Қазақстан • 20 Наурыз, 2023

Қазақстанның Ақпараттық доктринасы бекітілді

355 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ақпараттық доктринасын бекіту туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанның Ақпараттық доктринасы бекітілді

«Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Ақпараттық доктринасы бекітілсін. Қазақстан Республикасының Үкіметі үш ай мерзімде Қазақстан Республикасының Ақпараттық доктринасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлесін және бекітсін. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі», делінген жарлықта.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
АҚПАРАТТЫҚ ДОКТРИНАСЫ

Мазмұны

 

1-бөлім. Кіріспе       

2-бөлім. Ағымдағы жағдайды талдау         

3-бөлім. Негізгі ережелер    

3.1. Мақсаттары мен қағидаттары  

3.2. Ақпараттық кеңістікті дамыту пайымы

3.3. Ақпараттық кеңістікті дамыту тәсілдері

3.3.1. Ақпараттық саясатты жетілдіру

3.3.2. Отандық ақпараттық контенттің бәсекеге қабілеттілігі мен сапасын арттыру

3.3.3. Ақпараттық кеңістікті құндылықтық тұрғыдан толықтыру

4-бөлім. Қорытынды

 

1-бөлім. Кіріспе

 

Елдің бірыңғай ақпараттық кеңістігінің орнықты жұмыс істеуін дамыту мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың базалық басымдықтарының бірі болып табылады.

Осы бағыт шеңберінде ашық ақпараттық кеңістікті, сұранысқа ие және мықты медианы қалыптастыруға, Қазақстан Республикасының Конституциясында кепілдік берілген сөз бостандығын, әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алу және тарату құқығын қамтамасыз етуге байланысты міндеттер кешені шешіледі.

Сонымен қатар, ақпараттық саладағы жаңа шынайы жағдай мен туындап жатқан ақпараттық қауіпсіздік қатерлері мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу тәсілдерін қайта ойластыруды, ақпараттық салада мемлекеттік институттар мен басқа да  қоғамдық қатынастар субъектілерінің арасындағы өзара қарым-қатынастардың жалпы парадигмасын өзгертуді талап етеді.

Бүгінгі күні әлем өз дамуының жаңа кезеңіне аяқ басты. Ақпараттық саланың барған сайын серпінді дамуымен күшейген жаһандану процесі жалғасуда. Технологиялардың дамуы, жаңа цифрлық және ақпараттық-коммуникациялық құралдардың жаппай енуі қазіргі заманғы медиакеңістікті түбегейлі түрде өзгертті.

Геосаяси турбуленттілік және халықаралық саяси аренадағы өзара сенімсіздіктің күшеюі ақпараттық өзара іс-мәселелеріне жаңаша қарауға мәжбүр етуде. Анық ақпаратты тарату, анық емес және манипуляциялық ақпаратқа қарсы іс-қимыл және жалпы алғанда, қоғамның бұқаралық ақпарат құралдарына (бұдан әрі – БАҚ) деген сенімін арттыру мәселелері барған сайын өзекті бола түсуде.

Саяси жаңғыру және қоғам өмірін одан әрі демократияландыру міндеттерін шешу ақпараттық саланы ырықтандыру, БАҚ саласындағы қарым-қатынасты шамадан тыс регламенттеуден бас тарту, сөз бостандығы мен пікір білдіру кепілдіктерін күшейту қажеттігіне байланысты.

Олардың негізінде Қазақстанда, өңірде және әлемде болып жатқан процестерге өзіндік көзқарасы бар, бәсекеге қабілетті және еркін БАҚ-тардың жұмыс істеуінің маңыздылығын ұғыну жатыр. Елдің шынайы ақпараттық қауіпсіздігі мен идеологиялық егемендігі осыған байланысты.

Жалпыұлттық құндылықтар мен саяси-әлеуметтік дүниетанымның тұтас жүйесін, әсіресе тарихи турбуленттілік жағдайында қалыптастыруға деген сұраныс артып келеді.

Осыған байланысты, жаһандық ақпараттық экожүйенің толыққанды қатысушысы ретінде Қазақстан Республикасының алдында елдің осы саладағы ұлттық мүдделерінің мәнін көрсететін нақты ақпараттық-коммуникациялық императивтер мен құндылық бағдарларын әзірлеу міндеті тұр.

