– Тіл саясатының басым бағыты өзге тілділерге, әсіресе орыстілді қазақ ұлты өкілдеріне бағытталуы керек деген пікірді жиі айтып жүрсіз. Ал оларды мемлекеттік тілде сөйлету үшін біз нақты қандай іс-шараларды қолға алуымыз керек?
Анар ФАЗЫЛЖАНОВА,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты:
– Қазіргі жаһандану заманында тілтанушылардың «мемлекеттік тіл» туралы іргелі ұғымды құрайтын түсініктері кеңейді, трансформацияланды, бұған дейінгі социолингвистикалық зерттеулерде «мемлекеттік тіл» кеңестік ғылыми таным тұрғысынан қаралды. Бүгінгі күні мемлекеттік тіл ұғымы әлдеқайда өзгеше, жаңа концептілермен, білімдер жүйесімен толықты. Сондықтан осы білімдерді жүйелеп, қоғамға таныту аса маңызды.
Мемлекеттік тіл – мемлекеттік және қоғамдық өмірде аса маңызды қызметтерді атқаратын тіл: ол мемлекеттік басқаруды, заң шығару мен сот ісі және дипломатиялық өкілдікті (мемлекет ішінде және одан тыс жерлерде) жүргізу тілі; мемлекет шегінде әкімшілік-саяси және әлеуметтік-экономикалық өзара іс-қимыл тілі; мемлекеттің этностық құрамына қарамастан, оқытудың барлық сатысындағы білім беру тілі; бұқаралық ақпарат құралдары мен жаңа ақпараттық технологиялардың тілі.
Кеңестік кезеңде мемлекеттік тіл болған орыс тілі түрлі ұлттық бірегейліктің орнын басып, оларды «бір қазанда қайнатып», бәрінен орыс тілі мен мәдениеті үстемдігі негізінде бір ғана кеңестік бірегейлік жасауға қызмет етті, ал қазақ тілінің мемлекеттік тіл рөлінің саяси ғана емес, тарихи-әлеуметтік, мәдени негіздері де мүлдем басқа әрі қазақ тілінің бұл биік функциясы жүзеге асып отырған жаһан жағдайы да өзгеше. Қазақ тілі елдегі диаспораларды ассимиляциялауды, «жұтып қоюды», үстемдік орнатуды емес, бір ел аумағындағы барлық азаматты өзара құрмаластыруды, бір жалпыұлттық-мемлекеттік бірегейлік құруды ғана көздейді. Оның үстіне тілдік-мәдени қауымдастықтың өз бірегейлігін сақтау талпынысы күшейген жаһандану заманында мәдениеттердің бір-бірін ассимиляциялауы да мүмкін емес, себебі метафизикалық теңгерім заңдылығына сәйкес жаһандануға тән экономикалық, мәдени, керек десеңіз тілдік жағынан (ағылшын тілінің экспансиясы) барлық ұлт пен ұлысты бірегейлендіруге бағытталған ортаға тартылыс күшке қарама-қарсы, яғни ұлттар мен ұлыстардың өз бірегейлігін (тілін, дінін, ділін, мәдениетін, салт-дәстүрін, т.б.) сақтауға бағытталған ортадан тепкіш күш арта түседі. Сонымен бірге жаһанданудың техникалық, технологиялық жетістіктері тіпті дүниенің әр тарапына шашыраған мәдениет өкілдерінің де өзара қарым-қатынасын үзбеуге септігін тигізіп, ұлттық бірегейлігін жоғалтпауға көмектесіп отыр.
