Президент • 10 Сәуір, 2023

Қазақстан мен Әзербайжан Президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді

305 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев шағын құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан мен Әзербайжан Президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді

Қасым-Жомарт Тоқаев шақыруын қабыл алып, Астанаға ресми сапармен келгені үшін Ильхам Әлиевке алғыс айтты.

«Былтыр тамыз айында мен Бакуге сапармен бардым. Бұл сапарым аса нәтижелі болды және екіжақты қатынастарға тың серпін берді. Қазір президенттердің екі ел үкіметіне берген тапсырмаларының орындалу барысын пысықтау қажеттілігі туды. Әзербайжан мен Қазақстан – бауырлас әрі достас мемлекеттер. Біздің тарапымыздан сауда-экономика және инвестиция салаларындағы жан-жақты ынтымақтастықты, сондай-ақ екіжақты форматтағы және халықаралық ұйымдар аясындағы саяси қарым-қатынасты дамыту үшін барлық мүмкіндік жасалып жатыр. Біз Кавказ аймағында жетекші рөл атқаратын Әзербайжан мемлекетімен экономикалық қатынастар мен ынтымақтастықты дамыту үшін ауқымды жұмыс жүргізуді көздеп отырмыз. Біздің арамызда ешқандай мәселе жоқ. Тек қана осы бағытта алға ілгерілеуге деген ниет қана бар», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

щз

Өз кезегінде Ильхам Әлиев қазақстандықтарға қонақжайлылығы үшін алғыс айтып, қос тарап арасындағы ынтымақтастық гүлдене беретініне сенім білдірді.

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, ең алдымен, арнайы шақырғаныңызға және қонақжайлығыңызға алғыс айтамын! Гейдар Әлиевке көрсеткен құрметіңіз үшін бүкіл Әзербайжан халқының және жеке өз атымнан ризашылығымды білдіргім келеді. Жалпы, біз барша Қазақстан халқының елімізге деген ыстық ықыласын әрқашан сезініп келеміз. Әзербайжанға ресми сапарыңыз барысында осындай тілеулестікті Сіз де байқадыңыз деп ойлаймын. Біздің ресми сапарлар аясында жиі кездесуіміз осы қарым-қатынасымыздың сипатын аңғартады және ұдайы байланыста болу қажет екенін көрсетеді.

Өзіңіз айтқандай, біздің елдеріміздің бір-біріне деген бауырластық ниеті шынайы. Бұл – екіжақты ынтымақтастықты дамытуға жақсы негіз. Ынтымақтастық бағыттарына келетін болсақ, оларды санамалауға біраз уақыт кетеді. Өйткені ол қоғамның барлық саласын қамтиды. Әрине, қазіргі жағдайда сауда-экономикалық және инвестициялық жобалар, сондай-ақ көлік-логистикалық инфрақұрылымға қатысты жобалар басымдыққа ие», деді Әзербайжан Президенті.