Шаруашылық • 04 Сәуір, 2023

Қант қызылшасын өсіруге күш салсақ

456 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Аграрлы облыстың басты мәселесі – қанттың жайы. Тәтті түбірдің көлемін қайтсек арттырамыз деп әуреге түсуде. Мемлекет басшысы қойған талапты орындау үшін тынбай еңбектену шарт. Бүгінде ауыс­палы егістіктің дұрыс сақталмауы, минералды тыңайтқыштардың қажетті көлемде берілмеуі өнімге кесірін тигізіп жатыр. Қайтпек керек?

Қант қызылшасын өсіруге күш салсақ

Жетісуға жұмыс сапарымен келген кезінде Үкімет басшысы Әлихан Смайы­лов қант өңдеу зауытта­рын аралап, өнімді арттыруды тап­сырған еді. Тіпті облыс әкімі Бейбіт Исабаевқа Мемлекет басшы­сының тапсырмасына сай бір-екі жылдың ішінде «тәтті» өндірісті 180 мың тоннаға жеткізу керектігін шегелеп айтқан. Осы мәселе төңірегінде келелі семинар өтті. Онда шаруалар мен әкімдік тарапы ауыспалы егісте қант қызылшасы мен басқа да дақыл түрлерін өсірудің агротехноло­гияларын сөз етіп, өзара ой бөлісті.

Тұралап тұрған өңірдің бетке ұстар кәсіпорындарының бірі – Ақсу қант зауыты әлі толық жұ­­мы­сын бастаған жоқ. Маман­дар­дың сөзіне сүйенсек, жақында қа­мыс қантын өндеуді бастамақ. Ал қант қызылшасын қабылдау не қабыл­дамауы белгісіз. Бұған гектарлап жерді жалға алып отырған жергілікті шаруалардың көңілі толмайды. Былтырғыдай алыстағы Көксу зауытына шикізат тасып әурелен­гісі келмейді. Сондықтан кейбірі егінді азайтпақ ниетте.

Аталған кеңесте осы түйткілдер­дің бәрі талқыланды. Одан бөлек қант қызылшасы өндірісін ұлғайту, сапалы тұқым қолдану, егу, субсидиялау, гектар өнімділігін арт­тыру, ауыл шаруашылығы мақса­тындағы пайдаланылмай жатқан жерді қайтару мәселелері тілге тиек етілді. «ҚазСуШар» РМК-ның алдағы суару маусымына дайындығы, су үнемдеу технологияларын қолдану, Көксу, Ақсу қант зауыттарының жұмысы, ша­руа­шылықтарға қолдау көрсету мәселелері де назарға алынды.

Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаевтың айтуынша, қызылша өсіруге маманданған аймақ­та 1990 жылдары қант қызыл­ша­сының егістік алқабы 23,4 мың гектарға жетіп, жарты миллионнан астам өнім жиналған. Кезінде 4 қант зауыты жұмыс істеген. Бірақ бұл дақыл ерекше күтімді қажет ететіндіктен, агротехнологияның дұрыс сақталмауы, гектар өнімді­лігі мен қабылдау бағасының тө­мен­деуі, бұған қоса, осы салаға же­те көңіл бөлмеудің салдарынан егіс алқабы 65 пайызға азайды. Соңғы 5 жылғы талдауға сәйкес қант қызылшасының егіс көлемі – 2,0 мың гектар, алынған өнім 181,0 мың тоннаға төмендеген. Ал биыл тәтті түбір егілетін алқап 8,1 мың гектарға жетіп, 287,5 мың тонна тәтті түбір жинау көзделуде.

«Жалпы, қант қызылшасын өсіру технологиясы, оның ішінде ұсақ шаруашылықтарда ауыспалы егістіктің дұрыс сақталмауы, минералды тыңайтқыштардың қажетті көлемде берілмеуі, сүдігердің жыр­тылмауы гектар өнімділігін арт­ты­руға кері әсерін тигізуде. Қант қызылшасы өндірісінің шығы­ны қымбатшылыққа байланыс­ты жыл сайын өсіп жатыр. Айта кетейік, өткен жылы 1 гектардағы шығын 900 мың теңгені құраған. Зауытқа өткізілген 1 тонна қант қызыл­­шасына 15 мың теңге субсидия төленсе, қазір ол 40 мың теңге­ге өскен. Биыл осы бағытқа 6 млрд теңге қарастырылды», деді Ә.Жақанбаев.

 Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәу­лет Кененбаев кешенді жоспарға сәйкес қант саласын дамыту бағы­тында, яғни 2026 жылға дейін қант қызылшасының егіс алқабын 15 мың гектарға, жалпы түсімін 525 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отырғанын айтты. Көксу қант зауыты тарапынан қант қызылшасын өсіруші ша­руа­шылықтарға 760 млн теңге көле­мінде қаражат бөлініп, оның 383 млн теңгесі – көктемгі дала жұмысына, 130 млн теңгесі – тұқымға және 247 млн теңгесі тасымалдау шығынына берілген.

Алайда Ақсу, Қаратал аудан­дарының кейбір шаруашы­лық­тары бүгінгі күнге дейін зауытқа қарыз. Көксу қант зауыты көктем­гі дала жұмысына 700 млн теңге қарастырып, аудан, қала әкім­дері ұсынған тізім бойынша фьючерстік келісімшарт негізінде шаруашылықтарға көктемгі науқан­ға қажет материалдық шығынға қаржылай қолдау көрсетілмек.

Гектар өнімділігін арттыру, қант қызылшасын өсірудің аг­ротехнологиясы, Франция, Герма­ния, Дания және жергілікті агротех­нологиялардың элементтері туралы ауыл шаруашылығы ғылым­дарының кандидаты Әбілқайыр Бексұлтанов айтып берді. Сондай-ақ қант қызылшасының тұқымын, минералдық тыңайтқыштар мен пестицидтерді, ауыл шаруашылығы техникалары мен су үнемдеу техно­ло­гияларын жеткізуші компания­лардың өкілдері мен шаруашылық құрылымдардың жетекшілері, Көксу, Ақсу қант зауытының басшылары да сөз сөйледі.

Талапқа сай қант қызылшасын қазу жұмысы қыркүйек айының соңын­­­да емес, басында басталуы тиіс. Жиында шаруалар қойған көкей­­­кесті сауалдарға да жауап берілді.

 

Жетісу облысы