Сұхбат • 05 Сәуір, 2023

Есетжан ҚОСЫБАЕВ: Бізге Кинематография комитеті керек

473 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Наурыз айының басында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы ұлттық фильмдер деп танылуға үмітті киножобаларды іріктеу үшін кезекті, атап айтқанда бесінші рет өтінімдер қабылдауды жариялады. Орталық жұмысындағы жаңалықтарды бөліскен «ҰКҚМО» КеАҚ басқарма төрағасы Есетжан Қосыбаевпен жүргізілген әңгімеде талқыланатын мәселелер ауқымы әлдеқайда кең екені аңғарылды.

Есетжан ҚОСЫБАЕВ: Бізге Кинематография комитеті керек

– Бүгінгі күні киноны «мәдениеттің бір бөлігі» деп қана сипаттасақ, әлемдік үдеріске көзін жұма қараған тар шеңбердегі түсінігімізбен күлкіге қаламыз. Бүгінгі киноны кинематографиядағы нақ­ты драйвер, яғни экономика секторының бір санаты ретінде тануға болады. Президент Қ.Тоқаев өз сөзінде мемлекеттің басты міндеттерінің бірі креа­тивті секторды қолдау екенін бірнеше рет атап өтті. Қасым-Жомарт Кемелұлының: «Мен Қазақстанның креативті индустрия саласында алдыңғы қатарға шыққанына қуаныштымын. Бұл ұстаным бойынша Қазақстан туралы оң пікір қалыптасты», деген сөзінің киноға тікелей қатысы бар. Себебі ел имиджін қалыптастыруда, креативті индустрия саласында кино өндірісі аз рөл ойнамайды.

Бірақ мұның екіжақты қозғалыс екенін есте ұстаған жөн. Мемлекет кинематография саласына назар аударып, оған қомақты қаржы бөлсе, кино қоғамдастығы өз тарапынан халық ақшасы не үшін жұмсалатынын сұрауға дайын болуы керек.

– Ал өткен жылдардың тәжірибесі қандай? Кинематографистер осындай сұрақтарға жауап беруге дайын ба?

– Өкінішке қарай, біздің киноөндірушілер мемлекет сенімін тудыратын жауапкершілік деген ұғымды әрдайым түсіне бермейді. Кейбір компа­ниялар конкурс кезінде өздерінің болашақ жобаларын асыра мақтап, оларға қаражат алады да, соңында прокатқа шыққан өнім өндіріске жұмсалған соманың оннан бір бөлігін қайтармайтын, тіпті сөреде қалатын фильмдер шығарады. Бұл мемлекеттің ақшасына деген тұтынушылық көзқарасты ғана көрсетеді. Биыл біз қатаң шара қолдануға мәжбүр болдық: қазіргі уақытта қаржылық жағынан да, шығармашылық жағынан да мүмкіндігі мен мүддесін жосықсыз пайдаланатындарға қатысты Киноорталықтың шағымдары бойынша бес іс сотта қаралып жатыр. Кезекті іріктеуге қатысатындар осындай жағдай орын алған кезде қатаң шара қолданылатынын білуі қажет.

– Толығырақ айта аласыз ба? Нақты мысалмен...

– Өткен жылдың қорытындысы бойынша бюджетке барлығы 1 миллиард теңгеден астам қаражат қайтарылды. Оның 475 миллионы – конкурста жеңіске жеткен, бірақ шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамаған бес жоба. Жалпы, ұйымдастыру тарапынан алғанда, бюджетке қайтарылған қаражат жақсы көрсеткіш емес, бірақ мұндай заң бұзушылықтар анықталса, заңнамаға сүйене отырып, түбегейлі тиісті шаралар қабылдауға тура келеді.

Жалпы, 2022 жылғы байқауға келетін болсақ, 62 жобаның 49-ы ғана мәреге жетті. Әрине, кейбір жобалардың өндірістік үдерісі аяқталмаған, то­лық­метрлі таспалардың бір бөлігі – ауыспалы жобалар. 146 миллионды қайтару өткен жылдардағы өтпелі жобаларға жатады.

– Бұл саланың проблемаларына кино­өндіру­шілер кінәлі ме?

