Осыдан дәл 20 жыл бұрын ел астанасын ауыстыру туралы тарихи шешім қабылданған еді.
6 шілде – елорданың туған күні. 6 шілде – Елбасының да туған күні. Елорда мен Елбасы егіз ұғым дейтініміз сондықтан. Туған күнің құтты болсын, аяулы елорда! Туған күніңіз құтты болсын, ардақты Елбасы!Елдіктің еңселі символы
Астана күніне орай Мемлекеттік туды көтеру рәсімі өткізілді
Кеше Астана күні қарсаңында «Атамекен» этно-мемориалдық кешені жанындағы Мемлекеттік ту тігілген алаңда Тұңғыш Президенттің Мемлекеттік туды көтеру, еліміздің әскери оқу орындарының үздік бітірушілеріне офицерлік погон табыстау және мерекелік шараларды іске қосу салтанатты рәсімі болып өтті. Мемлекеттік туды салтанатты жағдайда көтеру рәсімі –тұрақты дәстүрге айналған үлгілі үдеріс. Оның үстіне бұл Астана мерекесінің ресми басталуының көрінісі де. Қала тұрғындары мен қонақтарын елорда күнін мерекелеуге шақырған аталған шара хаттамалық-салтанатымен қатар, тәуелсіздік пен мемлекетшілдік идеясын азаматтар санасына сіңіретін терең идеологиялық мәні барлығымен де ерек. Сондай-ақ, әр жылы Астана күнін атап өту арқылы еліміз өзінің жетістіктерін паш етіп, Қазақстанның жаңа астанасы тарихының кезекті баспалдаққа қадам басқандығына куә болып келеді. Міне, осындай мәні терең шараны тамашалауға келушілер биыл да аса көптігімен ерекшеленді. Шағын ғана алаңға сыймаған астаналықтар мен қала қонақтарының кейбірі айтулы шараны алыстан да тамашалап тұрды. Әскери оркестрдің ойнауы және Астанаға арналған әндердің шырқалуы шараның салтанатына ерекше реңк берді. Мұның өзі онсыз да мерекелік көңіл-күйді одан сайын бір көтеріп тастады. Жиналған қауымның қолдарындағы мерекелік жалаушалардың желбіреуі осыны анық аңғартты. Астаналықтар мен қала қонақтары тамашалауға келген салтанатты рәсімге Мемлекеттік күзет қызметінің Құрмет қарауылы ротасы, Қорғаныс министрлігінің Құрмет қарауылы ротасы және Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлерінің Ұлттық ұланы ротасы да қатысты. Елбасы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Ә.Назарбаев шараның басталуына бірер минут қалғанда келді. Жиналған қауымға бет алған Елбасын әскери оркестр «Елім менің» әнімен, ал жиналған қауым қолдарына ұстаған жалаушаларын жоғары көтеру арқылы ерекше құрметпен қошемет көрсетіп қарсы алды. Бір мезетте тына қалған оркестр мен жиналғандардың қошеметті шуынан кейін: «Президент мырза! Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеру және жас түлектерге лейтенант шенін салтанатты тапсыру рәсіміне дайынбыз. Қазақстан Республикасының Құрметті қарауылының бастығы аға лейтенант Қасейін Жасболатұлы», деді жас офицер. Содан соң Мемлекеттік Әнұран ойналып, Мемлекеттік ту көтерілді. Президент қала тұрғындары мен қонақтарын Астана күнімен құттықтай отырып, барша қазақстандықтарға өз сөзін арнады. – Біздің байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымы ғимаратының жанында, барлық елдердегі елшіліктеріміздің ғимараттарында желбіреп тұр. Ол Қазақстан спортшыларының халықаралық жарыстардағы жеңістерінің құрметі үшін де көкке көтеріледі. Ту – патриотизм мен Отанымызға деген адалдықтың символы, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті Астананың жас болса да, еліміздің елордасы ретінде айтарлықтай табыстарға жеткеніне тоқталды. – Елордамыз небәрі 16 жылда сүйікті қаламызға, бүкіл еліміздің орталығына айналды. Халықаралық ауқымдағы маңызды іс-шараларды өткізу арқылы ол енді бүкіл әлемге танылды. ЕҚЫҰ секілді беделді ұйым өз саммитін біздің елордамызда өткізуге болады деп ұйғарды. Мұнда басқа да елеулі экономикалық және саяси сипаттағы шаралар өтті. Астана Еуразия кеңістігіндегі ықпалдастық үдерістердің бесігіне айналды, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті Астана күніне орай әрдайым жаңа нысандар іске қосылатынын, солардың қатарында биыл Ұлттық музей, Тұңғыш Президент кітапханасы бар екенін айтты. – Шағын қала болған Ақмола – бүгінде 800 мыңнан астам адам тұратын мегаполис. Астана тұруға жайлы әрі қолайлы қала болып қалыптасып келеді. Ел қазынасына едәуір қаражат әкеле бастаған елордамыз бюджеттің донорына айналды. Бизнес белсенді дамып, инновациялар енгізілуде. Астана, сондай-ақ, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет салаларының маңызды орталығы болып отыр. Сол себепті де біз өз елордамызды жақсы көреміз және онымен мақтанамыз, – деді Мемлекет басшысы. Салтанатты рәсім барысында Мемлекет басшысы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы еліміздің жоғары әскери оқу орындарының түлектеріне офицерлік погондар тапсырды. – Сіздер Қарулы Күштердің, полиция мен өзге де құқық қорғау органдарының қатарында қызмет ететін боласыздар. Иығына погон таққан азаматтар ылғи да елдің көз алдында. Сіздерге қарап жастар бой түзейді. Сіздер дайындықтан өтіп, білім алдыңыздар, енді өздеріңіз жаңадан қабылданушыларға тәлімгер боласыздар. Оларға патриотизмнің, Отанға адалдықтың үлгісін, ерлік пен адам рухының көркемдігін көрсетесіздер деген үміттемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Соңында Мемлекет басшысы барша жас офицерлерді, әскери оқу орындары түлектерін құттықтап, оларға табыс және бақ-береке тіледі. Мемлекет басшысының қолынан офицерлік погонды қорғаныс министрлігінің Радиоэлектроника және байланыс Әскери-инженерлік институты мен Құрлық әскерлерінің әскери институты, ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясы, Төтенше жағдайлар министрлігінің Көкшетау техникалық институты, ҚР Ұлттық ұланының әскери институты секілді жоғары әскери оқу орындарының 12 үздік түлегі алды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.