Қаржы • 30 Наурыз, 2023

Қор нарығының көрсеткіштері

319 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда қор нарығының даму қарқыны жоғарылап келеді. Қазіргі уақытта «Қазақстан қор биржасының» (KASE) сауда тізімінде 99 эмитенттің 113 акция­сы саудаланып жатыр. Олардың 46 шығарылымы KASE Global секторында айналысқа жіберілді. 2023 жылғы қаңтарда акциялармен сауда-саттық көлемі 2022 жылғы желтоқсан айымен салыстырғанда 90,4%-ға немесе 180 млрд теңгеге төмендеп, 19 млрд теңгені құраған.

Қор нарығының көрсеткіштері

Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің мәліметі бойынша, корпоративтік облигациялар нарығы ақша-кредит талаптарын қатаңдату аясында қорландыру құнының қым­бат­тауы, сондай-ақ осы нарықта қолда­ныстағы шығарылымдарды өтеу нәти­жесінде 2023 жылғы қаңтарда 0,3%-ға немесе 42 млрд теңгеге, 14,4 трлн теңгеге дейін азайды.

«Корпоративтік облигациялардың бастапқы нарығының көлемі 2023 жылғы қаңтарда 146 млрд теңгені құрады, бұл 2022 жылғы желтоқсан айымен салыстырғанда 64,4%-ға немесе 264 млрд теңгеге төмен. 2023 жылғы 1 ақпанда KASE сауда-саттық тізімдерінде 82 эмитенттің корпоративтік облигацияларының 342 шығарылымы болды. Қаңтарда KASE-де корпоративтік облигациялармен сауда-саттық көлемі 66,3%-ға немесе 363 млрд теңгеге, 184 млрд теңгеге дейін азайды», делінеді хабарламада.

Қаңтар айының қорытындысы бойын­ша KASE-де мемлекеттік бағалы қағаздармен сауда-саттықтың жиынтық көлемі бір айда 22,8%-ға немесе 153 млрд теңгеге азайып, 516 млрд теңгені құраған. Сондай-ақ мемлекеттік бағалы қағаздардың бастапқы нарығындағы сауда-саттық көлемі 21,8%-ға немесе 125 млрд теңгеге 450 млрд теңгеге дейін төмендеген.

Ұжымдық инвестициялар нарығында 47 инвестициялық пай қоры жұмыс істеді, оның ішінде 24 аралық, 21 жабық және 1 ашық пай қоры.

Бағалы қағаздар нарығының институ­ционалдық құрылымында 2023 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 38 брокер мен дилер (15 банк және 23 банктік емес ұйым), 9 кастодиан банк, 20 инвестициялық портфельді басқарушы, 3 трансфер-агент, сондай-ақ 2 инфрақұрылымдық ұйым: KASE және бірыңғай тіркеуші және сауда репозиторийі функцияларын орындайтын Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі жұмыс істейді. Бұдан басқа, КASE негізінде орталық контрагент жұмыс істейді.

Инвесторлар саны да өсіп келеді. Депоненттер клиенттерінің қосалқы шоттарының саны 581 776 қосалқы шотқа дейін 31 549-ға немесе 5,7%-ға өсті.