05 Шілде, 2014

Перзент қарызы және Президент парызы

360 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Naz-halyk Бодан елдің бостан болуы оңай емес. Ал оны ұстап тұру, бекемдеу, баянды ету одан да қиын. Адамзат тарихында басы бұғауға түспеген елдер сирек, көбі бодандықта болып, азаттық алған елдер. Азаттық алғанымен, бодандық қамытын мойнынан біржола сыпырып тастай алмай жүрген елдер де кездеседі. Бұлардың қай-қайсысын алсақ та, үйренеріміз де, үлгі алар тұстарымыз да жетерлік. Талайғы тарихында іргелі қағанаттар құрған, жеке хандық көтеріп, дербес мемлекетке ие болған, тарихтың тағы бір аласапыран сәттерінде еріксіз бодандыққа бас иген халқымыздың өз Тәуелсіздігін жариялап, өзіндік даму арнасына түскеніне ширек ғасырға жуық қана уақыт өтті. Алайда осынау аз ғана уақыттың ішінде еліміз ғасырға татитын жол жүргендей күй кештік десек, артық айтқандық болмайды. Басын ашып алар бір жайт бар. Қазақстан – қазақ халқының төл мемлекеті, төл жері, төл мұрасы болғанымен, байтақ жерімізде тарихтың қалауы, тағдырдың жазуымен бір ғасырдан астам кезеңнен бері түрлі ұлт өкілдерінің де мекендеп жатқанын, жан-жағымызда жан саны жағынан болсын, жер көлемі тұрғысынан алғанда да бізді он орап алатын алып мемлекеттердің орналасқандығын есептен шығара алмаймыз. Әрі бұл елдердің ежелден санасына сіңісті болған империялық пиғылдан арыла қоймағандығын да, орайы келгенде бас көтеріп, басымдық таныту, тізе батыру ықтималдылығын да жоққа шығара алмайтын болсақ, онда аса сарабдал да салқынқанды, төрт құбыласы тең саясат жүргізудің аса қажет те ділгер мәселе екендігін мойындауға, мемлекет тарапынан осы бағытта қолға алынып жатқан істерге түсіністікпен қарауға тиіспіз. Сөз жоқ, тарихты оқу, одан тағылым алу жақсы, ал тарихты жасау одан да жақсы. Қазір біздің көз алдымызда Қазақстанның жаңа тарихы жасалып жатыр. Бұл Қазақстанның тәуелсіз тарихы, өзіндік даму арнасына түсу тарихы. Оның бастауында әрине, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұр. Әлбетте, қазақ тарихының даңқты беттері аз емес. Бірақ оны қайталау шарт емес, мәселе халықтың жаңа тарихын, жасампаздық тарихын жасауда. Осы жағынан келгенде Елбасының тарихи ауыр міндетті, зіл батпан жауапкершілікті өз мойнына алып, соны абыроймен атқарып келе жатқандығының куәсі болып отырғанымызды айтуға тиіспіз. Ол – Ұлы іске өзін бағыштаған жан. Осы кезге дейін адамзат тарихында Түрік қағанаты, Алтын Орда империясы, Кеңес Одағы, Британ, Осман империялары дәуірлеген замандар болды. Алайда, уақыты жеткенде, күні толғанда олардың барлығы да ыдырап, тарих қойнауына кетіп отырды. Енді осынау алып кеңістік Еуразиялық экономикалық одақ идеясы ортаға шықты. Бұл идеяның да түп басында Елбасы тұр. Мұндай ауқымды да өршіл мұратты ұсыну және соны іске асыруға батыл кірі­су оңай шаруа емес. Болашақты бар келбетімен көре алу, көргеніне жұртты иландыра білу және жұртшылықты сол мақ­сатқа жұмылдыра білу – заманынан мойны озық туған, дара көшбасшыларға ғана тән қасиет. Біз осы қасиеттердің Елба­сының бойында тоғысқанын көріп отырмыз. Мұның барлығы да Елбасының мәсе­лені кең ауқымда көре алатындығын көр­сетеді. Қазақ елінің дербес дамуын қам­тамасыз ету, жарқын болашағын баян­ды ету мақсатында Елбасының қолға алған қадау-қадау қадамдарына көктей шолу жасасақ, біраз мәселенің басын ашып, байыбына баруға мүмкіндік туатын секілді. Әдетте, ел тәуелсіздігінің тіл тәуелсіз­ді­гінен бастау алатыны белгілі. 