Білім • 30 Наурыз, 2023

Білім мен тәрбиені ұштастыра білейік

308 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың VIII сайланған Парламент Мәжілісінің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде біраз мәселе көтерді. Соның ішінде Мемлекет басшысы адам капиталының сапасын барынша арттыру керектігі жайлы айтты. Президенттің көтерген бұл мәселесіне толықтай қосыламын. Шынымен де дамыған мемлекет болу үшін алдымен адам капиталын арттыруымыз керек.

Білім мен тәрбиені ұштастыра білейік

Осы жерде бір толықтыра кететінім, адам капиталы дегенде тек білімді ғана емес, сонымен қоса тәрбиені де ұмытпаған абзал. Бәлкім тәрбие бірінші жүру керек шығар. Шығыстың ойшылы Әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген жоқ па? Сондықтан адам капиталы дегеніміз ол – сапалы ұлт тәрбиелеу. Санасы биік, жаңалыққа жаны құмар, ғылымға ұмтылған ұрпақ қа­лыптастыру.

Кезінде Германия да Прези­дент қозғаған мәселемен бет­пе-бет келді. Неге дейсіз ғой. Өйткені немістер кітап оқымайтын, білімге құштар емес ұлттар қатарына түсіп кеткен еді. Бұл сол екімыңыншы жылдардың басында еді. Кейін Германия үкіметі тез ес жинап, бұл мәселені қолға алып, ұлттың сапасын көтеру жолында қыруар жұмыс атқарды. Соның нәтижесінде неміс халқы әлемдік рейтингте ең көп оқитын ұлттардың қатарына көтерілді.

КСРО заманында кеңес халқы да қолынан кітап түс­пейтін ұлттар қатарынан бол­ған. Сол кездің статисти­калық көрсеткішінде жүз адамға шақ­қанда 82 адам кітап оқитын. Ал жоғарыда айтқа­ны­мыздай, адам капиталын арттырудың нәтижесінде немістер бұл көрсеткіштен де асып түсті. Яғни қазіргі таңда Германия халқының жүз адамның ішіндегі тоқсан үші кітаппен дос. Бұл – өте жоғары көрсеткіш. Біз де осындай дәрежеге жетуіміз керек. Ол үшін жоғарыда баян­­­дап өткенімдей, ұлттың сапасына жұмыс істеуіміз қажет. Тек білім беріп қана қоймай, бірінші кезекте тәрбиеге де маңыз қойған жөн. Президент айтпақшы, бірінші кезекте ұлттық мүдде, елдік мақсат тұруға тиіс.

Қазақтан төртінші өнеркә­сіп туралы сөз қозғаған кезде Германия ол уақытта бұл белесті бағындырып қойған еді. Ол мақсатқа жеткізген жалғыз жол сол баяғы адам капиталын дамытудың жемісі. Ал төртінші өнеркәсіптік төңкерісте көп­шілігіміз білетіндей, кәсіп­орын­дарда бұрынғы қол жұ­мы­сын автоматтандырылған роботтар атқарады.

Президент те осы мақсатты меңзеп айтты деген ойдамын. Яғни ұлтты сапа жағынан көте­ріп, әлемнің дамыған елде­рінің қатарына қосу білімсіз, ғы­лым­сыз өркениет шыңындағы мемле­кет­термен интеграциялану өте қиын.

Скандинавия елдерінде адам­­дардың көпшілігі бірнеше тілді біледі. Олар қосымша шет тіл­дерін мектеп қабырғасында жү­ріп меңгереді. Ал көп тіл бі­лудің пайдасы мол. Өйткені сол тіл арқылы өзге жұртты танисың, солардың ішкі әлеміне үңілесің және олардан бізде жоқ тәжірибені үйренуге кө­мектеседі. Осындай мәдени қарым-қатынас арқы­лы халықтар бір-бірінен үй­реніп дамиды. Жапонияда да осы тәжірибе бұрыннан қалыптасқан. Тіпті самурай ұрпақтарының таңдаған жолымен жүрсек біз де өсіп-өркендейміз деп кезінде Алаш партиясының көсемдерінің өзі айтып кеткен.

Сондықтан адам капиталы тәрбие мен білімнің ұштасуы, ал одан туған нәтиже ұлт сапасын айқындайды деп ұққан абзал.

 

Сәкен МӘЖІНБЕКОВ,

саясаттанушы