Тағы бір маңызды ерекшелік қазақ тілінің ешқандай күштеу шараларынсыз өз позициясын тіпті сонау кеңестік кезде-ақ этносаралық қатынас тілі ретінде қалыптастыра алғанына байланысты, оған қазақ ұлтының толеранттылығы және өзге этностардың бұған ризашылық жауабы себеп болды. Қазіргі кезде бұл жағдай мемлекетіміздің отыз жыл жүргізген тілге қатысты либералды саясатымен нығая түсті, бүгінгі күні жалпы қоғамда қазақ тілін үйренуге деген азаматтардың ішкі ынтасы жоғары, бұл ерікті түрде туған ынта: қазақ тілінде үстем тіл, үстемдіктің құралы деген кеңестік кезеңдегі мемлекеттік тіл турасында қалыптасқан қасаң стереотип мүлде жоқ. Ендігі кезекте біз мемлекеттік тілді білу Қазақстан азаматының осы елде болашағын құру, сайып келгенде тіпті елдің де жат мәдениет әсерімен жұтылып кетпеуінің, елдегі саяси тұрақтылықтың кепілі, барлық қоғамдық коммуникацияның сәтті өтуінің, азаматтардың рухани ғана емес, материалдық капиталын еселеудің құралы, әрбір сала маманының кәсіби құзыреттілігінің маңызды компоненті екенін, сонымен бірге тіл саясатының басым бағыты қазақтілділерге емес, өзге тілділерге, әсіресе орыстілді қазақ ұлты өкілдерін ана тілінің аясына қайтаруға арналған іс-шаралар болуын түсіну әрі қоғамға түсіндіру керек.
– Тілді меңгеруде, тіл байлығын қалыптастыруда кітаптың рөлі зор. Алайда қазір кітап оқымайтын ұрпақ өсіп келе жатқаны ащы да болса ақиқат. Жастардың қолындағы смартфонды кітапқа қалай ауыстырамыз?
Мәди АЙЫМБЕТОВ,
жазушы:
– Қазір адамды рухани тәрбиелеудің құралы әдеби кітаптарды көп таралыммен шығару, жүйелі түрде көптеп тарату мәселесі, өкінішке қарай, әлі күнге дейін елімізде оңтайлы шешім таппай келеді. Тендер арқылы әлеуметтік сұранысқа ие бюджет бағдарламасымен шығаратын кітаптардың саны әрі кеткенде бес-ақ мыңнан аспайды. Ұлттың ең көп шоғырланған мекені ауылдық жерлерде кітап дүкендері жоқ, кітапханаларының қоры да бұрынғыдай емес. Ал жаһанданудың ауылға жеткен электронды wi-fi байланысы арқылы ауыл баласы кітаптың орнына планшет пен смартфонына үңіледі.
Өткен ғасырдың қазақ ауылына тигізген әсері – балалар кітап оқып өсті. Тілі қазақша шыққан бала қазақ фольклорының жыл сайын көптеп шығарылатын небір үлгілерін: ертегі, эпостық жырлар, шешендік сөздерін, мақал-мәтелдерін, ұлт әдебиеті классиктерінің шығармаларын оқып, ана тілінің нәрін ой-санасына армансыз дарыта білді. Шетел классикасының да алтын қоры Жюль Верн, Даниэль Дефо, Шарль Перро, Марк Твен секілді жазушылардың бүкіл дүниежүзі халқына кеңінен танымал шығармалары қазақшаланып, әр баланың жүрегіне жол тапты.
Ана тіліндегі әдеби көркем шығармалар сол кездері әр үйдің кітап сөресінен табылатын. Ал қазіргі күні, өкінішке қарай, ауылда да, қалада да кітап оқымайтын ұрпақ қаулап өсіп келеді. Бұған кінәлі кітап шығару ісінің нарық жағдайына бағынып, бизнеске айналғаны да дер едік. Кітаптың ең басты нарығы – адамның рухани әлеміне беретін өлшеусіз көркем құндылығында. Тілдің қазыналы дүниесі арқылы ұлттық сананы қалыптастыра білуінде. Бүгінгі таңда осы құнды тетіктен айырылып бара жатқандаймыз, осының салдарынан өз тілін білмейтін немесе шала білетін буынның қатары көбейіп келеді. Электрондық ақпарат құралдарының да шұбарланған сөздері де жастардың тілді игеруіне, ұлттық ой-сананың өсуіне кері әсерін тигізіп жатыр. Ал балаларға арналған қазақша танымдық әрі тартымды анимациялық дүниелер саусақпен санарлық, шетелдік мультфильмдердің кедір-бұдыр аударма нұсқалары тілді күйретпесе, балаға дұрыс сөйлеуді үйретпейді.
Тіліміздің тұғырлы, ұлттық бейнесінің кіршіксіз болуына басқа емес, ар алдында, болашақ ұрпақ алдында өзіміз ғана жауаптымыз.
– Ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейтуде медицина қызметкерлері айтарлықтай үлес қосып отыр деп айта аламыз ба? Өйткені қазақ тілінде сөйлейтін дәрігердің тапшы екені белгілі. Олар болса, ылғи да медицина оқулықтары, одан қалды терминдерінің ресми тілде екенін алға тартады.
Мұхамбедия АХМЕТОВ,
медицина ғылымдарының кандидаты, профессор:
– Қазақ дәрігерлері бір-бірімен қазақша тілдесуі үшін қазақи-кәсіби лексика орнығуы қажет. Ғалымдар мен мамандардың түсінісу құралы – терминдер. Ал академик Ә.Қайдари айтқандай, «Терминнің бәрі – сөз, ал сөздің бәрі термин емес». Осы қағидатты ескермеу салдарынан кейінгі жылдары медицина саласында жарық көрген, екінің бірі тіс батыра алмайтын қазақша диссертацияларды былай қойғанда, қарапайым оқулықтар мен пән құралдарының өзін парақтап шыққанда тілдік селкеулік пен ұғымдық қателіктерден көз сүрінеді.
Грек пен латын тілінен енген кейбір медициналық терминдерге өте сәтті қазақша балама табу оңай емес. Грек, латын тілі былай тұрсын, тіпті орысша терминнің семантикасынан алшақ кететін, кейде түпкі терминнің дефинициясына қайшы келетін шала туған баламаларды ұсынған сөздіктердің іліми-танымдық пайдасынан гөрі келтіретін зияны басым. Мәселен, 80-жылдары шыққан бір сөздікте және одан кейінірек түзілген (түзілген емес-ау термелеп көшірілген) тағы бір сөздікте «кардиоспазм» «жүрек қыспасы» деп аударылған. Ал осы «кардиоспазм» сөзінің синонимі «ахалазия кардии», яғни өңештің қысыңқылығы.
Медицинамыздағы көптен бері бағы ашылмай жүрген термин – «медицинская сестра». Сол «сестрамызды» қазақшалауға тырысып «аяжан» дедік, «медицина бикеші» дедік, кейін қысқартыңқырап «медбикеш», «медбибі» дедік. «Медицинская сестра» – орыс тіліне кейінірек келген сөз. Ертеректе ол «сестра милосердия» болған. Осыған орай мейірімділіктің иесі деген ұғымнан шығатын «мейірие» деген сөзді ұсынған едік. Осыдан кейін бірер жылдың ішінде «мейірбикеш», «мейірбике», «мейіркеш» сөздері айналымға ене бастады. Мейірімділіктің иесін неге мейірие демейміз?
Ғылыми ұғымды түсіндіре алатын, қысқа әрі нақты қазақша балама табылғанның өзінде, ол терминдік атау ма, әлде бейнелі атау ма – сөз төркініне үңілу қажет. Мысалы, орыс тіліндегі санаторий – терминдік атау, ал здравница – оның бейнелі атауы.
Латын, грек терминдеріне орыс жалғау-жұрнақтары қосылып пайда болған сөздерді қазақшаға бейімдегенде олардың этимологиялық түбіріне үңілу қажет. Мысалы, ревматический дегенді ревматикалық деп жазу қате, себебі түбірі «ревматизм», демек ревматизмдік болу керек, мысалы теоретический дегенді теоретикалық демейміз ғой. Өкінішке қарай, антиревматикалық, функционалдық, индустриалдық, фолликулярлық, алвеолярлық, лейкоцитарлық, бактериалдық, бронхоэктатикалық, липолитикалық деген сияқты терминдердің төркініне үңілмей, қателерді оқи-оқи көрмейтін, ести-ести саңқұлақ болып алдық.
Орыс тіліндегі медициналық терминдердің қазақша баламасын табу керек, егер ондай ұғым қазақ тілінде жоқ болса, онда латын немесе грек тілінен енген аталымдар қалу керек.
Терминдерді тәржімелегенде міндетті түрде сол ғылым саласының ғалым маманы және тіл ғылымы саласының маманы бірлесіп жұмыс істесе дұрыс болар еді. Өйткені бұл екеуінің одақтасуы арқылы ғылыми терминнің тереңіндегі иірімдер игеріліп, қазақ тіліндегі ұмыт болған архаизмдер орнын табар еді.
