Мектеп • 10 Сәуір, 2023

Балалар қатыгездігі: іс насырға шаба ма?

989 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жуырда әлеуметтік желіде көрген жанның төбе шашын тік тұрғызар бірнеше видео жарияланды. Ата жауын жеңгендей екіленіп, қатарластарының басынан теуіп жатқандар қоғамды шошытты. Оқиғаның бірі – Қазалы ауданының орталығында болған. Сондағы №266 және №70 мектеп балалары арасындағы ерегестің соңы осындай жағдайға ұласыпты.

Балалар қатыгездігі: іс насырға шаба ма?

6 сәуір күні бол­ған төбелестен кейін өлімші болып таяқ жеген бала аудандық ауруханаға түседі. Ең қызығы, дәрігерлердің хабары бойынша жеткен полицейлер «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деген болуы керек, баланың «саябақта тайып жығылдым» дегеніне «сене» салыпты. Артынша төбелестің видео­сы жарияланып, қосымша тексеру және әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу нәтижесінде, бұл іс Қылмыстық кодекстің 293-бабының 2-бөлігімен тіркеліп, 7 сәуір күні оқушыны соққыға жыққандар аудандық полиция бөлімшесіне жеткізіледі.

Жалпы, осы күні Қазалы ауданын­да балалар мен жастар арасында топ­тасып төбелесу тыйылмай тұр. Бірақ тиісті орындар тарапынан соны бол­дыр­маудың, алдын алудың шарасы байқалып жатқан жоқ. Жаман әдеттің жұқ­­қыш келетіні рас екен. Осы жа­қын­да ғана Қызылорда қала­сында да №217 мектеп оқу­шы­лары арасында төбелес болып, жасөспірімдердің суық қа­ру қолданғаны белгілі болды. Ар­тынша Байқоңыр қаласындағы №275 мектеп балалары да бір-біріне жұдырық жұмсаған. Жалағаш кентінде де екі мектеп оқушылары арасында жан­жал шыққан. Қазалы ауда­нында жасөс­пірімдер арасындағы төбелес белгілі бола салысымен, облыс әкімі Нұр­лы­бек Нә­лі­баев шұғыл жиын өткізді. Об­­лыс әкімінің орынбасарлары, қала, аудан әкімдері, полиция де­пар­таментінің басшылығы қатыс­қан жиында аймақ басшысы Қазалыда бұған дейін де жаппай төбелес болғанын атап өтіп, осындайға жол берген аудан әкімі мен жергілікті полицияның әрекетсіздігін қатаң сынға алды. Жиында полиция департаменті басшысының міндетін атқарушы Шамшидин Әмитов, облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет, Қы­­зыл­орда қаласы, Қазалы жә­не Жалағаш аудандарының әкім­­дері жағдайға байланыс­ты түсінік берді. Облыс әкімі бұл оқиға жастарды әлеу­мет­тен­­діру бағытындағы шара­лар­дың жеткіліксіздігін, тәрбие жұмыс­тары тек есеп беру үшін өткізілетіндігінің көрінісі екен­дігін айтты. Үнемі оқиғаның салдарымен күресетін жауаптылар осындай оқыс жағдайдың алдын алуды әлі үйрене алмай келе жатыр.

Облыстан кейін Қазалыда да аудан әкімі, облыстық білім басқармасы басшысы мен об­лыстық полиция департаменті жетекшілерінің қатысуымен профи­лактикалық жиын өтті. Аудандық полиция бөлімі­нің бастығы Болат Кабизов­тің айтуынша, қазір бұзақы­лық бабы бойын­ша тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Тіпті 9-11 сынып оқушылары арасындағы жан­жал­ға байланысты облыстан қосымша күштің шақы­рылуы Қазалыда жасөспірімдер арасын­дағы текеті­рес­тің қаншалықты тереңдеп кеткенін көрсетіп тұр.

