02 Шілде, 2014

Омбыдағы қазақ суретшісі

438 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
А.ШакеновБұрын да бізге осы бір талант иесінің көрмесін тамашалаудың сәті түскен-ді. Осымен Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейіне екінші рет қойылып отырған Ресей Федерациясының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, РФ Суретшілер одағының мүшесі, Омбы университетіндегі академиялық кескіндеме және сурет кафедрасының профессоры Амангелді Әбдірахманұлы Шәкеновтің кескіндемелік жұмыстары тылсым сырларымен көрерменді баурап алды. Батыс пен Шығыстың мәде­ние­тінен қатар сусындаған қан­дасымыздың «Отаным менің» атты көрмесінен шетсіз де шексіз даланы, бұрынғы Омбы қазақтарының өмірін, қайыңдар мен жылқыларды, көне деревнялар мен православ шіркеулерін, мұсылман мешіттерін, орыстар мен қазақтардың келбеттерін кезегімен көре отырып, дәуірлі бір кезеңге саяхат шегесіз. – Қазақтар Қазақстанда ғана тұрмайды. Тағдыр тәлкегімен әлемнің төрт бұрышына тараған қандастарымыздың басым бөлігі Ресейде қоныстанған. Көрші мемлекетте қазір 600-800 мың шамадағы бауырларымыз өмір сүріп жатса, Амангелді Шәкенов солардың ішіндегі жарқын талант, – деді көрменің ашылуында Дүниежүзі қазақтары қауым­дастығы атынан сөз алған жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаев. Амангелді Шәкеновтің өмір жолы да қызық. 1943 жылы Омбы облысы Шарбақкөл ауданының Шұқыт ауылында дүниеге келгенде жас сәбиге Оразбай деп азан шақырып ныспылағаны сол екен, сол жылы көкесі қан майдан­нан оралады. Аман келген ағала­ры­на қуанған ағайындар туылға­ны­на көп болмаған нәрестеге қайтадан Амангелді деп ат қояды. Алты жасында атқа отыр­ған балғынның алғашқы кес­кіндемелері Омбы қазақ­тарының айтысы, ат бәйгелеріне құрылса, сәби санасының түкпі­рінде соғыстан кейінгі ауыр жылдарда ерлермен тең мехнат шеккен нәзік денелі анасының сабырлы бейнесі сақталып қана қоймай, кенепке көшкені кездейсоқтық емес. Колхоз төрағасының әйелі болса да, сол кезеңде қол қусырып отыратын адам бар ма?! Өгізбен егістікке тұқым тасып, кез келген ша­руаны дөңгелеткен, қолдарын күс басқан қажырлы қазақ әйелі сыр­ты нәзік, ішкі рухы күшті кел­беті мәңгілік қартаймай қала бермек. Мәскеудегі Суриков институтына дайындығы аздықтан қабылданбай қайтып келген Амангелді Шәкенов 1962 жылы Омбыдағы А.М.Горький атын­дағы педагогикалық инсти­тут­тың көркемсурет-графика факультетіне оқуға түсті. Оны бітірген соң жас маман бейнелеу өнері кафедрасына жұмысқа шақырылды. 15 жыл бойы осы факультеттің деканы болып қызмет атқарды. Жұмысын істей жүріп, түрлі деңгейдегі көрмелерге жиі қатысумен болды. Жеке өзі 50-ден астам көрме өткізді. Ол туындыларын Қазақстанда да бірнеше мәрте әкеп көрсетті. Шакенов-2 Өнер тақырыбына қалам сілтейтін журналистер оның полотноларында «сиқыр» бар деп толғаса да Амангелді Шәкенов өз туындыларында ешқандай құпия жоқтығын, пейзаждарында тек қана бояу мен аздаған поэ­зия бар екендігін айтумен келеді. Мәселен, тақырыбы бір-бірін қайталайтын «Қайың» деп аталатын бірнеше суреттері бар. Сол сияқты «Кәрі ағаштар» картиналары да қайталанып отырылды. Көне Омбының көзіндей Куйбышев пен Лермонтов көшелерінің қиылысындағы ескі ағаш үйді негізге алған 50-ге тарта картинасы бар деседі. Ә.Қастеев атындағы Өнер музейінде оның бәрімен таныса алмасақ та, есесіне Шоқан Уәлихановқа арнал­ған қайта­ланбас картиналарды тұп­нұсқадан көрудің сәті түсті. Қос құлыны – Динара мен Жәми­ланың бүлдіршін күнінен бастап бойжеткенге айналғанға дейінгі кескіндемелері де сурет­кердің шеберлігімен қоса өсіп отырғанын аңғару қиын емес. Айтқандай, 70-80-жылдары Амангелді Шәкеновтің шығар­машылығында ұлттық бояулар көріне бастайды да, біртіндеп ол басты тақырыпқа айналып кетеді. Балалық шақтан есінде қалғандары мен көрген-білгендерінің бәрі суретші полотносының бетіне түседі. Қазақ халқының өмірі мен тұрмысын баяндайтын картиналары адам мен табиғаттың жарасымды бірлігін бере білетін нағыз ақынның жыры дерсің. Не десек те, Амангелді Шәке­нов Омбы өнеріне тамаша ұлттық колорит әкеліп, оның жаңа тақырыптармен және қанық бояулы түстермен байыта түскен суретші. Шебердің көптеген картиналарына тән адалдық, ой тереңдігі, сурет сұлулығын оның былайғы бос уақытында салып, өмірге әкелген портреттерінен де табасыз. Алматыдағы көрмеде сурет­шінің әр жылдары салған 60-тан астам жұмысы қойылды. Кейбір картиналар өзінің жерлесі, бүгінде алматылық бизнесмен әрі меценат, суретшінің картиналарын қадірлеп, сақтай білетін Мұрат Сәрсенбаевтан алыныпты. Амангелді Шәкеновтің туындылары Ресейдің, Омбының, Краснодар өлкесінің, Венгрияның көрме қорларында және АҚШ, Англия, Финляндия, Германия елдерінің мұражайларындағы коллекцияларда бар екен. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.