– Жергілікті әкімдіктер тіл саясатын жүргізудің бір іс-шарасы ретінде оқыту орталықтарын ашты. Оның нәтижесі қандай? Мемлекеттік тілде сөйлейтіндердің саны артты ма?
Гүлхан ӘЛІМБЕКОВА,
Жамбыл облыстық тілдерді дамыту басқармасы Тілдерді оқыту орталығының директоры:
– Мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі елімізде барша азаматтар үшін ұлты мен нәсіліне қарамастан темірқазық тілге айналуы керек. Басқаша болуы мүмкін емес. Олай дейтін себебіміз, мәселен, өркениетті елдердің қай-қайсысына барсаңыз да, мемлекеттік тілдерінің үстем екенін байқайсыз. Сол елдің барлық азаматы бір тілде сөйлеп, бір тілде тіршілік жасайды. Ал бірақ ұлттары әртүрлі болуы мүмкін. Демек мемлекеттік тілдің өзі қоғамды топтастырып, елді біріктірудегі тигізер үлес-салмағы аз емес. Осы тұрғыдан келгенде мемлекеттік тілді ардақтап, құрметтеуді әрбір қоғам мүшесі саналы түрде үйренсе дейсің.
Еліміздің ұлтаралық саясаты – достыққа, бірлік пен ынтымаққа негізделіп келеді. Ал енді осы құндылықтар арқылы қоғам мүшелері қазақ тілінің дәрежесін арттыруға күш салып, белсенділік танытулары керек-ақ. Әрбір азамат мемлекеттік тілді меңгеріп алуды өзі үшін парыз деп білсе, соған мақсатты түрде әрекет жасаса, нәтиже де ойдағыдай болар еді.
Осы орайда, облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының «Тілдерді оқыту орталығы» өз қызметі аясында ұлттық стандартқа сәйкес қазақ тілін шетел тілі ретінде оқыту әдістемесі негізінде тегін оқу курстарын жүргізіп келеді. Қазақ тілін екінші тіл және шетел тілі ретінде меңгерту барысында әлемдік тәжірибеге негізделген әр түрлі онлайн «Socrative», «Quizizz», «Quizlet», «Kahoot», «Padlet», «Playposit», «Thinglink» бағдарламалары қолданылады. Тілдерді оқыту орталығы ашылғалы бері қазақ, орыс, ағылшын тілдері бойынша 40 мыңнан аса адам оқып шықты. Оның ішінде қазақ тілі курсынан 30 мыңға жуық адам өтсе, оның 85 пайызын өзге ұлт өкілдері құрап отыр.
Қазіргі таңда мемлекеттік тілдің этносаралық қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейту күн тәртібіндегі мәселелердің біріне айналды. Мемлекеттік тілді үйрету үдерісіне жаңа ақпараттық технологияларды енгізу мақсатында тілді қашықтан оқыту курстарының саны ұлғайды. Қазақстанда тұратын этностардың тілдерін мемлекеттік қолдаудың тиімді жүйесі құрылды. Жылдан-жылға қазақ тілінде сөйлейтін халықтың саны 30 пайызға артып келеді. Мемлекеттік тілдің толыққанды қызметін қамтамасыз етіп, өзге этнос өкілдеріне мемлекеттік тілді өз бетінше меңгеруге жағдай жасау мақсатында 16 сабақтан тұратын «QazOnline» мобильді қосымшасы әзірленіп, аудандарда 350 адамға таныстырылды. Қазіргі таңда мобильді қосымшаны 5 мыңнан астам өзге ұлт өкілі жүктеп, қазақ тілін үйреніп жатыр. Уақытты тиімді пайдалану үшін «QazOnline» айдарымен қазақ тілін тез үйренуге бағытталған 70 сабақ әзірленіп, әлеуметтік желілерде күн сайын жарияланып отыр.