Бұл стратегиялық міндетті іске асыру ұзақ мерзімді перспективада мемлекеттік ақпараттық саясаттың негізгі векторы мен базалық тәсілдерін айқындауға мүмкіндік беретін доктриналық, дүниетанымдық сипаттағы құжат әзірлеуді талап етеді.

Ақпараттық доктрина (бұдан әрі – доктрина) отандық ақпараттық саланы дамыту көзқарастарының, оның ашықтығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру қағидаттары мен тетіктерінің жүйесін білдіреді. Доктрина  халықтың мүддесіне сай келетін, мемлекет пен қоғамның одан әрі дамуына ықпал ететін идеялық-құндылық бағдарларды да айқындайтын болады.

Ақпараттық-коммуникациялық саладағы мемлекеттік саясатты қалыптастырудың негізге алынатын құжаты бола отырып, доктрина қоғам мен мемлекет мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз етуге, медиалық процестің барлық субъектілерінің құқықтарын іске асыруы үшін тең жағдайлар жасауға арналған.

Доктринаны іске асырудың негізгі бағыты елдің және оның азаматтарының ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ақпараттық сын-қатерлер мен тәуекелдерге уақтылы ден қою болып табылады.

 

2-бөлім. Ағымдағы жағдайды талдау

 

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның ақпараттық саясаты өз дамуының бірнеше кезеңінен өтті. 1990-шы жылдардың басынан 2000-шы жылдардың басына дейін отандық телевизия мен баспа индустриясының белсенді түрде қалыптасу үрдісі байқалды. Осы кезеңде мемлекеттік ақпараттық саясат отандық БАҚ-ты қолдауға бағытталды, бірақ, бұл ретте медиасаланың барлық субъектілерінен тең қашықтықты сақтау қағидатын ұстанды.

2000 – 2010 жылдар аралығында отандық медианың дамуына, ақпарат тарату нарығында үстемдікке ұмтылатын ірі ойыншылардың пайда болуына орай мемлекеттік ақпараттық саясат медиалық саланы реттеу әдістерін  регламенттеуге және күшейтуге бағытталды.

Соңғы жылдары ұлттық медиакеңістігі біртіндеп, бірақ айтарлықтай трансформацияға ұшырауда. Жаңа коммуникация арналарының пайда болуына байланысты аудиторияны одан әрі сегменттей отырып, медиатұтыну мәдениеті де өзгерді. Ақпараттық орта шекараларының біртіндеп жойылуы бұқаралық санаға әсер ететін факторлардың спектрін кеңейтті.

Дегенмен, «мемлекет – қоғам – азамат» қатынастары жүйесіндегі коммуникативтік тетіктердің жетілмегендігі ақпараттық ашықтық қағидатын толыққанды іске асыруға кедергі келтіреді.

Мемлекеттік және қоғамдық институттардың мәлімделетін ақпараттық ашықтығы ақпараттық жұмысты жоспарлау мен жүргізу тәсілдерін қайта қарауды және формализм көріністерін жоюды талап етеді.

Құқық қолдану практикасын бағалау қоғамның ақпаратқа қол жеткізу құқығы туралы нашар білетінін, халықтың ақпараттық сауаттылық деңгейінің төмен екенін көрсетеді. Бұл ақпараттық ұшындыруға қарсы іс-қимыл тетіктері тиімділігінің төмен болуымен бірге тұтынушылардың оқиғаларды бұрмалап қабылдауына ықпал етеді және қате мінез-құлық көзқарастарын қалыптастырады.

Медиалық кеңістікте түрлі манипуляторлық технологияларды пайдалана отырып, арандатушы және беделін түсіруші контентті тарату қаупі азаматтардың, әсіресе кәмелетке толмағандардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын көрсетеді.

Оның үстіне, «нейрожелі» және «deepfake» технологияларының таралуына орай медиакеңістікке жалған бейне-, аудиоконтентті тарату тәуекелі де бар.

Жалпы алғанда, ақпараттық кеңістіктің ашықтығы республиканың медиалық саласының жалпы әлемдік трендтерден артта қалғанын көрсетті,  бұл  отандық БАҚ-тың тіпті ішкі ақпараттық өрісте де шетелдіктермен бәсекелес болуын қиындата түседі. Осы тұрғыда  қазақ тіліндегі ақпараттық ресурстардың қоғамдық сананы қалыптастыруға әсер ету мәселесі өте өзекті болып отыр.

