ЕЛ және ЕЛБАСЫ
Елін сүйген, халқына қорған болып жүрген айбарлы азаматтармен біз өзімізді қашанда әйтеуір бір қырынан байланыстырғымыз келеді. Тура мағынасында алып бәйтеректің көлеңкесінен кімнің сая тапқысы келмейді дейсіз. Осындайда сол алып бәйтерекпен рухани байланыстыратын бір тылсым күш барына өз басым бек сенемін. Сондай алып жүректі, ел үшін туған арда азаматтардың бірегейі – біздің Президент. Елбасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық аренадағы бедел-абыройы, тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасын берік етіп қалаудағы ерен еңбегін, қайраткерлік қабілеті мен қасиетін жан-жақты ашып жазар болсам, мақала жүгін тым ауырлатып алатын сияқтымын. Мен өзімнің жүрек-айнамдағы Елбасымыздың дара тұлғасын ғана әңгіме арқауы етпекпін. Дана қазағымның дара болмысы оның күнделікті өмірімен, тыныс-тіршілігімен біте қайнасып, ажырамастай болып кеткенін әркім-ақ мойындайды. Ғұмырымды көркем еткен, үмітімді желкен еткен, «Ұлым бар» деп еркелеткен елімізде осындай көшбасшымыздың бары жүрекке сенім мен тыныштық ұялатады. Журналистиканың жалына жармасқанымда шашы желбіреген шынашақтай жеткіншек едім. Бірде Президентіміз Шымкентке сапармен келетін болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары. Етек-жеңді әлі де толық қымтай алмай жатқан өліара шақ. Облыстық әкімдіктің үлкен мәжіліс залына маңдайынан күн көрінген, жүзінен мейірім-шуақ төгілген Нұрсұлтан Әбішұлы кіріп келе жатты. Айдалада қою қараңғылық тұтқынында адасып, бүкіл жан дүниең жабырқап, көңілің алағаржақтанып келе жатқанда алдыңнан бір сәуле жарқ етіп шыға келетін сәттер болады емес пе? Елбасы ширақ басып, айналасына шырай шашып кіріп келгенде, өне бойымда қуаныш толқындары атой салды. Киелі, ерекше қабілетке ие адамдарда осындай бір тылсым күш болады. Елбасымыздың ерен тұлғасы маған алғаш рет осылай әсер берген еді. Алғашқы таныстығымыздың өзі ерекше болды-ау деп топшылаймын. Президентке сауал берерде журналистер, басқа да мамандық иелері әуелі өздерін таныстырады емес пе? Ресей мен Қазақстан мемлекеттері арасындағы достық байланысқа қатысты сауал бермек болған менің аты-жөнім Елбасыны да елең еткізген шығар-ау, маған әкелік көзқараспен елжірей қарап, «Аты-жөніңді қайталашы», дегені. «Дулат Назарбекұлы Әбіш», дедім кідірмей. Әрине, егер арғы тегім Назарбаев болғанда бар ғой, керемет үйлесімділік болар еді. Бірақ Нұрсұлтан Әбішұлы осы ұқсастықтың өзіне көңіл бөліп, мән бергені мені жадыратып тастады. Осы қысқа ғана тіл қатысудың өзі ішкі әлемімді астан-кестең еткені соншалық, Қазақстан атты қанатты елде Елбасымен бірге тәуелсіздікті тұғырлы етуге атсалысып, ол жұтқан ауаны мен де жұтып жүргенім үшін Тәңіріме тәубе деп едім. Осы бір көзге көрінбейтін рухани байланыс пен тылсым күш өмірімде қалыптасып, өсіп-өнуіме, кемелденуіме осы сәтке дейін нұрын шашып келеді. Кейіннен жеке кәсіпкерлікке ден қойдым. Өмірге «Айғақ» газеті келді. Осы тұста Президентіміздің тұңғыш қызы Дариға Нұрсұлтанқызы құттықтады. Журналистердің Медиа-форумдарында Дариға Нұрсұлтанқызымен баспасөз еркіндігі, болашағы туралы жиі-жиі пікір алмасып тұрдық. Кең-байтақ еліміздің түкпір-түкпіріне жасаған сапарларында бірге болдым. Нұрсұлтан Әбішұлы еңбек жолын бастаған Теміртау қаласына да бірге барудың сәті түсті. Оңтүстікке жасаған сапарларының бірінде Дариға Нұрсұлтанқызы «Айғақ» газетінің редакциясына келді. Міне, осыдан соң-ақ Дариға Назарбаевамен бауырластық, достық, мүдделестік қатынасымыз үзілген емес. Рухани байланыстың жібі енді шешілместей түйінделген еді. Бүкіл қазақстандықтардың әкесіне айналған Нұрсұлтан Әбішұлы маған да етене жақын тұлға екенін ойлағанда жаным жадырайды. Тұңғыш ұлым дүниеге келгенде есімін Нұрсұлтан қойдым. Медиа-форумдарға барған сайын Дариға Нұрсұлтанқызымен кездесемін. Ол менің баламды көріп: «Жаным, Нұрсұлтан, жағдайың қалай?» деп хал-ахуалын сұрайды. Иә, Қазақстанда Нұрсұлтан аттас жігіттер, жеткіншектер жеткілікті ғой, солардың барлығы да ел Президентінің ізгі қасиеттерінің біріне ие болып жатса, дүние шіркін бұдан да дидарлана түспес пе? Біздің отбасымызда бір Нұрсұлтанның өсіп келе жатқанын мақтан етемін. Елбасымыз Украинадағы Днепродзержинск қаласында оқығаны белгілі. Сондықтан ұлымды осы қалаға алып барып, Елбасы жүрген жолдармен жүріп өттік. Ұлым Елбасы отырған партада естелік суретке түсті. Президент Н.Назарбаевтың оңтүстікте Аманәлі Әбдіраманов, Марат Қыстаубаев, Тельман Спаев атты үш курстасы бар. Елбасы туралы хабар дайындау барысында осы үш азаматты Украинадағы Днепродзержинск қаласына алып бардым. Олар жастық шағы өткен қаланы көріп бір жасап қалды. Нұрсұлтан Әбішұлының жастық шағынан әсерлі әңгімелер өрбітті. Осы сапардан маған тағы да ой келіп, Елбасының туған ауылына, нағашы жұртына барып, деректі фильмдер түсірдік. Бүгінгі таңда біздің Мемлекет басшысын әлем халқы ірі саясаткер ретінде жоғары бағалайды. Бұған менің де көзім жетті. Мәселен, Иордан Хашимит Корольдігіне журналистік сапармен барғанымда, мына бір жайтқа куә болдым. Амман қаласында Король Хусейннің баласының атында көп-көрім көше бар екен. Король осы көшені баласының атынан алып, Елбасымыз Н.Назарбаевтың есімімен атайды. Мұның өзі Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік аренадағы орнын айқындайды. Еңбек адамы қай кезде де кеңінен дәріптелуі тиіс. Мұны Президентіміз ешқашан жадынан шығарған емес. Әсіресе, «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты ғылыми талдамалы мақаласында еңбек адамының беделін көтеру идеясы алға шықты. Қазір біздің елімізде еңбек ететіндердің ешқайсысы да ескерусіз емес. Ең әуелі олар өз еңбектерінің жемісін теріп жеп жүр. Елімізде әлеуметтік еңбек қарым-қатынастарының тиімді жолдары қарастырылуда. Қай саланың мамандары болса да, белсенділіктерін арттыруға көңіл бөлінеді. Сондай-ақ, кәсібінің шынайы шеберлерін ынталандырып отыру да мемлекеттік тұрғыда ойластырылған. Жеке кәсіптерін дөңгелетіп-ақ мемлекет наградасына ие болып жатқандар көп. Мәселен, мен өзімді Президент идеяларының бір жемісімін деп білемін. Тәуелсіздіктің арқасында өз газетімді аштым. Бірқатар жетістіктерге қол жеткіздім. Мұны мақтаныш үшін емес, елімізде шығармашылық адамдарының қоғамдық белсенділіктерін арттыруға қозғау салынып отырғанын көрсету