Алматыдағы «Үш Қоңыр», «Весновка», «Сенім» тұрғын үй кешендерін салған Development құрылыс компаниясы мен «Лидер групп» серіктестігі өз үлескерлерін тақырға отырғызып кеткен. Азаматтар үш жылда «Үш қоңыр» тұрғын үй кешенінен пәтер алу үшін қаржысын құйған. Үлескерлердің бірі Данияр Ниязбаев журналистермен кездескен кезде 24 млн теңгені толық төлеп, ішіне кіріп көріп, алған пәтеріне басқа біреулердің жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтқан. Іле-шала 5 наурызда «Lider Group Consalt» ЖШС директоры және бірнеше лауазымды тұлға, «Үш қоңыр» және «Весновка» тұрғын үй кешендерін салушылар қамауға алынды. Оларды екі айға қамау туралы бұлтартпау шарасы қолданылды. Қаражат кейбіріне қайтарылса да, сол қаржыға дәл сондай үй сатып алу мүмкін емес. Ал полиция өкілі осы компанияның директорына қатысты алаяқтық бабымен тергеу жүріп жатқанын жеткізді.
Экономист Эльдар Шамсутдиновтің айтуынша, Алматыда алданған үлескерлердің мәселесін тез арада шешу мүмкін болмады, себебі автонесиемен салыстырғанда бұл жерде адамдар алдын ала қомақты сома беріп қойған. Алдын ала төлем міндетті түрде қажет еді, өйткені «7-20-25» бойынша бекітілген пәтердің ең жоғары бағасы (25 млн) мен нарықтағы сатылатын бағасының (38 млн) айырмашылығы 10 млн-нан асады және бұл соманы сатып алушы броньдау немесе үлестік қатысу туралы келісімшарт бойынша төлейді.
Алматы әкімі Ерболат Досаев қаладағы екі ТҮК-нің алданған үлескерлерінің мәселесіне орай, құзырлы органдармен бірігіп, құрылыс компаниясы іс-әрекетінің заңдылығын тексеруді тапсырды.
«Үш Қоңыр» және «Весновка» тұрғын үй кешендерін салғандар қамауға алынды, пәтерлерге санкция салынды. Алматы полиция департаменті аталған тұрғын үй кешендерінің үлескерлерінің ұжымдық арызы бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (алаяқтық) бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Алматы құқық қорғау орындарының өкілдері қылмыстық істер бір өндіріске біріктіріліп, тінтулер жүргізіліп, барлық құжат тәркіленіп, сараптама дайындалып жатқанын айтты. «Алматы қаласының прокуратурасы тергеу органының «Lider Group Consalt» ЖШС директоры мен бірқатар лауазымды тұлғаны қамауға алуды санкциялау туралы өтініштерін қолдады. Тергеу сотының санкциясымен бұл тұлғалар екі ай мерзімге уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды», делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, Алматыда алданған үлескерлер қала әкімінен салынып бітпеген «Весновка» тұрғын үй кешенінің мәселесін шешуді сұраған еді. Олар қылмыстық іс қозғалғанына қарамастан, құрылыс салушының пәтерлерді сатуды жалғастырып жатқанын мәлімдеді. Ал «Весновка» тұрғын үй кешенінің құрылысы тоқтап, үлескерлер ақшасыз, баспанасыз қалды.
Үлескерлер неге алданады?
Бұл сұрақтың 100 түрлі жауабы бар. Олардың бәрі естір құлаққа қисынды. Тәуелсіз сарапшылар құрылыс нарығындағы ойыншылардың кемі 30 пайызы көлеңкеде жүргенін айтады. Көлеңкелі айналымы бар монополияланған нарық «жарыққа шығуға» әлі дайын емес. Олардың проблемасын шешпесек, 2006-2007 жылдардағы ипотекалық дағдарысқа қайта тап болуымыз әбден мүмкін. Сол жылдары жүздеген құрылыс компаниясы банкротқа ұшырағанын, мемлекет 65 мың үлескердің мәселесін шешу үшін жүздеген млрд теңге бөлуге мәжбүр болғанын әлі ұмытқан жоқпыз.
Қазір ел көлемінде мыңдаған үлескердің жағдайы әлі күнге дейін шешілмеген деген пікір бар. Көлеңкелі нарық жағдайды алдын ала болжауға мүмкіндік бермейді, себебі көлеңкемен күресу мүмкін емес. Тұрғын үй құрылысының 60 пайызы заңсыз және үлестік құрылыстың көлеңкелі схемасы арқылы жүзеге асырылатыны, құрылыстың соңына дейін жеткізеріне кепілдік берілмейтіні Қазақстан тұрғын үй компаниясының зерттеулерінде айтылған.