Тіліміздің қолданыс аясын кеңейту бағытында жүргізіліп жатқан әртүрлі деңгейдегі іс-шаралар сөз жоқ, көп ұзамай өз нәтижесін берері даусыз. Бұл – бәріміз үшін сын. Оған баршамыз атсалысуымыз керек-ақ. Бір шаңырақ астында жарасымды тіршілік кешіп жатқан түрлі этнос өкілдері қазақ тілін жаппай меңгеруге күш салса, «Бір ұлт – бір ел» ұстанымы жүзеге асқан болар еді.
– Сіз тіл тазалығын сақтауда БАҚ-тың үлесі зор екенін үнемі айтып келесіз. Ал қазіргі БАҚ-тың тілі қандай?
Орынай ЖҰБАЙ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессор міндетін атқарушы, филология ғылымдарының докторы:
– Ана тіліміздің дамуына БАҚ елеулі үлес қосады. Мәселен, теледидар сауатты сөйлеу әдебін танытатын, дұрыс сөйлеу нормаларын қалыптастыратын бірден-бір құрал болуға тиіс. Сол себепті теле-радио жүргізушілеріне, әнші, әртістерге қазақ сөздерін дұрыс айту, сөйлеу әдебі, тілдік норма бойынша арнайы дәрістер ұйымдастыру қажет деп есептейміз. Кеңес заманында мұндай сабақтар өткізіліп тұрған, сол үрдісті қайта жалғастыру қажет.
Қателіктерді болдырмау мақсатында «Сөзтүзер. Қате қолданыстар сөздігі» атты жинақ жарық көрді. Кітапта еліміздегі 55 бұқаралық ақпарат құралының материалы бойынша жиі кездесетін қателер іріктеліп, 2182 сөздік мақала дайындалды. Бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта жалғастыру қажет екені дау тудырмайды. Осындай еңбектердің нәтижесінде ғана тілімізге жат қолданыстарды көрсетіп, БАҚ тілін түзетуге болады.
Сонымен қатар қазіргі ұрпақ шетелдік туындыларды, солардың негізінде түсірілген фильмдерді жақсы білгенмен, ұлағаты мол, ұлттық болмыстан, салт-дәстүрімізден көп мағлұмат беретін төл туындыларымызды білмейді. Оның үстіне сол шығармалар желісінің негізінде фильмдер түсіріп, көпшілікке тарату, жастарға танытуға құлықсыздық танытып отырған жайымыз бар. Әрине, түптеп келгенде, барлығы қаржыға тіреледі. Сондықтан ұлттық құндылықтарды насихаттайтын, төл тарихымыздан, мәдениетімізден мол мағлұмат беретін дүниелерді жарыққа шығаруға көп қаржы бөлінуі, өз деңгейінде көңіл бөлінуі керек. Бұл орайда «Абай жолы», «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Міржақып. Оян, қазақ!» секілді фильмдердің орны бөлек. Қазақтың кино өнерін ұлттық бояу, ұлттық нақышпен байытқан шығармашылық топтың туындыларын бүкіл қоғам сүйсіне тамашалады. Фильм мектеп оқушыларына да, студенттер қауымына да керемет әсер етті, оның куәсі болдық. Сондай-ақ А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына байланысты мектептерде, жоғары оқу орындарындағы кездесулерде, түрлі мәдени іс-шараларда балалар фильмнің үзінділерінен көрініс қойып, көрерменді тәнті етті. Бұл бағыттағы игі істерді, ізденістерді жалғастыра беру керек.
Тіл – халықтың рухы, халық рухы тіл арқылы көрінеді. Тілдің тағдыры мен ұлттың тағдыры тығыз байланысты. Нақты іс-шара ретінде мемлекеттік тілге деген талапты күшейту керек, мәселен, жұмысқа орналасатындар үшін мемлекеттік тілді міндеттеу, қоғамда қазақ тіліне деген қажеттілік тудыру, қазақ тілінің ғылым тілі, білім тілі ретіндегі қызметін арттыра түсу, барлық салада қазақ тілінің қоғамдық қызметін күшейту керек. Сонымен қатар БАҚ-тағы тіл тазалығын сақтау, қазақша мәтіндердің сапасын үнемі қадағалап, тілдік нормалардың бұзылмауын талап ету, қазақ тілді бағдарламалардың санын арттыру, көрерменнің орыс тілді бағдарламаларды көріп жүріп, орыс тілін тез меңгеріп кететіні сияқты, қазақ тілді бағдарламаларды, қазақ тілді арналарды көбейтіп, сапасын арттыру, құжаттардың мемлекеттік тілде болуын, ресми, іскери қатынаста қазақ тілінің қолданылуын талап ету, мемлекеттік органдардағы қызметкерлердің мемлекеттік тілді білуін талап ету, қазақтілді оқулықтардың сапасын арттыру, жарнама мәтіндерінде, көшедегі жазуларда қазақ тілінің нормалары қатаң сақталуын талап ету, мәтіндерден қазақ тілінің көркемдігі байқалып тұратындай, сөз оралымдарына сүйсініп, жаттап алатындай деңгейде, дұрыс әрі сауатты аударылуына мән беру қажет. Бұларды тек сөз жүзінде айтып қоймай, нақты іс-шараларға көшу керек.