үшін де айтып отырмын. Қазір қолынан іс келетін адамдарға мемлекет тарапынан үлкен көмек көрсетіледі. Соның арқасында да елімізде жұмыссыздық жыл сайын азайып келеді. Иә, дүние шіркін дүбірлер мен дүмпулерге толы. Әлемдік бәсекеде күштілер ғана алға шығады. Кеше ғана мемлекет болып қалыптасып, тәй-тәй қадам баса бастаған біздің ел әлемдегі ең алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына ену үшін талпынып келеді. Астанада 2017 жылы ЭКСПО көрмесі өтпек. Осындай шапшаң қарқынмен ілгері қадам жасау, Қазақстанның әрбір қадамына сұқ көзін қадап отырған талай сұстылардан сескенбей, елімізді алға сүйреу, татулық пен тұрақтылықты тұғыр ете білу, Астананы көркем де келісті шаһарға айналдыру оңай шаруалар емес. Осы орайда, Нұрсұлтан Әбішұлының орасан зор еңбегін тау көтерген Толағайға теңесек, бұл тіптен, артық кеткендік болмас деп ойлаймын. Астана – ел жүрегі, ер тірегі. Астана күнін атап өту дәстүрімізге берік орнықты. Әлем халықтарының назарына іліккен елордамыздың ажары күн сайын көркейіп келе жатқанына куәгерміз. Мәселен, қала Ақмола атанып тұрған кезде Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев бастап бір вагон журналистер осында келдік. Сол кездегі көрген қаланы бүгінгімен салыстыруға мүлдем келмейді. Астананың көркем келбетіне шетелдік қонақтардың өзі тәнті қалып жатқанын күнделікті естіп, біліп отырмыз. Қазақстандықтардың қуаныш құшағында, қиындықсыз ғұмыр кешулеріне барлық күш-жігерін жұмсап келе жатқан Толағай тұлға халқын жарқын болашақтарға жетелей берсін деп тілейміз. Елбасының әлемдік абыройы асқақтай түсеріне де сенім мол. Әрине, осындай бақытты елде өмір сүріп жатқанымыз көңілдерге гүл егеді. Қазақ болашаққа, ертеңіне сенеді. Ертегідегі Толағай бір тауды арқалап, екінші тауға қосып кереметтер жасаса, біздің Президент Сарыарқаның төрінен Астанадай айшықты шаһар салып, дүние жүзін тамсандырып отыр. Абат Астанада ай дидарлы ұл-қыздар көбейіп, даңқы арта берсін! Дулат ӘБІШ, «Айғақ» телеарнасының бас директоры, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, Қазақстанның құрметті журналисі,«Құрмет» орденінің иегері.Әлеуметтік қорғаудың әлеуеті
Елбасы «алты ағасы» бар ауданға алты жылда бес рет келді
Алматыдағы ең жас аудан – Алатау ауданының құрылғанына 6 жыл толып отыр. Осы аралықта кенже қосылған, көкейкесті мәселелері көп ауданға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бес рет арнайы келіпті. Қазір бұл ауданда халықтың тұрмысы тұрақталып, заңсыз жер телімдерін басып алу түбегейлі ретке келтірілді. Жетінші ауданда мемлекеттік іс-қағаздардың барлығы тек қазақ тілінде жүргізіледі. Көз алдымызда көркейген аудан осы қалпына жеткенше талай жағдайларды басынан өткерді. Қазақтың да тағдырының аумалы-төкпелі жылдарының айнасы іспеттес ауданда небір қиын жағдайлар болды. Ол өткен ғасырдың 90-жылдарының орта шенінен тамыр тартады. Сол жылдары жұмыс іздеп, нәпақа іздеп еліміздің әр қиырынан ағылған ел қазіргі ауданның аумағындағы жер телімдерін заңсыз иелене бастағаны белгілі. Олардың көпшілігі алаяқтардың қармағына түсіп, заңсыз басып алған жер телімдеріне үйлер салып жатты. Осыған