Үкімет тұрғын үй құрылысын қайта жандандырудың тетіктерін іздеп, қолданысқа енгізуге дайындалып жатыр. Пәтерлерді үлескерлердің көлеңкелі емес, заңды жолмен сатып алуына жол ашу үшін нысанға мемлекеттік кепілдік қолжетімді бола түспек. Осындай кепілдікті беретін «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ құрылыс компанияларынан талап ететін құжаттар тізімі күрт азайтылғаны осыған дейін айтылған.
2023 жылдың 23 қаңтарында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің №432 бұйрығы бойынша Бірыңғай оператор – «Қазақстан тұрғын үй компаниясының» кепілдігін алу үшін құжаттар саны екі есе қысқарды.
Біздің елде үлескерлердің салған ақшасының заңдылығын бақылайтын жүйенің жоқтығы нарықтың көлеңкелі сегментінің тамырын тереңдетіп жібергенін сарапшылар көптен айтып жүр. Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюковтың айтуынша, Алматы мен Астанадағы пәтердің бір шаршы метр үшін бағасы 230-250 мың теңге болатын болса, бұған күмәнмен қарау керек.
«Нарықтағы шағын құрылыс компанияларының басым көпшілігі «пирамида жүйесімен» жұмыс істейтін болған. Қазіргі басты міндет – заңды барынша тартымды етіп, «көлеңкелі» нарықтан басымдықты арттыруға бағытталу керек. Қазір ішкі нарықта шамамен 634 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Бірақ олардың барлығының бірдей жыл соңына дейін аман-есен сақталатынына ешкім кепілдік бере алмайды. Тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны, жаңа нысандардың құрылысы азайып келеді. Біраз компаниялар кейбір тетіктер арқылы нарықтағы орнын сақтап қалуға тырысып жатыр», дейді В.Микрюков.
Сарапшы нарық қазанының төңкеріліп қалуына ешбір себеп жоқ екенін ашып айтып отыр. Құрылыс материалдарының бағасы соңғы 2-3 айда тұрақты. Логистикалық тізбектер қалпына келе бастады. Құрылыс компаниялары жаңа жағдайларда жұмыс істеуге бейімделіп қалды. Теңге бағамы бірқалыпта тұр. Демек құрылыс компанияларының тауар бағасы қымбаттап, жұмысымызды аяқтай алмай қалдық деп байбалам салуына себеп жоқ.
«Өткен жыл қазақстандық құрылыс материалдары өндірісінің деңгейін көтеретіндей өзгерістер алып келмеді. Импортқа тәуелділік деңгейі сол деңгейде қалды. Алдағы бірер жылда тұрғын үй бағасы арзандамайды. Бағаны қазіргі деңгейде ұстап тұрудың өзі – жетістік», дейді сарапшы.
Тұрғын үй нарығына инвестицияны көбірек салу арқылы мәселені шешуге мүмкіндік бар екенін сарапшылардың бәрі айтады. Әрлеу материалдарын, лак-бояу бұйымдарын, керамикалық плиталар мен санитарлық-техникалық бұйымдарды өндіруді ынталандыруы керек.
Болжамдарға сәйкес, 2023 жылы Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығын қиын кезең күтіп тұр. Созылмалы сипат ала бастаған экономикалық дағдарыс пен қымбатшылық халықтың төлем қабілеттілігін төмендетіп, құрылыс саласын бүйірден соққылап жатыр. Құрылыс салушылардың 83 пайызы үлестік қатысу туралы заңның талаптарын орындай алмайды. Тек 17 пайызы ғана үлестік қатысу заңының шеңберінде жұмыс істеп жатыр. Ал 6 пайызы «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» АҚ арқылы, ал 11 пайызы әкімдіктер мен екінші деңгейлі банктердің жобалары арқылы жұмыс істейді.
Алдағы уақытта құрылыс компаниялары табыстылықтың төмендегінен тұрғын үйлердің шаршы метрін қысқартуға шешім қабылдауы мүмкін. Бұл сынаққа тек алпауыт құрылыс компаниялары ғана төтеп бере алады. Алматыдағы құрылыс салатын бос жердің бағасы қымбат. Тауарлары да инфляцияға тәуелді болып тұр.
