Әскер • 06 Сәуір, 2023

Сарбаз шақтан мамандық таңдауға дейін...

351 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Егемендік алған жылдан күні бүгінге дейін Қарулы күштердің жауынгерлік-тактикалық дайындығына, ұрыс құралдарын сатып алуға, оны шебер меңгеруге көбірек көңіл бөлінді. Тек былтыр мерзімді әскерден оралған сарбаздардың жоғары білім алуына жеңілдік қарастырылатыны туралы хабарды естіп, сарбаздарды іс жүзінде ынталандыруға басымдық берілгенін білдік. Бұл ірі жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарды әскери қызметке ынталандыру жөніндегі тапсырмасы негізінде қолға алынды.

Сарбаз шақтан мамандық таңдауға дейін...

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Қорғаныс министрлігі осы бас­таманы үйлестіріп, сарбаздардың әскерден кейінгі өміріне серпін боларлық жобаны пысықтауға былтырдан кіріскен. Осы жаңа­лық әскерге баруды азаматтық мін­деті санайтын жастардың Отанға қызмет өтеуге құлшынысын арттырса, әскерде жүрген сарбаздарды жігерлендірген жағымды хабар болды. Енді әскерден келген сарбаздардың жоғары білім алуына нақты қандай жеңілдік қарастырылатынын тарқатып, шарттарын тізбектеп берелік.

Әскерден келген жастардың қай-қайсы­сы да Ұлттық бірыңғай тестілеусіз екі жылдың ішінде жоғары оқу орнына ақылы негізде түсе алады. Бұл – бір. Екінші, әскер­де жауынгерлік даярлық кезінде жүк­телген міндетті мүл­тік­сіз орындап, жоғары нәти­же көрсеткен сарбаздардың ҰБТ тап­сырмай-ақ ЖОО-ның есе­бі­­нен тегін оқуға мүмкіндігі бар. Ескеретін жайт, бұл грант емес, Қорғаныс министрлігі мен ЖОО-ның жастарға қолдауы деп түсінген дұрыс. Осыған қоса әскер­ден келген жастар қаласа, елдің кез келген ЖОО-ның әскери кафедрасында тегін оқи алады. Ең негізгісі, әскерде қырағылығы­мен көзге түскен сарбаздардың Қорғаныс ми­нис­трлігінің әскери оқу орындарында ем­тихан тапсырмай білім алуына жол ашылады. Енді жастар осы жеңілдікті пайдалану үшін әскерден кейін әуелі Халыққа қызмет көрсету орталығынан берілетін мерзімді әскери қызметте болғаны туралы анықтаманы, кейін әскери билеттің көшірмесімен қоса ЖОО талап ететін құжаттарды ғана түгендейді. Тіпті Қорғаныс ми­нис­трлігі бұ­ған дейін хабар­лаған­дай әскери мін­детін өтеген жас­тардың оқуға түсуі­не аттес­тат­тағы бағалары әсер ет­пейді. Бұл жөнінде Қорғаныс ми­нистрі­нің кеңесшісі Айгүл Төлем­баева тарқа­тып айтып берген еді.

– Бірден айтайық, бұл – грант емес, 100 пайыз жеңілдік. Әскери міндетін абыроймен атқарып жүрген сарбаздарды, кейінгі жас­тарды ынталандыру мақсатында қолға алынды. Әскери салада ысыл­ған, әскери тәртіпке үйренген жауынгерлердің білім алуына қарастырылған мүмкіндік деп түсіну керек. Әрине, жоғары оқу орындары жастардың бағы­тына, талпынысына қарайды. Бірақ аттестаттағы бағаларына қара­майды, – дейді ол.

Кез келген талапкер өзінің жанына жақын мамандықты меңгерсе, уақыт өте келе өзі таңдаған саланың шын шебері болуға ұмтылады. Жоғары оқу орындары әскерден келген жастардың аттестатына қарамай оқуға қабылдағанымен, олармен сұхбаттасқанда қай салаға бейім екенін біледі. Себебі қайткен күнде де жастардың сапалы білім алып, сұранысқа сай маман болып қалыптасуына ертең әскери бөлім емес, ЖОО жауапты болмай ма?