1989 жылы Тіл туралы тұңғыш заңның қа­былданғанын, онда қазақ тілінің мем­лекеттік тіл мәртебесіне ие болған­ды­ғын қазір жиі айтамыз. Алайда, бұған оңайлықпен қол жеткен жоқ. Сол тұста орыс тілі мен қазақ тіліне бір­дей мемлекеттік мәртебе берейік дей­тін­дер өзге ұлт өкілдері тұрмақ, өз азамат­тарымыздың ішінен де шықты. Бұл мәселені қайта-қайта қозғап, өзеуреу­шілер бұдан кейін де көпке дейін толас тапқан жоқ. Тілге мемлекеттік мәртебе беру мәселесі Жоғарғы Кеңес мәжілісінде талқыға түсіп, көпшілік депутаттарымыз қос тілділікке ыңғай білдірген кезде оны қайта дауысқа салдыруды қолдап, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе бергізуге тікелей Елбасының араласқаны тарихи құжаттарда қаттаулы. Осыдан кейін-ақ тіл тәуелсіздігі ел тәуелсіздігіне бас­та­ған қадамдар қарқын ала бастаған болатын. Сол жылы академик Әбдуәли Қайдаровтың бастамасымен «Қазақ тілі» қоғамы құрылып, бұл бұқаралық ұйымның бөлімшелері еліміздің түкпір-түкпірінде ашылды. Ұлттық сананы ояту, байырғы салт-дәстүрлерімізді жаң­ғырту, тарихымызды түлету, қазақ тілі­нің қолданыс аясын кеңейту секілді заман қажеттілігінен туындаған ділгер мәсе­лелерді талмай көтеріп, өз маңына елім, тілім, ділім, дінім деген отаншыл аза­маттарымызды топтастырған «Қазақ тілі» қоғамының қызметі күн өткен сайын күшейе түсті. Қоғамның тікелей ұйым­дастыруымен ашылған «Ана тілі» басы­лымының таралымы 100 мыңнан асты. Нұрсұлтан Әбішұлының қат-қабат жұмысының көптігіне, уақытының тығыздығына қарамастан, «Қазақ тілі» қоғамының ІІ Құрылтайына тікелей өзі қатысып, баяндама жасауы «Қазақ тілі» қоғамы мен қазақ тіліне көрсетілген құрмет қана емес, қазақ тілінің елімізді ұйыстырудағы орнын жете танып, терең түсінгендігінің көрінісі деп білеміз. Елбасының 1992 жылы қараша айында өткен «Қазақ тілі» қоғамының осынау Құрылтайында сөйлеген сөздері бүгінгі күні де өз өзектілігін жоймағандығын көреміз. Мысалы: «Бүкіл ұлттың мерейін тасытып, айбынын асырған игі істің бірі – біздің ана тіліміздің, бай да құнарлы, әсерлі де әуезді қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуы, оның өмірдің сан саласында кеңінен қолданылуына жол ашылуы. Атасы мен немересі екі тілде сөйлеп, әр ұрпақ өкілдері бір-бірін түсінуден қала бастаған, ана тіліміздің басынан бағы тайып, негізінен ауызекі әңгіменің құралы деңгейіне дейін төмендеген тұста ұлттық сана-сезім оянды да, қоғам өмірінде жаңа қанат жая бастаған демократиялық үрдістер арқасында республикада тіл туралы Заң қабылданды, тіл тағдырын ел тағдыры деп қараған абзал азаматтардың арқасында «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. ...Кеше болмағанның бүгін болуы мүмкін, бүгін болмағанның ертең болуы мүмкін, бірақ ана тіліне мән бермеушіліктің, оны құрметтемеудің орны толмас олқылықтарға соқтыратыны сөзсіз. Егер ертеңгі келер ұрпақ мына сайын дала төсінде бойыңды балқытып, жан дүниеңді шымырлататын қазақ тілінде сөйлемейтін болса, онда ол күнге ұмтылудың да мәні шамалы шығар деп те ойлайтынбыз. Шүкір, ондай қауіптің беті аулақ. Тәубе, ел есін жиды, тілден артық қазына, тілден артық қасиет жоқ екенін кештеу болса да түсіндік. Қазақстанның мемлекеттік тәуелсізді­гін шын мәнінде баянды ете білсек, қа­зақ тілінің тағдыры баянды болады. Мемлекеттің өзі мемлекет болмай тұрып оның мемлекеттік тілі де өз дәрежесіне көтеріле алмайды. Қалай дегенде де тіл – құрал, қарым-қатынас құралы, мақсатты орындаудың