Бастапқы кезеңде Қазақстан Қарулы Күштерінің Бас штабының құрамында бірінші дәрежелі капитан Р.Исламовтың басшылығымен әскери-теңіз күштері бөлімі құрылады. 1993 жылдың күзінде Ақтау қаласында бірінші әскери-теңіз базасы жасақталып, оның командирі болып бірінші дәрежелі капитан Ратмир Комратов тағайындалады. Жамбыл қаласында дүниеге келген Ратмир Әлімханұлының жылдар өте келе қазақтан шыққан тұңғыш контр-адмирал болатынын ол кезде ешкім білмеген еді.
Лейтенант Комратов алғашқы әскери қызметін Камчатка әскери флотилиясының крейсерлік атомдық су асты кемесі дивизиясының командирі болып бастап, осы құрылымда он жылдан астам қызмет етеді. Кейін Тынық мұхиты флоты су асты крейсерлік тобының, су асты крейсерлік дивизиясының командирі болып тағайындалып, экипаждармен бірге су астында 5 жыл 9 ай 23 күн жауынгерлік тапсырмаларды мінсіз атқарады.
Ол – 1990 жылы маршал А.Гречко атындағы Әскери-теңіз академиясын үздік бітірген соң КСРО Қорғаныс министрлігі әскери өкілдігінің бастығы лауазымына тағайындалған бірінші қазақ. Әскери теңізші ретінде мол тәжірибе жинақтаған Комратов 1992 жылы елге оралып, Қазақстан Республикасы Қорғаныс өнеркәсібінің экономикалық жоспарлау басқармасы, кейін Қорғаныс өнеркәсібі басқармасының бастығы қызметтерін абыроймен атқарады.
Қазақстан Республикасының Әскери-теңiз күштері құрылған 1993 жылы Каспий флотилиясының үлестерін қайта бөлу қолға алынады. Сол уақытта елімізге 18 әскери кеме өткенмен, оларды орналастыратын порт болмаған. Атырау порты өте таяз, ал Ақтау порты арнайы жабдықталмағандықтан қыс кезінде кемелерге үлкен зақым келе бастайды. Осы кезеңде АҚШ-тың Қазақстанға қайтарымсыз берген алты патрульдік қайығы да іске жарамсыз болып қалады. Не керек, Қазақстанның жаңадан құрылған Әскери-теңiз күштерін материалдық-техникалық жағынан толық қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыс атқаруға тура келді. Бұл тұста Ратмир Әлімханұлының қосқан үлесі көп.
1999 жылы 17 қарашада Әскери-теңіз күштері теңіз шекара дивизиясы болып қайта құрылып, Қазақстан Қарулы Күштерінің құрамынан шығарылып, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне беріледі. Ал 2003 жылы жетінші мамырда Президенттің «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылымын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы шығып, Әскери-теңіз күштері Қарулы Күштердің дербес құрылымы ретінде түпкілікті қалыптасады. Бүгінде бұл құрылым шын мәнінде Каспий өңіріндегі тұрақтылықтың кепілі деп сеніммен айтуға болады.
2003-2008 жылдары Ратмир Комратов осы «Батыс» өңірлік әскерилерінің қолбасшысы болған кезеңде көптеген кешенді тактикалық оқу-жаттығу өткізіп, жеке құрамның кәсіби шеберлігі шыңдала түседі. Екінші дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері, контр-адмирал Ратмир Комратовтың тікелей ұйымдастыруы және басшылығымен Қазақстанның әскери-теңіз күші толық қалыптасып, білікті де білімді мамандармен толығады.
Комратов 2009 жылдың 17 шілдесінде Қорғаныс министрінің орынбасары қызметіне тағайындалады. Қарулы Күштер қатарында ұзақ жыл қызмет атқарған ол 2010 жылы 11 наурызда құрметті зейнет демалысына шығады.
Запастағы контр-адмирал зейнетке шықса да, қадірлі кадр ретінде 2010 жылдың 8 сәуірінен бастап «Kazakhstan Engineering» ұлттық компаниясы АҚ-ның басқарушы директоры кызметін атқарады. Кейіннен Ұлттық компания президентінің бірінші орынбасары, «Kazakhstan Engineering» Ұлттық компаниясы АҚ басқармасының төрағасы – вице-президенті болады.
2010 жылғы ақпанда Президент – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Әскери-теңіз күштеріне Жауынгерлік Туды табыс етеді. Сол жылдың басында Әскери-теңіз күштері мен құралдарын басқарудың ыңғайлылығы үшін Ақтау қаласында 29011 әскери бөлімі құрылады. «Зенит» Орал зауыты» АҚ Қорғаныс министрлерінен шағын зымыран-артиллериялық кеменің құрылысына тапсырыс алып, «Сапсан» және «Шагал» жобалары бойынша 16 кеме құрастырылады.
Қазіргі кезде Әскери-теңіз күштері Каспий теңізінің қазақстандық секторында мемлекеттің мызғымастығы мен аумақтық тұтастығын, елдің егемендігі мен экономикалық мүдделерін қорғау бойынша кең ауқымды міндеттерді атқарып отыр. Әскери теңізшілер кеме қатынасының навигациялық және гидрографиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесе отырып, іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың табиғатты қорғау және бақылау функцияларын жүзеге асыруға жәрдемдеседі. Кемелердің экипаждары Қазақстанда да, одан тыс жерде де әскери жаттығуларға қатысады. Әскери-теңіз күштері отандық және шетелдік өндірістегі заманауи кемелермен жабдықталған. Бұл жұмыс ұдайы жүргізіліп келеді. Ал елімізде жасалған «Қазақстан» зымыран-артиллериялық кемесі – флоттың флагманы.
Міне, осындай маңызды да кешенді жұмыстардың басы-қасында контр-адмирал Ратмир Әлімханұлы жүрді. Ол өзін қай қызметте болса да білікті басшы, іскер ұйымдастырушы, тәжірибесі мол маман ретінде көрсете білді.
Қайрат БАЙНАЗАРОВ,
запастағы бірінші дәрежелі капитан