Негізі Қорғаныс министрлігі мен ЖОО арасындағы келісім әскери міндетін өтеген орта білімі бар жастармен қоса, кәсіптік-техникалық және жоғары білімі бар азаматтарға да қатысты. Қазірдің өзінде Қорғаныс министрлігінің бастамасын 40-тан аса жоғары оқу орны қолдап отыр. Олар ЖОО-да тегін білім алуға ниетті жастарға 3 мыңнан аса орын қарастырған. Енді ымыраға келген қос тарап осы мін­дет­терін заң жүзінде реттеуге кірісті. Яғни Қорғаныс министрлігімен қатар Ғылым және жоғары білім министрлігі ве­дом­стволық бұйрықтарға өзгерістер енгі­зіп жатыр. Тіпті Қорғаныс министрлігі мер­зімді әскери қызмет өткеру кезеңінде әске­ри қызметшілерді іріктеу бо­йынша рег­ламент әзірлеген. Ашып айтар болсақ, ірік­теуде алдымен сарбаздың жауынгерлік даярлық бағдарламасын меңгеру бойын­ша қорытынды балы, тәртібі, қызмет барысында арнайы міндеттерді орындауы және психологиялық жай-күйін бағалау ескеріледі екен.

Астана қаласындағы 68655 әскери бөлімінің үздік сарбаз­дарының бірі Болашақ Шалғын­баев ЖОО программист маман­дығы бойынша білім алуды көздеп отыр екен.

– Әскерге Өскемен қаласынан ша­қыр­ту алдым. Өзім сол қала­ның тумасымын. Әскерден кейін Д.Серікбаев атын­дағы Шығыс Қазақстан техникалық уни­­вер­­ситетінде білім алуды көздеп отыр­­­мын. Программист болсам деген ние­тім бар. Өйткені заман ағымына қарай жаңа технологияларды, құралдарды бағ­дарламалайтын мамандарға сұраныс қазір­гіден де жоғары болады деп ойлаймын. Оның үстіне техникадан хабарым бар. Әскерде ЖОО білім алуды жос­парлап отырған сарбаздарға арнайы уақыт беріледі. Сол уақытта шыңдалып, әскери дағдыларды шебер орындауға машықтанамыз. Мерзімді әскери қызметке келген қатарластарымның арасында ЖОО-да білім алуға ниеттеніп жүргендер бар­шы­л­ық. Олар да әскерден кейін арман-мақса­тына жетсін деп тілеймін, – дейді сарбаз.

Үміткерлерге ЖОО-ға жолдама беру туралы шешім шығаратын комиссия әскери қызметшінің жеке рейтингін ескере отырып, өзі қалаған мамандық бойынша білім алуына жәрдемдеседі. Мұнда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін алдын алу мақсатында үміткерлер туралы барлық дерек Қорғаныс министрлігінің «мерзімді қызмет 2.0» ашық ақпараттық жүйесінде көрсетіледі. Әрі осы тізім еңбек нарығының сұранысына қарай әзірленеді екен. Яғни Еңбек ми­нистрлігінің талдауы мен мо­ниторингі ескеріледі. Қорғаныс ми­нистрлігі Білім және ғылым департаменті бастығының орынбасары Бегім Нұрмахановтың айтуын­ша, әскерилерге жеңілдік жасау арқылы әскери қызметтің беделін арттыруға болады.

– Әскери міндетін өтеп, үйіне орал­ған жастардың білім алып, маман иесі атануына жағдай жаса­лып жатқаны қуантады. Оның ішінде екінің бірі емес, жауын­герлік даярлықта үздік нәтижемен көзге түскендердің ғана ЖОО те­гін білім алуға мүмкіндігі бар. Бұл жоба әскери қызметтің беде­лін және жеке құрам мен әскери бөлімдердің жауынгерлік дайын­дығын арттыруға, мерзімді әскери қызметке жауапкершілікпен қарау­ға ықпал етеді. Мұндай жеңіл­діктер бізде ғана емес, өзге елдерде де қарастырылған. Мысалы, Израильде әскерден келген жастар­ға 4 250 доллар беріледі. Сарбаз сол қаржы­ны білім алуға немесе жеке бастың қажеттілігіне жұм­саса да өз еркі. АҚШ-та ЖОО-да білім алуға, әсіре­се әскери са­ла­да қалуға көбірек қолдау көрсе­тіледі. Көрші Өзбекстанда әс­кер­ден келген жастардың оқуға түсу үшін тапсыратын емтиханына 50 пайыз жеңілдік қарастырыл­ған. Үздік сарбаздарға тегін оқуға жолдама беріледі екен. Бұл қатар­ға енді біз де қосылдық. Қорғаныс ­ми­нис­трлігі қолға алған жоба білім алуды көздеген жастарға олжа, – дейді Б.Нұрмаханов.

Көп ұзамай Қорғаныс министр­лігімен келісімге келген жоғары оқу орындары қоғамға қажетті, сұ­раныс жоғары мамандықтарды және оқу бағдарламасын нақты­лай­ды. Яғни әскерден келген сар­баз­дардың қай мамандықта білім алуға мүмкіндігі бар екені алдағы күндерде белгілі болмақ.