Үміт • 28 Наурыз, 2023

Тарбағатайдың жомарттары

308 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Күллі әлемді әбігерге салған коронавирус пандемиясы кезінде Тарбағатайдың ұйымшыл азаматтары жедел біріге қойып, қор ашқан-ды. Қайырымдылық қазанына түскен қаржыны науқастардың ем-домына жұмсап, тығырықтан шыға білген жомарт жандардың жасаған әр жақсылығы ел есінде сақтаулы. Сол кезде құрылған «Тарбағатайдың жомарт жандары» қоры күні бүгінге дейін мұқтаж адамдарға қолғабыс етіп келе жатқаны қуантады.

Тарбағатайдың жомарттары

Қарап отырсақ, айналдырған екі-үш жыл ішінде жасаған жақ­сылықтары аз емес екен. Мұқтаж жандарды азық-түлікпен қамтып, ұсақ-түйек әлеуметтік көмек көр­сетіп отырғандары былай тұрсын, көптеп-көмектеп, тұрғын үйге дейін тұрғызып берген. Бірақ қайы­рымдылықтарын жарнамалап, кеуде соғу олар үшін жат. Әйтпесе, бес литр сұйық май апарып, әлеуметтік желіге бес бет пост жазып жүрген мекемелерді де білеміз. Олардың қасында Тарбағатайдың қамқор азаматтары қарапайым. Есеп үшін емес, ел үшін еңбек қылуды жөн көреді. Үндемей-ақ үлкен іс тындырып, ағайындардың алғысына бөленіп жүр.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп, атқарып жатқан игі шаруалары жөнінде баспасөз бетінде жариялауға ниет­теніп, «Тарбағатайдың жомарт жандары» қоры мүшелерін әңгімеге тартқанбыз. Әуелде тар­тыншақтады, қажеті жоқ десті. Дұрыс ғой, «оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» деген бар. Десе де, біреуге болмаса, біреуге ой салып, үлгі болары анық.

– «Тарбағатайдың жомарт жан­дары» қоры құрыла сала қар­­жы құйып, мақсатты түр­де аудан халқына көмек көр­сете бас­­тадық. Әрине, аяқ-қо­лы бал­ғадай, еңбекке жарамды аза­мат­тарға емес, көмекке шынайы зәру адамдарға қолұшын созып жүр­міз, дейді жомарт жандардың бірі, кәсіпкер Абзал Тоқтарғазин.

Әр салада жұмыс істеп жүріп, кейін кәсіпке кеткен Абзал аз қамтылған отбасыларға үнемі жәр­демдеседі. Бірде азық-түлік­тей берсе, енді бірде ақша­лай көмек көрсетеді. Керек-жа­рақ­тарын жеткізіп береді, үй-жай­ларын жөндейді. «Тарба­ғатайдың жомарт жандары» қоры бірлесіп, ауылдағы жалғызбасты азаматқа үй де көтеріп берген. Алдын ала қор мүшелері үйінің тұруға жара­майтынын анық­таған, ақыл­дасқан. Сонымен қатар аза­мат­тың көмекке шынайы мұқ­таж екеніне де көз жеткізген. Жал­ғызбасты, оның үстіне қандай да бір дертке шалдыққан. Алайда мемлекеттен көмек ала алмайды. Оның себебі ешқандай санатқа жатпайды екен. Сөйтіп, Абзал Тоқтарғазин қор мүшесі ретінде жанашырлық танытып, мұқтаж азаматқа лайықтап, шағын үй салып береді. Тұрмысына ың­ғайлы болсын деп суына дейін тарт­қызады. Бір анығы, ол жа­рияға жар салмай-ақ көмек жасады. Бүгінгі күнге дейін Абзалдың мәрттігін ауылдастары болмаса, сырт көз онша біле бермейді.

– Біз көмек көрсеткеннен, тиын-тебеніміз кеміп қалмайды. Керісінше, құдай екі еселеп бе­реді. Екіншіден, кішіге қамқор­лық, үлкенге құрмет көрсету – әу баста әке-шешенің берген тәр­биесі. Аз қамтылғандар көп ғой. Көмек­тесеміз. Бірақ айта бер­мейміз, дейді Абзал Алмазұлы.

Абзалдың айтуынша, биыл Тарбағатай ауданы, Асусай ауылына күмбезін көк тіретіп, мешіт салуды жоспарлап отыр. Шекара бойында жатқан ауылдың қазіргі мешіті ескірген екен.

– Биыл Асусайға жаңа мешіт салып беруді ойластырып отырмыз. Ауылда бес уақыт азан ша­қы­рылып жатса, менмұндалап мешіт тұрса, халықтың рухы кө­терілер еді. Онсыз да халық кө­шіп, шекара маңы бос қалып жатыр. Сондықтан жоба-жоспарын жасап, мешіттің құрылысына кірісіп кететін шығармыз, деген де ойын айтты.

Одан бөлек, «Тарбағатайдың жомарт жандары» қоры ауданның өнерпаздарына, спортшыларына да үнемі қолдау көрсетіп, қол­паштап отырады. Ал баспанамен қамту секілді демеушілік кө­­мектер бір ғана азаматпен шек­­теліп қал­маған. Айта берсек, аз емес. Оның бәрін тізіп шы­ғуды қорға қаржы құйып жүр­ген аза­мат­тар ашып айтуды жөн көр­меді. Ең бастысы, ауданның жанашырлары бар. Осын­дай ауыз­біршілік, береке әр ауылда, әр ауданда болса, қазақ бай болады.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Тарбағатай ауданы