Қасиетті ата қонысты Лев Толстойдың «Ясная полянасындай» қылмасақ та, адамдар іздеп келетін көрікті мекенге айналдырсақ деген ой Мәшһүр ұрпақтарына маза бермейтін. Оның үстіне бұл Мәшһүр ата аруағына тағзым ете келушілердің де арман-тілегі еді. Мәшһүр атаның ізі қалған, шипалы бұлағы ағып жатқан қасиетті қонысты жаңғырту, жаңалау, қалпына келтірудің сәті 2021 жылдың 19 мамырында ата шөбересі Абай Шарапиев құрған «Мәшһүр Жүсіп» қоғамдық қоры арқылы бастау алды. 2020 жылдың 6 маусымында қор төрағасы Абай Шарапиев екеуміз ата қонысын көріктендірудің сызбасын сызып, жобасын жасадық. Есепшотта бір тиын жоқ. Ойымыз – 1 гектар аумақты қоршау, сол жерге ағаш отырғызу, бұлақ көзін ашу, Баянауылдан Самарқанға, Еділ бойына дейін мінген арбасын қалпына келтіру.
Құдайдың құдіреті, дәл осылай басталған жұмысымызға қолдау білдірушілер көбейе берді. А.Шарапиевпен қызметтес болған Берік Сағындықов қоршау жабдықтарын тауып берді. Керекулік Дәулет есімді кәсіпкер тамыз-желтоқсан аралығында аумақты қоршап шықты. Кесенеге тәу етуге келген Б.Нұржанов атындағы ГРЭС-1 стансасының жігіттері бұлақ пен үйдің аралығына 20 түп қайың, 20 түп терек отырғызды. Сондай-ақ Қарағанды, Көкшетау, Астана, Екібастұз қалаларынан келген жандар да жиыны 40-тан аса шие, шырша, қарағаш секілді ағаштардың көшетін сыйлады. Қоршалатын аумақтағы ой-шұңқырды тегістеу жұмыстарын Екібастұз қаласын көгалдандырумен айналысатын «Флора» серіктестігінің басшысы Алексей Горбунов өз мойнына алды.
Республикаға белгілі өнертапқыш, астаналық ғалым Нұрмағабет Нұрпейісов бұлақ көзіне сараптама жасады. Бұлақ көзі былғанбас үшін Б.Нұржанов атындағы ГРЭС-1 стансасының қаржы директоры Нұрлан Жаркенов бастаған азаматтар бұлақтың үстін күркелеп жауып берді. Осылайша, бұлақ төбесі, айналасы жабылып, оның суын құбыр арқылы сыртқа шығарып, су тұндырғыш шығыр құдық жасап, бөрене ағашпен шегендедік. Шығыр құдықты ағаш шебері Қанат Әблешев қона жатып реттеп берді. Бұлақ айналасын қажетті материалдармен көмкеруге, қосымша құдық қазуға, бұлақ пен үй арасына демалатын самалжай жасауға Талғат Масығұтов демеушілік көрсетті. Өткен жылдың қыркүйек айында экскаватордың көмегімен бұлақ бойының 60 метр жері белуардан қазылып, ені де кеңіді. Мақсатымыз – суы жерге сіңіп, қорысқа айналып жатқан бұлақ ішін, жылғасын таспен көмкеру.
Жазушы Дихан Әбілев пен Мәшһүрдің немересі Төлеубай Шарапиевтің сипаттауы бойынша, Мәшүр ата мінген трашпенке арбаның нобай суретін салып, ауылдық жерден дайын арба доңғалақтарын іздестірдік. Шұға ауылының азаматы Қауаш Шілтібаев 4 доңғалақ әкеліп берді. Екібастұздық ұста Темеш Тайжамалов бір ай мерзімде трашпенкені құрастырды.
Жаз бойы еліміздің түкпір-түкпірінен, Ресейдің Түмен, Новосібір өлкелерінен келушілер саны толастамады. Осы орайда Екібастұз қаласының №36, 18, 22 және «Зерде» мектептерінің оқушылары мен мұғалімдері, «Қайнар» мәдени орталығының балалары, Павлодар қаласындағы мектептердің оқушылары ағаш отырғызуға, суаруға қолғабыс жасағанын айта кеткен жөн. Қаржылай көмек көрсеткендер де көп болды. Екібастұз қаласындағы №36 мектептің директоры Гүлнәр Кеңесқызы, №22 гимназияның ұстазы Гүлбаршын Арқалыққызы бастаған жандар ата қоныста Мәшһүр оқуларын өткізді. Жаз бойы ата өсиетін, хикметін тыңдауға, білуге, тағзым етуге мыңнан аса адам келді. Мәшһүр шөбересі А.Шарапиев келушілерге отбасымен қызмет көрсетті. Былтыр бұл қонысына еліміздің белгілі тұлғалары да тәу ете келгенін атап өтейік.
Мәшһүр Жүсіп қонысын көріктендіру, жаңғырту, ашық музей жасау, мұрасын насихаттау, рухани орталық құру жұмысы жалғаса береді. Ата тұрған үйді музей етіп жасап, қоныс үйді жеке салсақ деген де ойымыз бар.
Жұмағали ҚОҒАБАЙ,
«Мәшһүр Жүсіп» қоғамдық қорының құрылтайшысы
Павлодар облысы