Ұстаз • 29 Наурыз, 2023

Ұстаз – ұлы қызмет

342 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

VIII сайланған Парламенттің алғашқы сессиясында Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі таңдағы білім сапасы туралы: «Білім сапасын, әсіресе орта білімнің деңгейін арттыру үшін батыл шешім қабылдау қажет. Білім беру саласында ұстаз – ең басты тұлға. Оның қоғамдағы абырой-беделін арттыра беруі­міз керек. Алайда мұғалімдердің, директорлардың және педа­­го­гикалық оқу орындары түлектерінің көпшілігі Ұлттық білік­тілік емтиханынан өте алмады», деді.

Ұстаз – ұлы қызмет

Бұл – шындық. Мұның себебін мек­тептегі және жоғары оқу ор­нындағы мұғалімдер мен оқы­ту­шылардың сапалық құра­мы­ның төмендеп кеуінен іздеу керек шығар. Өз басым ғылыми жұ­мыс­пен айналаса жүріп мек­тептен қол үзген емеспін. Жасыратыны жоқ, осыдан 20-25 жыл бұрынғы бі­лім берудің сапа деңгейіне жете алмай отырмыз. Себебі қазір сапа емес, сан қуып, өтірік ақ­парат беру белең алып кетті. Бұған қоса мектеп те, жоғары оқу орын­дары да қағазбастылықтан көз ашпай келеді. Әсіресе бас­тауыш білім беру жүйесі сын көтермейді. Біріншіден, жоғары оқу орындарында бастауыш сынып мұғалімдері сапасыз даярланады. Білімнің негізі – бас­тауыш сыныпта. Екіншіден, мектеп оқулықтарында олқылық көп. Өкі­ніштісі, оқулықтарды жазушы­лар мектепте жұмыс істеп көр­ме­ген, оқушылардың жас және пси­хологиялық ерекшеліктерін біле бермейді. Үшіншіден, бүгінгі таңда көптеген мектепте оқу ор­да­сының басшылары мен мең­ге­рушілері өз пәндері бойынша сабақ бере алмайды. Ендеше, олар мұғалімдерден қалай білім сапасын талап ете алады?!

Мемлекет басшысының «Мұ­ға­­лім тапшылығын желеу етіп, мектепке кез келген адамды жұмысқа ала беруге болмайды. Мұндай әрекет ұстаздардың білік­тілік деңгейін күрт төмен­де­теді. Сол себепті мұғалім даярлау ісін жетілдіру үшін нақты іс-шаралар қабылдау қажет. Бұл – өскелең ұрпақтың болашағына байланыс­ты өте маңызды міндет» деген пікірі де өте орынды. Ол үшін ең алдымен жоғары оқу орнына түсетін мамандарды өнер, жур­налистика саласындағы тәртіп­пен қабылдау қажет. Яғни мұға­лім­дік мамандықты таңдаған талап­кердің тым құрығанда сол маман­дық­қа икемділігі, сауатты сөйлеу, са­уат­ты жаза білу дағдысы болуы қа­жет.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевтың мына бір пікірі аса құптарлық: «Бізде Прези­дент­тік жастар кадр резерві бар. Дәл сол сияқты білім саласына өзгеріс әкелетін 1 мың маман арнайы дайын­дықтан өтетін болады. Осыған орай тиісті бағдарлама қа­был­данады. Кадр мәселесі жо­ға­ры білім беру жүйесі үшін де өте өзекті». Қорыта айтқанда, Президент айтқан пікірлердің үде­сінен шығу жас ұрпаққа білім беретін әрбір мұғалімнің жадында болуға тиісті тұщымды ойлар.

 

Нұрша ОРАЗАХЫНОВА,

педагогика ғылымдарының докторы, профессор