Бұған дейін мұндай жиындар әлде­неше мәрте өткізілген. Бірақ басқосу ұйымдастырғаннан мәселе шешілсе, жас­тар арасындағы жанжал мұнша ушықпас еді ғой. Қазалы ауда­нының әкімі Мұхтар Оразбаев өткен іске өкініш білдіріп, оның алдын алу бағытында әрекетсіз қалған мектеп басшылығын сынға алды. Үйдегі ата-ана тәр­биесінен бөлек ұстаздардың бақылауы, жауапкершілігі осы жағдайда әлсіздік танытып отырғанын айтты. Құлап жарақат алған бала мен төбелесте соққы алған оқушының жағдайын ажырата алмау қателік. Сондықтан да тергеу барысында кінәлілерге аяушылық танытпай, заң аясында шара қолдану қажет.

Ал облыстық білім басқарма­сының басшысы Мейрамбек Шермағамбет бұған дейін қолға алынған тәрбиеге байланысты жұмыстардың зая кеткеніне өкініш білдірді.

– Өткенде ғана осы залда аудан акти­вімен, ақсақалдарымен тәрбие мәсе­ле­сіне байланыс­ты тәлімді семинар өткізген едік. Бала тәрбиесін жетілдіріп, олардың құқық бұзушылық жасауына жол бермеу тетіктерін талқылап, тиімді әдістерді ен­гіз­дік. Соған қарамастан осы күнге дейін білім мен тәрбие тұр­ғысынан өңірде үлгі ретінде көрсетіліп жүрген ауданда келең­сіз жайт орын алып отыр. Бұл мектеп басшыларының болған жағдайды жасырын ұстап, жағ­дайды дер кезінде баяндамауынан, оқиғаға лайықты талдау жасамауынан ушығып кет­ке­нін жасыра алмаймыз. Ал ди­ректордың бірнеше орынбасары әр сыныптағы бір-екі балаға әсер етуші факторды неге зерттемегені таңданыс тудырады. Соның алдын алмағаннан кейін мұндай жағдай қайталана береді, – деді ол.

Жалпы, қашанда балалар арасында келіспеушіліктің болатыны белгілі. Бірақ жеткіншектер соны неге жұдырық арқылы шешуге ұмтылады? Жалпы мұндай жағдайдың жауапкері кім?

– Жантүршігерлік видеоның астына «Жанжалдың алдын алу шараларын неге мектеп қол­ға алу керек?» деген пікір қал­дыр­ғандар көп екен. ДДҰ зерттеу­леріне сүйенсек, білім беру ұйы­мы – про­филактикалық шаралар тиімді өткізілетін орынның бірі. Мектеп – бала өміріндегі түр­лі проблема талқыланатын орын, оның бойындағы кез кел­ген өзгерісті білім беру ұйы­мын­­дағы мұғалімнен бастап дирек­­торға дейін бақылай алады. Жасы­ратыны жоқ, бұл ретте әке-шеше­нің де тәрбие тізгінін қолдан шығарып алғаны байқалады. Кей білім беру ұйымдары ата-аналармен жұмыс жасағысы келгенмен кәдімгі жиналысқа келетін әке-шешені саусақпен санап алуға болад­ы ғой. Жауапкершілікті бір-бірімізге ысырмай, керісінше бірігіп «осындай олқылық қалай кетті?» дегенді ойласқан жөн, – дейді психолог Сымбат Әбді­рахманова.

Қысқасы, Қазалыдағы оқыс оқиға қордаланып тұрған көп мәселеге қозғау салып кетті. Қа­зір барлық ауданда әкімдік пен білім бөлімдері тарапынан түнгі рейдтер ұйымдастырылып, балалар арасында түсіндіру жұмысы басталды.

Ал әлгі көрініс әлеуметтік же­ліні әлі шарлап жүр. Алда осын­­дай оқиға қайталанбаса екен.

 

Қызылорда облысы