АИТВ – иммундық жүйенің ерекше зақымдануымен сипатталатын және жүре пайда болған иммун тапшылығы синдромы қалыптасқанға дейін оның баяу бұзылуына алып келетін созылмалы инфекциялық ауру. АИТВ инфекциясын жұқтырған адамда ешбір ауру белгілері байқалмауы, не қысқа мерзімді тұмау тәрізді синдром белгілері пайда болуы және симптомсыз кезеңі ұзаққа созылуы мүмкін. Ауру дендеген жағдайда адамның иммундық жүйесі әлсіреуі салдарынан туберкулез секілді көп кездесетін, сондай-ақ иммунитет қызметі қалыпты адамдарда бола бермейтін оппортунис инфекциялар мен ісіктер пайда болуы мүмкін. Инфекцияның аталған кеш белгілерінің жиынтығын жүре пайда болған иммунитет тапшылығы синдромы (ЖИТС) деп атайды. Әдетте, бұл саты адамның өте қатты жүдеуімен қатар жүреді.
Дүние жүзінде бұл эпидемия басталғаннан бері 84,2 млн адам АИТВ жұқтырған, 40,1 млн адам қайтыс болған. АИТВ қан және жыныстық қатынас арқылы жұғады, сондай-ақ ауру жұқтырған анадан балаға босанғаннан кейін ананың сүті арқылы өтеді. Вирус сілекей, тер, жас секілді дене сұйықтығы арқылы адамнан адамға жұқпайды.
Алматы облысында тіркелген АИТВ инфекциясының әр жағдайы бойынша жүргізілген эпидемиялық тексерудің нәтижелерін ескере отырып, алдын алу шаралары туралы айтар болсақ, 2022 жылы АИТВ инфекциясының 79,6%-ы жыныстық қатынас арқылы, 12,%-ы инъекциялық есірткілерді бірлесіп пайдалану арқылы жұққанын атап өту керек.
Қазіргі уақытта АИТВ инфекциясына қарсы вакцина, этиотроптық дәрі-дәрмек шығару үшін еңбектеніп жүрген ғалымдардың талпынысына қарамастан, әзірге бұл аурудан толық айықтыратын дәрі не вакцина жоқ. Антиретровирусты терапия ауру ағымын баяулатып, өмір сүрудің әдеттегі ұзақтығына әкелуі мүмкін. Бүгінгі күннің талабы бойынша диагноз қойылған сәттен бастап науқасқа емдеуді бастау ұсынылады. Орташа статистикалық мәліметтерге сәйкес ауру жұқтырған адам емделмесе, шамамен 11 жыл өмір сүреді. Анасына да, балаға да антиретровирусты терапия жүргізу арқылы нәрестеде аурудың дамуын алдын алуға болады. Оппортунистік инфекциялардың тиімді профилактикасына, диагностикасына және емдеуге, сондай-ақ пациенттерге күтім жасауға қолжетімділіктің артуы жағдайында АИТВ инфекциясы басқарылатын созылмалы ауруға айналды және АИТВ жұқтырған адамдар ұзақ және саламатты өмір сүре алады.
АИТВ инфекциясы адамдардың жасына, ұлтына, жынысына, кәсібіне, бай-кедейлігіне қарамайтын жұқпалы созылмалы дерт болғандықтан, адам өзінің осы вирусты жұқтырғанын білмеуі мүмкін. Тағы да қайталап айтатын болсақ, аурудың дамуының алғашқы сатысында АИТВ жұқтырған адамның сау адамнан ешқандай айырмашылығы болмайды. Бұл аурудың белгілері иммундық жүйенің жағдайына байланысты әркімде әртүрлі болуы мүмкін.
Қорыта айтқанда, бойыңызда АИТВ белгілері бар-жоғын тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша тіркелген емханада немесе АИТВ инфекциясының профилактикасы саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау мекемелерінде медицина қызметкерлерінің көмегімен тексерілу арқылы ғана біле аласыз. Қазақстан азаматтары ерікті түрде құпия тексеруге және АИТВ инфекциясы сұрақтары бойынша ақысыз түрде кеңес алуға құқылы.
Асхат АХМЕТБЕКОВ,
ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі
Алматы облыстық орталығының дәрігер-эпидемиологі