауіпсіздікті, халықаралық қатынастардың пайымдылығын қамтамасыз ету болып табы­ла­ды. Бұл бағыттың мәнділігі сонда, жоспарда белгіленген межелердің жүзеге асуы аталған мәселелердің тыңғылықты шешілуіне тікелей байланысты. Өйткені, экономикалық, әлеу­меттік, индустриялық-инновациялық, техно­логиялық, руханияттық-ағартушылық міндеттер елдегі ұлттық бірліксіз, отандық қауіпсіздікті қамтамасыз етпей, қолайлы халықаралық қаты­насты қалыптастырмайынша мүмкін емес. Стратегияда аталған бес бағыт бір-бірімен өзара тығыз байланысты. Бесінші бағыт алдағы төрт бағытқа жағдай жасаса, яғни себепші болса, ал төртеуі бесіншісінің салдары, жемісі болып табылады. Стратегиялық жоспар 2020-да елімізді өр­леудің жаңа белесіне шығаратын келелі мін­деттер белгіленген. Бұл жауапты шараларды жү­зеге асыру бүкіл халықты жасампаз еңбекке жұ­мылдыратын мемлекеттік басқаруды жетіл­діруді талап етеді. Стратегиялық жоспарда кадр­лар саясатына байланысты кешенді шара­ларды жүзеге асыру нақты көрсетілген. Шынын айту керек, кадр саясаты бүгінгі биліктің ең осал, ахиллестік әлсіз өкшесі екендігі сөзсіз. Еліміздегі кемшіліктердің көбі осы басқарудағы олқылықтарға, кадрлармен жұмыстың әлсіз­ді­гіне, жүйеліліктің жетіспеуіне тікелей бай­ла­нысты. Өйткені, оларды оқытудың, тәрбие­леу­дің, үйретудің, кәсіби шеберлігін жетілдірудің қалыптасқан институты жоқ. Жастарды шетелде оқытып алсақ болды, бәрі өзінен-өзі жақсара, басшылардың жаңа генерациясы жасақтала қалады деген шалағай көзқарастың шылауынан шыға алмай келе жатқанымыз жасырын емес. Жаңа стратегиялық жоспарда кадрларды жа­сақтаудың түбегейлі жаңа технологиясы тұң­ғыш рет ғылыми негізде тұжырымдалып отыр. Кадр саясатын жетілдіру олардың кәсіби дайындығы мен жауапкершілігін арттыруды, отаншылдық сезімі мен ұлттық ар-намысын күшейтуді де мұрат тұтады. Кадрларды жиі-жиі ротациядан өткізу, орталықтан аймаққа, аймақтан орталыққа алмастырып отыру олардың жергілікті өмірді жете зерттеп білуіне, өңірлік тәжірибені орта­лық­қа таратуға, ұрпақтар сабақтастығын жал­ғастыруға жағдай жасайды. Жастарды шетелде оқытумен ғана шектелмей, олардың алған білімдерін өмір тәжірибесімен толықтыру, жас кадрларға іс үйрету, өндіріс практикасынан өт­кізу, көмектесу, қолдау, іскерлікке баулу, ізгі­лік­ке тәрбиелеу, басшылық қызметтің жаңа саты­сына біртіндеп даярлау жазылмаған заңға айналуы керек. Жастарды әйтеуір өсіру үшін өсіру емес, нақты іскерлікке үйрету арқылы ұдайы қолдап, көтермелеп отыру аса маңызды. Әрбір жастың маңдай термен, еңбекпен келген мансабының құнын білуі, адал еңбек ету ар­қылы халық қолдауына ие болуы өздері тара­пынан жоғары бағалануы тиіс. Жастар бұдан артық байлық, құрмет жоқ екенін сезінулері керек. Ол ақша, мүлік жинауға емес, ел құр­метіне лайық болуға ұмтылуы тиіс. Қоғамдық пікірдің оңды қалыптасуын мәртебе тұтуы керек. Сонда ғана одан жақсы басшы шығады. Жастар – біздің болашағымыз. Ертеңгі жа­сампаз қоғам құру соларға тікелей байланысты. Сондықтан да еліміз жаңа тұрпаттағы ме­неджердің, саяси қайраткерлердің жаңа гене­рациясын қалыптастыруы қажет. Халық талай бағдарламалардың, жоспар­лар­дың дүниеге келгенінен хабардар. Бірақ солар­дың қайсысы орындалып, қайсысы қағаз жү­зін­де қалғанын білмейді. Қоғамдық пікірде қағазда жазылғандардың көбіне күмәнмен қарау жағы басым. Бағдарлама