Алматының құрылыс сегментіне қалталылардың ықыласының шектен шығып кеткені осыған дейін талай рет айтылған-ды. Биыл Алматының қалалық мәслихатынан мандат алғандардың арасынан Құрылыс саласы Одағының төрағасы, әрі «SHEBERBUILD» құрылыс компаниясының қожайыны Ералы Сауранбаев, «Kusto Group» құрылыс компаниясының өкілі Мұрат Өтемісов, «Атрикс-Строй» құрылыс компаниясының бас директоры Әміржан Нәбиев, «Qazaq Stroy» құрылыс компаниясының атқарушы директоры Болат Ибрагимұлын байқап қалдық. Төмен пайыздық ипотекалық бағдарламалар нарықтан кетіп жатқанда, құрылысшылар жаңа жол іздейтіні анық. Тәуелсіз сарапшылар осы күнге дейін тұрғын үй нарығының ірі ойыншылары мәслихат арқылы ықпалын жүргізе бере ме деп алаңдай бастады. Себебі сайлаудың алдында, ақпан айында Алматы әкімі Ерболат Досаев қаладағы Алматыда аз қабатты үйлер ғана салынатынын айтты. Басқаша айтқанда, Алматының өз «Рублёвкасы», сарайлар ауданы пайда болатынын, қала ортасындағы өндіріс ошақтары қала сыртында шығарылатынын Алматы әкімінің өзі айтты. Е.Досаев айтқан жоба мақұлданса, қаладағы үйлердің 90 пайызы 6 қабат және одан жоғары көппәтерлі үйлер болмақ. 7,8 пайызы таунхаус үлгісіндегі аз қабатты, 2-3 қабатты ғимараттар, 2,2 пайызы сарайлар мен коттедждер болады. Қысқасы, Алматының әкімі 2020-2040 жылдар аралығында 45 млн 607,5 мың шаршы метр болатын жаңа тұрғын үй қалашығын салып тастауға бекініп отыр.
«Мемлекет басшысымен кездесуімде ол Алматының ерекше мәртебесі туралы заң арқылы жер сілкінісіне төзімді құрылысқа қатысты талаптарды күшейтетін тәсілдерді мақұлдады. Көктемде осы жұмысты бастаймыз және бізді депутаттар қолдайды деп үміттенемін», деп сөзін түйіндеген әкім әлеуметтің қалтасы көтеретін пәтерлер жайлы аузын ашпады.
Қаржы талдаушысы Ерлан Ибрагим құрылыс нарығын скрингтен өткізбей жатып, жаңа жобаларды қаржыландыру қисынсыз екенін айтады. Алматыда шаршы метрі 1 млн теңге тұратын үйлердегі пәтерлердің қанша пайызы бос тұрғанын ешкім білмейді. Сарапшы айтып өткендей, Алматының құрылыс нарығы баға көпіршігінің дефляция кезеңіне жақындап қалды. Қазіргі жағдайды осыдан 5-6 жыл бұрынғы жағдаймен салыстыруға болмайды. Тұрғын үйді сатумен ғана шектеліп келген нарық келмеске кетті. Бізге нарықтың талғамы емес, қалтасын, сатып алу мүмкіндігін қаперге алып жүру, тек сән-салтанат қана емес, эстетика мен экономиканың тепе-теңдігіне бәс тігу маңызды болмақ.
Е.Ибрагимнің айтуынша, Алматының келбетін жасартамын деген әкімнің ниеті дұрыс. Егер көзін тапсақ, бұл жоба өзіміздің құрылыс тауарлары сегментін дамытуға серпін беретіні анық.
«Алматы билігі Алматыда шаршы метрі 300-350 теңге болатын үй құрылысын салудың мүмкін еместігін біліп отыр. Мемлекет тұрғын үй нарығындағы үлесін азайтуға ниетті. Тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлердің 10 пайызын құрылыс компанияларының қаржысымен субсидиялайтын талап енгізетін кез келді. Мұндай талап халықаралық тәжірибеде бар. Бұл талап ауадан ақша жасап келген құрылыс магнаттарының тәбетін тежейді, нарықта жаңа ойыншылардың тынысын ашады», дейді ол.
Сарапшылардың тұжырымы біржақты: ел тұрғындарының басым көпшілігіне ипотекалық бағдарламаның өзі қымбат, жалға алу қолжетімсіз болып барады. Сонымен қатар Астана мен Алматы қалаларының тұрғын үй нарығына қатысты 2023 жылға арналған болжамдар негізінен әзірге мәз емес. Нарықтағы бағаның бір аяғы елде болса, бір аяғы инфляцияның қанатына жармасып тұр.
Сонымен қатар Moody's халықаралық рейтинг агенттігінің есебінде әлемдік тұрғын үй нарығында баға бәсеңдей бастағаны айтылған. Ал біздің нарық үшін құрылыс материалдары нарығындағы импортқа шектен тыс тәуелділік әлдеқайда маңызды болып тұр.
АЛМАТЫ