Саясат • 30 Наурыз, 2023

Президент жаңа Үкіметке тапсырма берді

317 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президент жаңа Үкіметке тапсырма берді

«Үкімет пен Парламент экономиканы дамытып, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін барлық күш-жігерін жұмылдыруға тиіс. Біз аз уақыттың ішінде ауқымды саяси реформа жүргіздік. Түбегейлі өзгерістер еліміздің жаңа дәуірге қадам басуына жол ашты. Бұл жұмыс жалғаса береді. Бірақ экономикалық өзгерістер саяси жаңғыру үдерісінен кенже қалмауы керек. Сондықтан Үкімет әлеуметтік-экономикалық реформаларды батыл жүзеге асыруға тиіс. Бұл – өте жауапты жұмыс», деді Президент.

Осы ретте ол азаматтар Үкіметке зор үміт артып, жоғары талап қоятынын айтып өтті

«Ел сенімін ақтау – бәрімізге сын. Мен кеше Парламент сессиясының ашылуында нақты міндеттерге тоқталдым. Үкімет стратегиялық бағдарымызды жүзеге асыра отырып, бірқатар мәселеге баса мән беруге тиіс:

Бірінші. Тұрақты экономикалық өсімнің жылына кем дегенде 4 пайыз болуын қамтамасыз ету керек. Сондықтан экономиканың даму үлгісін түбегейлі өзгертуіміз керек. Ол үшін әртараптандыру жұмысын жүйелі жүргізіп, нарық қағидаларын нығайту маңызды. Түпкі мақсатымыз – жоғары технологияға негізделген, өзін-өзі толық қамтамасыз ететін және бәсекеге қабілетті экономика құру.

Екінші. Инфляцияны тежеу қажет. Биыл оны кемінде екі есеге төмендету керек.

Ең алдымен, азық-түліктің бағасын реттеу аса маңызды. Сол себепті агроөнеркәсіп кешенін және сауда-саттықты дамыту – негізгі басымдықтың бірі. Ішкі нарықты өз өнімдерімізбен барынша қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру керек

Үшінші. Инфрақұрылымды дамыту қажет. Энергетика, су және көлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар қабылдануға тиіс. Энергетикалық активтерді жаңғыртуға жақын арада жаңа инвестиция тарту керек. Бұл жұмысты «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы арқылы іске асыруға болады.

Қазір тауар газының тапшылығы күшейіп барады. Үкімет еліміздің газ өңдеу қуатын арттыру үшін жаңа жобаларды жүзеге асыруға тиіс. Сонымен бірге 25 су қоймасын салып, суды барынша үнемдеу керек.

Қазақстан тұрақты даму үшін Азия мен Еуропаны жалғайтын әлемдік көлік хабына айналуы қажет. Бұған дейін қолға алынған көлік және логистика жобаларын түгел уақтылы бітіру өте маңызды.

Төртінші. Аумақтық саясат жан-жақты ойластырылып жүргізілуге тиіс. Аймақтар қуатты болса, бүкіл мемлекет өсіп-өркендейді. Сондықтан еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымы оңтайлы әрі тиімді болуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе.

Былтыр жаңадан Абай, Ұлытау және Жетісу облыстары құрылғанын білесіздер. Бұл қадам осы аймақтарды тың қарқынмен дамытуға жол ашты. Біз аймақтар арасындағы экономикалық теңсіздікті азайту үшін тиімді шаралар қабылдауымыз керек. Осы ретте Үкімет әкімдермен бірлесіп, әрбір облыстың әлеуетін арттыруға тиіс.

Әр аймақтың өзіне тән мүмкіндігін толық пайдалану қажет. Мен мұны бірнеше рет айттым. Сондай-ақ агломерацияларды дамыту мәселесіне баса назар аударған жөн. Үкімет осыған қатысты заңның мүлтіксіз орындалуын және жоспарланған жұмыстың тиімді атқарылуын қамтамасыз етуге тиіс.

Бесінші. Адами капиталдың сапасын дәйекті және жүйелі түрде арттыру қажет. «Жайлы мектеп» жобасын тиімді іске асыруды қамтамасыз ету және ЖОО базасында академиялық артықшылық орталықтарын құруды жалғастыру қажет.

Отандық ғылымның дамуы менің жеке бақылауымда болады. Сонымен қатар денсаулық сақтауды сапалы жаңа деңгейге шығару қажет. Ол үшін әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тиімділігін арттыру керек. Мұнда цифрлық шешімдердің көмегімен шығындарды бақылауды күшейту өте маңызды. Жалпы цифрландыру экономиканың барлық салаларын қамтуы, азаматтарымыздың өмірінің барлық салаларына енуі тиіс. Ол үшін ақпараттық технологиялар нарығын барынша арттыру қажет.

Алтыншы. Мемлекеттік аппараттың жұмысын қайта қарап, оны жаңғырту керек. Әйтпесе көздеген мақсатымызға жету қиынға соғады. Үкімет әкімшілік реформаны жалғастырып, бюрократияны барынша азайтуы керек. Мемлекеттік органдардың тапсырманы уақтылы әрі сапалы орындау жеткіліксіз.

Экономиканың өсімін қамтамасыз ететін тың бастамалар көтеріп, жаңа идеялар ұсынып отыру қажет. Министрлер мен әкімдердің қызметін бағалаған кезде олардың осы бағыттағы жұмысы басты назарда болады.

Сондай-ақ қоғамның мемлекетке деген сенімін арттыру – өте маңызды міндет. Биліктің өзгеріс жасауға ықыласты және дайын екенін жұрт көруі керек. Бір сөзбен айтқанда, шын мәнінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қалыптастыру қажет. Ел басқару және шешім қабылдау ісіне азаматтарды барынша тартқан жөн», деді Мемлекет басшысы.