Егемен Қазақстан • 27 Наурыз, 2023

«Хат қоржын»

184 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
«Хат қоржын»

Көне шаһар келбеті жақсара түссе...

Ұлы Жібек жолы бойындағы Тараз – еліміздегі ең ежелгі шаһарлардың бірі. Бір қарағанда, көк желек көмкерген, көшелері таза, табиғаты жанға жайлы саялы шаһар болып көрінетіні де рас. Шыны да сол. Соңғы жылдары 12, 13-шағын аудан бой көтеріп, Тұңғыш Президент саябағы, «Анаға тағзым» монументі, Айша бибі, Асқар Тоқпанов, Әулиеата ескерткіштері тұрғызылды. «Біз біргеміз» монументі, Тараз темір жол бекеті мен орталық көшелер жаңғыртылды. Бірқатар жаңа гүлзар пайда болды. Жол жиектеріне әсем гүлдер отырғызылатын болып жүр. Мұның бәрі, әрине, қала тұрғындарын қуантады.

Бірақ біздің негізгі айтпағымыз бұл емес. Бүгінде қаладағы сәулетшілер жұмысына көңіліміз толмайды. Біреулер құдды олардың қолдарын байлап, аяқтарынан шалып отырған секілді. Әлде әдемі үлгідегі ғимараттар жобалауға қарым-қабілеттері мен біліктіліктері жетпей ме екен? Мәселен, орталықтағы кейбір әлеуметтік нысандар жаттанды, таптаурын үлгіде бой көтеріп жатыр. Осындайда сәулет өнеріндегі жаңашылдықтар қолданылса, Тараз қазіргіден әлдеқайда ажарлана түсер еді деген ой келеді. «Астана», «Бәйтерек» шағын аудандарындағы ғимараттар сүреңсіз.

13-шағын аудандағы көппәтерлі үйлер ығы-жығы орналасқан. Кейбір үйлерде балкон, лоджия дегендер атымен жоқ. «Қолынан келгендер қонышынан басып», бос жатқан жерлер деген желеумен скверлер мен балалар алаңына дейін иемденіп, жатаған үйлерді балалатып жатыр. Жолын тапқан пысықайлар онсыз да енсіз көшелерді одан сайын тарылтып, ескі ғимараттар бүйірінен қосамжарлап дүкен, дәмхана, дәріхана салып тастаған. Ондай жапсарластыра салынған құрылыстардың кейбірі, бәзбір мекемелер мен жекелеген үйлер жаяу жүргіншілер жүретін табанжолдарды да меншіктеп алып, өз пайдаларына жауып тастаған. Мұндай сорақылыққа неге жол берілетініне таң-тамаша қалғаннан басқа амалымыз жоқ. Қаланың бас жоспары бекітілгенде, оған жауаптылар қайда қараған деген де ой мазалайды.

С.БОЛАТБЕКОВ,

М.САЯҚОВ

 

ТАРАЗ

 

 

800 теңгеге түскі ас ішесіз

Хатымыздың тақырыбына қарап кейбіреулер «бұл не қылған батпан құйрық» деп ойлап қалуы мүмкін. Нарықтық қатынастар жүйесінің белең алып, әркім өз басын күйттеп кеткен мына заманда жүрегіне қанағат сезімі ұялаған иманды жандар да жоқ емес екен. Солардың бірі – өз пайдасынан гөрі басқаларға қолынан келгенше жақсылық жасауға тырысатын, адал кәсібімен несібесін айырып жүрген қолы ашық, қанағатшыл жан Ақмарал Байғұтова деген қызымыз. Ірі мегаполис – Шымқалада тұратын жеке кәсіпкердің дәмханасына барсаңыз, небәрі 800 теңгеге түскі ас ішесіз.