байланысты халықтың жаппай қоныстануына орай аудан аумағында көптеген әлеуметтік мәселелер қордаланып, жиналып қалған еді. Соның ең өзектілері – мектептер мен балабақшалардың жоқтығы, жолдар мен электр қуатының, ауыз судың тартылмауы, аурухана секілді денсаулық сақтау мекемелерінің тапшылығы болды. Міне, халықты осындай қиын жағдайдан аумақта жаңадан әкімшілік-аумақтық құрылымның құрылуы құтқарды. Естеріңізде болса, біздің аудан ресми түрде 2008 жылдың 3 шілдесінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен құрылды. Алматының жетінші ауданының аяғынан тұрып кетуіне мемлекет үлкен қолдау көрсетті, әр кезде бұл аудан Елбасының назарында болғанын айту керек. Осылайша, кейде ушығып, кейде ши шығып отырған аумақта алдымен заңсыз үй салып алғандардың құжаттарын жөндеп, оларды қалаға ресми тіркеуге алу мәселесін шешу қажет болды. Оның үстіне су қорғау аймағында, Сақ қорғандары аумағында, жоғары кернеулі электр желісі және газ құбырлары жүретін жерге жақын тұрған, «қызыл сызық» шегінде орналасқан үйлер мәселесін де дереу шешу жұмыстары күтіп тұрды. Сөйтіп, жүйелі және тынымсыз жүргізілген жұмыстардың арқасында аталған мәселелердің бәрі оң шешімін тапты. Заңсыз және құжатсыз үй салған 5080 аудан тұрғынына заңдастыру жұмыстары жүргізілді. Қысқасы, 40 жылда бірде-бір мәдени мекеме, әлеуметтік нысан көтерілмеген аудан 2008 жылы алғаш құрылғанда мұндағы 3821 гектар аумақта 127 мыңнан аса адам тұрып жатты. Осыдан бөлек, тағы 40 мыңдай адам өз үйлерін заңдастырмаған еді. Осы ретте жағдайды шешу үшін қала билігінің қолдауына сүйенуге тура келді. Және қала әкімі Ахметжан Есімовтің жаңа ауданды көзден таса етпей, үнемі көмектесіп отыруының арқасында жағдай тез түзеліп келеді. Келешегі зор Алатау ауданы есін жиып, аяғына тұруына көптеген жыл емес, алты жылдай ғана уақыт кетті. Мәселен, 2017 жылы Алматыда өтетін Қысқы Универсиаданың негізгі спорт нысандары осы Алатау ауданында салынатын болып жатыр. Бұлардың ішінде қаладағы қысқы спорт түрлеріне арналған ең ірі жабық орын – Мұз сарайының маңызы ерекше. Одан басқа, спортшыларға арналған 10 мың адамдық жатақханалар мен қонақүйлер кешені де бой түземек. Сондай-ақ, жақын арада ауданның қазіргі тұрған аумағында алғашқы Концерт залы бой көтеретін болады. Дегенмен де, алатаулықтардың тұрмыс-тіршілігін жалпы қала тұрғындарының әл-ауқаты деңгейіне жеткізу үшін әлі біраз жұмыстар атқару керек. Соған орай, біздің қаланың ең жас ауданының дамуына серпін беретін бас жоспар қабылданып, қазір сол бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ең бастысы – ауданды газдандыру жұмыстары аяқталған. Онымен қатар, мұндағы барлық 523 көшенің көпшілігі асфальттандырылып, олардың ішінде, тіпті, атауы жоқ 178 жаңа көшеге ат берілді. Бұдан басқа, аудан құрылған уақыттан бері осындағы елді мекендерді жарықтандыру мәселесіне де баса көңіл бөлініп, 155 шақырымдай болатын 169 көшеге жарық шамдары орнатылып жатыр. Бүгінгі таңда аудан бойынша 239 шақырым ауыз су құбырлары мен 67 шақырым кәріз жүйесі жұмыс істейді. Оған қоса, биыл Қазақстан Президентінің «Алматы қаласының шекарасын өзгерту туралы» Жарлығына