Пікір • 26 Наурыз, 2023

Теріскей өңірлерге тіл басқармалары қажет

584 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары қоғамда өңірлердің Тілдерді дамыту басқармалары өз міндетін жөнді атқармай, әкімдіктердің аударма бөлімдеріне айналып кетті деген сын жиі айтылып келді. Мұның аяғы бірқатар өңірде аталған мемлекеттік органның жабылып, Ішкі саясат және Мәдениет басқармаларына шағын бөлімдер ретінде қосылуына әкелді. Алайда мұндай шешім еліміздің орыстілді тұрғындарының қатары қалың облыстарда­ қазақ тілінің іс жүзіндегі мәртебесін бұрынғыдан да төмендете түскенін арада өткен уақыт айғақтап берді.

Бұған жуырда Солтүстік Қазақстан облы­­сындағы бірқатар қазақ мектебінде болғанымызда көз жеткіздік. Жергілікті мұғалімдердің айтуынша, ұлы Мағжан ақынның елінде қазақ тілі өзінің бұрынғы позициясынан да айрылып қалып отыр. Себебі соңғы кезде мемлекеттік органдарда ресми құжаттар мектептерге бір-ақ тілде келетін болыпты. Қай тілде екені айтпаса да түсінікті: теріскейде орыс тілінің айдарынан жел есіп тұрғаны әмбеге аян. Мұның бірден-бір себебі – бұрынғы облыс басшысының кезінде өңірдің Тілдерді дамыту басқармасы жабылып, Мәдениет басқармасына қосылғанында. Соның салдарынан мемлекеттік мекемелерде тіл заңнамасының орындалуын қадағалау ісі ақсап кеткен. Сөйтіп, облыстың Тілдерді дамыту басқармасын қайтадан ашу қажеттігі айдан анық болып тұр. Бұл – облыс әкімдігінің құзыретіндегі мәселе. Жергілікті тіл жанашырлары өңірдің жаңа басшысы дұрыс шешім қабылдайды деп үміттеніп отыр.

Рас, былтырдан бері «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің өңірлік филиалдарының қызметі біршама жандана бастаған сияқты. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысындағы филиал мемлекеттік тапсырыс алуға қол жеткізіп, мемлекеттік тілімізді үйрену қажеттігі жөнінде жұртшылық арасында қыруар жұмыс атқарып келеді. Әйткенмен, мұндай қоғамдық ұйымның тіл заңнамасының орындалуын қадағалау функциясы жоқ. Сондықтан ол мемлекеттік органдарда іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуге еш ықпалын тигізе алмайды. Бұл шаруамен облыстың Мәдениет басқармасының тілдерді дамыту бөлімі айналысуға тиіс. Алайда оның бұрынғы Тілдерді дамыту басқармасына жүктелген ауқымды жұмысты толыққанды атқаруға мүмкіндігі жеткіліксіз.

Жалпы, бүгінгі таңда еліміздің 20 өңірінің тоғызында ғана – Ақтөбе, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарында ғана Тілдерді дамыту басқармалары жұмыс істейді. Осындай бұрынғы мемлекеттік органдар қазір Ақмола, Қызылорда облыстарында Ішкі сая­сат басқармаларының, Абай, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Түркістан, Ұлытау облыстарында, Шымкент қаласында Мәдениет басқармаларының бөлімдеріне айналған. Астана қаласында Тілдерді дамыту және архив ісі басқармалары біріктірілген. Алматы қаласы әкімінің аппараты жанында Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығы ғана бар. Бұл деректерден өңірлердегі мемлекеттік тіл саясатын жүргізу өңірлік әкімдіктердің құзыретіне берілгендігі және орталықтан бірыңғай тәсіл ұсынылмағандығы көрініп тұр. Мұны құптау қиын. Себебі Тілдерді дамыту басқармалары қазағы қалың Алматы, Атырау, Жамбыл, Жетісу облыстарында дербес жұмыс істеп, орыстілді азаматтардың үлес салмағы әлі де басым, әрі мемлекеттік тілдің қолданылу аясы көңіл көншітпейтін Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында Мәдениет басқармаларының құрамындағы бөлімдер болып қалғаны қандай қисынға келеді? Ең бастысы – осындай оңтайландырудан мемлекеттік тіліміздің мәртебесі өсіп, қолданылу аясы кеңейді ме? Іс жүзінде олай болмағанын бүгінде қалыптасып отырған ахуал көрсетіп отыр.

Шынтуайтында, теріскей өңірлерде өмір сүріп жатқан көптеген этностың ешқайсысы қазақ тілінің дамуына, оны үйренуге қарсы емес. Бұл ретте Солтүстік Қазақстан облысында бір кезде өңір басшысының бастамасымен барлық балабақшада қазақ тілін үйрету батыл қолға алынып, қазақ топтары көбейтілгенін айтуға болады. Өкінішке қарай, осы сияқты талай игі іс облыс басшылығы ауыстырылғаннан кейін жүйелі жалғасын таппай қалды. Демек, қазіргі жағдайда солтүстік облыстарда мемлекеттік тіліміздің мәртебесін нығайту – әкімдердің ұлтқа жанашырлығына сын.