Егемен Қазақстан • 30 Наурыз, 2023

«Хат қоржын»

269 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
«Хат қоржын»

Шәкірті озған ұстаз бақытты

Еңбек жолын мектепте мұғалімдіктен бастаған жас маман Бақытгүл Сүлейменова Қостанайға қоныс аударған соң, жұмысын тілдерді дамыту басқармасында жалғастырды. Дәлірек айтсақ, тілдерді оқыту орталығында мемлекеттік қызметшілерге қазақ тілін оқыта бастады. Әрине, ересектерге сабақ жүргізу тәжірибесі бірден қалыптаса қоймағаны анық. Үлкендерді тіл үйренуге қызықтыру үшін көп ізденуге тура келді. Б.Сүлейменова қазақ тілін оқытудың қыр-сырына қанығып, тәжірибе жинақтады, Тіл басқармасының бас маманы, кейін тілдерді дамыту бөлімінің басшысы деңгейіне көтерілді. Қызмет ауқымы кеңейіп, жауапкершілік жүгі арта түсті.

Бақытгүлдің жақсы маман болып қалыптасуына оның адами болмысының да әсері болғанын айтып өткен жөн. Іскерлік қабілет көркем мінезбен үйлессе ғана нәтижесі оңды болмақ. Әріптестері де, арагідік қызмет бабымен жолыққан өзге азаматтар да Бақытгүл Зарлыққызын табиғатынан биязы, мінезі көркем, ақырын жүріп, анық басатын, қолға алған қай ісін де дабыра етпей, тиянақты тындыратын білікті маман ретінде таниды.

Бақытгүл өңірдегі мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт жастарын назарға алып, үнемі қолдау білдіріп отырды. Олардың әлеуетінің кеңейіп, қанатын кеңге жаюына жағдай жасады. Дмитрий Ромащенко, Алла Гаврина, Индира Иванова, Наталья Рамазанова, Игорь Шпак, Денис Скороходов секілді қазақ тіліне жетік өзге ұлт өкілдерінің елге танылуына жол ашты. Ол еңбегінің еш кетпей, жемісін көріп жүргенін бақытқа балайды. Бақыт кілті еңбекте екенін сезіну оны жігерлендіріп, жаңа істерге бастамашы болуға жетелейді. Бақытын еңбектен – тілге қызмет етуден тауып, мемлекеттік тіл саясатының жүзеге асуына өзіндік үлес қосып жүрген Бақытгүл жайлы әріптестері де жақсы пікірде.

Осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын Тілдерді дамыту басқармасы таратылып, қызметкерлерінің біршамасы Мәдениет басқармасының құзырына өтті. Туған өңірде төл тіліміздің түлеуіне түрлі істерімен ұйытқы болған кейіпкеріміз болса, Қостанай облысы әкімі аппаратының әлеуметтік-саяси бөлімінің басшысы болып тағайындалды. Жаңа қызмет – оның еңбегіне берілген баға іспеттес.

 

Биалаш СҮЙІНКИНА,

Білім беру ісінің құрметті қызметкері

 

ҚОСТАНАЙ

 

 

Көңілден шығатын бағдарламалар

Соңғы кездері көгілдір экраннан жан сарайыңды ашып, көңіліңнің көкжиегін кеңейтетін бағдарламалар жиі беріліп жүр. Әрине, мұның өзі біз секілді қарт адамдардың бір мезгіл жанын жадыратып, алданыш-ермегіне айналары сөзсіз.

Осы орайда, ең алдымен, «Жібек жолы» телеарнасынан беріліп жүрген «Жақсы адамдарым» бағдарламасын ерекше бөліп атар едік. Ерлі-зайыпты танымал әншілер Қыдырәлі Болман мен Қарақат Әбілдина жүргізетін хабар өз көрермендерінің көзайымына айналып отыр. Осыған дейін әнші, ақын әрі сазгер қызымыз Роза Әлқожа мен «Музарт» ансамблі жайлы берілген бағдарламалары әсерлілігімен есте қалды. «Ұлытау» тобының музыкалық сүйемелдеуі де қойылымның әрін ашатындай.

«Хабар» телеарнасы арқылы көрермендерімен қауышып жүрген «Жұп-жұбымен» бағдарламасы да сәтті ойлап табылған дүние деген ойдамыз. Белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатов пен оның зайыбы Мөлдір Мұқанова екеуінің жарасты жұбы жүргізушілікке орайымен таңдалған. Бірін-бірі іліп әкетіп, сәтімен орынды толықтырып отырады. Қатысушылардың жұбы да өзара тандем құрып, жастарға үлгі болатындай-ақ жандар. Мұны бір мен ғана емес, басқалардың да айтып жүргендігін құлағымыз шалды.

Өнер әлеміндегі дарынды жас Тәуекел Мүсілім баламыздың «Нартәуекел» көпшілік-танымдық бағдарламасын да үлкен-кіші дәйім асыға күтеді. Әсіресе, таным көкжиегі кең жастарымыздың көбейіп келе жатқандығы көңілге қуаныш сезімін ұялатады.

Қалың көрерменге «олжа салған» тағы бір бағдарлама – «Жұлдызбысың?» Бұрын «Әзіл әлемі» әзіл-сықақ театры арқылы жұртшылыққа жақсы таныс әзілкеш Қайрат Әлімгерей жүргізушілік қырымен де көрініп келе жатқандай әсер қалдырады. Бір «әттеген-айы», бағдарламаға қатысып отырған кейбір өнер иелерінің өзін көгілдір экран алдында қалай болса солай ұстап, ерсі қылық көрсетулері дер едік. Мұнысын олардың өздері байқамайтын сыңайлы.

 Алдағы кезде де мәдени-танымдық, ойын-сауық бағдарламаларының көкжиегі кеңейе берсін деген бір ғана тілегіміз бар.

 

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

зейнеткер

 

Түркістан облысы

 

 

Дарынды оқушылар қатарында

Целиноград ауданы Ақмол ауылындағы орта мектептің бірнеше оқушысы «Жаңа Қазақстанның 100 дарынды оқушысы» атты республикалық байқауға қатысты. Атап айтқанда, Дастан Орынбасар, Дәмелі Миран, Айлана Ыдырыс, Мәдина Байрақ, Гүлжамал Байрақ, Жанасыл Абдығали байқауға апарған еңбектерін көрсетіп, жеткен жетістіктерін паш етті.

Байқауды «Bilim-òrkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырды. Аталған іс-шара елімізде алты жыл қатарынан өткізіліп келеді. Мақсат – Отанымыздағы дарынды жастар арасында байланыс орнату, оқушылардың ғылыми әлеуетін күшейту, инновациялық идеяларын кеңейте отырып үздіктерін анықтау.

Аталған байқау аясында «Жаңа Қазақстанның үздік дарынды оқушысы» деген тақырыпта республикалық форум өткізілді. Оған мәртебелі меймандармен қатар, еліміздің барлық өңірінен келген дарынды оқушылар қатысты. Олар аға буынның ақыл-кеңесін тыңдады. Ғылым қуып, жаңашылдыққа ұмтылған дарынды оқушыларды аға буын өкілдері марапаттады.

Ақмол мектебінің дарынды оқушылары осы жетістікпен шектеліп қалмайды деп сенеміз.

 

Айым ШОЙБЕКОВА,

тарих пәнінің мұғалімі

 

Ақмола облысы,

Целиноград ауданы