Еңбек • 20 Наурыз, 2023

Ардақ ӘБІШЕВ, қолөнерші: Ең негізгі білім көзі – халықтың өзі

550 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сәнді әшекейлерді, зергерлік бұйымдарды жасау бұрын хобби болса, қазір – бизнес. Осы орайда қолөнерші, кәсіп­кер Ардақ Әбішевпен Нау­рыз мере­кесі қарсаңында әңгі­мелесіп, зергерлік саладағы мәселелерді тілге тиек еткен едік.

Ардақ ӘБІШЕВ, қолөнерші: Ең негізгі білім көзі – халықтың өзі

– Ардақ, қолөнерге кә­сіби тұрғыда қашан кірісе бастадың?

– Зергерлікпен, қолөнер­мен айналысқаныма он шақты жылдың жүзі болды. Әуелі белгілі шебер Серікқали Көкенов аға­мыздың алдына шәкірт болып келіп, үш жылдай сол кісіден тәлім алдым. 2016 жылдан бастап өзімнің шеберханамды ашып, жеке айналыса бастадым. Күмістен қазақтың дәстүрлі зергерлік, әшекей бұйымдарын жасау­мен айналысамын. Дәс­түрлі зергерлік өнердің Батыс Қазақстан немесе Маңғыстау стилі деп аталатын бағытында жұмыс істеймін. Сақина, жүзіктен бастап өңір алқа, жай ал­қа, өңіржиек, бойтұмар, бес­бі­лезік, қосбілезік, жұмыр біле­зіктер, құдағи жүзіктер, одан бөлек шашбау, шолпы сияқты бұйымдарды жасаймыз. Қазақта әйел адам тағатын қан­дай әшекей бұйым бар, соның барлығын дерлік жасап, нарыққа шығаруға тырысамыз.

– Әшекей бұйымдарды жасау үшін этнографиядан, ежелгі тарихтан хабардар болу керек шығар. Бұл тұрғыда біліміңді қалай жетілдіресің?

– Үнемі ізденісте жүре­мін. Қолөнершілер одағының мүшесімін. Ол жерде жасы да үлкен, тәжірибесі де мол шебер ағаларымыз бар. Солармен жиі әңгімелесіп, ақыл-кеңес, бағыт-бағдар алып тұрамын. Одан бөлек, кітаптар оқып, білімімізді толықтырамыз. Интернет мүмкіндігін де пайдаланамыз. Шыны керек, бізде материал өте аз. Әлкей Мар­ғұлан атамыздың, бертіндегі Дәркембай Шоқпарұлының еңбектері бар. Бірақ соның барлығында зергерлік бұйым­дар туралы жалпылама жазылған. Ал әр зергерлік бұйымның атын атап, тү­сін түстеп, ерекшелігін ай­шықтап жазған не оқулық, не кітап әзірге жоқ. Біз үшін ең негізгі білім көзі – халықтың өзі. Көненің көзіндей бол­ған ата-әжелеріміз түрлі бұйымдардың шығу тарихын, әр зергерлік бұйымның өзіне тән сырын айтып отырады. Өзінде бар әше­кейлерді көрсетеді. Біз соны көріп, естіп, жадымызда тоқуға тырысамыз.

– Бір дүниені жасап шы­ғуға қанша уақыт жұм­салады? Бір мезетте бір­неше бұйымды жасаумен қатар айналысатын сәттер бола ма?

– Екі-үш бұйымды қатар жасау деген біз үшін дағдыға айналып кеткен. Мысалы, 1 кило күмістен бірнеше бұйым шығару үшін созатынын созып, құйып, кесіп, алдына ала дайындап қоямыз. Тапсырыс келген кезде бірден іске кірісеміз. Шеберханада өзіммен бірге төрт жігіт жұмыс істейді. Оларға қарағанда тәжірибем көбірек. Сол себепті ретіне қарай ақы­лымды айтып, кеңес беріп, бірлесе еңбек етіп келеміз.

– Еліміздегі Қолөнер­шілер одағының да тыны­сынан хабар беріп өтсеңіз?