– Бұлай деп кесіп айтқанымыз дұрыс болмас. Ережеге сәйкес конкурсқа қатысушылар шектеулі шаралардың да бар екенін ескеруі керек. Мемлекет тарапынан жүргізілетін жұмыстың қиындығы өз алдына. Мысалы, көптеген келісімді алу және бюрократиялық кідірістерге байланысты іріктеуді жариялау бірнеше рет шегерілді. Бұл әрбір жоба бойынша жұмыс істеу, жүзеге асыру уақытын қыс­қартып қана қоймай, фильм шығару үдерісіне кері әсер ететіні сөзсіз.

Байқауға байланысты бұл мәселе – бүкіл кино саласына қатысты басқа да күрделі проблеманың ­бір бөлігі ғана. Бүгінгі таңда кез келген шығармашылық бірлестіктер, қайсысы болса да, Кинематографистер одағы да, Кинематографиялық өнер академиясы да мемлекеттің назарынан тыс қалады. Олар қаржы алмайды, олардың дауыстары есепке алынбайды. Әдетте, мұндай ұйымдар басты назарда болуға тиіс еді. Саланың нормативтік-құқықтық базасын құру және өзгерту кезінде нақты осылардың пікірін тыңдау керек. Бұл бағытты ең алдымен Мәдениет және спорт министрлігі ұстануы керек. Бірақ жоғарыда айтқанымдай, министрлік қамтитын бағыттар тым көп болған соң, бұл шешім қабылдау үдерісін айтарлықтай қиындатады.

Осы мәселені шешу үшін министрлік құра­мында жеке Кинематография комитетін құру керек. Жетекшілік ететін қызметтердің жоғары құзы­реттілігі шығармашылық өкілдері мен мемлекет арасындағы диалогті жеңілдетіп қана қоймай, сонымен қатар өзекті және заманауи тақырыптық жоспардың сапалы орындалуын қамтамасыз етеді.

– Айтпақшы, тақырыптық жоспар туралы. Мемлекеттің кинематографистерге ұсына­тын тақырыптары көрермендер арасында сұра­нысқа ие деп ойлайсыз ба?

– Бұл жерде бүгінгі күннің өзекті мәселелерін көрсететін картиналар мен дәуірлік тарихи ленталар арасында ақылға қонымды тепе-теңдік сақталуы тиіс. Бүгінгі қоғам үшін қажет өзекті тақырыптар – қорлау мен тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу, терроризм мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру.

Балалар, жасөспірімдер мен жастар үшін киноның тәрбиелік маңызы зор екенін де ұмыт­пау қажет. Президент қызметіне кіріскен бетте жарияланған мақаласында мәдениеттің ұлттық идеологияны қалыптастыру және жас ұрпақтың дүниетанымы мәселелеріндегі рөліне назар аударды. Біз осы бағытты ұстануға тырысамыз.

– Қазіргі уақытта Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы ұлттық фильмдер деп танылуға үмітті киножобаларды іріктеу бойын­ша ашық конкурс жариялады. Өткен жылдармен салыстырғанда өзгеріс, қандай да бір айырмашылықтар бар ма?

– Өткен жылы киножобаларды қаржыландыру ережесіне байланысты сұрақ көп болды. Қаржы министрлігі Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру ережелерін қатаңдатқан болатын. Атап айтқанда, жаңа ережелер жеткізушінің қаржылық тұрақтылығы көрсеткішін қолдануды көздеді, бұл жеткілікті қаржылық резервтері жоқ кино­өндірушілердің конкурсқа қатысуына қосымша тосқауыл қойды. Бұл байқауға қатысушылардың көпшілігі үшін, әсіресе шағын немесе жаңадан ашылған кинокомпаниялар үшін кедергі болды. Бірақ 2022 жылғы қыркүйекте «Кинематография туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, оған сәйкес бұл норма жойылды.

– Киноорталықтың негізгі міндеті – бүкіл қа­зақстандық кинематографияны қолдау және ­дамыту. Бірақ бұл – жалпылама ұғымдар. ҰКҚМО өзіне қойылған міндеттемелерін қалай іске асы­ра­ды?