– Мемлекеттік тіл әлі күнге дейін толыққанды қарым-қатынастың, бизнестің, ғылымның тіліне айнала алмай келеді. Қандай ұсынысыңыз бар?
Мақсат АРЗАМАН,
«QazaqGrammar», «QazaqshaJaz» және «JanaSozdik» жобаларының негізін қалаушылардың бірі, тіл жанашыры:
– Бизнеске қатысты айтар болсам, оған айыппұл салатын заң болу керек. Бизнесте визуал ақпарат – мәзір, прейскурант қазақша болмаса, тек орысша жазылса, айыппұл салынуы керек. Ондай заң негізі бар, бірақ ол орындалмайды, өйткені айыппұл салатын нақты орган жоқ. Бұрын әкімдік жанындағы Тілдерді дамыту басқармасы айыппұл салатын. Бірақ кейін ондай құзырынан айырылып қалды. Қазір бұл міндет Тұтынушы құқығын қорғау комитетінің құзыретінде, бірақ ол комитеттің тілден басқа да проблемасы жетерлік, мысалы, азық-түліктің сапасы төмен, олар сонымен де айналысады. Сол проблемалардың қатарында тіл тұр, алайда тілмен айналысатын бөлек орган жоқ.
Ең алдымен, билік айыппұл салатын заңды реттемей, ештеңе өзгермейді. Адамдар үйренуі үшін он-жиырма жыл бойы сондай айыппұл салып тұру керек. «Қазақ тілі керек екен, ол бізді біріктіреді», «Мемлекет болу үшін мемлекеттік тіл болу керек» деген түсінік қазақтың санасына осылайша қарапайым заң арқылы қалыптасады.
Былтыр қыркүйекте Қазақстанға Ресейден көп мигрант көшіп келгені белгілі. Сол кезде «Qazaq Grammar» парақшасында біз ресейліктерге арнап жадынама жасадық, сол тарап кетті. Біраз адам қосылды, Қазақстан ішінде де қазақ тіліне қызығушылық артты, біз спикиң клаб аштық, ол жақтан да келушілер көп болды. Бізге сұрағын қойып, хабарласатын адамдар да көбейді.
– Жастар арасында мемлекеттік тілді насихаттауға үлес қосып жүрсіз. Қолға алған жобаларыңыз да ауқымды. Солардың біріне тоқталсаңыз...
Нұрқожа ЕРСАЙЫН,
«Derekkoz» жобасының авторы, тіл жанашыры:
– Біз қазақ елінің мәдениеті, тілі, тарихы мен ғылымының жанашырларын біріктіретін «Baysa» ұлттық патриоттық этностық клубын ашып, түрлі сала өкілдерін жинадық. Басты мақсат – қазақ тілі мен мәдениетін дамытуда диджитал-комьюнити құру. Ел бойынша барлық қалаларда диджитал құрылтай форумдарын өткізуді жоспарлап отырмыз. Іс-шараларамыздың барлығы тек ана тілімізде өтеді.
Клубымызда ән, күй, театр, би секілді түрлі өнер кештерін ұйымдастырамыз. Қазақ тілін үйрену, сөйлеу, меңгеру, қолөнер, руна жазуы, тарих, музыка, садақ ату, қару-жарақ пен сауыт-сайман жасаудан шеберлік сағаттарын жүргіземіз.
