Әдебиет • 28 Наурыз, 2023

Әміре феномені

497 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ахмет Жұбановтың «Замана бұлбұлдары» кітабы – XX ғасырдағы ұлт әнші-сазгерлерінің бет-бедерін айқындар бірегей туынды. Ресейде оқып, шұңғыма білім алған Жұбанов әр өнерпазға тереңнен баға беріп, тебірене сыр шертеді. Әсіресе Әміреге келгенде кітаптың көрігі қызып, оқырманды қоңырсалқын ұйығына тарта түседі.

Әміре феномені

Жасынан кедейліктің зардабын тартып,­ жоқ­шылық қамытын жамылған Әміре жыл­қы­ бағып жүріп әртүрлі әнге салады. Тума талант­тың дауысы алты қырдан арыға жетіп, жақын ауыл­дардан тыңдаушылар легі қараңдай бастай­ды. «Қашаубайдың «жаман бала­сы»­ бүкіл қаланы аузына қаратуға айналды.­ Мұ­ның­­ бәрі де Исабек байға ұнамай, ол қалай да­ Әміренің, мына бір кедейге «келіспейтін» қылы­ғын тоқтатқысы келді. Бірінші шара есе­бінде ол Әмірені жәмшік айдағанда қала­ны­ аралап, көзге түседі, қалаға танысады, құла­­ғын түріп, оның әнін тындайтындар кө­бейеді, сондықтан бір жерге қадап қою мақ­са­тымен, Әмірені тері күзеттіріп қойды. Он­дағысы Әміренің жолын кесіп тастау, ән­ші­ні сүйген халықтан айыру еді. Бірақ ол мақ­са­тына Исабек жете алмады. Әміренің дауы­сы­ түнгі Семейді тегіс аралап, көше бойы қы­ды­рып, сайрандаған жастар, терезесін ашып қой­ған әнқұмар үлкендер құлақтарын тосып тың­дап ләззат алды. Жаратылыстан күшті да­уыс кешқұрым салқынмен бұрынғыдан да дү­ріл­деп, «мына байлаудан құтқар, еркіндікке жібер, қанатымды бір қарыштайын, аспанға бір шырқайын» деген сияқты болып, Әміренің дауысы өзінен бұрын Исабектің сасық иісті тері қоймасынан іргені аулақ салуды сұрап тұрғандай Арқаның жазығына, Ертістің еркін ағысына шыққысы келгендей кейіп білдіретін...»

Бұл талант дегенді қойсаңшы, ол қай қапас­тан шыға алмас, қай торды бұза алмас? Гейзер суын­дай күйбең ғұмыр құрсауын тас-талқан еткен­ Достоевскийдің қуаты, Бет­хо­веннің хан­ға­ сәлем бермес паң болмысы сө­зімізге айғақ емес­ пе? «Мыңмен жалғыз алы­сар» алып күшті арқа­лаған Абай, бір өзі то­лағай теңізге қарсы ақ­қан Халлаж Мансұр си­патына не дейміз? Міне, дарын дабылы, талант тұғыры.

Өнерін шыңдауға жан сала кіріскен Әміре­нің атағы алыстарға жетіп, Мәскеуден хат­ алады. Парижде өтер салтанатты кешке­ шақыр­ту алған әнші елден тысқарыға жолға шыға­ды. «Париж халқы неше түрлі өсек есі­те­тін совет елі туралы мәліметтерінің үстіне өнер­ өкілдерін көретініне қуанады. Көздерімен кө­ріп, есіткеннің жаңсақ жерлерін түзетіп алғысы ке­леді. Сонымен қатар олар бұл келе жатқан со­вет елін жайлайтын халықтың бірқатарының ға­на өкілдері екенін жайылған жарнамалардан есі­теді. Совет өнершілері Париждің зал­да­рын­да­­ 11 концерт береді. Сол концерттерде Әміре­ өзінің сүйікті әндері: «Ағашаяқ», «Үш дос»,­ «Екі жирен», «Дудар», «Қос барабан», «Қы­зыл бидай», тағы басқаларын айтады»,  дей­ді Ахмет Жұбанов.

Әміре әндері тыңдаушыларды тебіре­ніс­ке түсі­ріп, шеңберге сыймас «оғаш» дауысы фран­цуз зерттеушілерінің қызы­ғу­шылығын туғы­зады. «Айтушылар Әміре «Ағашаяқтың» басын­дағы жоғарғы нотасын шырқап алғанда, пар­тердің алдыңғы қа­тарында отырған бір әйел:­ «Мынау не деген күшті дауыс!» – деп, шо­шып кетіпті деседі».

Ахмет Жұбанов Париждегі дүбірлі концерт жайлы маңызды деректер бере келе, біршама жайт­­тарды қамтып өтеді. «Француздың белгілі музы­ка зерттеуші ғалымы «Ле Мюзикаль» журналы­нда Әміренің сирек кезде­сетін музыкалық көрініс екенін жазды.­ Сорбонн университетінің профессоры Пер­но фонографқа Әміренің орындауында қазақ­тың бірнеше әндерін жазып алды. Бір айта ке­тетін жай, біз осы күнге дейін Әміренің сол фоно­граф­қа түскен әндерін шетелмен байланысты меке­мелер арқылы қанша талаптансақ та, ала алмай­ жүрміз». Солайша жан дүниесі қазақ халқы­на ұқсас бауырмашыл, еркін де сезімшіл фран­цуз жұрты шын дарынға үн қосып, бауырына тартады, бағасын береді.

Бір өзі бүкіл ұлттың мұратын, тағдырын, тари­хын әнмен толғаған ер Әміре ел даңқын ша­­рық­татты. Жұртымызға оралған соң әр­түр­­­лі қызмет атқарып, қазақ өнерінің іл­ге­­рі­­леуіне ат салысады. Жеке болмысы қа­ра­пайымдылық, әдептілік, ақжүректілік сынды биік­ қасиеттерге суарылған Әміре жырға ар­қау, шығармаға тақырыпқа айналды. Әсі­ресе Жү­сіп­бек Аймауытовтың «Әнші» әңгі­месі нағыз өнер­паздың даралығын ашқан көр­кем туынды, ке­сек дүние. Иә, Әміре – дара, Әміре – феномен. Ахмет Жұбанов тілі­мен кестелесек, «Әміре – ұлы­ әнші, азамат. Оның өмірі мен қимылы әлі де­ зерттеле түседі. Ол жөнінде талай кітаптар, дастандар жазылмақ. Оның аты ән-би мектебінде мәңгі қалды».