 Қазақстан Республикасының ақпараттық кеңістігінің дамуын талдау отандық ақпараттық ортаны азаматтардың құндылық-идеологиялық көзқарастарына теріс әсер ететін және ішкі саяси тұрақтылыққа қатер төндіретін сыртқы деструктивті әсерден, жалған ақпараттан қорғау жөнінде шаралар қабылдау қажеттігін көрсетеді.

Сонымен қатар, БАҚ-тың жекелеген түрлері бөлінісінде отандық медиасаланы дамытудың өзіндік ерекшеліктері бар:

1. Бүгінгі күні азаматтардың 9 %-дан астамы үшін баспа басылымдары әлі де негізгі ақпарат көзі болып қалып отыр. Бұл ретте газет оқуға деген қызығушылықтың адам жасына тікелей тәуелді екені байқалады – адамның жасы неғұрлым үлкен болса, ол баспа басылымдарын соғұрлым жиі оқиды. Ауқымды аудиторияның баламалы коммуникация арналарына көшуі қоғамның баспа басылымдарына деген қызығушылығының  ұдайы төмендеп бара жатқанын айғақтайды.

Осындай жағдай телерадио хабарларын таратуда да байқалады. Бірақ, бұл ретте танымалдылық деңгейіндегі алшақтық әсіресе өңірлер бөлінісінде жергілікті телевизия деңгейінде байқалады, бұл көбінесе монетизация деңгейінің төмендігіне және халыққа ұсынылатын контенттің сапасына байланысты.

Негізгі телевизия контенті сериалдар мен ойын-сауық сипаттағы ток-шоуларға толы. БАҚ-тың танымал болуының маңызды құрамдас бөліктері, халықтың медиалық сауаттылығын арттыру және тұтынылатын контентке сыни көзқарасты қалыптастыру факторы – талдамалық бағдарламалардың, журналистік зерттеулердің, жарқын публицистиканың тапшылығы байқалады.

Жалпы, телерадио хабарларын тарату саласындағы барлық субъектілердің техникалық базасы елеулі түрде жаңғыртуды қажет етеді.

Дегенмен, телевизия мен радио өзінің аудиториясы ең ауқымды болатын, ең ықпалды ақпарат көздерінің бірі болып қала береді. Сонымен қатар, олар төтенше жағдайлар кезінде халықты жедел хабардар ету міндеттерін шешу құралы болып табылады, елдің ең шалғай нүктелеріне жетуге мүмкіндік береді және адамдардың елде және әлемде болып жатқан оқиғалардан хабардар болуына мүмкіндік береді.

Отандық теле- және радиостанцияларға тиісті көңіл бөлінген жағдайда, олардың шетелдік медиа алпауыттарымен бәсекеге түсуге мүмкіндік беретіндей әлеуеті бар екенін атап өту қажет. Бұл ретте мемлекеттік тілдегі контенттің оң өсу серпіні байқалады және орта мерзімді перспективада бұл үрдіс тек күшейе түседі.

2. Соңғы жылдары интернет-ресурстар отандық БАҚ арасында кең танымалдыққа ие болуда, бірақ мұндада мемлекеттік тілде сапалы контент жасау мәселесі өзекті күйінде қалып отыр.

Бұл ретте интернет-БАҚ тек жаңалықтар таспасы форматында ғана басым бола бастады. Бейінді жаңалықтар материалдарын жасаумен қатар, авторлық және журналистік зерттеуді дамыту өзекті күйінде қалып отыр. Жергілікті жерлерде, оның ішінде конвергентті және мультимедиялық журналистика бойынша кәсіби мамандардың жетіспеушілігі салдарынан тұрғындарды жедел хабардар ету әлі күнге дейін қамтамасыз етілмейді.

Интернет-БАҚ-ты негізінен жаңалықтар агрегаторы ретінде көрсету контент тұтынушыларының әлеуметтік медиаға көшуіне белгілі бір дәрежеде ықпал етті.