құралы. Ал, егер құралдың өзін мақсатқа айналдырып жіберсек, түпкі мақсаттың ауылы алыстай беретін болады» – деген ойлары мәселенің байыбын нақты аңғарып, соған сай салмақты бағытты дұрыс таңдай алғандығын көр­сетіп тұр. Тоқсаныншы жылдардың басында халқымыздың саны елімізде 40 пайызға жетер-жетпес қана болғаны белгілі. Тәуелсіздік бізге осындай алмағайып кезеңде өз елінде тұрып азшылыққа ұшыраған, тілінен, дінінен ажырауға шақ қалған сәтте келген еді. Елбасы әуел бастан шатқаяқтаған осы мәселені түзеуге кірісті. Дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашыраған қазақ баласына сауын айтып, елге, атажұртқа оралуға шақырды. Дүниежүзі қазақтарының құрылтайын өткізіп, Дүниежүзі қазақ­тары­ның қауымдастығын құрды. Осы ұйымға өзі тікелей жетекшілік жасап келеді. Осының арқасында әлемнің түкпір-түкпірінен бір миллионға жуық қан­дасымыз елге оралды. «Елге ел қосыл­са, құт» деген емес пе, сөйтіп, бұл көш Тәуелсіздіктің буынын бекітуге үлкен сеп болды. Қандастарымызбен бірге қазақтың қаймағы бұзылмаған салт-дәстүрі, құнарлы сөзі, асыл тегі келді. Халқымыздың саны артып, бүгінде алпыс бес пайыздан асып отырмыз. Бұдан былайғы кезеңде көштің бетін қазағы аз солтүстік облыстарға бұру саясаты да Елбасының көрегендігін, мәселені байыппен, жүйелі түрде іске асырып келе жатқанын көрсетеді. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, елі­мізде жүзден астам ұлттың өкілі тұра­ды. Бұл факторды ескермеу, өзім­бі­лермендікке салыну мемлекеттілі­гіміз­ді баянды етеміз, іргелі мемлекет боламыз деген елге жараспайтын, жарға ұрындыратын жол. Сондықтан Елбасы алғашқы кезеңнен-ақ бұл мә­се­леге жіті мән берді. Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, елдегі бүкіл ұлт пен ұлыс өкілдерін бір шаңырақтың астына біріктіріп, татулық пен қоғамдық келісімге қол жеткізе алды. Осылайша береке басы – бірлікте деген халық даналығына ден қойған парасатты басшы екендігін тағы да дәлелдей алды. Біле білген адамға тағдырдың жазуымен елімізде түтін түтетіп отырған түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері зор қазына. Ретін тауып олардың күш-қуаты мен білім біліктерін, ұлттық әр алуандығы мен рухани қазынасын ортақ елдік мақсатқа жұмылдырып, пайдалана алсақ, бұдан ұтарымыз мол болмақ. Бүгінгідей жаһандану заманында мұның қандай игіліктерге жол ашатынын айтып жату артық. Елбасы Ассамблеяның әрбір жиынында Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде екендігін қадап айтып, елдің барша азаматы қазақ тілін білуге міндетті екендігін тәптіштеп келеді. Сөйтіп, ел Үкіметі мен халқының алдына 2020 жылға дейін Қазақстан азаматтарының 90 пайызы мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс деген нақты міндет қойды. Бұл нәтижесіз де емес. Соңғы жылдары қазақ тілінде білім алып жатқан өзге ұлт өкілдерінің саны артты. Бұл үрдіс бұдан кейін қарқын алмаса, кемімейді деп сенеміз. Мақсат ауқымдылығы ой ауқымды­лығын да көрсетеді. Жеке адамның ғана емес, бүкіл елдің алдына өршіл мақсат қойып, соған бүкіл елді жұмылдыру –дара басшылардың ғана еншісіндегі дүние. Елбасы осындай таңдаулылар санатындағы сараман тұлға. Өзінің жеке мемлекеттік тілі болмаса, онда ондай елді тәуелсіз ел деп айтуға бола ма? Ондай елмен басқа мемлекеттер қалай санаспақ, қалай халықаралық қарым-қатынас жасаспақ? Мемлекеттік тілін тиісінше қолданбайтын, өз аумағындағы азаматтарынан, мемлекеттік қызметкерлерінен, өз елінің азаматтығын алғысы