– Одақтың жұмысы өте белсенді жүріп жатыр. Былтыр он жылдығын атап өттік. Қазір түрлі тренинг, семинар, шеберлік кластарына қатысып жүрміз, соның бәрін одақ ұйымдастырады. Кітап, журнал, буклеттер шы­ғарумен айналысады. Одақ отандық шеберлерді ше­телге шығарып, басқа да өнер ұйымдарымен байла­нысуға мүмкіндік жасап отыр. Былтыр халықаралық деңгейдегі үлкен фестиваль ұйымдастырып, оған мықты сарапшылар қатыс­ты. Сондай-ақ әйел қол­өнер­шілерді насихаттау бойын­ша да үлкен жұ­мыс атқа­рып келеді. KazTrade және Ready4Trade бағдар­ламаларына қатысуымызға мүмкіндік туғызды. Ready4Trade – International Trade Center-дің жобасы. Елімізде KazTrade және Қазақстан қолөнершілер одағымен бір­лесе жасап жатыр. Бағ­дар­ламаны Еуро­палық одақ қар­­жы­­ландырып отыр. Осы жо­баның аясында біршама семинарға қатысып, білім көкжиегімізді кеңейт­тік. Кәсіп жүргізудің қыр-сырына да қанықтық. Негізгі бағыт – электронды сауданы дамыту бойынша жүргізілді. Жобаға бірнеше қолөнерші, шағын және орта бизнес өкілдері қатысты. Бизнесті жүйелеу, электронды сауда нарығына шығу, өзге елдерге өнім сату, ол жақтың нарығымен байланыс орнату бойынша білім алдық. Бұл сабақтар әсіресе, пандемия уақытында үл­кен көмегін тигізді. Сабақ барысында клиентпен сөй­лесу, өз бизнесіңді қа­лай жарнамалау, жасаған әшекейіңді қалай фотоға түсіру сияқты қарапайым дүниелерді де үйретті. Бағдарламаға қатысқалы бері сауда айналымы 2-3 есе өсті. Жақында ғана осы жобаның қорытындысын шығаруға арналған Дубайда өткен конференцияға барып қайттық. Онда Орталық Азия елдері арасында электронды коммерцияны дамыту мәселелері талқыланды.

– Салада қандай проблемалар бар?

– Біз сияқты кәсіп­кер­лерге арнайы субсидия, жеңілдік қарастырылса дей­міз. Әрине, шағын және орта бизнес өкілі ретінде банк­тен несие алуымызға болады. Бірақ олардың пайызы жоғары. Банк ірі зергерлік зауыттарға да, біз сияқты ұсақ кәсіпкерге де бірдей талап қояды. Осы мәселелер реттелсе деген тілегіміз бар. Қолөнершілерге арналған бизнесті құру және оны жүргізуге қатысты арнайы бағдарлама қабылданса деген ұсынысымыз бар. Мемлекет қолдау көрсетсе, бұл сала әрі қарай қарқын алып кетер еді деп ойлаймын.

– Өнімдерге деген сұ­раныс динамикасы мау­сымдық кезеңге байланыс­ты өзгеріп отыра ма?

– Сұраныс негізінен көк­тем кезінде артады. Негі­зі ақпаннан басталып, ма­мырға дейін белсенді түрде жалғасады. Батыста Амал мерекесі ретінде басталған Наурыз мерекесі елімізде жақсы тойланады ғой. Жел­т­оқсаннан бастап тапсырыс қабылдаймыз. Ал жазға  қарай сұраныс деңгейі тө­мен­дейді. Батыс зергерлік бұйымдарының шығыс бұйым­дарынан кәдімгідей айыр­машылығы бар. Түр сипаты жағынан да, жасалу техникасы тұрғысынан да. Шығыс адамдарына жеңілдеу әшекейлер көбірек ұнаса, батыс жақ тұрғындары салмақтырақ, көлемді бұйым­­­дарды таққанды жақ­­сы көреді. Сұраныс та осы ерекшеліктерге сәйкес қа­лып­тасады.

 

Әңгімелескен

Абай АЙМАҒАМБЕТ,

«Egemen Qazaqstan»