Бұл бағыттағы тағы бір өзекті мәселе – нарықтың шектеулі екені.
19 миллион халқы бар еліміз үшін интернет-БАҚ-тың жұмысын монетизациялау өте қиын, бұл отандық журналистердің біліктілігіне де теріс әсер етеді.

3. Мобильді Интернеттің дамуының арқасында әлеуметтік желілер ел халқының кем дегенде жартысы, негізінен жастар үшін негізгі ақпарат көзіне айналды (2021 жылғы әлеуметтанушылық зерттеулер респонденттердің 45,2%-ы әлеуметтік медиадан ақпарат алуды таңдайтынын көрсетті).

Жаһандық мессенджерлер мен онлайн-платформалардың дамуы медиаиндустрияның архитектурасын түбегейлі түрде өзгертті. Жалған ақпарат көздерінің біріне айналып отырған кейбір әлеуметтік желілерді саясаттандырудың барынша өсуі байқалады.

Медиа-нарықта әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің пайда болуы тұтынушыға онлайн-режимде ақпарат алуға мүмкіндік бере отырып, ақпарат алмасу процесін түбегейлі түрде өзгертті. Әлеуметтік желілер коммуникацияның негізгі арнасына және контентті тарату ортасына айналды, бұл нәтижесінде дәстүрлі БАҚ арқылы ақпаратты тұтыну үлесінің төмендеуіне алып келді. COVID-19 коронавирустық инфекциясының пандемиясы әлеуметтік медианың позициясын  одан әрі күшейтті.

Мессенджерлердің дамуына, блогерлік феноменнің пайда болуына байланысты дәстүрлі журналистиканың классикалық ұғымы мен аудиторияны хабардар ету әдістері трансформацияға ұшырады.

Қазіргі кезде кейбір блогерлердің аудиториясы сан жағынан жекелеген БАҚ аудиторияларымен бәсекелесе алады. Бұл ретте блогосфераның қоғамдық-саяси ақпарат алудың баламалы арнасына айналу үрдісі байқалады.

Виртуалды шындық (VR) және толықтырылған шындық (AR) сияқты технологиялар танымалдылығының артуы байқалады, олар  тұтынушылармен барынша белсенді өзара іс-қимылды қамтамасыз ете отырып, әлеуметтік желілермен интеграциялануға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, мәтіннің немесе бейненің үзіндісі түріндегі қысқа және жеңіл контенттің танымалдылығы бұқаралық аудитория күрделі және құрылымдалған ақпарат қабылдауды тоқтататын медиатұтыну әдеттерінің өзгеруіне алып келеді.

Ақпараттар ағынын қысқа және жарқын бейнелер арқылы қабылдау тұтас бір түсінік бермейді, білімнің бөлшектенуіне алып келеді. Сыни тұрғыдан ойлау дағдылары болмаған жағдайда, бұл жаппай жалған ақпарат пен қоғамдық пікірді манипуляциялау тәуекелін тудырады.

 

3-бөлім. Негізгі ережелер

3.1. Мақсаттары мен қағидаттары

 

Осы доктринаның мақсаты елдің ақпараттық қауіпсіздігі мен идеологиялық егемендігін қамтамасыз ету, қазіргі заманғы үрдістер мен сын-қатерлерге жауап беретін, қоғамды топтастыруға  және азаматтық бірдейлікті нығайтуға бағытталған ақпараттық саясатты құру болып табылады.

Бұл ретте доктрина ақпараттық саланың барлық қатысушыларының мынадай негізгі өзара іс-қимыл қағидаттарын айқындайды:

сөз бостандығы. Доктрина қазақстандықтардың бірлігі мен топтасуының негізгі факторы ретінде сөз бостандығы мен пікір алуандылығын  қорғау қағидатын ұстанады;

ақпаратқа қол жеткізу. Доктрина әрбір азаматтың мемлекет кепілдік берген және Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында бекітілген ақпаратты заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін алу және тарату құқығынан туындайды;

дамуға бағдар. Доктринаның негізгі міндеттерінің бірі бүкіл ақпараттық кеңістіктің үздіксіз дамуы мен сапалы өсуіне жағдай жасау, сондай-ақ отандық медиа өнімдерінің бәсекеге қабілетті болуы мен азаматтар арасында сұранысқа ие болуын арттыру болып табылады;