нақты жүзеге асқанда ғана халық оған ден қояды. Бұл стратегиялық жоспар – 2020-ның өз ерекшелігі бар. Онда белгіленген межелердің орындалуын бақылау, оған мониторинг және бағалау жүргізу, тиісті қадағалау орнату атап көрсетілген. Сондықтан да жаңа онжылдыққа белгіленген межелердің іске асуына күмән кел­тіруге болмас. Өйткені, жоспар жыл сайын нақ­тыланып, бақылауда болады. Оның орын­далуына жауапкершілік корпоративті немесе ко­миссиялық тұрғыда емес, жеке-дара жауап­кершілік жүктелген. Жоспардың орындалу ырғағы үнемі назарда ұсталады. Шынын айту керек, бізде бақылау жүйесі әлі де нақты емес. Жоғарыдан сұрау болғанда ғана еске түседі. Қалыптасқан дәстүрге айналған бақылау мен қадағалау, кедергілер мен келеңсіздіктердің ал­дын ала себептерін анықтау әдетке айналмаған. Жоғарыдан осы не болды деп қозғау салғанда, дүрбелең жасауға үйренгенбіз. Жаппай у-шу көтереміз. Бұдан шығатын нәтиже аз. Стратегияда жазылғанындай, енді мұндай берекетсіздікке жол жоқ. Тиісті мониторинг жүргізу арқылы жоспарлы нысандардың нақты орындалу нәтижесі бойынша азаматтарға хабар­ланып отырады. Әрбір нысан бойынша мемлекет өзіне қандай міндеттемелер алаты­нын, олардың бюджеттік құны қандай екені, қашан және қалайша олар іске асырылатыны, оларды іске асыруға жауапты кім болып табы­латыны туралы ақпарат беріліп тұрады. Мұның өзі басшылардың орындаушылық жауапкер­шілігін күшейтуді қамтамасыз етеді. Кімде-кім істі ұйымдастыра алмаса, қызметінен кетеді. Енді әке-көке емес, нақты ісің, ұйымдастыру қабілетің, іскерлігің ғана көмекке келеді. Стратегиялық жоспар – 2020-ны жүзеге асы­руда “Нұр Отан” партиясына үлкен міндет­тер жүктеліп отыр. “Біз бүкіл қоғамды, пар­тияның барлық мүшелерін, – деді Н.Назарбаев өзінің халыққа Жолдауында, – алдағы он­жыл­дық міндеттерін түсіндіру мен іске асыруға жұ­мылдырып, іс жүзінде бұл жұмысқа жетекшілік ететін және оны өзінің бағдарламасы жасайтын “Нұр Отан” партиясының мүшелеріне үлкен үміт артамыз”. Партия Елбасы Жолдауынан кейін бірқатар шараларды жүзеге асырды. Жергілікті аймақтарға насихат тобын жасақтап жіберді. Олар жер-жерде болып үгіт-түсінік жұмыстарын жүргізді. Насихат тобының мүшелері депутаттар, ми­нистр­лер, олардың орынбасарлары ауыл-ай­мақ­тарда болып қайтты. Олардың қаншалықты іс тындырғандарын қайдам, әйтеуір онжылдық жоспардың мәнділігіне жұртшылықтың наза­рын аударды. Елге барып қайтқан депутат­тардың бір тобы Елбасында болып, әсерлерін ортаға салды. Олардың әңгімелері, бір сөзбен айтқанда, Жолдауды ел қолдап, қуаттап жатыр, халықтың көңіл күйі жаман емес, дегенге сайды. Аймақтарда нендей кемшіліктерді, проблемаларды көргенін, оларды шешу жолында нендей кеңестер бергенін ешкім де ауызға алған жоқ. Әрине, кез келген үлкен науқанды бастарда оны қалың жұртшылықтың қолдауы, іштей қабылдауы өте қажет. Бірақ бұл ұзаққа созылмауға тиіс. Баспасөз, көгілдір экран арқылы сөйлеушілер де Жолдауды қолдау төңірегінен әлі аса алмай жатыр. Қазір жалғыз қолдау Жолдауға жеткіліксіз. Басты мәселе оны жүзеге асыруға кірісу керек, бұл жолда сөз емес, нақты іс керек. Бір сөзбен айтқанда, Елбасы Жолдауын жүзеге асыруда сөзден, мәжілісқұмарлықпен әуестенуден нақты іске, ұйымдастыру шараларына көшетін кез келді. Жарқын болашақ жолында іске сәт демекпіз. Әбдеш ҚАЛМЫРЗАЕВ, философия ғылымдарының докторы, профессор.