– 2019 жылдан 2022 жылға дейін мемлекет тарапынан қаржыландырылған 83 фильмнің өндірісі аяқталды. Мемлекеттік қаржылық қолдаудың ­жалпы бюджеті 17,4 млрд теңгені құрады. 2023 жылы республикалық бюджеттен фильмдер шы­ғаруға 5 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде жалғасып жатқан жобаларға 1,7 млрд теңге (20 кино­жоба) және жаңа киножобаларға 3,3 млрд теңге, оның 35%-ы немесе 1,2 млрд теңгесі «Қазақ­фильм» киностудиясының киножобаларына, 2,1 млрд­ теңгесі жеке киножобаларға жіберіледі.

– Сыншылар соңғы уақытта отандық кино­ның шетелде танымалдылығы артып келе жат­­қа­нын атап өтті. Мұнда мемлекеттің үлесі қандай?

– Өткен жылы мемлекеттің қолдауымен түсі­рілген фильмдер көп фестивальға қатысып, жүлде алды. Олардың арасында Берлин халықаралық кинофестивалінде Generation секциясындағы Гран-при, Токио халықаралық фестивалінде «Үздік режиссура» жүлдесі, Португалиядағы кинофестивальдың бас жүлдесі, Лос-Анджелес, Сочи, Минск, Сингапур, Үндістан, Қытай, Түркия, АҚШ кинофестивальдарында жүлделері бар.

Сонымен қатар Киноорталық Франция, Гер­мания, Испания, Чехия, Болгария, Корея, Түркия, Грузия, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Әзербайжан сияқты әлемнің 13 елінде Қазақстан киносы күндерін өткізді. Шетелдік көрермендерге 15 қазақстандық фильм көрсетілді, картиналардың әрқайсысын өндірушілері ұсынды.

«Кинематография туралы» заңның жаңа редакциясына сәйкес биылғы жылдан бастап ҰКҚМО бұдан былай шетелдік ілгерілету мәселелерімен айналыспайды. Қазір Киноорталықтың міндетіне киножобаларды қаржыландыру жөніндегі қызметтен басқа, шетелден әкелінетін анимациялық фильмдер мен отбасылық көруге арналған фильмдерді қазақ тіліне дубляждауды мемлекеттік қолдау кіреді. Ал елімізде халықаралық кино өндірісін дамыту үшін сапалы түсірілім алаңын ілгерілету мақсатында ҰКҚМО алдында Ұлттық кинокомиссияны құру міндеті қойылды.

– Ал отандық көрермен ше? Мемлекеттің ақшасына түсірілген фильмдерді қолдай ма?

– 2020 жылдан бастап кинотеатр прокатына мемлекеттің қолдауымен түсірілген 13 фильм шығарылды. Бүгінгі таңда прокаттағы ең табыс­ты фильм «Дос-Мұқасан» фильмі болды, оның кинотеатрларда жинаған қаражаты 500 млн теңге­ден асады. Көрермендер «Паралимпиадашы» фильмін де өте жылы қабылдады. Сондай-ақ Киноорталық «Түркиядағы қазақша бизнес» фильмін шығарудың соңғы кезеңіне қатысты. Таяу уақытта республикалық кинопрокаттағы ұлттық фильмдер үлесінің артатынын осындай мысалдар дәлелдейді.

Бұл қатарда бүгінгі өзекті мәселелердің бірі – кинотеатрлардың жаңа желілерін дамыту. Ең алдымен, қазіргі кинематографиялық мәдениет аймақтар мен аудандарда әлі де кемшін. Осыған байланысты кең аудиторияны, оның ішінде ауыл­дық аймақтарды қамтитын «Аймақ Сіnema» тұжы­рымдамасын әзірледік. Біз оларды білім беру киноорталықтары, нағыз кинокітапханалар ретінде таныстырғымыз келеді.

Осы қадамның барлығы – үлкен жолдың бас­тамасы. Еліміз нақты, дұрыс бағытты ұста­нып отырғанына кәміл сенемін. Оның ішінде мемле­кеттік идеологияның туын ұстайтын көшбасшы сала ретінде кинематографияның аса маңызды құралға айналғанын атап өткім келеді. Бұл «Жаңа Қазақстанға қалай кіреміз?» деген барлық кинематография саласының қойып отырған сауалына беретін жауап.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