сенім және құпиялылық. Ақпаратты трансляциялайтын медиалық процеске қатысушылар, оның ішінде БАҚ бұрмалау және манипуляция жасау элементтерінсіз объективті және анық ақпарат беруге мүдделі болуға тиіс. Барлық шаралар коммуникативтік процестің барлық қатысушылары арасында сенім деңгейін арттыруға бағытталуға тиіс. Бұл ретте доктрина әркімнің жеке өміріне қол сұғылмаушылық жеке және отбасылық құпия, өзінің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау құқығын қолдайды;

ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Ұлттық ақпараттық кеңістікті дамыту және бәсекеге қабілетті отандық медиасаланы қалыптастыру сыртқы сын-қатерлерге қарсы іс-қимыл мен олардың салдарын төмендетудің шешуші факторы, сондай-ақ саланың орнықты дамуының базалық шарты болуға тиіс.

 

3.2. Ақпараттық кеңістікті дамыту пайымы

 

Ақпараттық кеңістікте медиалық процестің барлық қатысушылары мүдделерінің теңгерімі қамтамасыз етілген.

Реттеу мен қолдаудың құқықтық және институционалдық тетіктері отандық медиасаланың серпінді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

Қоғамдық санадағы іргелі рухани-адамгершілік, дәстүрлі құндылықтар көзқарастары ақпараттық кеңістіктегі негізгі идеологиялық векторды айқындайды.

Қоғамда деструктивті, манипуляциялық және анық емес контентке төзімді  иммунитет қалыптастырылды, ақпараттық кеңістікті сыртқы қатерлерден  қорғаудың тиімді жүйесі құрылды.

Азаматтар медиалық және ақпараттық сауаттылықтың жоғары деңгейіне ие.

Тәуелсіз беделді отандық БАҚ әлемдік медиа-нарықта бәсекеге түсуге мүмкіндік беретін сапалы контент шығаруда.

Мемлекеттік ақпараттық саясат серпінді дамуға алғышарттар мен жағдайлар жасай отырып, ақпараттық кеңістікті дамытудың өзекті үрдістеріне сәйкес келеді.

 

3.3. Ақпараттық кеңістікті дамыту тәсілдері

 

Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтың бір бөлігі болып табылатынын ескере отырып, мемлекеттік ақпараттық саясат өзгермелі әлемдік процестер мен үрдістерге жүйелі ден қоюды, сондай-ақ ұлттық мүдделерге сәйкес жаңа құралдарды белсенді түрде енгізуді көздейтін болады.

Сонымен қатар, мұнда Қазақстанның сыртқы және ішкі даму контурындағы нақты жағдайларды ескеретін теңгерімді және прагматикалық көзқарас қажет.

Доктринаны іске асыру аясында қабылданып жатқан шаралар кешендік тұрғыда отандық ақпараттық өнімнің және тұтас саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға; ақпараттық өрістің негізгі саяси-идеологиялық бағыттарында ұлттық құндылықтардың үстемдігін қамтамасыз етуге; сыртқы ақпараттық ықпалды тежеудің тиімді тетіктерін тұжырымдауға; халықаралық деңгейде сапалы ақпараттық қатысуды арттыруға; саланың нормативтік құқықтық базасын жетілдіруге ықпал етуге тиіс.

Ақпараттық кеңістікті дамытудың негізгі тәсілдері:

- ақпараттық саясатты жетілдіру;

- отандық ақпараттық контенттің бәсекеге қабілеттілігі мен сапасын арттыру;

- ақпараттық кеңістікті құндылықтық тұрғыдан толықтыру.

 

3.3.1. Ақпараттық саясатты жетілдіру

 

Мемлекеттік ақпараттық саясат мыналарды қамтамасыз етеді:

1) ішкі және сыртқы ақпараттық өрісте ұлттық мүдделерді ілгерілету;

2) бәсекеге қабілетті және қауіпсіз ұлттық ақпараттық кеңістікті қолдау және дамыту, жергілікті БАҚ-ты нығайту;

3) Қазақстанды аймақтық ақпараттық хабқа айналдыру, аймақтық интеграцияның бірыңғай стратегиясын қалыптастыру;

4) Қазақстан үшін практикалық қызығушылық тудыратын халықаралық ақпараттық компаниялармен тең құқылы және өзара тиімді қатынастарды нығайту;

