Аймақтар • 03 Сәуір, 2023

Шылаушын өсірудің шебері

643 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жер-ананың тоңы жібіп, алпыс екі тамырын иіте бастаған шақтан қолына кетпен, күрегін ұстайтын еңбек адамдары топыраққа дән екпес бұрын оны қопсытып, тыңайтқышпен қоректендіріп, дайын­дап алары анық. Осылайша, бапталған топырақ күні ертең мол өнім алудың кепілі болмақ. Ал оған жоғары сапалы органикалық тыңайтқыш – биогумусты пайдалану, тіптен тиімді.

Шылаушын өсірудің шебері

Жыл он екі ай тыным таппайтын Серікбол Әутәліптің айрық­ша кәсібіне көптің қызығушы­лығы артқан. Өйткені оның «ка­лифорниялық қызыл шылаушын» өсірумен айналысқанына екінші жылға аяқ басты. Қысқа уақыт ара­лығында кәсібіне шыр бітіріп, алақандай жердегі сан мыңдаған шы­­лаушыннан пайда көре бас­тады.

– Бұл тыңайтқыштың ауыл шаруашылығына тигізер пайдасы орасан зор. Жасыратыны жоқ, топырақтың тозып, эрозияға ұшырауы жаһандық проблемаға айналып бара жатқанын айтып, эколог ғалымдар дабыл қағуда. Жерді күтпесе, топырақтың құнар­лылығын сақтамаса, өнім алудан қаламыз. Біздің мақсат – биогумус өндіріп, оны қолданысқа енгізу арқылы табиғи таза әрі қауіпсіз өнім алуға күш салу. Көл-көсір пайдаға кенелуді көздегендер жерді аялап жатқан жоқ. Мол өнім алу үшін түрлі химиялық тыңайт­қыш­тарды мөлшерсіз қосып, табиғатқа да, адам ағзасына да орасан зор зиян келтіреді. Оның түбін ойлап жатқан жоқ. Соның салдарын ұлтымыздың келешек ұрпағы тартуы мүмкін. Ата-бабамыз «ауру – астан» деп бекер айтпаған. Осы күні құнарсыз, нәрсіз жеміс-жидектер мен көкөністер көбейді. Аты жаман аурулар «жасарып» барады. Соған қарап-ақ жермен қоса, денсаулықты да өз қолымызбен құртып жатқанымызды түйсінер кез келді. Бүгінде әлем елдері ор-г­ани­калық тыңайтқыштарға ауыс­ты. Соның бірі – калифорниялық қызыл шылаушын арқылы түзі­летін биогумус. Дамыған елдер биогумусқа ерекше мән беруде. Біз болсақ оны енді ғана қолға ала бас­тадық, – дейді шылаушын өсіруді кәсіпке айналдырған Серікбол.

Осыдан он бір жыл бұрын аңсары ауған атамекенге табаны тиген С.Әутәліп әу бастан кәсіп­керлікті қолға алған. Еңбекшіқазақ ауданындағы Қазақстан ауылына тұрақтаған ол алғашында сауда-саттықпен айналысып, отбасын асырайды. Бүгінгі органикалық тыңайтқыш туралы мәліметті интернеттен оқып, қызығушылығы артады. Бау-бақшасына пайдаланып, бақылайды. Биогумустың аз уақыттың ішінде әсерін көз­бен көреді, пайдасына көңілі сенеді. Сөйтіп, Есік қаласының тұрғынынан қомақты қаржыға 10 қорап шылаушын сатып алады. Әр қорапта 30 мыңға жуық жауын құрты болған екен. Шылау­шын­дар төрт түліктің қиы, ағаш­тың жапырағы, шөптің ші­рінділері, жеміс-жидектердің қалдықтарымен қоректенеді. Биогумус тыңайтқышын алу үшін 1 текше метр қиға 25-30 мың шылаушын жібереді. Ал 1 шаршы метр қидан 250-300 литр биогумус пайда болады. Технологиясы аса күрделі болмағанмен, үзіліссіз еңбектенуді қажет етеді.

– Алдымен малдың қиын жақ­сылап сумен шайып, оның құра­мындағы аммиакты жоғалтамыз. Жерге шашқан қиды жаз мезгі­лінде 25-30 см-ге дейін қалың­датамыз. Ал қыс айларында 1 метрге дейін биіктетеміз. Өйткені шылаушындар жазда 20 градус­тан жоғары, қыста 5 градус­тан төмен емес температурада тір­шілік етеді. Сол себепті күн сайын бақылап отырамыз. Осын­дай еңбектің нәтижесінде малдың қиы биогумусқа айналады. Аз ақша жұмсап, мол өнім алатыныңыз ақиқат. Нәтижесінде, табиғи алқаптан экологиялық таза өнім алуға мүмкіндік туады. Оның дәмі де таңдайға татырлық екеніне еш күмәніңіз болмасын, – дейді шылаушын өсірудің шебері.

Биогумустың бағасы қол­жетімді әрі сұранысқа ие. Осыны ескерген еліміздегі 3 мың қожалық бірігіп «QazVerm» атты кооператив құрған. Іскер топқа С.Әутәліп те қосылыпты. Бүгінде аталған өнім арнайы буылып-түйіліп, оның ішіне нұсқаулығы салынып, сатылымға шыға бастаған. Еңбекшіқазақ ауданында биогумус өндіруші кәсіпкердің алдағы жоспары ауқымды. Ол аудан әкімі Алтай Досымбаевтың қабылдауында болып, биогумусты өндірудің өрісін кеңейту, ауыл азаматтарын осы кәсіпке тарту жайлы келелі ойларымен бөліскен.

 

Алматы облысы