келетін шетелдіктерден, осы елге жұмыс істеймін, білім аламын деп келген өзге елдің азаматтарынан мемлекеттік тілді үйренуін талап етпейтін елдің тәуелсіздігі де баянды болмайды. Өзін өзі сыйламайтын, өзін-өзі құрметтей алмайтын елді кім құрметтемек, кім санаспақ? Сондықтан да ел боламын, өзгелермен терезем тең болсын дейтін мемлекеттер ең алдымен, өз мемлекеттік тілін заң арқылы қорғайды, тиісінше қолданады және өз аумағында қолданылуын талап етеді. Осы жағынан келгенде Елбасының жыл сайынғы халыққа Жолдауларында, Қазақстан халқы Ассамблеясының жиындарында, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен, жастармен кездесулерінде үнемі мемлекеттік тіл мәселесін көтеруі мәселенің мәнін жете түсінгендігінен, ел тәуелсіздігін бекемдеуден туындап жатқан ерен әрекеттер екендігінде сөз жоқ. 1999 жылы Қазақстан Республи­ка­сының Президенті Н.Ә.Назарбаевқа Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының «Ана тілдің айбары» атты алтын белгісінің тапсырылуы салтанатында Елбасы: «Әр адам баласы атасы мен анасынан дүниеге келгенде ең алғашқы қадірлісі оның тілі болады. Егер де біз Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болғанын үлкен алтын күмбез деп санасақ, сол алтын күмбездің басындағы айшығы менен жұлдызы біздің тәуелсіздігіміз деп санайтын болсақ, сол күмбездің нық тұруына қызмет ететін төрт негізгі діңгегі болуы керек: ол – елтаңбасы, ел ұраны, біздің туымыз және қазақ тілі. Қазақ тілін тіпті, өз тілімізді, ана тілімізді бірінші орынға қоюға болады», – деп тебірене сөйлеп «қазақ тілін өркендетудің екі мәселесі бар деп санаймын. Бірінші мәселе, ол бүкіл халық болып өзіміз қазақ халқы қазақ тіліне қамқор болуымыз керек. Баяғыдай он қазақ отырса, ішіндегі бір адам бөтен болса, соны ренжітпейік деп барлығы орысша сөйлейтін заманнан өткенбіз. Соны қою керек. Жасқаншақтықты қою керек. Біздің, әлгі, денеміздегі әбден құлдыққа үйренген мінез-құлқымыздан ажырауымыз керек», – деген еді. Шүкір, содан бергі кезеңде бұл екі мәселе де шешімін тауып келе жатыр. Елбасы елдікке қатысты, мемлекеттің болашағына байланысты қандай мәселе көтерсе де, қандай сөз сөйлесе де түйінін тілге – қазақ тіліне әкеліп тірейді. Ишаралап та, ұқпағандарға соқырға таяқ ұстатқандай етіп те үнемі қайталап айтып келеді. «Өз тілімізбен өмір сүрейік! – бұдан артық қалай атауға болды? Қажет десеңіздер, одан да оңайлатып айтайын: «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!» – дейді. Санасында саңылауы жоқ адам болмаса, мұны түсінбеу мүмкін бе?! Енді бір сөзінде «Ана тілін армансыз бойға сіңіріңіздер, өйткені, бабаларымыздың ғұмыр тәжірибесі, дүниетанымы, мінез-құлқы, өзіндік болмыс-бітімі осы тілде қаттаулы жатыр» десе, келесі бір сөзінде «Тілге деген көзқарас – шындап келгенде, елге деген көзқарас» екендігін алға тартады. Ана тілінің адам өміріндегі, ел тағдырындағы орны мен маңызының қаншалықты зор екендігін еліміздің әрбір азаматы, әсіресе, іс басындағы атқамінерлеріміз Елбасыдай түсініп, сол кісіше әрекет етсе, бүгінде өзіміз қолдан жасап жүрген көптеген кедергілердің бірі де болмас еді деп білемін. Елбасы айтқандай, «Ана тілін ардақтау – ешқашан ескірмейтін ұран». Сондықтан Ана тілінің айбарына айналған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осынау ұстанымы Қазақстанның әрбір азаматының бетке ұстар темірқазығы болуға тиіс деп білемін. Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик. АЛМАТЫ.