5) азаматтардың, қоғам мен мемлекеттің мүдделерінің, құқықтары мен бостандықтарының теңгерімін, олардың өзара жауаптылығын сақтау;

6) отандық ақпараттық кеңістікте үстемдікті қамтамасыз ету, негативті ақпараттық ықпал ету қатерлеріне ден қою және жалған нарративтермен күресу мәселелерінде мемлекет пен қоғамның тиімді өзара іс-қимылы;

7) ақпараттық қауіпсіздік тәуекелдерін басқарудың қазіргі заманғы әдістерін енгізу;

8) сыртқы ақпараттық шабуылдарға, деструктивті идеологияның, үгіт-насихат пен жалған ақпараттың таралуына қарсы іс-қимыл тетіктерін жетілдіру;

9) мемлекет пен БАҚ әріптестігінің оңтайлы моделін, оның ішінде медиасаланың дамуын ынталандыру тетіктерін қалыптастыру;

10) медиасаланың жаңа субъектілері (интернет-платформалар, әлеуметтік желілер, инфлюенсерлер және т.б.) қызметінің ашықтығын қамтамасыз ететін заңнамалық шараларды қабылдау;

11) салалық журналистиканы және журналистік қызметті өзін-өзі реттеу институттарын дамыту үшін жағдайлар жасау;

12) конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен ынсаптылығын сақтау мақсатында қажет шамада ғана және тек заңдармен шектелуі мүмкін әркімнің мемлекет иелігіндегі ақпаратқа тең қол жеткізу құқығын қамтамасыз ету.

 

3.3.2. Отандық ақпараттық контенттің бәсекеге қабілеттілігі мен сапасын арттыру

 

Отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сапалы отандық контентті қалыптастыру,  оған деген сұранысты ұлғайту мақсатында:

1) халық арасында сыни ойлауды дамытуға, орнықты моральдық-адамгершілік бағдарларды қалыптастыруға ықпал ететін талдамалық мазмұны бар отандық ақпараттық өнімнің үлесін арттыру;

2) халықтың түрлі нысаналы топтары үшін ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және мемлекет имиджін нығайтуға бағытталған ғылыми-білім беру, мәдени-ағарту сипатындағы, бос уақытқа арналған және өзге де сипаттағы ақпараттық жобаларды қолдау;

3) отандық ақпараттық өнім өндірушілердің сыртқы нарықтарға шығуын ынталандыру;

4) журналистер мен инфлюенсерлердің кәсіби дағдыларын жетілдіруге  жағдай жасау;

5) жаңа ақпараттық трендтерді және цифрлық технологияларды игеру;

6) қала мен ауыл арасындағы Интернетке қол жеткізудегі алшақтықты азайту;

7) телекоммуникация инфрақұрылымын дамыту саясатын жалғастыру және ақпарат және телерадио хабарларын тарату саласында қазіргі заманғы отандық техникалық стандарттарды енгізу жоспарлануда.

 

3.3.3. Ақпараттық кеңістікті құндылықтық тұрғыдан толықтыру

 

Түрлі медиаарналар арқылы трансляцияланатын дүниетанымдық көзқарастар негізін Қазақстанның әлемдік аренадағы ұстанымдарына сәйкес келетін, әрбір азаматқа қоғамымыздың негізгі құндылықтарын жеткізетін идеялар құрауға тиіс.

Мемлекеттік ақпараттық саясаттың идеологиялық құрамдас бөлігі қоғамды топтастыруға, адамгершілік қағидаттарын нығайтуға, сондай-ақ мынадай ұлттық құндылықтарды ұстануға бағытталатын болады:

1) қазақстандық қоғамның басты  құндылығы – тәуелсіздік пен патриотизм. Тәуелсіздіктің арқасында қоғам мен адам еркін және үйлесімді дамуға мүмкіндік алды. Патриотизм азаматтардың тәуелсіздікті қорғауға дайын болуынан ғана емес, елдің бүгіні мен болашағы үшін жеке жауаптылықты сезінуінен де көрінеді;

