Үзілмеген ғасырлар үміт әнім,
Зар заманды мен қалай ұмытамын...
Солтүстіктің суығын енді міне,
Тәуелсіздік отымен жылытамын!
Жүректерде қалды ғой сыздап елес...
Мұзбалақтар асады мұзда белес!..
Бостан елдің бораны күш береді – Желтоқсанның баяғы ызғары емес!..
Дүбірімен дүлдүлдің жарыс көрген, Шабытының бірі едім шабысқа ерген.
Азат буын ақыны қалай қалар, Қазақ туын көтерген Намысты ерден!
Ірі ел болу үшін де іргеміз кең, Күтер үлес халқымыз күнде бізден.
Ақ жол тілеп алыстан мен де келдім, Арыстары Алаштың жүрген ізбен!..
Тереңіне өткеннің батсаң мың күн, Келешекте – ордасы бақшаң гүлдің.
Кенесары көшесін кесіп өтіп, Абылай мен Абайға ат шалдырдым!..
Еркіндіктің Есілде айт өлеңін, Жұлдызды түн сыр ашса, қайтер едің?..
Ойың менен бойыңды түзетеді, Темірқазық жердегі – Бәйтерегім!
Ұлттық сана ұғым бол санатты ерге, Найза болсын намысы қанатты елге.
Қыспағында заманның қияға ұшар, Қараөткелім айналсын дара өткелге...
Бабаларым, баһадүр, өткір едің, Аңсап күнім Азаттық өтті менің...
Көк байрақты көргенде Ақордадан, Көкке мәңгі өрлесін деп тіледім!
Қазыбек ИСА.