Өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ғылым академиясының мерейтойында ғалымдарды ұзақ жыл толғандырып келген мәселенің нүктесін қойып, академияның мәртебесін қайтаруды түбегейлі шешкен болатын. Отандық ғылымның, ғалымдардың, академияның мәртебесін көтеруге бағытталған қадам ғалымдарға тың серпіліс беретіні анық. Ендігі кезекте Ұлттық ғылым академиясы қауіпсіздік, прокуратура, қаржы полициясы, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты қатарында Президенттің тікелей бақылауында болады. Бұған қоса ғалымдардың алдында Президент жанынан құрылған Жоғары ғылыми-техникалық комиссиямен бірлесіп жұмыс істеу міндеті тұр.
Соңғы отыз жыл ішінде еліміздің ғылым мен технология саласы өте төмен деңгейге түсіп кеткені белгілі. Жыл сайын жарияланатын экономикалық күрделілік «Гарвард индексінде» Қазақстанның көрсеткіші минусқа дейін төмендеп кетті. Ал ғалымдар саны 50 мыңнан 20 мыңға дейін азаюы бүгінгі ғылымның жағдайын айқындап тұрса керек. Кеңес одағы тұсында Қазақстан ғылымы мен технологиясы жағынан Ресейден кейін екінші орында, Украинамен қатар тұрды.
Президент VIII сайланған Парламент Мәжілісінің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде елімізде саяси реформалар жүргізіп қана қоймай, қоғамды түбегейлі өзгерту, адам капиталы, әлеуметтік саясатқа басымдық берудің қажеттілігін атап өтті. Ал өмір сапасын, экономиканы жақсарту үшін жаңа технологиялық серпілістер қажет.
Әзімхан САТЫБАЛДИН,
Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетіне қарасты Экономика институтының бас директоры, академик