2) әділеттілік, заңның үстемдігі және сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік. Қоғамда, экономика мен саясатта әділ қатынастарды қалыптастыру елдің табысты дамуының кепілі болып табылады. Құқықтық мәдениетті үнемі жетілдіріп отыру қажет. Заңдылық пен құқықтық тәртіп – әрбір азаматтың саяси, азаматтық, мәдени құқықтарын іске асырудың басты шарты. Цензураға тыйым салумен және азаматтық жауаптылықпен ұштасқан сөз бостандығы ақпараттық саланы дамытудың негізгі қозғаушысы болып қала беруге тиіс;

3) мемлекеттік тіл, тарих және мәдениет. Мемлекеттік тіл  топтастырушы фактор болып табылады. Қазақ тіліндегі контенттің сапасын үнемі арттырып, оның таралу ауқымын кеңейту керек. Ұлттық тарих пен мәдениет қоғамның жасампаз қуатының қайнар көзі болып табылады. Бұл құндылықтарды дәріптеу қоғамда өзара түсіністік пен бірліктің берік іргетасын жасап, ортақ болашақтың контурын қалыптастырады;

4) еңбексүйгіштік пен білімге ұмтылу. Бұл құндылықтар жеке табыс пен қоғамның әл-ауқатын арттырудың кепілі бола отырып, кәсібилік пен құзыреттіліктің негізі болып табылады. Біздің қоғамда еңбек адамы өнеге тұтар үлгі болуға тиіс;

5) отбасы құндылықтары және баланы қорғау. Отбасында адамгершілік тәрбиесінің, дәстүрлер сабақтастығының және ұлттың мәдени кодын сақтаудың негіздері қаланады. Ақпараттық саясат дәстүрлі отбасы институтын нығайтуға, бақытты балалық шақты қамтамасыз етуге бағытталған;

6) жасампаздық және прогрестілік. Азаматтардың қажыр-қуаты мен таланты – ел дамуының негізгі факторы. Азаматтардың шығармашылық қабілеттерін ашуға және өз мүмкіндігін өзі іске асыруына жағдай жасау халықтың жасампаздық күшіне серпін береді;

7) табиғатқа, қоршаған әлемге ұқыпты қарау. Экологиялылық – барлық азаматтар, мемлекет және бизнес үшін стратегиялық маңызды өмірлік қағидат. Экологиялық ойлауға баулу ақпараттық саясаттың негізгі бағыты болуға тиіс.

 

4-бөлім. Қорытынды

 

Осы доктрина қазіргі заманғы мемлекеттік ақпараттық саясатты қалыптастыру философиясы мен рухын көрсететін тұжырымдамалық құжат болып табылады.

Доктринаны іске асыру құжатта баяндалған көптеген проблемаларды шешуге, ықтимал тәуекелдердің алдын алуға және осы жоғары серпінді салада жүйелік саясатты жолға қоюға мүмкіндік береді.

Доктринада мәлімделген ақпараттық саладағы қоғамдық қатынастардың барлық субъектілерінің негізгі өзара іс-қимыл қағидаттарының сақталуы елдің медиасаласын жаңа сапалық, бәсекеге қабілетті даму деңгейіне шығарады.

Доктринаны іске асырудың қорытындысы әлемдік медиа нарығының органикалық және тең дәрежелі бөлігі ретінде отандық ақпараттық кеңістікті қалыптастыру болуға тиіс.

Азаматтық қоғам институттарын, БАҚ пен Қазақстанның ақпараттық кеңістігінің басқа да субъектілерін белсенді түрде тарту доктринаның мақсаттарына қол жеткізу мен міндеттерін іске асыруға ықпал ететін болады. Қоғамдық институттардың саналы және жауапты қолдауы болмаса, толыққанды ақпараттық егемендікті қамтамасыз ету мүмкін емес.

Қоғамды топтастыруға және азаматтық бірдейлікті нығайтуға ықпал ете отырып, ұзақ мерзімді перспективада ақпараттық саясаттың векторы мен мазмұнын айқындайтын негізгі алынатын құндылықтар осы доктринаның маңызды құрамдас бөліктері болып табылады.

Доктрина жалған ақпаратқа қарсы іс-қимылдың мемлекеттік тетігін жетілдіруге, ақпараттық процестің барлық қатысушылары арасында тиімді коммуникациялар жүйесін құруға мүмкіндік береді, Әділетті Қазақстанды құру бағыты аясында ақпараттық саланың міндеттерін шешуге ықпал ететін болады.