«Baysa»-ның алғашқы құрылтайы Алматыда өтті. Оның тек мемлекеттік тілде өтуіне біраз күш салдық. Форумда сөз сөйлеген спикерлер – қарапайым тіл жанашырлары. Танымал адамдарды шақырып, сөйлетуді мақсат тұтпаймыз. Түрлі сала өкілдерінің арасында да қазақ тілін дамытып жүрген мамандық иелері өте көп. Олардың айтары да көп. Бірінші жиынымыз әсерлі өтті. Спикерлер түрлі мәселелерді ортаға салып, сұрақтарға жауап берді. Қатысқан өзге ұлт өкілдері де қазақша сұрақ қойды. Ереже бойынша өзге тілді қолдануға болмайды. Сондықтан мемлекеттік тілде сөйлеуге тырысқандар көп болды. Осылай ана тілімізді дамытамыз, еркін сөйлеуге ден қоямыз.
Келесі форумды Астанада өткізуді жоспарлап отырмыз. Кейін батыс, оңтүстік өңірлерінде ұйымдастырмақпыз.
– Ел тұрғындарының, әсіресе өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруіне үлесіңізді қосып келесіз. Оларға арнап қазақша сайт та аштыңыз. Еңбегіңіз ақталып жатыр ма?
Татьяна ВАЛЯЕВА,
ақын, қазақ тілі пәнінің оқытушысы, «kaz-tili.kz» сайтының авторы:
– Қазақ тілін үйренгісі келетіндерге оны толық меңгеруі үшін түрлі деңгейдегі аудио мәтіндер мен диалогтар, қазақ субтитрлері бар қазақ тіліндегі телехикаялар мен мультфильмдер қажет деп есептеймін. Қазақ елінде тұрып жатқан соң, мен де мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосуым қажет. Осы орайда 2007 жылы қазақ тілінің грамматикасына арналған «kaz-tili.kz» сайтын аштым. Онда қазақ тілінің грамматикасын қарапайым және ұғынықты түрде түсіндіремін, бұл әрбір оқырманға жұрнақтар мен жалғауларды қосудағы жалпы заңдылықтарды көріп, ережелерді тез түсінуге мүмкіндік береді. Оқырмандарым уақыт өте күрделі грамматиканы түсіндіруімді сұрады. Қазіргі уақытта сайтты күніне 4 мыңнан астам адам қарайды.
Қазақ тілі мұғалімдерімен және тілді дамытуға мүдделі басқа адамдармен бірлесіп, сайтта әртүрлі бөлімдер ашылды, соның арқасында тілді үйрену үдерісі қызықты бола түсті. Әңгімелер, анекдоттар, фразеологиялық бірліктер, сөздіктер, ән мәтіндерін орналастырдық.
Сонымен қатар «Сөйлесейік» Telegram арнасын және бірнеше WhatsApp топты жүргіземін, онда біз аудиторияларды қазақ тілін үйренуге шақырып, грамматика негіздерін түсінуге көмектесеміз.
Қазақ тілінің грамматикасына арналған кітаптарым 2012 жылдан басылып келеді, әр басылым сайын материалдарды толықтырып, жетілдіріп отырамын. Өлеңдер мен суреттерден құралған «Балаларға арналған грамматика» кітабым жарық көрді.
2017 жылы «kaz-tili.kz» сайты мемлекеттік тілді дамыту қорының «Білім бұлағы» аталымы бойынша конкурсының жеңімпазы және үздік білім беру сайты атанды. Осылайша, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге барынша үлесімді қосып келеміз. Бұл – азаматтық парызым.
ТҮЙІН. Тіл жанашырлары мен сарапшылардың пікірін саралай келе, олардың мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуде заман талабына сай қызмет атқарып жатқанын көреміз. Ал Үкімет тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеп жатыр. Жақында жұмыс тобының бірінші отырысы Алматыда өтті. Құжатты әзірлеуде халықаралық тәжірибелер зерделеніп, тілді цифрландыру, тілді меңгерудің жаңа әдістерін енгізу мәселелері қарастырылған.
Дөңгелек үстелді жүргізген
Гүлнар ЖОЛЖАН,
«Egemen Qazaqstan»