сәйкес, шаһар аумағына Алматы облысының Қарасай, Талғар, Іле аудандарынан 27 елді мекен сонда тұратын 92 604 адамымен қалаға қосылады. Сондай-ақ, биылғы жыл ҰБТ қорытындысы бойынша бүкіл республикада ең жоғары 125 балл жинаған төрт түлектің бірі осы ауданнан шыққанын, ҰБТ қорытындысы бойынша 97,3 балл жинаған Алатау ауданы оқушылары республикада 1-орынды иеленіп, 29 оқушы «Алтын белгі» иегері атанғанын айту артық болмайды. Бар болғаны 6 жылда 9 мектеп, 5 балабақша пайдалануға берілген. Оның ішінде 2 физика-математикалық және 1 мектеп-лицей бар. Сондай-ақ, бүгінде ауданда 9 мемлекеттік және 18 жекеменшік балабақша жұмыс істейді. Осылайша, алты жылдық мерейтойына ауыз толтырып айтарлықтай жетістікпен келген ауданды қала әкімі Ахметжан Есімов құттықтап келіп, спорттық жарыстар мен ат бәйгесін тамашалады. Ауданның 6 жылдағы инвестициялық қоры 33 миллиард 630 миллион теңгеге жетіп, жұмысшылардың орташа жалақысы 98 мың теңгеден асты. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.«Болашағымыз жарқын»
Айдана АЙНАБЕК, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының 3-курс студенті: Менің көз алдыма Елбасының бастауымен ертеңіне қолтаңба қойған, ақ қанаты көк аспанға қанатын кере жайған армандай биіктің асқарына құлаш ұрған Қазақ елі ерекше елестейді. Он бес жылдың ішінде алып шаҺарға айналған Бас қала өскелең жастардың көкейіне игі мақсатқа жету жолында «алынбайтын асудың» жоқтығы туралы батыл ойларды ұялатты. Президент Нұрсұлтан Назарбаев қашанда жастарға жігер береді. Көсіліп жатқан сары дала мейір-махаббатқа бөленіп, күннен-күнге құлпырып келе жатқандай. Елорда – жай ғана ел астанасы емес, ұшқыр қиялдың, өміршеңдіктің, шашасына шаң жуытпас жүйрік технологияның, дөңгеленген дүниенің озық жаңалығын дарытқан ғылым-білімнің, ақылдылықтың символы. Қазақ тектілігінің, ұлт ұрпағының тегеуріні қайыспас табандылығының айнасы іспетті. Даму қарқыны жүйріктей жүйіткіген еліміз де, елордамыз да дүние жүзіндегі абзал елге, арман қалаға айналарына шүбәміз жоқ. Бір біз емес, әлем халықтарының да әлдеқашан күмәні сейілген. Ұрпақ үшін мерейлі мақтаныш, келешегіне кемел сенімділік сыйлаған Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сын сағаттарда сүріндірмес сарабдал саясаты жаһанды мойындатуда. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген нақылды мұрат ете отырып, республикамыздың білім ошақтарындағы жастарға жан-жақты жағдайлар жасалуда. Мың жылдық тарихы бар жәдігерлік «Қабуснамада» айтылғанындай, «Білім – ақылдың ажар көркі». Соған айғақ, өзім білім алып жатқан қасиетті қара шаңырақ Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының кешегісі мен бүгінгісі салыстыруға келмейді. Осыдан үш жыл бұрын табалдырығын алғаш аттаған оқу орным бүгінде озық педагогикалық үрдістерді меңгерген, әлемдік білім беру парадигмасына енген алдыңғы қатарлы, білім беру мен тәрбиенің тізгінін берік ұстаған ұстаздары көп шаңыраққа айналып, заманауи ғимараттармен толықтырылуда. Жаңа, еңселі корпустардың салына бастауы қарыштап қадам басқан еліміздің жасампазданып, шарықтай түскенінің, болашағымыз жарқын боларының дәлелі. ШЫМКЕНТ.