Киелі Түркістанға тағылымды сапар
«Бір Аллаға сыйынып, кел, балалар, оқылық!» деп басталатын дала қоңырауын қаққан, білім нұрын шашқан Ыбырай Алтынсарин бабамыздың осы өсиетінің басты жолын білмей өскен кезіміз де болды заманында. Егемендікке қол жетіп, Тәуелсіздік туын көтергелі шашылғанымызды жинап, ұмыт қалдырғанымызды жаңғырта бастадық. Күллі қазақтың қасиетті төрі –Түркістанымыздың иманымыздың көркі, дініміздің төрі, рухани астанамыз екенін де енді біліп жатырмыз.
Биыл Түркістан облысы құрылғалы 5 жыл толды. Осы датаға орай аудан әкімі Ділдабек Оразбаевтың қолдауымен Тассай ауылдық округінің өнерпаздары Түркістан қаласында өз өнерлерін көрсетіп қайтты. Осы сапарға ауданымыздың белді азаматтары демеушілік көрсетті. Сонымен қатар аудандық білім бөлімі басшысы Аслан Таныспаев пен Мұхтар Әуезов атындағы мектептің директоры Гүлмира Мұхаметқалиева рухани керуен құрамындағы оқушылар мен мұғалімдердің алаңсыз барып келуіне жағдай жасады.
«Түркістан ер түріктің бесігі ғой» атты концертті Тассай ауылдық округі мәдениет үйінің меңгерушісі Қабдыкәрім Байжұманов, бесаспап асаба Берік Бәйгереев, тәрбиелік қасиетті бойына сіңірген ұлағатты ұстаз Бақыт Мазыбаева ашып берді. Жерлесіміз Фархат Маратұлы өзінің арнауында Түркістан мен Абай облысының тархын тереңнен байланыстыра толғаса, Манарбек Бекішев, Қатрен Байжұманов, Мейірлі Сыдықованың орындауларындағы Абай өлеңдері көрермендерді ұлы бабамыздың мәңгі жасайтын ғибратты жолдарымен сусындатты.
Бағдарлама барысында Тассай ауылдық округінің әкімі Ержан Мәзібаев қысқаша сөз сөйледі. Ол Көкпекті ауданы әкімінің атынан іс-шараға атсалысқан кітапхана директоры мен ұжымына алғысын білдіріп, сый-сияпат жасады. Жергілікті халық Абай облысынан келген тассайлықтарға ыстық ықылас, жақсы пейіл танытып, мұндай тағылымды іс-шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатынына сенім білдірді. Ал тассайлық жұрттың сәлемін жеткізген шағын ғана ауылдың рухани керуені сапарын қасиетті жерлерге зиярат етумен аяқтады.
Қайрат МӘЛІКАЖДАР
ТҮРКІСТАН
Ұстазым – үлкен жолға бастаушым
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дейді халық. Бүгінде алға ұмтылып, білімімізді пайдамызға жарата алуымыз тек сол кісілердің арқасы. Дүниеде адам баласының екі анасы болады екен. Бірі өмірге әкелген болса, екіншісі білім үйретіп, қабілетін ашқан адам. Қолыңа қалам ұстатып, әріп танытып, жазуды үйреткен алғашқы мұғалімің есіңде ерекше қалады екен. Сол секілді, менің де өмірімде ұстаздықтың ұлы таңбасын қалдырған жан бар. Ол – Гүлмира Дүйсенқызы.
2006 жылы Амангелді ауданындағы Жаңа ауыл жалпы білім беретін орта мектебіне бастауыш сынып мұғалімі болып жұмысқа орналасқан Гүлмира Дүйсенқызының алдына 2010 жылы шәкірт болып бардым. Ол төрт жыл ішінде тек білім беріп қана қоймай, жетістікке жетуіме де, алдыма нақты мақсат қоюыма да себепші болды. Әдебиет әлеміне қызығушылығымды ерте оятқандықтан, мамандығымды небәрі 2-сынып оқып жүргенімде таңдағанмын. Бүгінде журналистика баспалдағына еркін аяқ басуым ұстаздар артқан үміттің арқасы деп білемін.
«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан», дейді Абай. Жиырма жылдан астам еңбек өтілінде Гүлмира апайдың тәрбиелеген шәкірттері еліміздің беделді университтерінде оқыды. Олардың арасында педагог пен дәрігерден бастап, сарапшы, әскери қызметкер, инспектор, журналист және театр әртістеріне дейін бар. Қазір жоғары білім алып жүргендері де көптеп саналады. Ал ел игілігі үшін қызмет ететін түлектерінің болуы ұстаз үшін қандай бақыт десеңізші.
Гүлмира Дүйсенқызының еңбегі лайықты бағаланып, «Жыл мұғалімі» марапатына ие болды. Өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі жетістіктері үшін аудандық білім бөлімінің «Құрмет» грамотасы тапсырылса, кейін «Үздік бастауыш сынып мұғалімі» атағына лайық деп табылды. Сөз орайында оның Ұлттық интернет олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін де тәрбиелеп шығарғанын атап өткенім жөн деп білемін. Осының барлығы Гүлмира Дүйсенқызының мамандыққа адалдығы болса керек.
Би-Фатима ЕРАЛХАНҚЫЗЫ,
ЕҰУ студенті
АСТАНА
Бойдақтар саны көбейіп барады
«Ақ отау» клубы бойынша жарияланатын мақалаларды қызыға оқимыз. Жақында «Арманым – сұлу қызға үйлену» деген тақырыппен шыққан мақаланы оқып, еріксіз қолымызға қалам алдық. Мақала кейіпкері Есенбектің момын, сөзге сараң екені айқын аңғарылады. Оның үстіне әке-шешесі аурушаң болғандықтан, көп қиыншылық көріп, дер кезінде үйлене де алмағанға ұқсайды. Бүгінде жасы біразға келсе керек.
Қазіргі кезде жора-жолдастары мен тамыр-таныстары «сүр бойдақ», «кәрі шал», «қубас» деп қағытады екен. Әзілдеп айтылса да бұл сөздердің шаншудай қадалатыны рас. Ал Есенбектің бас құрай алмауы замандастары ретінде бізге қатты батты. Оның өзіне де ұяңдықты қойып, батылдау бол дегіміз келеді. Сұлу қызға үйленгісі келсе, сол жолда күресе білуі керек емес пе? Қыздар жағы да жасы 30-дан асты екен деп арына тимей, түсіністік танытып жатса, қандай ғанибет!
Бүгінде елімізде 25 пен 40 жас аралығындағы отау құрмаған қыз-жігіттер саны 300 мыңға таяу көрінеді. Қаншама отбасы құрылмай, қаншама бөбек өмірге келмей жатыр десеңші! Бұған, әрине, әлеуметтік жағдайдың ауырлығы да аз кесірін тигізіп отырмағаны анық. Сонымен қатар маскүнемдік пен нашақорлықтың зардабы да айтарлықтай деп білеміз. Егер әлеуметтік ахуал оңалмаса, жастардың жағдайы әрі қарай да қиындай бермек. Бұл өз кезегінде еліміздегі сүр бойдақтар мен кәрі қыздардың санын арттыра түсетіні күмәнсіз.
Ал біз Есенбектің өзі сұлу болмаса да жаны сұлу бір қызбен ертерек бас құрап, отбасылы азамат атануына тілектеспіз. Енді басталып жатқан Қоян жылы кейіпкеріміздің арманы орындалатын жыл болсын!
А.АҚҚОШҚАРОВ,
М.КАМАЛИДЕНОВ
ТАРАЗ