Егемен Қазақстан • 12 Сәуір, 2023

«Хат қоржын»

273 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
«Хат қоржын»

Егемен елдің ұланымын

Төбемізде Көк туымыздың желбіреп, еліміздің еркіндікке аяқ басқанына 30 жылдан асты. Бүгінгі буын толықтай біле бермесе де, үлкендердің есіндегі тәуелді заман артта қалды. Ал азаттық жолында қаншама арыстарымыз қаза тапты. Кең-байтақ Отанымыздың басынан кешпегені жоқ. Алайда ел болашағы үшін өмірін қиған бабаларымыздың арқасында бүгінде біз – тәуелсіз елдің ұрпағымыз.

Еліміздің болашағы жас буынның, яғни біздің қолымызда. Осы жетістіктерімізді одан әрі жалғастырып, мемлекетімізді дамыған елдер қатарына қосу үшін бар күшімізді салуымыз қажет. Қазіргі таңда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға бар жағдайды жасап, оларға үлкен қолдау көрсетіп келеді. Жастарға жол ашар түрлі басқосулар, олимпиадалар мен басқа да танымдық іс-шаралар ұйымдастырылып жүр. Осының арқасында ел жастары жан-жақты дамып, еліміздің көркеюіне үлес қосады.

Дегенмен өзектілігін жоймай келе жатқан мәселелер де бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Солардың бірі – мемлекеттік тіл мәселесі. Өкінішке қарай, көп отандасымыз өз ана тіліне шорқақ. Ана тілімізді өз тұғырына қондыру үшін қатал заң керек деп санаймын. Мемлекеттік тілді білу заңмен міндеттелсе, сол заң аясында тіліміз бірте-бірте өз мәртебесіне сай ілгерілей берер еді. Себебі ортақ тілдің арқасында халықтың бірлігі нығайып, рухы көтеріледі. Тәуелсіз еліміздің көркеюіне бар күш-жігерін жұмсайды. Сондықтан ұлттық рухымызды көтеруді ең алдымен тіліміздің дамуынан бастағанымыз жөн. Тілдің дамуына әр қазақстандық өз үлесін қосуы керек. Тіл арқылы ұлт болашағы кемелдене түседі.

Мен де тәуелсіз еліміздің болашағы жарқын болуы жолында тер төге еңбектенетін боламын. Бабаларымыздың асқан жанкештілігінің арқасында қол жеткізген тәуелсіздігімізді сақтап, егемен елімнің тек алға басуына, әлемдік деңгейде дамуына аянбай қызмет етемін.

Шұғыла ЖАРЫЛҚАСЫН,

Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы

 

АСТАНА

 

 

Қоғамдағы мұғалімнің рөлі

«Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданған соң, қоғамдағы ұстаз беделі артып, абыройлы мамандықтың қадір-қасиеті ашыла түскендей. Білім берудегі педагогтерді даярлайтын оқу орындарының саны қысқарды. Бұл, бір сөзбен айтқанда, педагогтерді даярлау сапасына маңыз беріліп, «бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заманның келгенін» дәлелдейді. Осы тұста Алаш тұлғасы, педагог-психолог Жүсіпбек Аймауытұлының: «Оқыту жігерлі болсын, жігерсіз жасық жұмыстан бала оқытқанда береке шықпайды. Әсіресе бала оқыту жұмысы қызу, ширақ, жігерлі болғаны дұрыс. Жігерлі болу – мұғалімнің сүйегіне біткен сипаты», деп айтқаны ойға оралады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында сапалы әрі қолжетімді білімге ұмтылу керек екенін еске сала келіп: «...Мұғалімдер шәкіртінің бойына жаңа білім сіңіре алатындай нағыз ағартушы болуға тиіс», деп атап көрсетті. Бұл тұжырым педагогтер үшін ұрпақ сауатын арттыруда басты қағидат болатыны сөзсіз. Жалпы, педагогтің рөлі оқушы мектептен жыраққа кетсе де жалғаса береді. «Ұрпақ болашағы – ұстаздан» деп тегін айтылмаған.

Бүгінде педагог мәртебесін көтеру аясында ұстаздарға білімін жетілдіруге мүмкіндік көп. Ғылыммен айналысатын магистр ұстаздардың, жас мамандардың мектеппен тығыз байланыста оқушымен жұмыс істеуінің өзі болашақта білімін өміріне пайдалана алатын сауатты ұрпақ қалыптасуына негіз болары анық. Осы орайда еліміздің болашағы – бүгінгі жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, адамгершілік пен ар-ожданды биік қоятын ұстаздардың мақсаты айқын, талабы биік екенін айта кеткеннің артықтығы жоқ. Дарынды танып, талаптыға талпыныс беріп, алға ұмтылдыратын тұлға қалыптастыру ұстаздардың ұстазының ғана қолынан келсе керек. Ендеше, саналы ұрпақ тәрбиелеудегі сабақты іс-әрекетімізді рухани құндылықтармен ұштастыра білейік.

Болат ПЕСТИФАЛ,

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

 

Ақмола облысы,

Қоянды ауылы

 

 

 Дана қыздың «Дара жолын» сағындық

Тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін емес. Президент өткен жылы: «Қазақ журналистикасының деңгейі жоғары екені күмәнсіз. Біз ақпарат еркіндігін барынша қамтамасыз етіп жатырмыз. Бірақ еркіндік ойыңа не келсе, соны айту емес. Әрбір журналист ең алдымен мемлекетшіл азамат болу керек», деген болатын. Бұл сөз қолына қалам ұстаған қауымды ерекше жігерлендіріп, жаңа жағдайға бейімделе түсуіне игі ықпал етті. Таяуда қоғамға жалпы талқылауға ұсынылған «Масс-медиа туралы» заң жобасы да «төртінші билік иелері» атанған бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлеріне зор міндет пен жауапкершілік жүктеп отыр.

Осындай биік талаптың үдесінен шығып жүрген тележурналистердің бірі – Дана Нұржігіт. Кезінде Парламент Сенатының депутаты болып сайланып, талай елдік мәселелерді шешуге атсалысқан ол мемлекетшіл қызметші ретінде де өзін көрсете білді. Біз кезінде оның апта сайын теледидардан берілетін «Дара жол» танымдық бағдарламасын асыға күтетін едік. Енді соны сағынып жүрміз. Парламенттен сүйікті мамандығына қайтып оралған Дананың алдағы кезде де көрермендердің көзайымына айналар хабарларды көгілдір экранға көптеп шығарарына бек сенімдіміз.

Сондай-ақ қазіргі таңда қалың көпшіліктің қалауын иеленіп, Парламентте жүрген Нұртөре Жүсіп, Айгүл Қапбарова секілді масс-медиа өкілдері де халықтың мұң-мұқтажы мен талап-тілегін билік орындарына жеткізіп, шындықты объективті түрде жариялап отыруға атсалысып жүр. Осылайша, олар мемлекеттік билік пен азамат­тық қоғам арасындағы алтын көпір ретіндегі міндетін абыроймен атқа­рып жүр.

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

Созақ ауданының құрметті азаматы

 

Түркістан облысы 

Соңғы жаңалықтар

Оқырманға жол тартты

Басылым • Бүгін, 00:25

Ғасырлар үні

Руханият • Бүгін, 00:13

Керек дерек

Технология • Кеше