Қолы ашық, қайырымды, жүзінен иман шуағы төгіліп тұрған азаматша дегенді естігенде, таң қалғанымыз рас. «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» дегендей, жастығына қарамай көпшіліктің құрметіне бөленіп, ақ алғыстан алқа таққан қайырымды жасты басқаларға үлгі ету мақсатында өзі аттас дәмханасына іздеп барған болатынбыз. Үлкен жолдың бойында орналасқан аядай ғана дәмхана екен. Іші тап-тұйнақтай, жинақы, таза. Келушілерді көп күттірмей, мәдениетті қызмет көрсетуге көңіл бөлінетіні бірден аңғарылады.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демей ме атам қазақ. Мұны айтып отырған себебіміз – әкесі Құрманәлі мен анасы Айсұлу өзге де ұл-қыздарымен бірге Ақмаралдың да бойына жастайынан барды қанағат етуге, қолдан келсе басқаларға жақсылық жасауға, қамқор қолын созуға тәрбиеледі. Ерлі-зайыпты қажылар әлі де болса еңбектен қол үзбей, мұқтаж азаматтарға қолұшын созуды дағдыға айналдырған.

Біз Ақмаралдан ас мәзірінің арзандығына не себеп болғандығын сұрадық.

«Негізінен мұнда шағын зауыттар мен жеке иеліктегі цехтардың жұмысшылары келеді. Халқымызда «қолыңнан келіп, мүмкіндігің болып жатса, өзгелерден қолқайырыңды аяма» деген бар емес пе? Барды қанағат етіп, жақсылық жасауға ұмтылу жастайымыздан қанға сіңген қасиет болса керек. Бұдан екі жыл бұрын түскі астың құны 500 теңге болатын. Қымбатшылыққа байланысты оны сәл өсіруге тура келді. Қазіргі кезде бір тағамға 800 теңге ақы аламыз. Ал нан, салат, шай тегін беріледі. Қанша алса да өз еркі», дейді дәмхана иесі.

Барды қанағат тұтқан жанның ісіне береке берсін, деп тіледік.

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

зейнеткер

 

ШЫМКЕНТ

 

 

Балдырғандарға арналған кітап

Қазір елімізде мектеп жасына дейінгі балаларға қазақша хат тануды, кітап оқуды жеңіл үйрететін әдебиет те, әдістеме де жоқ. Астананың бас кітапханаларынан да мұндай кітапты іздесең, таппайсың.

Америка үлгісімен дайындалған, балдырғандарға арналған, оларды қазақ тілінде кітап оқуға еліктететін түрлі-түсті суреттерімен қоса өрнек­телген, парақтары жыртылмайтын қалың қатты қағаздан түп­теліп жасалған әдемі кітаптар баспадан шығыпты!

Кезінде АҚШ-та жүргенде немерелерім осындай үлгідегі ағылшын тіліндегі кітаптарды қызығып, ешбір жалықпай қайта-қайта оқығанын көрген кезде, қазақ тілінде осындай кітаптар қашан шығар екен деп армандап едім.

Бостон қаласында зәулім ғимаратта орналасқан балаларға арналған осындай кітаптар қоры бар арнайы кітапханаларды да көрген болатынмын.

Бұған да жеттік. Қуанып отырмын! Кітаптың тілі жеңіл, сөйлемдері қарапайым да қысқа сөздерден құралған. Балалар сүйсініп қарайтын суреттері ойлануға жеңіл бір ғана қысқа сөйлеммен түсіндіріледі.

Кітап мектеп жасына дейінгі балаларға арналған, сондай-ақ мектептің бастауыш сыныптарының оқушыларын да кітапты сүйіп оқуға ынталандыратын жеңіл оқу құралы! Ал кітапты сүйіп оқуға бейімделген баланың қалтафонға еліктемейтінін де байқауға болады. Оқу-ағарту министрлігі бұл үрдіске басты назар аударып, мұндай кітаптардың көптеп басылуы мен таралуына қолдау көрсетсе дұрыс болар еді.

Мүталап АБСАТТАРОВ

 

АСТАНА

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024